Жел туралы түсінік. Ауа үнемі қозғалыста болып, бір жерден екінші жерге ауысып отырады. Күн сәулесі мөлдір ауа қабаты арқылы өтіп, алдымен жер бетін, бірте-бірте жер бетіне таяу ауаны жылытады. Жылынған ауа жеңілдейді, көлемін ұлғайтады да жоғары көтеріледі, ал салқын ауа төмен түсіп, жылы ауаны ығыстырып, екеуінің арасында ауа қозғалысы пайда болады.
Жел – жер бетіндегі ауаның горизонталь бағытта, жоғары қысымды аумақтан төменгі қысымды аумаққа қозғалысы.
Оның пайда болуы ауа қысымымен тікелей байланысты. Ал қысымның әртүрлі болып келуі жер бетінің әркелкі жылынуы, жердің төсеніш қабаттарының алуан түрлілігі, т.б. себептерге байланысты.
Желдің соғуы жер бедері мен атмосфералық қысымның таралуына қарай жоғары қысым аймағынан төменгі қысым аймағына қарай соғады.
Желдің жылдамдығы мен бағытын анықтау жолдары. Желдің басты сипаты: оның жылдамдығы мен бағыты. Желдің соғу жылдамдығы әр аймақта әртүрлі болады. Желдің соғу жылдамдығы метр секундпен (м/сек) өлшенеді, ал желдің күшін балл арқылы анықтайды. Желсіз тымық кезде жел жылдамдығы о балл болады. Егер жел күші 20 м/сек.тан асып кетсе, дауылды жел болады.
Желдің бағыты мен жылдамдығы метеобақылау алаңдарында желбағардың (флюгер) көмегімен анықталады. Желбағар жер бетінен 10-12 м темір сырық басына орнатылады. Желбағардың орнатылытын жерінің айналасы ашық болуы керек. Желдің бағытын айналып тұратынын бағдарша көрсетеді. Бағдаршаның астына көкжиектің негізгі және аралық тұстарына сай келетін тақтайша орнатылады.
Жел көкжиектің қай тұсынан соқса, сол бағытпен аталады. Мысалы, теледидардан не радиодан «Солтүстік батыстан соққан жылдамдығы 20 метр секунд» деген сияқты мәліметтерді жиі естиміз. Сонда жел бір секундта 20 метр жылдамдықпен соғады. Жер шарының кез келген аймағында күші мен бағыты басым желдер кездеседі. Қазіргі кезде жаңа технологияның арқасында, автоматты түрде ауаның ылғалдылығы, желдің бағыты, күші анықталады.
Жергілікті желдер. Жер шарының кейбір аймақтарында тұрақты түрде жергілікті желдер пайда болады.
Жергілікті желдер – белгілі бір аймақтың табиғи – географиялық ерекшеліктеріне (орографиялық құрылымына, үлкен су қоймаларының болуы, т.б.) байланысты болатын табиғи құбылыс.
Олардың ішіндегі негізгілері – бриздер мен муссондар. Олар жылдамдығы, бағыты, қайталанып соғуы, т.б. ерекшеліктерімен байқалады. Жергілікті желдер жергілікті атмосфералық айналымға байланысты да туады (бриз, муссон, аңызық, тау-аңғар желі, мұздық желі, бора, фен, т.б.).
Қазақстан аумағында да күшті соғатын желдер бар. Олар: Арыстанды – Қарабас, Жалғызтөбе, Ебі, Сайқан, Шілік, Атырау, т.б.
Бриз (француз тілінде – жеңіл жел) – теңіз, көл жағалауында соғатын жел. Құрлық пен су үстіндегі ауаның біркелкі жылынбауынан пайда болады. Тәулігіне бағытын екі рет өзгертіп отырады. Күндіз теңізге қарағанда құрлық тез жылынады. Құрлық бетіндегі ауа қызып, ауа қысымы төмендейді. Су бетіндегі ауа салқын, тығыз болады да, ауа қысымы жоғарылайды. Ауа қысымы жоғары аймақтан, төменгі аймаққа қозғалып, жел соғады. Бұл – күндізгі бриз.
