Жүсіпбек Аймауытұлы 1893 жылы бұрынғы Кереку уезі, Семей облысы, Қызылтау болысында туған. Руы арғын ішінде сүйіндік. Аймауыт — Жүсіпбектің өз əкесі. Аймауыттың əкесі – Дəндебай, оның əкесі – Жуан, Қуан бай адамдар болған. Дəндебай шағын шаруалы адам болған.
Дəндебайдан Иса, Аймауыт, Оспан, Абайділдə деген төрт бала туған. Дəндебай өзі шаруа адам болғанымен, балаларына, əсіресе, Оспанға мал біткен, бай болған. Абайділдə мен Иса орта шаруа, Аймауыт кедей.
Жүсіпбектің ауылы Сүйіндік ішінде беделді, мықты ауыл болған. Өйткені жоғарыда айтылған Оспан, жасырақ кезінде орысша оқып, першіл боп шығады да, артынан байып, болыс болады. Болыс болғанда ол парақор болыс болады. Қиянатшыл болыс болады. Дəндебайдың бұдан басқа үш баласы момын шаруа, оның ішінде өте момыны Аймауыт.
Аймауыттан: Ахмет, Жүсіпбек, Жақыпбек деген үш бала туады. Бұлардың ішінде Ахмет пен Жақыпбек ағаштан түйін түйген, зергершілік, ісмерлік істеріне түгел жетік, ұсақ қол өнер шебері болған. Ахмет 1926 жылы өлген. Жақыпбек əлі тірі.
Жүсіпбек жасында үй шаруасында болады. Ескіше оқу оқиды. Оның оқу қанша оқығаны, қай жылдан оқығаны мəлім емес. Оқу, шаруасымен қатар, Жүсіпбек те қол өнер кəсібін қылады. Кейде, ара-тұра кісіге жалшылыққа тұрып жүреді.
Шамасы 15-16 жастарында, Жүсіпбек Павлодарға (Кереку) оқуға қашып барады. Барған бетінде қазақ оқығандары оған жəрдемдесіп, орысша-қазақша екі класты школға түсіреді. Бірақ бастапқы жылы пансионға іліге алмай, əркімге қонақтап жүріп оқып, кейістік көреді. Келесі жылы пансионға алынады. Содан кейін жаз елде бала окытып, қыс оқып, 1914 жылдары ол мектепті бітіреді. Бұл оқуда жүрген кезінде Оспан дейтін жоғарғы аталған болыс, оқыса төбеме шығып кетер деп, Жүсіпбекті оқытпауға тырысады. Айтушылар: «Мансапқорлар» деген пьесадағы Қасқырбай деген жемқор болыс осы Оспан еді дейді. Қасқырбай Мүсілім дейтін інісін оқытпауға тырысқан ғой. Онда Мүсілім Жүсіпбектің өзі еді дейді. Бірақ Мүсілім Оспанды өлтіріп, орнына болыс болды емес пе? Жүсіпбек болыс болған жоқ. Ал Оспанда тоқал болды ма? Жүсіпбек онымен қалай болды? Ол арасын біз білмейміз.
Оқуын бітірген жылдың келесі қысында Жүсіпбек Семейдегі мұғалімдік семинарияға түседі. Мұнда оқып жүргенде ол жаз бала оқытып, қыс өзі оқиды. 1918 жылы семинарияны бітіреді. Семинарияда оқып жүріп бір жағынан ол «Абай» журналына жазушы болады. Осы қызметте кеңес үкіметі келгенше тұрады.
1919 жылдың декабрінде Семейге большевиктер келе ол партияға кіреді. Сөйтіп партия комитетінің қазақ секциясына бастық болады. Біреулер осы кезде ол барып тұрған солақай коммунист болды дейді. Онысының анығын біз білмейміз. Біздің қолдағы деректерге қарағанда, онда солақайлық болған жок, Ол алашорданың жастарын партияға кіргізу науқанын істегенде кірген сияқты.
