Су — тірі организмдердің өмір сүруін және олардың тіршілік әрекеттерінің даму процестерін қамтамасыз ететін ерекше қасиетке ие өзіндік минерал. Барлық сұйықтықтардың ішінде су — ең жақсы еріткіш. Ол үлкен жылусыйымдылыққа және жылуөткізгіштікке ие. Судың басқа кәдімгі қосылыстардан айырмашылығы — қалыпты температуралық ауытқу кезінде газ, сұйық және қатты күйінде болуында.
Су молекулалары бір-бірімен және басқа да молекулалармен белсенді қосылады. Су молекулаларының өзара қосылуы тартылу немесе тіркесу қабілетіне байланысты. Егер судың тіркесу қабілеті болмаса, судың тамырдан жапыраққа дейін 70 см және одан да жоғары биіктікке көтерілуі мүмкін болмас еді. Судың бұл қасиетін суаршын сияқты жануарлар, суда қозғалу үшін пайдаланады.
Төменгі температурада су молекулалары бір-бірімен өзара байланысын сұйық күйіне қарағанда тығыздығы аз (бізге мұз түрінде белгілі) торлы құрылым түзіп сақтайды. Сондықтан мұз судың бетінде қалқып жүреді де, суды қатып қалудан сақтайды, бұл суда тіршілік ететін организмдер үшін өте маңызды. Су молекулаларының арасындағы байланысты бұзу үшін көп мөлшерде жылу энергиясы (судың сұйық күйден газ тәрізді күйіне, қатты күйден сұйық күйге өтуі) қажет. Бұл жағдайда судың температурасы өзгермейді. Егер жапырақ арқылы судың булануы жүрмесе немесе жапырақ арқылы су булану кезінде жапырақтың температурасы төмендемесе, күн сәулесінен қызған жапырақ жасушасы күйіп қалар еді. Адамның денесі денеден тер бөлініп шығуы арқылы салқындайды.
Судың маңызды қасиеті — қыздырғанда кеңеюі және 4°С-қа дейін салқындатқанда сығылуы, баяу ысуы және салқындауы. Суға жоғары жылуөткізгіштік тән. Мұндай қасиет дене ұлпаларының арасында жылудың біркелкі бөлінуіне мүмкіндік жасайды.
Тірі организмдер сусыз тіршілік ете алмайды. Су кез келген өсімдік пен жануар ұлпасының құрамына кіреді. Мысалы, медузаның денесі 99,9%, үш күндік адам ұрығының денесі 97%, ересек адамның денесі 60 — 80% судан тұрады. Қиярда, салатта, спаржада (қасқыржемде) су олардың салмағының 95% -ын, қызанақ пен сәбізде 90%-ын құрайды. Өсімдіктер және жануарлар организміне тән күрделі реакциялар сулы орта болғанда ғана жүзеге асады. Организмнің суға деген қажеттілігін тек сумен ғана қанағаттандыруға болады. Тірі организмнің 10 — 20% суын жоғалтуы оны өлімге ұшыратады.
Өсімдіктер тіршілігіндегі су. Су — өсімдіктер жасушасының маңызды бөлігі. Ол топырақтағы минералды тұздардың еруіне, тургор қысымына жағдай туғызады. Фотосинтез және булану процестеріне қатысады. Көптеген өсімдіктер үшін су — тұрақты тіршілік ету ортасы.
Су өсімдіктерге, ең алдымен, топырақ арқылы әсер етеді, сондықтан топырақ ылғалдылығының маңызы зор. Су өсімдіктің сыртқы пішінінің қалыптасуына да үлкен әсер етеді.
Өсімдіктердің суға деген қажеттілігі де әртүрлі. Сулы ортада өсетін өсімдіктер және құрғақшылықта өсетін өсімдіктер бар. Табиғатта су алмасудың әртүрлі жолдармен реттелуі, өсімдіктердің экологиялық жағдайларға бейімделуі алуан түрлі құрлық бөліктерінде таралуына мүмкіндік береді. Су тапшылығы басты экологиялық қиындықтардың бірі болып табылатын жер бетіне өсімдіктердің таралуы бейімделушіліктің көптүрлілігіне байланысты. Мысалы, қуаңшылықта өсетін өсімдіктердің жапырақтары күшті балауызды қақ, немесе қалың түк басқан, немесе тікенектерге, қабыршақтарға айналған. Эфемер өсімдіктер құрғақшылықтан қашып, бір жарым ай ішінде өзінің өсуін аяқтайды. Құрғақшылықты пиязшық немесе тұқым түрінде тыныштық қалпында өткізеді.
Жануарлар тіршілігіндегі су. Жануарлар суды ішу арқылы немесе шырынды азықпен қоректену арқылы және органикалық заттардың тотығуы есебінен алады. Кейбір жануарлар суды тері жабыны арқылы ылғалды төсеміктен (субстраттан) немесе ауадан сіңіреді. Мысалы, ұн қарақоңызының, шыртылдақ қоңыздың дернәсілдері. Дегенмен де жануарлар қысқа мерзімді судың болмауына төзе алады, бірақ жұмсалған су организмге судың түсуімен орнына келуі керек. Аштыққа қарағанда организмнің сусыздануы қайғылы жағдайға душар етеді. Ірі сүтқоректілер суды ішу арқылы алатын болғандықтан, суаттардың бар-жоқтығына тәуелді, сондықтан суқоймаларына жақын жерлерге орын ауыстырады (миграция) және олардаң алыс тіршілік ете алмайды.
Көптеген құстар ішетін суды қажет етеді. Қарлығаштар, ұзынқанат қарлығаштар судың бетіне жанаса ұшып су ішеді. Шөлдегі бұлдырықтар үлкен қашықтықтағы суаттарға ұшып барып, балапандарына су әкеледі. Бұл кезде олар суды қауырсындарына сіңіреді, ал балапандары тұмсықтарымен ісінген қауырсынды сығады.
Көптеген шөл жануарлары (кіші сарышұнақ, ор қоян, кіші құмтышқан) ін қазу арқылы су теңгерімін үстайды. Жердің беті өте құрғақ болса да, інде ауаның ылғалдылығы 100% -ға жақын. Бұл тері жабыны арқылы булану қажеттілігін азайтады және организмдегі ылғалды үнемдейді.
Кейбір жануарларда метаболитті су (өзгергіш су) түзуге бейімділік, яғни несеп пен нәжістің бөлінуі кезінде суды үнемдеу, организмнің сусыздануға төзімділігінің дамуы сияқты су алмасуды реттеуге деген бейімделушіліктер пайда болған. Құрғақшылық жерлерде тіршілік ететін жануарлардың сусыздануға төзімділігі жоғары болады. Адам үшін дене салмағының 10% -ынан асып түсетін суды жоғалту қауіпті, қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін. Түйелер — 27, қойлар — 23, иттер 17%-ға дейін судың жоғалуына төзімді.
Асқорыту жолындағы судың үнемделуі ішектің суды сіңіре отырып, құрғақ нәжіс бөлуі арқылы жүзеге асады. Қуаңшылықта тіршілік ететін жәндіктерде зәр шығару мүшелері — мальпигий түтікшелері бос ұштары арқылы артқы ішектің қабырғасымен тығыз жанаса өтіп, ондағы суды сорып алады. Осылайша су организмге кері қайтарылады.
[alert style=»success»]Пайдаланылған әдебиеттер: Очкур Е.А., Құрманғалиева Ж.Ж. Биология. Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Мектеп, 2017. — 256 бет.[/alert]