«Замандастарға» дегеннен басқасының барлығы орыстың Крылов Иван Андреевич (1768-1844) деген ақынның өлеңдерінен аударылғандар. «Қырық мысал» дейтін себебі, Крыловтың мысалдар жазған қырық өлеңін аударғаны ғой. Бұл өлеңдерді Ахметтің аударған мезгілдері 1901 жыл мен 1904 жылдың арасында, учитель болған кезінде болу керек. «Мысалдарды» аударудан бұрын оның өлең жазған-жазбағанында дерек жоқ. Міржақып Дулатов сықылды Ахметті жақсы білетін адамдар да Ахметтің өмірін жазғанда (См. «Труды об-ва изуч. Казахстана», вып. ІІІ, 1922г. Оренбург.) ол туралы түк айтпаған.
«Қырық мысалды» тексерместен бұрын, Ахметтің неге Крыловтан аударып, өзгеден аудармағаннан бір-екі сөз айта кетейік. Үйткені көркемдік жағына келгенде, Пушкин, Лермонтов, Фет сықылды ақындар, əйтпесе Некрасовтар Крыловтан артық саналатын адамдар. Ең алдымен, Крылов туралы азын-аулақ сөз айтайық. Бұл туралы орыстың қазіргі Марксшіл сыны деп жүрген Жөкөн дейтін адамы былай дейді:
Нақ өзі (Каган «История русск. лит. От древнейших времен до наших дней» стр. 49.) «бұған сөз қосудың қажеті аз. Крылов орыстың ақсүйекерінің ақыны. Ол ақсүйек тұрмысын кекетіп жазғанда: Крылов өз тұсындағы қоғамның кемшілігін мазақ қылды. Ол парақорлық, сотты сатушылық, кеңсешілдік, мақтаншақтық, тоқ көңілдік, өтірікшілік сықылды істерді жазды. Бұлай болғанмен Крыловта жұмсақтық, салқынқандылық күшті. Оның жаны тым жайдары адам. Ол зəлімдіктің шыққан жерін жазбайды. Ол патшаны құлатуды, құлдық правоны жоюды тілемейді. Ақсүйектің (дворян) оқығандарында: Ресейдің тіршілігін құлдық правоны осы қалпында сақтап отырып-ақ оңдауға болады деген пікір болған. Крыловтың өлеңдері сол пікірдің нақ өзі», бұған сөз қосудың қажеті аз. Крылов орыстың ақсүйектерінің ақыны. Ол ақсүйек тұрмысын кекетіп жазғанда, ақсүйектердің кемшілігін көрсеткенде, сол тұрмысқа қарсы болғандығынан емес, ақсүйектің ақыны болғандықтан өз табының кемшілігіне іші ашып, сол кемдікті түзеуге шақыруға тырысқандықтан. Крылов туралы бұл пікірге орыс марксшілдері сөзін бір жерге қойған.
Енді Ахметке келейік: басқа бір тілден өлең аударатындары, саяси маңызы өз тілегіне үйлескен заттар болады. Қазақтың ұлтшыл-байшыл ақындары орысшадан көп нəрсе аударды. Бірақ аударғанда, ешқайсысы Некрасовтың «Ресейдегі кім жақсы тұрады» («Кому на Руси жить хорошо») деген тапшылдық негізіне құрылған, еңбек жеуді ашық көрсететін, тұтас бауырмал ұлт жоқтығына дəлел болатын поэмасын аударған жоқ. Демьян Бедныйдың өлеңдерін Мағжан өз тілегімен аудармайды да. Александр Блоктың, Феттің өлеңдерін тіленіп Қалмақан аудармайды. Себебі екеуінің де таптық тілегіне аналар қайшы келеді. Бұл арада Мағжан, бертін кезде неліктен Ленин кітаптарын аударды деген сұрау болуға мүмкін. Оған жауап: Мағжан оларды тіленіп аударған жоқ, күн көріске, ақшаға ғана аударды. Ал, Лермонтовтың «Сарғайып піскені егін толқынданса» деген өлеңін ақшасыз-ақ аударып, өлең жинағына қосты. Олай болса, Ахмет Крыловты таңдағанда, жайдан-жай таңдаған жоқ, онда тілегі үйлескендік бар. Ол бізше мынау:
Қазақта, сауда капитализмі XX ғасырдың бер жағында ғана өркендеді. Оның ар жағында капитализм нашар еді. XX ғасырға шейін ауылды негізінде билейтіндер аталықтар еді. Байлардың (буржуазия деген мағынада айтам), тексіздерді жаңадан байығандардың ықпалы жөнді жоқ еді. Айта берсең, тексіз, аталықсыз мал біткендер право (құқық) жағынан аталықтардан кем еді. Қонысы тұрақталған Қазақстанның солтүстік күнбатысындағы елдерде жер-судың шұрауы аталықтарда болып, жаңа байығандар жер пайдалану жағынан көбіне қалтасына жалынатын еді. Асқа, тойға барса да аталықтардың орны, сыбағасы аталығы нашарлардан кем болатын еді.