1920 жылдың жазында Аймауытұлы сайлау комиссиясына бастық боп, Павлодарға кетеді. Күзге дейін жүреді де, күз күні Орынборда болатын Қазақстанның бірінші кеңестер съезіне өкіл болып барады. Съезде оқу комиссары болған Ахмет Байтұрсынұлы орынбасар боп сайланады. Ол қызметте 1921 жылдың күзіне дейін болады. Күз күні Семейдегі губерниялық оқу бөліміне бастық боп келеді. Бірақ онда көп отырмай, жұмыс бабымен елге шығып, ұзақ уақыт елде жүреді. Осы кезде партия мүшелерін қайта каттау ісі жүріп, Жүсіпбек санақтан отпей қалады. Елден келгенде Жүсіпбек партиядан өз бетімен шығып қалған адамға есептеліп отырады. Жүсіпбек бұлай болғанына ренжімейді. 1921-1922 жылдардың қысында ол «Қазақ тілі» газетінің редакторы болады. Осы істе жазға дейін болып, 1922 жылдың жазында помгол (аштарға жəрдем) комиссиясының ісімен елге шығып, жаздай мал жинайды да, күзге қарай жиналған малдарын Торғай елінің ашыққандарына деп айдайды.
Торғай еліне барып малын таратқаннан кейін, күз Семейге келеді де, онда қызметке тұрмай, Қарқаралы кетіп, екінші басқа школға учитель болады. Келесі жылы тағы сонда болады.
1924 жылы жаз елінде түрып, күз Ташкенге барып, «Ақжол» газетіне қызметке кіреді. 1926 жылы Жүсіпбек Шымкент қаласындағы педтехникумға бастық боп сайланады. Сол қызметінде жүргенде, Торғайға аштық жылы апарған малдар туралы сотқа тартылып, абақтыға жабылады да, артынан ақталады. Содан Шымкентке қайтадан келіп, бұрынғы орнына қайтадан тұрады.
1930 жылы Ж.Аймауытұлы алашорданың кеңес үкіметіне қарсы болған жасырын ұйымына қатынасқандықтан абақтыға алынды. Жүсіпбек өмір тарихы туралы біздерге бар мəлімет осы. Оның əдеби қызметі қай жылдан басталғанының анығын біз білмейміз. Біздің білетін мəліметіміз бойынша, Жүсіпбек «Абай» журналынан бастап қана жазушылық атын алуға тиіс.
Ұсақ еңбектері туралы
Жүсіпбек Аймауытұлы кеңес үкіметі келе сала белсене іске кірісті. Сол белсендігінің ішінде оның жазуы ең негізгі ісі болды. «Қазақ тілі» газеті (Семейде), «Еңбекші қазақ» (Орынборда), «Жас қайрат» (Орынборда, комсомол газеті), «Ақжол» (Ташкенде), «Таң» (Семейде, журнал) беттерінде оның толып жатқан ұсақ əңгімелері, мақалалары басылды. Олардан басқа Жүсіпбектің ондаған ұсақ кітапшалары, пьесалары шықты. Бізге оның бəрін тауып алуға мүмкіндік те болмады жəне қажет те көрмедік. Шығармаларының ішінен осынысы маңызды-ау деп табылған тандамалыларын алып, соларға тексеру жасауға ойладық. Сонымен мэселе шешілер деп түсіндік. Сондықтан бұдан былай Жүсіпбектің таңдамалы, мақтаулы, ірі еңбектеріне тоқталамыз да, ұсақтарын тексермейміз. Басты шығармаларын талдап болғаннан кейін қорытындыны бірақ береміз.
Соңғы кездегі еңбектері
Жүсіпбектің соңғы кездерде шыққан күрделі еңбектері «Акбілек» деген ұзақ романы мен «Күнікейдің жазығы» деген үзақ əңгімесі. Өзгелері ұсақ шығармалар.
«Ақбілек» ерте кезде «Əйел теңдігі» журналында басылып жүрді. Бірақ түгел басылған жоқ. Əйткенмен, оны толығымен Жүсіпбектің өзінен оқыған едім, бірақ күні бүгін қолда болмағандықтан, толық тексеру жасап, анасы алай, мынасы былай деу қиын болды.
