Туризм индустриясы – қызметі бос уақыт кезіндегі демалыс пен сауықтың түрлі және күрделеніп бара жатқан сұранысты қанағаттандыру болып табылатын салалар мен кәсіпорындар тобынан тұратын шаруашылықтың ірі әрі дербек кешені.
Қазіргі кезеңдегі туризм индустриясының дамуының негізгі факторлары мыналар:
- халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін қанағаттандырудан (тұрғын жай, киім, тамақ) тыс рекреациялық қажеттіліктерді қанағаттандыруға жұмсауға арналған табыстарының өсуі (экономикалық дамыған елдердің тұрғындарының тұтыну кешенінің шығындар құрылымында туристік қызметтерге кететін шығындар тұрғын жай шығындарынан кейінгі екінші орынға шықты);
- экологиялық таза ортада демалуға деген сұранысты жеделдете арттыратын, урбандалған өмірді өзге іс-әрекетпен ауыстыруды, күнделікті тірлік пен тұрмыстан демалуды талап ететін өсе келе шиеленіскен урбандалу мен экологиялық ахуалдың нашарлауы;
- бос уақыттың, яғни адамның еркін иеленетін уақытының артуы. Дамыған елдердің туризмінің іс-тәжірибесінде мынадай тепе-теңдік орын алған: әдетте еңбек демалысының уақыты шетелдерге туристік сапарға шығуға, уик-эндке – ел ішіне экскурсия жасауға, ал кешкілік бос уақыт қаладағы демалысқа арналады. Бос уақыт құрылымында уик-энд жетекші орын алғандықтан, дамыған елдерде ішкі туризмге деген қажеттілік арта түсуде және ішкі туризм индустриясы қарқынды дамуда;
- ерекше туристік ресурстарды жетілдіре отырып, оларды тұтынуға қажет туристік іс-әрекетті ыңғайлы етуге мүмкіндік беретін ұйымдастыру құралдары мен инфрақұрылымдардың қалыптасуы;
- туризм индустриясындағыхалықаралық еңбек бөлінісі мен халықаралық сауда айырбасының дамуы (оларда туризм оның жедел өсіп келе жатқан туристік сұранысты қанағаттандырудағы тиімділігінің негізінде алдыңғы қатарға көтеріледі);
- жарнаманы дамытуға мүмкіндік беріп қана қоймай мыңдаған туристерге тез және тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін бұқаралық ақпарат құралдарының, туризмдегі телекоммуникациялық жүйелер мен ақпараттық технологиялардың дамуы.
Туризм индустриясын туризмге байланысты тауарлар мен қызметтерді шығаратын кәсіпорындар мен мекемелер құрайды. Олар:
- қонақүйлер;
- тамақтану мекемелері;
- тасымалдаушы мекемелер;
- экскурсиялық орталықтар;
- сувенирлер шығаратын кәсіпорындар;
- туристік бағыттағы оқу орындары;
- ақпараттық және жарнамалық қызметтер;
- туристік бағытта еліміздегі облыстық әкімшіліктердің туризм бөлімдеріндегі зерттеу және жобалау мекемелері;
- туристік тауарларды өндіру мекемелері.
Туризм индустриясы туроператорлар еңбегінің нәтижесінде туристерге қажет болатын қызметтерді өндіреді. Туроператор осы көп түрліліктен жеке алған қызметтерді емес, құнды тұтыну қасиеттері бар туристік өнімді қалыптастырады.
Бірақ туроператорлардың қызметі де туристік өнімде туризм индустриясының элементтерін құрамайтынын баса айтқан жөн, себебі қызметтердің әрқайсысы оның өндірілу орнында оқшаулана тұтынылады, бірақ осы туроператордың іс-әрекетінің арқасында ғана осы қызметтерді өндіру қазіргі таңда өндірістік сипатқа ие болды.
Туризм индустриясының өзіне тән қасиеттері:
- туристік мекемелерді орналастырудағы ресурстық бағдар;
- туристік қызметтерді өндірудегі маусымдық және циклдік сипат;
- әлеуметтік инфрақұрылым мен ақпараттық желілерді дамыту деңгейіне қойылатын жоғары талаптар.
Туристік сұраныс туризм индустриясының қызметтер өндірілетін жүйесінде ғана қанағаттандырылады. Кейбір туристік өнімдер туристің сұранысын қанағаттандыруда негізгі болып табылады, ал өзгелері болса қосымша немесе екінші дәрежелі болып табылады (мәселен, тамақтану мен көлік жүйесін пайдалану).
