Зайырлылық дегеніміз — діннің мемлекеттен дербестігі. Зайырлылықтың конституциялық негіздері Батыс Еуропа елдерінде XVIII ғасырда қалыптаса бастаған. Оның теориялық алғышарты ағылшын философы Джон Локктың либералдық мемлекет идеясы болатын.
Қазіргі дамыған Батыс елдерінде зайырлылық қағидаты іске асып отыр. Зайырлылыққа теңдес секуляризация деген түсінік бар. Ресейде билікке келген большевиктер 1918 жылы өздерінің Декретімен шіркеуді мемлекеттен бөліп, оларға тиісті қаражат-мүлікті мемлекеттің қайтарымсыз жалға алу меншігіне айналдырды. Бұл зайырлылық емес, секуляризация еді (секуляризация [лат. saecularis] —саясаттың діннен азат етілуі деген мағынада).
Бұл тұжырым Қазақстан Республикасының Конституциясында заң жүзінде бекітілген: Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Әлемде зайырлы, теократиялық және атеистік принциптерді де ұстанатын мемлекеттер бар. Зайырлы мемлекеттерде дін мемлекеттен ажыратылған. Олардың көбі Батыс Еуропа елдері, айталық, АҚШ, Франция, Англия, Дания т.б. Теократиялық мемлекеттерге Сауд Аравиясы, Ватикан,
Иран т.б. жатады. (Теократия — гр. theos — құдай, kratos — билік — саяси билік шіркеу басшысының, дін басының қолы да шоғырланатын басқару түрі.)
Атеистік мемлекетке өткен тарихымыздан мысал келтірсек, Кеңес Одағы және оның құрамында болған Қазақ Советтік Социалистік Республикасында атеистік қоғам болды. (Атеизм (көне грекше: — «құдайдан ауытқу») дін атаулыны жоққа шығару). Атеистік мемлекетке социалистік қоғамда күн кешіп жатқан Солтүстік Кореяны жатқызуға болады (халықтың 68% — атеистер, елде діни тәрбие жоқ).
Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта діннің қоғам өміріне қайта оралуына байланысты елімізде атеистік көзқарас мемлекеттік мәртебесінен айрылды. Егеменді қазақ елі — зайырлы мемлекет.
Тәуелсіздік әр адамның еркіндігі, бостандығы. Тәуелсіздік адамның діни сеніміне, бостандығына еркіндік береді. Бұл қағида Ата Заңымыздың 22-бабының тармақтарында белгіленген:
- Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар.
- Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.
Қазақстан халқы — зайырлы мемлекеттің азаматтары. Президент Н.Назарбаев 2014 жылғы 18 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде былай деген:
«Мемлекеттің зайырлылығы Қазақстанда бар барлық діндердің ұлы рухани мұраларына құрмет көрсетуден, әркімнің таңдау еркіндігінен арқаулық табады. Конфессияаралық толеранттылықтың мұндай ахуалы, сірә, әлемде еш жерде жоқ. Сонымен бірге, біздің еліміз зайырлы және дін мемлекеттен бөлінген. Біз сондай-ақ діни ұрандар ұстанган экстремизмді, діни ілімдерді сырттан саясиландыруға деген талпыныстарды, біздің халқымызға біз үшін бөгде діни көзқарастар мен идеяларды күштеп таңуды барынша теріске шығарамыз.
Бүгінде біздің бірлігіміз — ол жаңа 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы. Ең дамыған мемлекеттердің 30-ына ену — ол біздің мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ортақ тағдыры. Стратегияда біздің ұлы көпэтносты халқымыздың даналығы көрініс тапқан. Ол біздің бітімнің, рухани келісімнің айрықша мәдениетінің жоғары қағидаттарынан арқаулық табады».
Әлемде демократиялық, өркениеттік жолға түскен мемлекеттердің дені зайырлылық принципін ұстануда. Жалпы мемлекеттің зайырлылығы туралы қалыптасқан, бұлжымайтын ортақ ереже жоқ. Әрбір мемлекет өзінің даму деңгейіне және діни конфессияларының құрылуына қарай зайырлылық принципін өзінің ұлттық мүддесіне сай жүргізіп отырады. Қазақ елінде зайырлылық мемлекет пен діни конфессиялар арасындағы әріптестік негізінде Ата Заңымызда айқындалған ереже арқылы жүргізілуде.
Конституциялық талаптар негізінде 2011 жылғы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер» Заңы қабылданды. Бұл заңда мемлекет пен діннің арасы нақтылы ажыратылып берілді. Аталған Заңның «Мемлекет және дін» деп аталатын 3-бабында мынадай тармақтар бар:
- Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
- Діни бірлестіктер және Қазацстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан, заң алдында тең.
- Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.
Зайырлылықтың осындай заңнамалық негіздеріне сүйеніп, жүргізіліп отырған еліміздегі діни келісім өз нәтижелерін беруде.
Тәуелсіздік тарихында басқа ешбір елде болмаған мемлекеттің діни конфессиялар мен әріптестігінің халықаралық деңгейде тәжірибесі қалыптасып, ол дәстүрге айналуда. Бұл дәстүр Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астана қаласында әрбір 3 жыл сайын өтетін съездерінің жұмысы арқылы көрінеді.
Дінге қатысты білімнің түрлері бар. Атеистік — ол діндерді теріске шығаратын білім. Кеңес заманында жоғары оқу орындарында «Ғылыми атеизм негіздері» деген арнайы пән жүргізілген. Одан сынақтан өтпегендерге жоғары білім туралы дипломы берілмейтін. Кеңес заманында әрбір маман, инженер, педагог, дәрігер т.б. міндетті түрде атеист болуы керек еді. Ол заман артта қалды.
Діни білім — ол Құдайға сену туралы қағидалардың жүйесіне негізделген білім. Оны ғылымда теология деп те атайды. (Теология гр. theos — Құдай және гр. logos — ілім, сөз — Құдай жайлы дін ілімі.) Діни білімнің басты мақсаты — адамдарды діни сенімге насихаттау, дінді насихаттау. Бұл істі елімізде арнайы діни конфессиялар қасындағы діни оқу мекемелері іске асыруда.
Зайырлы білім — ол «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні арқылы 9-шы сынып оқушыларына жоғарыда аталған заңнамалық негіздер нәтижесінде дін және діндер туралы жүйелі білім беру.
Дін қоғамда. Қоғам — мемлекеттің негізі. Дін басшылары мемлекетті басқаруға қатыспайды, бірақ мемлекеттің қауіпсіздігі туралы мәселеде әріптестік бірлікте.
Франция елі тарихынан айғақты мысал келтірсек, жазушы Александр Дюманың «Үш мушкетер» романында король Людовик ХІII-нің билігіне кардинал Ришелье тікелей араласатыны жан-жақты баяндалған. Бұл билікке үнемі нүқсан келтіріп отырды. Дәл осындай жағдай Англия королі Генрих VIII басынан да өткен. Ол Рим Папасының құзіретімен кетіп, өзін 1534 жылы шіркеуі көшбасшысы етіп тағайындаған. Бұл сол замандағы дін басшыларын мемлекеттік басқарудан ажырату амалы еді.
Қазақ қоғамында дін басшылары — хазіреттер, ишандар, имамдар мемлекет басқару ісіне араласпаған. Мемлекет басқаруды хандар мен билер шешкен, бірақ хазіреттер, ишандар, имамдар олармен әріптестік одақта ғана болған. Қазақ қоғамында әу бастан дін — қоғамның тазалығын сақтаушы феномен. Мемлекеттік билікті тек хандар, сұлтандар, билер атқарған.
Мұндай үйлесімділіктің халқымыздың тарихында айтарлықтай нәтижелер беріп отырғаны туралы аңыз-хикаялар, жыр-дастандарда жеткілікті баяндалған. Қазіргі зайырлылық деп атап отырған қағиданы Еуропа елдерінен енген жаңалық деп қана қабылдағанымызбен, зайырлылықтың негізі қазақ халқының мәдени — тарихи менталитетінде ерте заманнан бері бар екенін айтқан жөн.
Ислам діні жетекшілерінің түсінігінде дін саясаттан биік ұғым. Саясат өзгермелі, дін — мәңгілік. Саяси құндылықтар ескіреді, өзгереді, модернизацияға түседі, ал діни құндылықтар — мәңгілік. Осы түсінік қазақтардың дүниетанымына тән. Асан Қайғының «Қилы-қилы заман болар, судағы ақ шортан қарағай басын шалар» дегені де діннің емес, саясаттың өзгермелігін айтқан.
Зайырлылыққа талдау жасағанда қазақ қоғамының мәдениеті тарихындағы асыл мұраларын ескерген жөн. Зайырлылық мәні заң арқылы анықталып, реттелгенімен, оның дәстүрлі мәдени табиғаты барын да ескеру қажет. Сондықтан зайырлылық негізінен заң арқылы анықталып әрі мәдени феномен ретінде баяндалса, «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мәні айқындалмақ.
Пайдаланылған әдебиет: Зайырлылық және дінтану негіздері: Жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныбына арналған оқулық / Ғ. Есім, Е.Смағұлов. — Алматы: «Білім», 2016- 270 бет.