Этнос және ұлт. Этнос (грек.ethnos – халық) – тарихи қалыптасқан, адамдардың орнықты қауымдастығы – тайпа, ұлыс, ұлт. Этнос пайда болуының негізгі алғышарттары – өмір сүретін аумақтың, тілдің және рухани құндылықтардың ортақтығы. Бірлескен шаруашылық қызметі, өмірдің табиғи жай-күйі мен басқа да себептер жағдайларында этносқа тән материалдық және рухани мәдениеттің, тұрмыстың, әлеуметтік-психологиялық нұсқамалардың ерекшеліктері қалыптасады. Этнос мүшелерінде ортақ өзіндік сана пайда болады, оның сыртқы көрінісінің қызметін ортақ өзін-өзі атау – этноним (мысалы,түркілер, славяндар және басқалар) атқарады.
Этностың бүкіл тарихының өн бойында өзін-өзі атауы оның барлық өкілдерінің ортақ аты және оны басқа этностардан бөліп көрсететін таңбалауыш (маркер) қызметін атқарады.
Қалыптасқан этнос басым бөлігінде этникалық біртекті некелер жолымен көбейетін және жаңа ұрпаққа тілін, дәстүрлерін, мәдениетін және т.б. беретін әлеуметтік ағза ретінде әрекет етеді.
Этнос әлеуметтік жадта сақталатын оның тарихы мен бірыңғай бүтін болып бірігеді. Этностың тарихи даму үдерісі этнос бірлігінің сақталуына жағдай жасайды.
Қария мен оның бала кезі арасындағы ортақ нәрсе не? Бұлар бір адам, ал олардың арасындағы бір нәрсе – жадта сақталып қалған оның өмірбаяны. Ол оның мінез-құлқындағы, мәдени ой-өрісіндегі және т.б. өзгерістеріне қарамастан адам өміріндегі барлық кезеңдер мен оқиғаларды бірыңғай біртұтас етіп біріктіреді. Этнос та осындай жайтты басынан өткізеді.
Әлеуметтік жад этностың әртүрлі тарихи жай-күйі мен тарих барысында оның өмірінің жіктелген формаларын біртұтас етіп байланыстырады. Мәдениеттегі, тілдегі, шарушылық жүргізу формларындағы, аумақтық таралып орналасуындағы барлық өзгерістер онда бір этнос басынан өткерген өзгерістер ретінде ұсынылады.
Тарихи тәсіл, тіпті болмағанда, әртүрлі түпмәтінде «этнос» ұғымы ие болатын екі әртүрлі мәнді бөліп көрсету қажеттігіне әкеледі. Біріншіден, этнос этногенетикалық қауымдастық (оны көбіне жай ғана этникалық деп атайды) және екіншіден, этнос этноәлеуметтік қауымдастық ретінде белгілі.
Этногенетикалық қауымдастық – бұл оның мүшелерін осы топтың басқа өкілдерімен өзінің генетикалық байланысын сезінуі (этникалық өзінідік сана) біріктіретін әлеуметтік топ.
Индивидтің этникалық өзіндік санасы оның өз шығу тегі туралы түсінімдері негізде құрылады. Ол өзінің белгілі бір этносқа тиістілігін өзін осы этносқа жататын ата-бабаларының бірқатар ұрпақтарының тұқымы ретінде санайтындықтан сезінеді. Этникалық тиістілік ата-бабалардан ұрпақтарына «мұрагерлікпен» беріледі. Нәтижесінде тарихи тұқымқуалаушылық түзіледі, ол этностың біртұтастығын анықтайды.
Этностар тіршілік ететін тарихи жағдайлар адамдарды этникалық белгілері бойынша емес – саяси, шаруашылық, сауда, діни және т.б. белгілері бойынша біріктіретін әртекті әлеуметтік байланыстарды туындатады. Нәтижесінде этногенетикалық қауымдастықтардың үстінде этноәлеуметтік қауымдастықтар құрылады. Олардың құрылуында біріктірушілік рөлді экономика, мемлекет, дін, тіл және т.б. атқаруы мүмкін.
Тек өзіндік этникалық қана емес, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық белгілердің бірлігімен ерекшеленетін этникалық қауымдастық этноәлеуметтік қауымдастық деп аталады.
Этноәлеуметтік қауымдастықтардың ең ежелгі үлгісі – бұл тайпалық қауымдар. Этноәлеуметтік қауымдастықтың заманауи негізгі үлгісі ұлт болып табылады. Ол бір мемлекет азаматтарының экономикалық қауымдастығы негізінде тарихи пайда болған жиынтығын білдіреді.