Туризмнің өндірістік сипаты туристік мекемелерді ұлттық экономика үшін тиімді етеді. Себебі туризмге деген сұраныстың артуынан және туристік мекемелердің іс-әрекеті нәтижесінде жергілікті табыс өсіп, жаңа жұмыс орындары ашылады, туристік қызмет көрсетумен байланысты барлық салалар дамиды; туристік орталықтардағы әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылым дамиды, халықтық қолөнер кәсіптері жаңа даму қарқынына ие болады, валюталық түсімдер өседі; жергілікті халықтың өмір сүру деңгейі жоғарылайды.
Туристік айналым – бұл туристік мекемелер арасында тікелей немесе жанама түрде қалыптасып, құрамына туристік өнімдер мен қызметтер ағымдарын және де туризм экономикасындағы төлемдер мен инвестицияларды қамтитын экономикалық қатынастар жүйесі.
Туристік тауарлар мен қызметтердің әрбір ағымына қарама-қарсы төлемдер ағымы болады. Туристік компаниялар мен туристер арасындағы тікелей және жанама айырбастарды есептемегенде, туристер мен өзге компанияларарасында алмасулар да болатындығын айта кеткен жөн.
Туристік тауарлар мен өндіруші-фирмалар қызметтерінің және төлемдердің ағымдары туризм экономикасында үздіксіз болып табылады, кез келген кезеңде пайда болады және туристік компаниялардың өндірістік іс-әрекетіне (белсенділігіне) тәуелділігімен ажыратылады.
Туристік айналым негізінде туристік өнімді немесе қызметті экономикалық игілік ретінде, яғни айырбасқа арналған өнім ретінде ұсыну жатыр. Туристік қызмет пен өнімнің пайдалылығы адамдардың рекреациялық қажеттіліктерін қанғаттандыру шамасымен немесе олардың тұтыну құнымен анықталады. Туристік қызметтің тұтыну құны неғұрлым жоғары болған сайын ол туристік айналымда соғұрлым үлкен үлесті қамтамасыз етеді, себебі «құн (құндылық) ең алдымен айырбас категориясы» болып саналады.
Шектік пайдалылық тұрғысынан алғанда, туристік қызметтің субъективті бағалануы тікелей осы қызметтің пайдалылығымен анықталады. Алайда туристік айналыстың негізін құрайтын объективтік айырбас қарым-қатынастары субъективтік бағалауларға тәуелді және шектік пайдалылықпен де, өндіріс қалдықтарымен де анықталады, яғни туристік айырбаста туристік мекемелер мен туристер арасындағы өзара әрекет сұраныс (қызметтің шектік пайдалылығы) және ұсыныспен (қызмет өндірісінің қалдығымен) анықталады.
Адамдар бір қызметті қажетсінгендіктен, яғни қызмет қажетті пайдалылыққа ие болғандықтан, бұл бағаның бағасы жоғарылаған сайын, еңбек пен капитал шығындары да соғұрлым үлкен масштабта болады. Бұл ретте туристік өнімнің (қызметтің, тауардың) айырбас құнының көрінісі баға болып табылады. Туристік айналыста баға өзінің барлық төрт қызметін де атқарады:
- құн өлшемі ретінде;
- айырбас құралы ретінде;
- жинақтау құралы ретінде;
- төлем құралы ретінде.
Туристік айналым жаппай қалдық арасындағы айырма ретінде анықталатын туристік мекемелердің пайдасын түзеді.
Туристік айналым туристік нарықтың экономикалық тұрақсыздығы мен туристік экономика динамикасының циклдігінің себебі болып табылады. Туризм экономикасында туристік тауарлар мен қызметтерді қайталап өндіру жиі кездеседі. Бұл орналастыру мекемелеріне де, тамақтану және көңіл көтеру мекемелеріне де қатысты. Қайталап өндірудің мәні ұсыныстың сұраныстан, қалдықтың табыстан асып түсіп, өндіріс тиімсіз бола бастаған кезде көрінеді.
Туристік айналымның тағы бір деструктивті факторы тұрақсыздық немесе құрылымдық дағдарыстар болып табылады.
