Соңғы кездерде тіршіліктің негізгі белгілері, соның ішінде тұқым қуалаушылық пен даму молекулалық деңгейде зерттеле бастады. Молекулалық биологияның қалыптасуына байланысты өсімдіктердің жеке даму процесін дұрыс, толығырақ түсінуге және онтогенездің жан-жақты теориясын жасауға жеткілікті мүмкіндік туды. Өсімдіктердің дәуірден-дәуірге үздіксіз дамуының (эволюция) нәтижесінде ішкі (эндогенді) ырғақтылық деп аталатын белгілері қалыптасты. Сонымен қатар ішкі факторлар эндогенді ырғақтылықтың мерзімді өзгеріп тұратын сыртқы орта жағдайларына үйлесімділігін (сәйкестілігін) анықтайды (күннің ұзақтығы, жарық деңгейі, температура, т.б.).
Молекулалық генетика мен молекулалық биологияның тәжірибелік зерттеулерінің жетістіктеріне байланысты организмдердің жеке дамуының ішкі сырлары (механизмдері туралы) ғылыми болжаулар қалыптасуда. Ондай көзқарастар тұқым қуалаушылықтың гендік теориясына негізделген. Тіршілікке ғана тән — тұқым куалаушылық — организмдердің полипептидтік тізбегіндегі амин қышқылдарының орналасу ретін анықтайтын ақпаратты жинақтап, сақтап және ұлпаларға жеткізу қабілеттілігі.
Тұқым қуалаушылық белгілердің ұрпаққа ауысу процестері клетка ядросындағы хромосомалармен реттеледі. Хромосомаларда ерекше түзілімдер, химиялық жағынан дезоксирибонуклеин қышқылы болып есептелетін гендер бар, ДНҚ молекуласында клетка белоктарының құрылысын, яғни организмнің барлық белгілерін анықтайтын толық ақпарат (информация) сақталады. Ұрпақтарға тұқым қуалау ақпараты ДНҚ молекуласының екі еселенуі немесе редупликациялануы арқылы жеткізіледі. Белоктың синтезделуі рибосомаларда (полисомаларда) жүзеге асады.
Белоктың синтезделуіне рибонуклеин қышқылдары (РНҚ) -рибосомалық (рРНҚ), тасымалдаушы (тРНҚ) жэне ақпаратшы немесе матрикстік (мРНҚ) қатысады. Тасымалдаушы РНҚ амин қышқылдарды рибосомаларға ауыстырып, мРНҚ генетикалық ақпаратты ДНҚ-ның нуклеотидтік шифрына, алдымен тұрақсыз қосындыларға — РНҚ-дарға, соңынан амин қышқылдар шифрына «көшірмелейді». Белок молекуласындағы амин қышқылдарының бірізділігі (реттілігі) мРНҚ молекуласындағы нуклеотидтер реттілігіне ауысуы трансляция деп аталады.
Рибонуклеин қышқылдарының барлық түрі ДНҚ матрицасында РНҚ-полимераза ферментінің көмегімен синтезделеді. Содан соң тРНҚ мен мРНҚ цитоплазмаға тасымалданып, рибосомалардағы белок синтезіне қатысады. Сонымен, организмдердің тұқым қуалаушылық белгілері мынандай жолмен беріледі деп есептеледі: ДНҚ, РНҚ, белок зат алмасу, тұқым қуалаушылық қасиеттер мен белгілердің қалыптасуы. Бірақ, зерттеулердің нәтижесінде белок биосинтезінің матрицасы ДНҚ-да ғана емес, РНҚ-да да болуы мүмкіндігі анықталды. Мысалы, ДНҚ-сы жоқ өсімдік вирустерінде белок РНҚ-да синтезделеді.