Түнде су жылы болады. Оның бетіндегі ауа жылы, қысымы төмен болады. Құрлық тез суып, оның бетіндегі ауа салқындайды, қысымы жоғары болады. Жел құрлықтан теңізге қарай соғады. Оны түнгі бриз дейді.
Муссон (араб. муссон – маусым) – бриз сияқты тұрақты жел. Бұл желдердің бағыты қыс пен жаз айларында байқалады. Қыста құрлық қатты салқындап, жоғары қысым орнайды, теңіз жылы, қысым төмен болады. Жел жазда теңізден құрлыққа, қыста құрлықтан теңізге қарай соғады. Өздерің байқап отырғандай, жел өзінің бағытын жыл маусымдары бойынша өзгертеді. Сондықтан жазғы және қысқы муссон деп аталады. Муссондар – Еуразия материгінің Тынық мұхит жағалауларына тән, табиғи құбылыс.
Аңызақ – ауа ылғалының тапшылығынан қалыптасатын ыстық ( +20˚C+25˚C) және құрғақ жел. Жылдамдығы 5 м-ден 15-20 м/сек.қа дейін өзгеріп отырады, ылғалдылығы 30%-дан төмен болады. Көбінесе, Қазақстанның оңтүстік аудандарында, әсіресе, Қызылқұм, Мойынқұм, Бетпақдала, Каспий маңы ойпаты, Маңғыстау, Үстірт өңірлерінде жиі әрі ұзақ болып тұрады.
Дауылдар – жылдамдығы 30–50 м/сек-қа дейінгі аса қатты сұрапыл желдер. Олар көбінесе тропиктік циклондар құрамында кездеседі. Теңіздер мен ірі көлдерде (мысалы, Қазақстандағы алакөл желі) дауылдар кейде құйын аралас сұрапыл толқынды су қозғалысын туғызады.
Желдің маңызы. Желдің маңызы өте зор. Ерте кезде дамдар желдің күшін пайдаланып, желкенді кемелермен саяхатқа шыққан. Жел – сарқылмайтын қуат көзі. Желдің күшін жел диірмендерге пайдаланған. Жел су айналымына қатысады. Мұхит ағыстарын қалыптастырады.
Желдің зиянды әрекеті де бар. Құрлықта және теңіздер мен мұхиттардағы дауылдар апат әкеледі. Су деңгейі көтеріліп, су тасқыны болады. Жел топырақтың құнарлы бөлігін ұшырып, тоздырады. Электр желілерін үзіп, ағаштарды құлатады.
Ауа массалары. Ауа массасының қалыптасқан орнына қарай арктикалық (Оңтүстік жарты шарда – антарктикалық), қоңыржай, тропиктік, экваторлық болып, негізгі 4 түрге бөлінеді. Бұлардың өзі теңіздік және құрлықтық болып екіге бөлінеді.
Ауа массалары – қалыптасқан аймақтың температурасы, мөлдірлігі, ылғалдылық қасиеттерімен ерекшеленетін, тропосферадағы ауаның үлкен көлемі.
Арктикалық ауа массасы – Арктика үстінде қалыптасатын ауа массасы. Арктикалық ауа массасының температурасы төмен, ылғалдылығы аз, ауа райы ашық келеді.
Қоңыржай ауа массасы материктің орта ендіктерінде қалыптасады.
Қазақстан аумағы қоңыржай климаттық белдеудің оңтүстік бөлігінде орналасқан. Батыстағы Атлант мұхитынан келетін ауа теңіздік қоңыржай ауа деп аталады. Бұл ауа Қазақстанға жеткенше өте ұзақ жолдан өтіп, ылғалының көп мөлшерінен айырылады. Солай бола тұрса да, батыстан келетін ауа ағындары республикаға түсетін жауын-шашынның көбін әкеледі.
Тропиктік ауа массасы Қазақстанға Орта Азия мен Иран аймағынан келеді. Континенттік тропиктік ауаны «Иран ауасы» деп те атайды. Бұл ауаның келуі жазда байқалады.
Жыл маусымдарына байланысты ауа массалары бірде солтүстікке, бірде оңтүстікке ауысып отырады. Жер бетінде климат жағдайларының қалыптасуына ауа массалары үлкен әсер етеді.