Туризмдегі сұраныстың маусымдылығы туристік өнімге деген сұраныстың циклдік сипатын көрсетеді. Негізгі экономикалық анықтама бойынша, кез келген өндіріс – адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған мақсатты және саналы іс-әрекеттер.
Қазіргі заманғы туризм тұжырымдамалары экономикада жаңа кейнсиандық және институционалдық идеяларының басым болуымен сипатталады. Бұл тұжырымдар экономикалық жүйенің орталығына күрделі тұтыну әлеміне ие адамды, оның ішінде рекреациялық, яғни кеңейтілген дене, интеллектуалды және рухани күштерді өндіру ресурстарын қояды.
Рекреациялық қажеттіліктер биологиялық (тамақ, ұйқы, қозғалыс) және әлеуметтік (сөйлесу, танып-білу және денсаулығын түзеу) болып бөлінеді. Бұл қажеттіліктер белгілі бір дәрежеде іс-әрекеттің әр формалардағы түрлерімен қанағаттандырылады. Алайда олардың ең тиімді түрі – туризм. Демек әлеуметтік-рекреациялық қажеттіліктерді туристік қажеттіліктер деп атауға болады. Қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін көптеген құралдар қажет. Аустриялық саяси экономия мектебінің ұсынуынша, адамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажет нәрсенің барлығы игіліктер деп аталады. Игіліктер әдетте материалдық тауарлар түрінде немесе материалдық емес қызметтер түрінде көрінеді. Туризмдегі қажеттіліктерді қанағаттандыратын игілік – әдетте қызметтер түрінде болады. Туристік қажеттіліктерді қанағаттандыратын түрлі игіліктер – қызметтер, олардың құндылығы субъектінің өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін бірқатар байлықтар қорына ие болу (ақша, бос уақыт және т.б.) негізінде көрінеді. Туризмде «қажеттіліктер» ұғымымен «туристік себеп» немесе «туристік мотивация» ұғымы тығыз байланысты.
Туристік себеп (мотивация) – бұл биологиялық және әлеуметтік қажеттіліктермен анықталатын және туристік өнімді ала отырып адамдарды қанағаттандыруға мүмкіндік беретін түрткілік себептер.
Туризмнің туристік іс-әрекет субъектілерінің арнайы ерекшеліктеріне тәуелді көптеген себептері болады.
Объектілі-субъектілі жіктеу туристік мотивацияның төмендегі топтарын қамтиды:
- Туризмнің табиғи себептері туристер үшін ең тартымды себептер болып саналады. Мәселен, тау, өзен, теңіз,көл, суқоймасы, жайылымдар және т.б. Олардың барлығы туризмнің белгілі бір формасын, әсіресе қысқы спорт, аңшылық туризм формаларын құруда маңызды екенін айта кеткен жөн, сол себепті туризмнен демалысты, көңіл көтеру мен үйреншікті жағдайды өзгертуді іздейтін урбандалған аймақтар халқының биологиялық және психологиялық қажеттіліктерін олар толық қанағаттандырады;
- Туризмнің мәдени себептері. Туризмнің бұл категориясына туристер назарына ұсынылатын аймақтың барлық мәдени мұрасын қамтитын элементтер кіреді. Мұндай элементтер, яғни тарихи орындар, археологиялық ескерткіштер, мұражайлар, сурет көрмелері қазіргі заманғы туристер үшін, әсіресе, жаппай туризмді таңдаушылар үшін маңызды болмай тұр;
- Туризмнің экономикалық себептері. Туризм себептерінің бұл категориясына туристік орталықтардағы өмір сүру құнын, саяхат құнын және т.б. қамтитын барша экономикалық категориялар кіреді. Аталмыш себептер қымбат тұрмайтын пакет-турларды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Туризмнің экономикалық себептері орташа табыстары бар туристерге айтарлықтай ықпал етеді. Осы себеппен де олар аймақтар жариялайтын коммерциялық жарнамада ерекше әдіспен көрсетілген;
- Туризмнің психологиялық себептері.Бұл категорияларға оларды саяхат жасауға негіздейтін және туристердің психологиялық қажеттіліктеріне сай келетін себептерді жатқызамыз. Тек аз ғана туристердің бұрын болған жерлеріне қайта келетіндігі дәлелденген, тек мұнда туризмнің экономикалық себебі болған жағдайларды есепке алуға болмайды. Бұл жағдайда жеке тұлғалардың табыстары артқан сайын туризмнің психологиялық себептері жаңа туристік маршруттармен саяхат жасау кезіндегі қабылданатын шешімдердің көпшілігіне ықпал ететінін атап кеткен жөн;
- Туризмнің экологиялық себептері. Бұл мотивация объектілік-субъектілік қатынастарды қалыпқа келтіріп, туризм құралдары мен мүмкіндіктерін пайдалану арқылы биосфераның сақталуы мен дамуына жағдай жасайды. Бұл мотивацияның өсуі туризмнің трекинг, экотуризм секілді формаларының дамуының басымдық бағыттарын анықтайды.
