Жергілікті жер климатының қалыптасуы географиялық орнына байланысты. Мәселен, Қазақстанның жер аумағы батыстан шығысқа және солтүстіктен оңтүстікке созылып, үлкен аумақты алып жатуына байланысты климаты әртүрлі. Қазақстанның барлық өңірлерінде жылдың төрт мезгілдері байқалады.
Еуразия материгіне ішкерілей еніп жатқандықтан шұғыл континенттік климат қалыптасқан. Континенттік климат Қазақстанның батысынан шығысына, оңтүстігінен солтүстігіне қарай қалыптасады. Жазық аймақтарда қаңтар айының орташа температурасы солтүстіктен оңтүстікке -17˚С-ден +1 ˚С-ге дейін жоғарыласа, шілде айында солтүстікте +19˚С-ден оңтүстікке +30 ˚С-ге дейін көтеріледі.
Себебі еліміздің солтүстік аймағында күн сәулесінің түсу бұрышы көлбеу келеді де, жылу мөлшері азаяды, қысы ұзақ, суық, қар қалың түседі, орташа қалыңдығы 50 см-ге дейін жететін уақыттар болады.
Қар жамылғысы 125 күннен 165 күнге дейін жатады. Ауа температурасы қаңтар айында -9˚С, -17 ˚С болса, кейбір күндері -35˚С, -40˚С-ге дейін жетеді. Жазы қысқа, жылы, жауын-шашын мөлшері шамамен 40 мм-ден жоғары болады.
Оңтүстік аймақта күннің түсу бұрышы тік түскен сайын жарық пен жылудың көбеюіне байланысты қысы қысқа, жазы ұзақ әрі ыстық, ең жоғары температура +47˚С шамасына дейін көтеріледі.
Жауын-шашынның түсуі де әркелкі. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда атмосфералық жауын-шашын жаз мезгілінде, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарда көктем айларында көбірек түседі.
Жер бедері биіктеген сайын тропосферадағы ауа температурасы төмендейтінін білесіңдер, сондықтан биікке көтерілген сайын орташа температура төмендейді, кейбір уақыттарда температура 0˚С-ден төмендеп, салқын түсіп, үсік жүретін уақыттар да болады.
Климатқа биіктік қана емес, сондай-ақ жер бедері де әсер етеді. Мысалы, 45˚ с.е. пен 50˚ с.е., 50˚ш.б. пен 85˚ ш.б. аралығында жер бедерінің әртүрлі пішіндері кездескендіктен еліміздің батысында жазда аптапты ыстық байқалса, шығысында жауын-шашынды болады (себебі неде?)