Жер планетасындағы тіршіліктің негізін қалаушы жасыл өсімдіктер дүниесі десек қателеспейміз. Екінші сөзбен айтқанда, жердегі тірі организм атаулыға өмір беріп тұрған осы жасыл өсімдіктер әлемі екен. Өсімдіктер планетамыздың кез келген жерлеріне таралған, ол тіршілік үшін аса маңызды рөл атқарады. Жоғарыда көрсетілгендей өсімдіктер дүниесінің басты ерекшеліктерінің бірі — олар өзінің өсу мен даму барысында органикалық заттар түзе алады және бұл процесс оттегін бөліп шығарумен қатар жүреді. Демек, жасыл өсімдіктер бізді қоршаған ортаны оттегімен қамтамасыз етуде басты рөл атқарады, сондықтан оларды тіршілікке қажетті оттегін өндіруші жасыл лаборатория деуге қақымыз бар. Сонымен өсімдіктердің маңызы — табиғатта алуан түрлі. Микроорганизмнен бастап адамға дейінгі жануарлар дүниесіне жататын барлық организмдерге қорек заттары керек. Тірі организм түрлері миллионға жуық. Солардың бәріне қоректік заттарды жасап шығаратын тек жасыл өсімдіктер ғана.
Адам баласы өз өмірінің алғашқы күндерінен-ақ жасыл әлем өнімдерін тұтына бастады. Ең алдымен тағамдарымыздың барлығы дерлік өсімдіктер әлемінің өнімдері, оны азық-түлік ретінде тұтынамыз. Иә, адам өміріне қажетті қоректік, дәрі-дәрмектік, баспаналық заттар ең алдымен өсімдіктер дүниесінен табылатын болса, сонымен қатар киім-кешек те солардан алынады. Тұрмыста пайдаланып жүрген заттардың ішінен жасыл әлем өнімдері қатыспаған саланы кездестіру мүлде мүмкін емес. Олай болса, біз кез келген жағдайда айналамыздан жасыл өсімдіктерді немесе олардың өнімдерін кездестіре аламыз.
Иә, сонымен жер бетіндегі тіршілік атаулының өзегі және қайнар көзі болып саналатын жасыл өсімдіктер әлемі — аса алуан түрлі және нағыз әсем дүние. Нәзіктік, әсемдік үғымының көптеген өсімдіктерге, гүлдерге теңелетіндігі жасыл өсімдіктердің ғажайып әдемілігіне, көркемділігіне сүйсінуден туған болар. Міне, осы секілді әсемдік, эстетикалық әсерімен қоса, өсімдіктер әлемі тағы да көптеген аса маңызды процестерді жүзеге асырады. Жасыл әлем өз бойында Күн сәулесінің энергиясын жинақтап, ең соңында оны химиялық заттар энергиясына айналдыра алатындығы — ондағы өтетін аса маңызды процестердің ең бастысы. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, оттегін өндіруші лаборатория болумен қатар, оны энергия мен алуан түрлі органикалық қосылыстардың да нағыз жанды лабораториясы деуге болады. Көптеген жылдар өсімдіктердің жинақтаған энергиясын біз ағашты, көмірді, мүнайды жағу арқылы қайтадан аламыз. Нағыз энергия қоймасы емес пе?
Жер бетінде Күннен келіп түсетін сәуле энергиясы орасан мол. Аса мол осындай «тегін энергияны» текке жібермей, «қорға жинақтай» алатын жасыл өсімдіктер әлемі жылына шамамен 450 миллиард тонна органикалық заттар түзе алады деп есептелуде. Керемет көлемдегі мүндай қызметті атқаратын «жасыл еңбеккерлер» күн сәулесі энергиясының көмегімен бүкіл планетамыздағы тірі организмдерге қажетті өнімдерді түзе алады. Жасыл пигмент — хлорофиллдің болуы арқасында өсімдіктер әлемі күн сәулесін пайдаланып қана қоймастан, фотосинтез процесінің барысында қоршаған ортаның ауа құрамына реттеуші әсерін де тигізеді. Олар қоршаған ортадан көмірқышқыл газын сіңіріп, оған оттегін бөліп шығарады. Тынымсыз бұл «еңбеккерлердің» тіршілік процесі нәтижесінде жер шарында жылына 150 миллиард тонна көмірқышқыл газы сіңіріліп, 120 миллиард тонна оттегі бөлініп шығатындығы дәлелденген. Планетамыз бен ондағы тіршілік иелері үшін мұндай процестің маңызы айтпай-ақ түсінікті. Сөйтіп, планетаның оттегі қүрамын түзу міндеті жасыл өсімдіктер дүниесінің үлесіне тиген. Олар бұл міндетті тамаша атқарып келе жатқандығы аян. Жасыл желекті алқаптарда ауаның таза, тіпті хош иісті болатындығы, ал өсімдіктер аз өсетін жерлерде, әсіресе өнеркәсіп пен транспорты қауырт өсіп келе жатқан ірі қалаларда оттегі мөлшерінің едәуір кем болатындығы да, міне, осы жағдайлармен түсіндіріледі. Әрі өнеркәсіпті қалаларды көгалдандыру ісінің зор маңызға ие болып отырғандығы жасыл желектердің ауаны тазарту, ондағы оттегінің мөлшерін арттыру жолындағы маңызды рөлімен байланысты. Ауаны тазарту деген үғымды пайдаланғанда біз оның қүрамындағы көмірқышқыл газын өсімдіктердің сіңіруі, шаң-тозаңды азайтуы сияқты процестерді еске алып отырмыз. Иә, денсаулық қамы, эстетикалық мәні үшін кез келген елді мекендерде, әсіресе ірі-ірі қалаларда көптеген өсімдіктің түрлері өсіріледі. Олар ағашта / терек, емен, қайың, қарағай, үйеңкі, жөке, талшын т.б./, бүта да /тобылғы, раушангүл, шегіршін, жыңғыл, балғын тал, қүба тал және т.б./ және шөптесін де болады. Олар елдімекеннің ауасын тазартады, сәнін кіргізеді, қала шуын кемітеді, парктарды, бақтарды және гүлзарларды әрлендіреді. Мәселен бір гектар қарағай орманы 11 тонна көмірқышқыл газын сіңіріп, ыдыратады деп есептеледі, басқаша айтқанда бұл 15 мың адамның бір тәулік ішінде бөліп шығаратын көмірқышқыл газын сіңіре алады деген сөз, ол сондай-ақ өсімдіктің өсіп жетілуіне пайдаланылады.
Ал әрбір адам бір сағат ішінде шамамен атмосферадан 23 литрге дейін оттегін қабылдап, ауа бассейніне 20 литр көмірқышқыл газын бөліп шығаратындығын ескерсек, бұл процесті реттеп отырудағы жасыл өсімдіктердің орасан зор рөлі айқындала түседі.