«Ақбілек» Жүсіпбекті жолбике, кеңес жазушысы дейтіндердің мысалға алатын шығармасы. Сондықтан біз оған қысқаша болса да тоқтала кетейік. Романның қысқаша мазмүны: Ақбілек дейтін бір байдың қызына күйеуі Бекболат жасырын келіп жатқанда, ауылға бандылар келіп қап, Ақбілектің шешесін атып өлтіреді, бұл жұмысты істеуші Мұқаш дейтін жұмыскер болады. Мұқаш ақтарды бастап алып келеді.
Таудың ішіне барғаннан кейін бандылардың бастығы Қарамұрт дейтін офицер Ақбілекті əйелденеді. Сонымен біраз күн өтіп, бандыларға қуғын көбейеді. Манағы жұмыскер Мұқаш коммунист болады. Сонымен қатар, большевиктердің ақтарға сырын таситын адам болады. Бір күні Мұқаш ақтарға қатердің күшейгенін хабарландырғасын, ақтар Ақбілекті əуелі атып кетпек болып, артынан атпай, тау арасына жалғыз тастап кетеді. Түнде Ақбілекті қасқыр жеп қоя жаздайды. Ертеңінде еліне карай беттегенде, жолда бір дуана кездесіп, дуана оны мойнына мінгізіп, еліне алып келеді. Бұл кезде Бекболат та ауруханада жатып шығады. Бекболат Акбілекті алғысы кеп, келгіштей бастайды.
Осы кезде Ақбілек екі қабат боп қап, Бекболат бала офицерден болды ма? деген күдікпен Ақбілектен безіп кетеді. Ақбілектің əкесі тоқал алады. Тоқал Ақбілекке өте тиышсыз болады. Ақбілек бала табарда оны үйінен қуып шығарады. Ақбілек баласын тапқасын, бір кемпірге баланы өлтір дейді. Кемпір өлтірем деп алып кетеді. Бірақ өлтірмейді. Ақбілекке дос бір ағайынының əйелі Ақбілек екіқабат болғанда мен де екіқабат болдым деп жұртты алдап, Ақбілек босанған күні, ол да босанған боп, баланы бауырына басады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жүсіпбек туралы күрделі пікір айтқан адам Ғаббас Тоғжанұлы. Тоғжанұлының «Əдебиет жəне сын мəселелері» деген кітабында Жүсіпбектің төңкеріске қарсы бағыттарының біразы айтылған. Жəне дұрыс айтылған. Сонымен қатар, Ғаббас үлкен саяси кате жіберген. Ол қатесі – Жүсіпбекті кеңес тілегіндегі жолбике болды деуі.
Жүсіпбек еш уақытта жолбике болған жоқ та, боламын деп ойлаған да жоқ. Оның ұстаған саясаты Устраловтың жолы болды. Устраловтың кеңес үкіметі құласын десең, бұған қарсы шықпа, мінін көрсетпе, мақтай бер десе, бұл ақылды қазақта Жүсіпбектен жақсы ұққан адам жоқ. Жүсіпбектің «кеңес», «кедей» деген сөздерінің залалы өте күшті еді. Одан Мағжандардың коммунистерді «соқыр Иван» деуі пролетариат үшін көп пайдалы еді. Өйткені еңбекші бұқара «кедей» деуіне қарап, Жүсіпбекті дос екен дейді де соңынан ереді. Жəне ерік берсе, Жүсіпбек кедейді ертудің əдісін жақсы біледі.
Жүсіпбекке дейдіңкөзін алдау ретінде 1905 жылғы жұмыскерлерге қамқорсып, қанын ағызатын Жапон поптың ісін атқаруға кірісті. Кедейге қамқорсығансып, байды жамандағансып, кедейдің көзін бояп, байға жығып беруге тырысты. Кедейлерді ұлтшылдық тəрбиемен тəрбиелеуге, социалдық негізге құрылған кеңесті одақтан жекелеуге, «қазақ» иісін сіңіруге, пролетариаттың мақсатынан теріс тəрбиелеуге ойлады.