Батыс елдерінде ұлт ұғымы мемлекет сөзімен қатар қолданылады. Осыдан «Біріккен Ұлттар Ұйымы» термині, халықаралық қатынастар саласындағы көптеген терминдер келіп шыққан.
Ұлт өкілдері жалпыазаматтық өзіндік санасымен, ортақ тарихи тағдыры мен бірыңғай мәдени мұра сезімімен, ал бірқатар жағдайларда – тілмен, тіпті діннің ортақтығымен ерекшеленеді.
Ұлт алғаш рет жаңа уақытта феодалдық бытыраңқылықты жою, индустриялық қоғамның дамуы, ағартушылықтың өсуі негізінде қалыптаса бастады.
Ұлттық қауымдастық болып топтасуға бір жағдайларда саяси фактор (мемлекет), екінші бір жағдайларда – дін, үшінші жағдайларда – жаулап алушылармен күрес, төртіншіде мәдени интеграция және т. б. әсер етеді.
Алайда ұлт құрылуының тарихи жолдары қандай болса да, оның өмір сүруінің қажетті шартты ұлттық мәдениеттің жасалуы болып табылады. Ұлт оның «ұжымдық тасымалдаушысына» айналады. Тұлға мәдениетке бәрінен бұрын отбасылық-тұрмыстық өмір жағдайында араласа бастайтындықтан, адамның мәдениетке тиістілігі оның шығу тегімен ажырамас байланыста екендігі туралы ұғым пайда болады.
Адамдардың өз ұлттық қауымдастығын сезінуі, яғни ұлттық өзіндік санасы ұлттың өмір сүруінің қажетті шарты болып табылады.
Ұлттық өзіндік сана өз халқын басқа халықтармен салыстыруда туындайды. Бұл қорытынды ұлттың релятивистік теориясының негізгі тезисі болып табылады.
Заманауи дүниеде ұлттар өзара әрекеттестікте өмір сүреді, оларды «өзімен-өзі», бір-біріне тәуелсіз өмір сүретін, оқшауланған қауымдастық ретінде қарастыруға болмайды.
Ресейлік әлеуметтанушы А.Г.Здровомыслов: релятивистік теория тұрғысынан «ұлт заманауи адамзаттың құрамдас бөлігі ретінде анықталуы мүмкін, оның ерекшелігі тілі мен мәдениетінде, тарихи қарым-қатынас ареалында, жер бетіндегі халықтардың заманауи қауымдастығының орнауына қосқан нақты үлесінде» деп жазды.
Адамның этникалық шығу тегін белгілеу үшін «ұлттылық» термині пайдаланылады. Мұнымен қатар «ұлт» сөзін көбінде «ұлттылық» сөзінің синонимі деп те есептейді. Бұл түсініктегі ұлт біздің елдегі, сондай-ақ басқа елдердегі де адамдардың «төлқұжаттық» ұлттылығына сәйкес келеді. Батыста «ұлт» және «ұлттылық» сөзін көбінде ел халқы, яғни этникалық шығу тегіне қарамастан оның барлық азаматтары ретінде түсінеді. АҚШ-та басқа елдерден шыққандардың ұрпақтары өздерін өз азаматтығына сәйкес америкалықтар – «шығу тегі италиялық, мексикалық, орыс, жапон және т.б. америкалықтар» деп есептейді.
Этномәдениеттік құндылықтар мен дәстүрлер
Адамның ұлтқа тиістілігі – бұл оның ұлттық мәдениетке тиістілігі. Ұлтқа тиістіліктің неғұрлым маңызды белгісі іс жүзінде «ана тілі» болып саналады.
Заманауи ұлттар – бұл, негізінен, бір тілде сөйлейтін адамдардан тұратын «тілдік ұлттар» :
Тіл ұлттық мәдениетке жол ашады. Оның тілдік «қабықшасымен» бірге оның мағыналық «толтырмасы» — мәдени дәстүрлер, мәдениетте қабылданған құндылықтық нұсқамалар, мұраттар, ойлау мен мінез-құлық нормалары және т.б. да меңгеріледі.
Этностың ділдік ерекшеліктері
Әрбір халықтың өз ұлттық мінезі бар. Осыдан «Ұлттық мінез дегеніміз не?» деген сұрақ туындайды.
Мінез түсінігі психологияда тұлғаның қызметі мен қарым-қатынасында көрінетін оның орнықты жеке қасиеттерінің жиынтығын білдіру үшін қолданылады. Оған «ұлттық» деген сын есім қосылған кезде, яғни жеке тұлғаның емес, тұтастай халық мінезі туралы әңгіме болған кезде бұл түсінік қандай мағынаға ие болады?
