Тыныс алу жүйесі — адамның ғана емес, жер бетіндегі барлық жануарлар мен өсімдіктер организміндегі ең маңызды процестің бірі. Слайд беттерінен көретініміздей тыныс алу нәтижесінде біз ауаны, дәлірек айтсақ, ауа құрамындағы оттекті (O2) жұтамыз. Кез келген адамның тіршілігі үшін тамақ пен судан гөрі оттек өте қажет. Өйткені адам тағамсыз екі аптаға, ал сусыз шамамен бес тәулікке шыдаса, ал оттексіз небәрі бірнеше минут қана өмір сүре алады.
Қанеки, мынадай тәжірибе жасап көрейік. Қанша уақыт тыныс алмай тұра аламыз? Ол үшін бізге секундомер қажет. Тыныс алуды тоқтатып, уақытты өлшеңдер. Қанша уақыт тыныс алмауға болады екен? 1 мин-тан артық болуы екіталай. Тек бірнеше ондаған секунд қана ауасыз шыдауға болады, содан кейін адам организмі дабыл қағып, тыныс алуға мәжбүрлейді! Ересек адам шамамен 1 немесе 2 мин тыныс алмауы мүмкін. Бірақ ол содан кейін аузымен ауа жұта бастайды. Тіпті ең мықты жаттыққан адамның өзі де бірнеше минуттан артық тыныс алмай тұра алмайды.
Слайдтың келесі бөлімдерінде неліктен тыныс алу біз үшін өте маңызды екенін талқылап көрейік. Алдымен тыныс алу процесін және оған қатысатын мүшелерді зерттейміз. Ауаны біз мұрын және ауыз қуыстары арқылы жұтамыз. Жұтылған ауа онда жылынып, ылғалданып, одан әрі көмейге барады. Мұрынмен тыныс алған дұрыс. Себебі мұрын қуысындағы майда түктер мен кілегейлі қабық ауамен түсетін шаң-тозаңды, зиянды микроорганизмдерді ұстап қалады. Осылай сүзгіден өткен ауа ауыз қуысы, көмекей, кеңірдек арқылы өкпеге барады. Осы тыныс алу мүшелері арқылы жұтылған ауа құрамындағы оттек қанға өтеді, ал қажетсіз көмірқышқыл газы С02 қаннан сыртқа шығарылады.
Ересек адам минутына 15 рет, кішкентай балалар 20-30 рет (жас нәресте 40-60 рет) тыныс алады. Тыныс алу организмнің оттекке деген қажеттілігіне байланысты ми арқылы автоматты түрде реттеліп отырады.
Мысалы, организм тыныштықта болғанда (адам ұйықтағанда) сирек тыныс алады. Ал физикалық күш түскенде тыныс алу жиілейді. Сондай-ақ маусымдық айырмашылықтар да болады: күзде адам көктемге қарағанда үш есе аз тыныс алады.
Енді негізгі слайдқа қайтып оралайық: Неліктен адам тыныс алады? Біздің организмімізге оттек не үшін қажет? Бұл элементтің көмегімен жасуша ішінде кішкентай химиялық зауыттағыдай күрделі процесс жүреді: асқорыту процесі нәтижесінде жасушаға түскен күрделі органикалық қосылыстар (мысалы, майлар және нәруыздар) оттек әсерінен қарапайым заттарға ыдырайды. Бұл процесс тотығу деп аталады.