Осындай право жөнінен үстем боп тұрған қазақтың ақсүйек, аталық тектілерінің ішіндегі кемшілікті жырлап, түзетуге, өнерге шақырған адамның алғашқысы, «Жаңашылы» (либералист) Абай Құнанбайұлы болды. Ахмет Байтұрсынұлы Абайдың аяғын шала шыққан ақын. Бізше, əуелі қалам ұстап, əдебиет майданына шыға бастаған кезде Ахметте үлкен саяси мақсат болған жоқ. Екінші, ол, ол кезде ұлтшылдық деген программаны жасаған жок, Патшаға қарсы болу идеясы (пікірі) ол кезде онда туған жоқ. Қазақтың жаңа дəуірлеп келе жатқан капиталистерінің тілегін қарсы ала алған жоқ. Ол Қазақтың ақсүйек аталықтарының бойындағы мініне, Крыловтың орыс ақсүйектеріне таққан мінін тура көрді де; Крылов орыс ақсүйектеріне не ақыл айтса, бұл да соны қазақ ақсүйектеріне аударып (тəржімелеп) айта қойды. Крылов пен Ахметтің мысалдарында атымен айырма жоқ емес, оны ілгеріде айтамыз.
Бізше, Ахметті ұлтшылдық бағытқа түсірген 1905 жылда болған Ресей-дегі төңкеріс. Оған шейін Ахметте, саяси ашық пурграм болған жоқ. 1905 жылға шейін Ахметте төңкерісшілдік бағыт жоқ. Оған шейінгі оның бағыты қоғамдағы көрінген кемшілікке көлденең сыншы ғана болып, ақсақалдық ақыл айту.
XIX ғасырдың орта шенінде орыс ақсүйектерінің алдыңғы қатардағылары (оқығандары) екіге жіктелді. Біреуі орыстың ескі княздік өмірін көксеп, орыс елін кейін тартты. Екіншілері Русияда өсіп келе жатқан сауда, жана кəсіп капитализмінің тілегіне үйлесуге ойлап, негізінде дворяндық салтты қолдағанмен, ара-тұра жаңалықты, өнер-білімді жырлады.
Ахметті 1905 жылға шейін, негізінде, ақсүйекшіл болды дегенімізбен, ол орыс ақсүйектерінің екінші қатардағылары сияқты, қазақ аталықтарының бойындағы кемшілігін көрумен ғана қойған жоқ. Оларды мəдениетке шақырды. Бұл, бір.
Екінші, Ахметте 1905 жылға шейін ашық ұлтшылдық пурграм болмағанмен, онда ұлтшылдық белгісі жоқ еді деу жəне дұрыс емес. Ахметте орысқа қарсылық, «Қазаққа» жаны ашушылық деген пікір 1905 жылдың ар жағында, айта берсең, есін білгелі туды. Əкесін айдатқан орыс отаршылдарының үкіметін ол бала күннен сүйген жоқ. Оның үстіне «Сары орыстың бəрі орыс» деген, қазақ елінің орысқа отар болған кезіндегі мақалын ода қолданды. Отаршылдық саясаттан соққы көрген қазақ елінің «Ай, балам, əй, қылдың-ау!» деген орысқа тымырсық өшпенділігі Ахметте де болды. Ахмет 1905 жылға шейін ашық ұлтшыл бола алмады дейтін себебіміз: бұл жылға шейін ол қазақ елін орыс отарынан бөлуді, бөлек ел қылуды жырлаған жоқ. Жырлар еді, ондай ірі пурграмды ол-ол кезде жасаған жоқ.