Бұл сұраққа жауаптың екі түрі белгілі.
- Ұлттық мінезді тұлғалық-психологиялық түсіндіру бұл ұлттың өкілдерін ерекшелендіретін жекетұлғалық психологиялық және адамгершіліктік қасиеттердің біршама жиыны ретінде түсіндірілетіндігі. Алайда кез келген халықтың құрамында психикасының сан алуан ерекшеліктері бар адамдар болады. Италиялықтарды көбінде қызба, ал ағылшындарды салқынқанды, финдерді – бірбеткей, қазақтарды қонақжай деп есептейтін болса, мұнан олардың бәрі нақ осылай екендігі келіп шықпайды.
Барлық жағдайда кімде-кім осы мінездемеге көзсіз сенетін болса, ол адам италиялықтармен, ағылшындармен, қазақтармен жеке қарым-қатынасында қатты қателеседі.
Ұлттық мінез халықтың «өзіндік» психикалық және адамгершіліктік қасиеттерінің жиынтығы ретінде түсіндірілген кезде, оның қалай қалыптасатындығы туралы мәселе өз шешімін таппайды. Әдетте, мұндай түсіндірудің жақтастары бұл қасиеттер халық өмірінің табиғи жағдайларының ықпалымен қалыптасады және тұқым қуалау жолымен ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады деген тұжырым жасайды.
Жүйке жүйесінің және психикалық тума қабілеттердің органикалық қасиеттері, шынында да, тұқым қуалау жолымен беріледі. Алайда, біріншіден, егер ұлттық мінез табиғи жағдайларға байланысты болса, онда бірдей географиялық аймақта өмір сүретін көршілес халықтардың, мысалы, гректер, италиялықтар, испандар және басқаларының ұлттық мінездерінің бірдейлігін мойындау керек болар еді. Бірақ та ұлттық мінезге табиғаттың әсер ету идеясы ұлттық мінездердің, оның ішінде, көршілес халықтардың ұлттық мінездерінің де арасындағы айырмашылықтарды негіздеу үшін ұсынылады!
Екіншіден, тұлғаның генетикалық жағынан тұқым қуалайтын жүйкелік-психикалық қасиеттерінің болуы бірыңғай, «жалпыхалықтық» ұлттық мінездің қалыптасуын қамтамасыз етпейді, өйткені кез келген халықта әртүрлі генетикалық ауытқулар болады.
Үшіншіден, егер ұлттық мінез генетикалық жағынан тұқым қуаласа, онда ол өркениет пен мәдениеттің дамуына байланысты емес деген пікірге жол беруге тура келеді. Алайда, тіпті ұлттық мінез туралы қызу талқылаудың ең әсіре әуесқойларының ішінен халықтың тарихы оның мінезінде өз ізін қалдырмайтындығы туралы пікірді қорғауға батылы баратындар кемде-кем болады.
Егер оны қандайда бір халық өкілдері үшін типтес тұлға қасиеттерінің жиынтығы деп түсінсек, онда ондай «ұлттық мінез» болмайды. Басқаша айтсақ, ұлттың ғасырлар бойы генетикалық анықталған – қанмен берілетін, қандай да бір өзгермейтін психикалық және адамгершіліктік белгілері жоқ.
- Ұлттық мінезді мәдени-нормативтік түсіндіру оның ұлт мүшелерінің барлығындағы немесе көпшілігіндегі қандай да бір тұлғалық белгілерде емес, халықтың әлеуметтік-мәдени қызметінде жүзеге асуын ұйғарады. Ол өзінше бір ұжымдық рухани көңіл күй болып табылады, ол осы қызметке жағдай жасайды және онда көрініс табады. Осыған ұқсас рухани көңіл күй қалыптастыратын ұжымдық сананың терең нұсқамаларының жиынтығын білдіру үшін ғылыми терминологияда «ментальдік» (ділділік), «менталитет» (діл) (лат.mens – рух, ақыл) терминдері пайдаланылады.
Ұлттық мінез халық ментальділігін (ділін) білдіретін форма ретінде әрекет етеді. Ол рухани ахуалды құрады, ал ахуал қоғамда үстемдік етеді және өзін мәдениет арқылы берілетін ойлау мен мінез-құлық үлгілерінен, мәдени дамудың нормативтерінен, құндылықтық бағдарланулардан және өнімдерінен табады. Бұл мағынасында ұлттық мінез оның өкілдеріне тән жеке қасиеттердің біріктірілуі емес, халықтың ортақ игілігі болып табылатыны айқын көрінеді.