Туризмнің жоғарыдағы аталған негізгі себептерінен басқа да маманданған формаларын табуға болады. Оларды көру аса маңызды, себебі бұл жақсы туристік саясатты қалыптастыруға әкеледі, туристік аймақтардағы туризм экономикасының дамуы мен кеңеюіне немесе артуына көмек береді. Тұтынушылардың арнайы қажеттіліктеріне сай жасалмаса, нарықта ілгері басатын өнім жоқ. Бұл қағида туризм саласында толық негізде пайдаланылады, мұнда өнімдерді ілгері дамыту туристер белгілі бір туристік маршруттарды таңдай отырып, өз қажеттіліктерін және сұраныстарын қанағаттандыра алатын себептерді түсінуге байланысты болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей «мотив» (себеп) термині одан да ілгері «қажеттілік» ұғымына негізделеді. Туризмдегі қажеттіліктер моделі мына негізге тікелей бағытталған жеті дамушы құндылықтарды бөліп көрсетеді:
- саяхат, қалаулы нәрсе ретінде («орын ауыстыруға ұмтылыс»);
- географиялық орынның тартымдылығы (барғым келеді);
- мотивациялық қиял (өзгеше өмір);
- мотивация ретінде мақсат қою (біріншіден, достарыма барамын, екіншіден…);
- мотивация ретінде рөлдерін ауыстыру (пилигрим, тәу етуші, кезбе және т.б.);
- мотивация ретінде туристік тәжірибе (жаңа елге, жаңа қалаға бару…);
- мотивация ретінде өзіндік жүзеге асыру мен саналы түйсіну (ауыртпалықтарды жеңу мен рухани жетілу).
Тұтынушының мінез-құлық механизмін туристік қызметтерді ұсыну жүйесімен және ынталандырушы, сыртқы факторлардың әрекетімен қоса білді.
Туристік өнімді тұтынушының мінез-құлық моделі:
саяхатқа деген ынталар:
- жарнама мен қозғалыс;
- саяхат туралы әдебиеттер;
- өзге туристерді қанағаттандыру;
- туроператор кепілдемелері;
тұтынушы мінез-құлқының даралық және әлеуметтік факторлары:
- әлеуметтік экономикалық мәртебе;
- даралық ерекшеліктер;
- әлеуметтік әсерлер мен қалау ниеттері;
- тұғырнама мен құндылық;
- мотивация;
- қажеттіліктер;
- саяхат сұранысы;
- ақпараттық ізденіс;
- саяхатты бағалау (салыстыру);
- шешім;
сыртқы факторлар:
- туроператор делдалдарына сенім;
- туристік орталық (сервис) имиджі;
- саяхаттардың бұрынғы тәжірибесі;
- объективті (субъективті) тәуекелді бағалау;
- уақыттық, құндық және т.б. шектеулер;
- туристік ақпараттың сапа (баға, сапа) сандық қатынастары;
- аттрактивтік (ыңғайлылықтар);
- ұсынылатын саяхат типі;
- ұсыныстар варианттарының болуы;
- туристік орталықтағы қызметтер сапасының сипаттамалары мен ерекшеліктері.
Қазіргі кезде өзге авторлар ұсынған, экономистер арасында туристік өнімді алушылардың мінез-құлқының бірқатар модельдері бар.
Адамдардың қажеттіліктері туризмде тез өзеріп отыратын категориялар. Сонымен бірге туризм дамудың және қажеттіліктерді арттырудың маңызды факторы ретінде көрінеді. Туризмнің негізінде жаңа рекреациялық қажеттіліктер туып қана қоймай, табиғи және әлеуметтік игіліктер шеңбері де жедел кеңейеді. Еліміздің Алматы, Ақмола, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында туристік қызметтер өндірісінің дамыған жүйесі бар ірі туристік орталықтар мен кешендер қалыптасуда.