Енді «Қырық мысалға» келейік. Ахметтің «Қырық мысалдағы» өлеңдерін мына жүйелерге бөлуге болады: 1– Бірлік «Аққу, шортан, шаян» деген өлең былай келеді: «Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн Жегіліп, тартты үшеуі дүркін-дүркін, Тартады: ақку көкке, шаян кейін, Жұлқиды суға қарай шортан шіркін» үшеуі үш жаққа тартқасын, жүк орнынан қозғалмағандығын айта кеп Ахмет, аяғында: «Жігіттер мұнан ғибрат алмай болмас. Əуелі бірлік керек болса жолдас, Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей, Істеген ынтымақсыз ісің оңбас!», — дейді.
Бұл өлеңді жазғандағы Крыловтың «Аққуы» – дворян, «Шортаны» – саудагерлер, «Шаяны» – қара шекпен болуға тиіс. Крылов соларға біріңе-бірің жəрдемдес, бірлік ет десе, Ахмет те қазаққа соны айтып отыр. «Ат пен есек» деген өлеңінде, біреу аты мен есегіне жүк салып қалаға шығады. Есек жүгін ауырлап, атқа жүгімді ауыс десе ат алмайды. Ақырында есек зорығып өледі де, иесі есектің жүгін, терісін атқа артып, мана тіл алмағанына ат өкінеді. Ахмет өлеңінің аяғында – «Бұл сөзден қандай ғибрат алмақ керек, Мысалы еткен қайыр бір бəйтерек. Қайырың біреуге еткен болып терек, Көресің рахатын көлеңкелеп», — дейді.
«Қырық мысалдың» біраз өлендері осы сықылды татулыққа, бірлікке шақыратын нəрселер. Бұндай «бірлікшілдік» əуелі дворяндарда болды да, оның артынан байларда болды. Олар өз үстемдігін жүргізіп тұру үшін, өз қол астындағыларды ылғи «ынтымаққа» шақырды. Орыс байларын алсақ орыс ұлтының қамын түгел жегенсіп, орыс елін тапқа бөлмей, тұтас ала сөйлеп, сонымен жұмыскер мен қарашаруаның еңбекшілерін алдап келді. 1914 жылы болатын жиһангершілік соғыста, капиталистер базарға таласып соғысып отырып, еңбекшілерді: ұлт үшін, отан үшін соғысып отырмыз деп алдады. Қазақтың ұлтшылдары байдың тілегін тілеп, сойылын соғып отырып, жалпы қазақтың қамын жырлап отырмыз деді. Мұндай, ұлтты тұтасымен бірлікке шақыру: байшылдықтың барып тұрған өзі. Əрине, бірлік керек. Керек болғанда ұлттық бірлік емес, таптық бірлік. Біз кəзір «бірлік» деген сөзді ауызға алғанда, жалпы қазақты бірлестірмейміз. Қазақтың еңбекшілерін –ғана бірлестіріп, басқа ұлттардың еңбекшілдерімен бірлікке шақырамыз. Ахмет бірлігі ол бірлік емес, байшылдық бірлік.
2. Ескішілдік. «Қартайған арыстан» деген Ахмет арыстанды аңның патшасы ғып көресетеді де, бір арыстанды қартайтады. Қартайған арыстан: тұяқ, тістен айрылғасын, күш кеткесін бұрынғы азуы батқан аңдар арыстаннан кегін ала бастайды, сол көп кек алғанның біреуі есек боп, жатқан арыстанды есек тепкілегенде, дəрменсіз арыстан былай дейді: «Көп шығар, жоқ демеймін кінəм менің, Ризамын бақ, бəлеңе бірдей сенің. Тұяғын бұл жаманның тигізбей ал, Қорлықтан мұнан көрген өлім жеңіл». Ахмет бұл мысалды аяқтап болғаннан кейін өз жанынан мынадай сөз қосады: «Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да. Келе алмас жаман батып маңайыңа. Басыңнан бақыт құсы ұшқан күні, Құл-құтан басынады, малайың да». Бұл кəдімгі ақсүйектердің, атасыздардан түрткі көре бастаған кезінде жазылған өлең. Бұл кəдімгі тексіз, құл-құтандардың кісілікке қосылғанына қарсы болған барып түрған ескішілдік өлең.
