Осман мемлекетінің құрылуы. Орта Азиядан және Қара теңіз маңайынан X — ХIII ғасырдың орта шешінде Кіші Азияға қоныс аударған түрік-оғыз тайпаларының Кіші Азияның түрік-селжүқтарымен араласып, бірігуі нәтижесінде XIII ғасырдың аяғы — XIV ғасырдың бас кезінде, жаңа мемлекет пайда болды. Бұл мемлекетті басқарғандар көшпелі оғыздар мен қыпшақтар еді. Бұлардың тұңғыш көсемі Эртогрул, ал оның баласы Осман (1282 — 1326) көрші ел — Византияның Кіші Азиядағы иеліктеріне шабуыл жасап, Кіші Азияны түгел бағындырды. Осы кезден бастап Юші Азия түрік-османдар деп аталды.
Бұл Византия империясының әлсіреген кезі еді. Осыны пайдаланған түрік-османдар оның Балқан түбегіндегі иеліктерін де біртіндеп жаулап ала бастады. Түрік-османдар да, селжұқтар да өздерін төзімді әрі жауынгер халық ретінде көрсетті. Түріктер келгенге дейінгі Балқан елдері. Болгар халқы XI ғасырдан бастап 150 жыл бойы Византия үстемдігіне қарсы күресті. Византия Болгарияның тәуелсіздігін 1187 жылы мойындады. Болгария тәуелсіз мемлекетке айналды. Алайда Болгария әлсіз мемлекет еді, себебі феодалдардың өзара қырқысу соғыстары тоқтамады. Оған қоса сыртқы жаулар да қыспаққа алды. Византия өз үстемдігін қайтадан орнатуға тырысып бақты. Мысалы, Византия Константинопольды (1261), одан кейін Фракия, Македония сияқты тағы басқа жерлерді қайтарып алды.
Балқан түбегіндегі тағы бір күшейе бастаған мемлекет — Сербия еді. Олар да Византияға қарсы азаттық соғысын үздіксіз жүргізді. Бірақ мұнда да феодалдық алауыздық күшті болып, феодалдық иеліктерге шашырап кетті. Византияның өзі де бұл кезде бұрынғы құдіретінен айырыла бастады. Жағалаулардағы қалаларына Венеция мен Генуяның ықпалы өсті. Халыққа ауыр салықтар салды. Мұның бәрі Византияның өзін әлсіретіп жіберді.
Түркия мемлекетінің алғашқы жаулап алуы. Византия мен Балқан түбегіндегі мемлекеттердің ішкі алауыздықтарының өршіп, әлсірей түсуіне байланысты Түркия мемлекетінің оларды жаулап алуға ұмтылысы күшейді. Түріктер 1331 жылы Никеяны, одан кейін Византияның Кіші Азиядағы басқа иеліктерін өзіне қаратты. Олар Кіші Азияны басып алғаннан кейін, 1354 жылдан бастап, Дарданелл бұғазының еуропалық жағалауларына өтті. Фракияны 1361 жылы алды. Болгарияның Пловдив, София, Варна, Тырново қалаларын 1393 жылы жаулап алды.
Сербияға османдардың әскері 1389 жылы басып кірді. Бұл кезде феодалдық бытыраңқылық салдарынан сербтердің өз арасында ауыз бірлік жоқ еді. Түріктердің басқыншылығына тойтарыс беру жолындағы 1389 жылғы маусымның 15-інде Косово даласында болған шешуші ұрыстың өзіне кейбір серб феодалдары әскерлерін алып келмеді де. Түрік әскері жеңді, Сербияның жерінің басым бөлігі Түркияға қосылды. Аман қалған Солтүстік Дунай жағалауларындағы князьдықтар да 1459 жылы түрік сұлтанының иелігіне өтті. Осылайша Сербия түгел Түркияның қоластында қалды.
Түрік мемлекетінің түпкі жоспарларының бірі — Византия империясына түбегейлі соққы беру болатын. Ол үшін Константинопольді 1422 жылы үш рет қоршады, бірақ шабуыл нәтижесіз аяқталды. Дегенмен де Константинополь 1453 жылы мамырдың 2 9-ында құлады. II Мехмед сұлтанның — (1451 — 1481) 200 мың әскері, оның ішінде 15 мың таңдаулы янычары, ал Византияның соңғы императоры XI Константиннің (1448-1453) 10 мыңнан аса, онда да жалдамалылардан тұратын әскері болды. Константинополь екі ай бойы қорғанды. Император өлді, қала халқы қатты жазаланды. Сұлтанның бұйрығымен қаланың үйлерін қиратуға тыйым салынды. Өйткені сұлтан Константинопольді өзінің мемлекетіне астана еткісі келді. Константинопольға Ыстамбул деген жаңа ат берілді, сөйтіп, ол Түркия мемлекетінің астанасына айналды. Сонымен 1453 жылы Византия империясы өзінің өмір сүруін тоқтатты. Рим империясынан кейінгі екінші Жаңа Рим — Константинополь құлады. Кезінде Енесейден Дунайға дейін созылған көне Түрік қағанаты енді Кіші Азия жерінде қанат жайды.
Осман империясының одан әрі ұлғаюы. Түрік мемлекетінің тарихында, XVI ғасыр жаулап алушы соғыстарға толы ғасыр болып табылады. Әсіресе, бұл ғасырда түріктер Батыста көптеген жаулап алу соғыстарын жүргізді, соның есебінен өз империясының ауқымын кеңейте түсті. Түріктер бұрынғысынша өздерінің әскери артықшылығына сүйеніп, Иран, Армения, Күрдістан және басқа араб елдеріне көз алартты.
Сұлтан I Селимнің әскері 1514 жылы Иранның Тебриз каласын басып алып, Исмаил шахтың бар қазынасын иемденді, мыңдаған парсы шеберлерін айдап әкетті. Кейін бұлар Түркиядағы үлкен шаһарлардың құрылысын әшекейлеуге аса қажетті түрлі түсті қыш өндірісінің негізін қалады.
1514-1515 жылдары Шығыс Арменияны, Күрдістан, Солтүстік Месопотамияны бағындырды. 1517 жылы Сирияны, Мекке, Мединені, 1517 жылы Египетті жаулап алды. Енді I Сүлеймен сұлтан (1520 — 1566) тек Шығыста емес, Батыс есебінен аумақты ұлғайтуға күш салды. Белградты (1521), Орталық Венгрияны да (1543) алды. Сондай-ақ Солтүстік Африканы (Мароккодан басқасын) басып алды. Қара және Мәрмәр теңіздері Түрік мемлекетінің ішкі су қатынас жолына айналды. Осылайша Түрік мемлекетіне Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Алдыңғы Азия және Солтүстік Африканың ұлан-байтақ аумағы қарудың күшімен қосылды. Орасан зор Осман империясы орнады.