Социал демократтардың «кедейшілігі» Жүсіпбектің əкесіндей, бірақ пролетариатқа социал демократтан артық дұшпан жоқ. Пролетариатқа фашистерден социал демократ дұшпан. Өйткені фашистер ашық дұшпан да, социал демократтар жұмыскерге жаны ашығансып, жұмыскер қозғалысын ірітетін, жұмыскерді капиталға жығып беретін дұшпан. Аймауытұлының катерлілігі осындай.
Жүсіпбек барлық шығармаларында да кедей дегенді аузына аз да болса алмай кетпейді. Бірақ Жүсіпбек ешбір шығармасында (əрине, ірі еңбектерін айтамын) кедейдің кеңес үкіметінің арқасында ұйымдасып, тап белгісін алғанын, үстемдікке ие боп, социалдық құрылыс құрумен қатар, тап дұшпаны байларымен күрескенін айтқан емес. Жүсіпбектің алатын кедейлері төңкерістен бұрынғы, надан, тап намысынан белгісі жоқ, санасыз, зердесіз кедейлер. Біздің коммунист сыншыларымыз Жүсіпбекті кеңес большевиктерінің өріне сүйрегенмен, Жүсіпбек еш уақытта кеңес тұсындағы кедейді аузына алған емес, оның таптық міндетін танығанын көрсеткен емес. Еңбекші таптың құрылысына, күресіне көмектескен емес. Кеңес жолбикесінің атына бір күн де болса еңбекші таптың тартысына белсене қатынасқан адам ғана ие бола алады. Құр «кедей» деумен ғана жолбикелік шықпайды. Жүсіпбектің осындай қызметін көрмей, «кедейдің» əйелдерінің дене мырзалығын жазғаны үшін оны жолбике деген сөзді Ғаббас сияқты Марксшылмын дейтіндердің қалай айтқанын біз білмейміз.
Жалпы алғанда, Жүсіпбек жолы пролетариат үшін ең залалды жол. Одан Мағжан, Мұхтарлар «жақсы». Өйткені, олар дұшпандығын ашып айтады. Пролетариат одан сақтанады. Жүсіпбектен сақтану киын.
Пайдаланылған əдебиет
1. Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар. Шеберлік шеберханасы. – Алматы: «Фолиант», 2004. – Бесінші кіт. – 224 б.
2. Ергөбеков Қ. Жан жылуы. Зерттеу. – Алматы: «Жалын», 1981. – 101 б.
3. Ергөбеков Қ. Сəбит Мұқанов. Зерттеу. – Алматы: «Мектеп», 1989. – 84 б.
4. Ергөбеков Қ. Баянғұмыр. Мақалалар жинағы. – Алматы: «Жазушы», 1991. – 212 б.
5. Ергөбеков Қ. Жинаушыдан қалған сөз. – Алматы: «Жалын», 1991. – 84 б.
6. 20-30 жылдардағы қазақ əдебиеті. 1-кіт. – Алматы: Ғылым, 1997. – 512 б.
7. Қазақ əдебиеті: энциклопедия. – Алматы: Қазақстан даму институты, 1999. – 431 б.
8. Қазақ əдебиеттану ғылымының тарихы. Екі томдық. 1-том. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2008. – 646 б.
9. Қазақ əдебиетінің тарихы.7-том. – Алматы, ҚАЗақпарат, 2004.-462 б.
10.Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2004. – 696 б. 11.Қазақстан жазушылары: Анықтамалық. – Алматы: «Ан Арыс» баспасы, 2009. – 480 б.
12.Каратаев М., Наурызбаев Б., Дуйсенов М. Основоположники казахской советской литературы. – Алма-Ата: О-во «Знание» КазССР, 1984. – 64 с.
13.Кəкішұлы Т. Қазақ əдебиеті сынының тарихы. II бөлім (Оқу құралы). – Алматы: «Білім», 2003. – 232 б.
14. Кəкішев Т., Ахмет К.С. Сəбит Мұқанов: Əдеби-ғылыми ғұмырнама. – Алматы: «Арда», 2005.- 304 б.
15. Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «»Қазығұрт» баспасы, 2007. Т. 1-8.