«Қайыршы мен Қыдыр» да осыған келеді. Қайыршы қанағаты жоқ деп байларды сөгіп, осы мал маған бітсе пəлен етер едім деп отырғанында Қыдыр келеді де, дорбаңның аузын аш дейді. Қайыршы ашады. Қыдыр дорбаға бір алтын салғаннан кейін, енді болар десе, қайыршы қанағат етпейді. Ақырында дорба жарылып кетіп, алтындар жерге түседі де, шаң-топыраққа айналып кетеді. Егер қайыршы қанағат етсе, онда дорба жарылмақ та емес, топыраққа тимесе, алтын шаңға да айналмақ емес. Ахмет өлеңді былай аяқтайды: Осымен қысқартамын сөзді жай-ақ, Үстіне жығылғанның салмай таяқ. Кінəні қанағатқа аударайын Қам көңіл қайыршыға тимей, аяп. Қанағат жүзі қара жоламайтын, Бейне бір байлықпенен араздай-ақ. Крыловтың бұл мысалды жазған кезінде, Ресейде құлдық правоның күшті тұрған кезі. Ақсүйектердің қолында мыңдаған құл крестьян тұрған кезі. Ақсүйекшіл Крылов, «байлыққа қанағат керек» дегенде, ақсүйектерге «Құлды көп құлданба, қанағат қыл, осы құлданғаның да жетер енді, оларды босат» дегелі отырған жоқ. Оның «Қанағат қыл» деп отырғаны ақсүйектер емес, жаңадан байып, байлығы ақсүйектерден асып бара жатқан саудагер-капиталистер.
Тағдырға үндеу. Ахмет пен Крылов, байлардың алдына бұл сықылды «қанағатты» тосса жұмыскер мен қара шаруаның тосатын қанағаттары қандай екендігі «Шал мен ажал» деген өлеңде көрінеді. Орманнан отын алып қайтып, шаршаған шал, демалып отырып былай деп назаланады. «Мен сорлы əрі кəрі, əрі жарлы. Асырау оңай емес үйлі жанды. Қартайдым жалданарға қуатым жоқ, Бермеді тұтынарлық құдай малды. «Төлермін салғырт (салық) ақша қайдан тауып. Не жаздым құтқармастай бұл бейнеттен. Күнім жоқ тілегімді қабыл еткен. Біреу кеш, біреу ерте өліп жатыр, Келмейді маған ажал қайда кеткен!». Шалдың бұл шақыруын қарсы алып, ажал жетіп келгенде, шал сасқаннан: «Отырмын отынымды көтере алмай, Жібер деп аркалатып шакырып ем»,- дей қояды. Ахмет бұған кандай қорытынды береді? — десеңіз былай: «Кейбіреу көтере алмай жүрсе күнін, Кейіген сағатында тілейді өлім. Болады надандықпен зор күнəһар, Ісінің Құдіретінің білмей жөнін».
Ахметтің «Қырық мысалында», қазақты патша үкіметіне бұдан күшті қайрап салған өлеңі болған жоқ. Жазушының өзіне келгенде, ол «Замандастарына» деген «Қырық мысалдың» басындағы өлеңде өзінің күресшілдігін көрсете алған жоқ. Ахметтің «Қырық мысалды» жазған кезде ашық ұлтшылдық пурграмы жоқтығына, қарсылығының бəрі «тымырсық» жана іштен тынған қарсылық екеніне, сол қарсылықты жарыққа шығару үшін, «Қырық мысалда» жол көрсете алмағандығына жоғарғы өлеңдер айқын дəлел.