Ұлтаралық ынтымақтастық пен жанжалдар
Заманауи дүниеде ұлттар өзара қарым-қатынаста өмір сүреді және оларды бір-біріне тәуелсіз, «өзімен-өзі» өмір сүретін оқшауланған қауымдастықтар ретінде қарастыруға болмайды. Қазіргі заманғы дүниедегі адамзаттың этникалық құрылымының күрделілігі халықаралық қатынастарда көптеген проблемалар туындатады. Бұл проблемаларға ішінара объективтік себептер, ішінара субъективтік себептер өз кеудемсоқтығына «ұлттық мүдделер» тұрпатын беретін ұлттық көшбасшылардың әркеттері де жағдай жасайды.
Қайшылықтар мен жанжалдар, аумақтық даулар, аз санды ұлттардың құқықтарына қысым жасау, тұрмыс деңгейімен билік органдарындағы өкілділіктің теңсіздігі, халықтың ұлттық құрамының көші-қон мен «келімсек» этникалық топтардың табиғи өсімінен өзгеруі және басқалардың негізінде туындайды. Көпшілік жағдайларда ұларалық жанжалдардың тамырлары тарих қойнауынан нәр алады.
Ұлтаралық қатынастарды реттеу проблемалары
Ұлттық соқыр сенімдер, әртүрлі елдердегі халықтар арасындағы дұшпандық пен ұлтшылдық көңіл күйлерді қоздыру, бір ұлттың басқаларына үстемдігі және оларды жою жөніндегі фашистік идеяны жаңғырту әрекеттері – заманауи өркениет үшін ең қауіпті қателердің бірі. Сондықтан да олар барлық өркениетті елдерде қатаң айыпталады.
Қазақтан Республикасы бүкілеуразиялық кеңістіктегі жанжалсыз ұлттық дамудың үлгісіне айналды. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев ұлттық бейбітшілік пен келісімді елдің тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістігі деп атады. Бұл республикада этностардың қалыптасу тарихының ерекшеліктерімен, олардың заманауи жай-күйімен, онда этникалық және этникааралық үдерістер дамитын ерекше саяси-экономикалық және әлеуметтік аямен байланысты. Егеменді Қазақстанда билік пен саяси қоғам ұлтаралық қатынастарды үйлестіру үшін көп нәрсе жасалды және жасалуда. Қазақстандағы этностардың өзара жемісті қарым-қатынастарына олардың бірге өмір сүру үдерісінде қалыптасқан ұлттық ментальділігі (ділі), қазақ халқының кереметтей толеранттылығы орасан ықпал етті.
Қазақстан мемлекетінің басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзде этносаралық қатынастарды реттеу міндеттерін шешудің тәсілдері туралы айтты. Ол бұлардың ішіндегі біріншісін «кейбір елдердің бөтен халықтарды «ығыстырып шығару» саясатын жүргізетінін, бұл қазақ халқына ешқашан да тән болмаған нәрсе екендігімен түсіндірілетінін атап өтті. Екіншісі – жалпыұлттық мәселеге мән бермеу және барлық проблемалар өзінен-өзі шешіледі деп үміттену. Алайда шығар жол бұл емес. Бізге тек үшінші, бірден-бір дұрыс жол қалады, біз сол жолмен жүріп келеміз, ол тер төге қажырлы еңбек етуді талап етеді. Бұл – жанасу нүктелерін іздестіру, халықтар арасындағы келісім мен сенім аймақтарын кеңейту»
Ұлттық қатынастардың жоғары серпінділігі, олардың дамуындағы алдын ала болжамдауға болмайтын бұра тартулар мен тіпті күрт өзгерістердің мүмкіндігі басқару субъектісінен ұлттық қатынастардың жай-күйіне үнемі талдау жасап отыруды және өз шешімдеріне шұғыл түрде түзетулер енгізіп тұруды талап етеді.
Бұрынғы кеңестік кеңістіктің әртүрлі аймақатрындағы орны алған өткір жанжалдар аясында Қазақстандағы салыстырмалы орнықты этносаралық қатынастардың болуы өзіне-өзі тоқмейілсу үшін негіз бермеуі тиіс, өйткені ұлтаралық қатынастар жанжалдық әлеуетке ие екендігі мәлім.
Осыған байланысты қазақстандық әлеуметтанушылардың алдында бұл салаға талдау жасау мен мониторинг бойынша жауапты міндет тұр. Объективті ғылыми зерттеулер ұлтаралық қатынастарда дұрыс, байсалды мемлекеттік саясат жүргізуге, көпэтникалық қазақстандық қоғамда этносаралық қатынастар саласындағы жанжалдық жағдаяттарды жоюға және шешуге көмектеседі.