Тіл мәдениеті ұғымы — барынша көп мағыналы ұғым. Оның басты мақсаттарының бірі — әдеби тіл нормаларын сақтау. Ол белгілер: тілдің байлығы өр түрлілігі, тазалығы, айқындылығы мен түсініктілігі, дәлдігі мен дұрыстығы т.с.с. Орыс тілін зерттеушілердің мәліметіне қарағанда, ауызекі сөйлеу тілінде әрбір адам 7-9 мыңнан астам сөз қолданады екен, ал енді біреулері 11-13 мыңнан астам сөзді пайдаланады деп дерек келтіреді.
Ілгеріде айтылған тіл сапаларының бәрін келтіре бермей, біреуін гана мысал етудің өзі белгілі бір тілдің байлығының дәлелі болып табылады. Айталық, ұлы орыс ақыны А.С.Пушкин өзінің шығармалары мен хаттарында 21 мыңнан астам сөз қолданған. Есенинде ондай сөздің саны — 18 890, Сервантестің сөздік қорында 17 мың сөз болса, Шекспир пайдаланған сөздер 15 мыңнан асады (кейбір деректерге қарағанда, 20 мыңның үстінде). «Сөздікті жасаудың нәтижесінде Абай өз шығармаларында небары алты мың ғана сөз қолданғаны айқындалды. Бұдан, әрине, Абайдың барлық білген сөзінің саны немесе сол кездегі қазақ тілінің күллі сөзі осындай ғана екен деген қорытынды шықпайды жөне шықпақшы да емес».
Зерттеушілердің мәліметіне қарағанда, Мұхтар Әуезовтің жиырма томдық шығармалары бойынша жазушының сөздік қорын 29 483 сөз құрайды. Соның ішінде бір реттен ғана қолданылғандары — 10 988 сөз де, екі реттен қолданылғаны 3 712 сөз. Бұл аталған санға жазушы шығармаларындағы жалқы есімдер кірмейді.
Бұдан негізгі тақырыптан ауытқулық байқалмауға тиіс, өйткені қай жазушының шығармасында да, ауызша сөйлеу реттерінде де сөздердің сыпайылық нормасының сақталуына көп көңіл бөлінетіні түсінікті. Тілдің тәжірибесіне қарағанда, белгілі бір тілдегі, белгілі бір автордың тіліндегі сөздік қор неғұрлым көп, неғұрлъгм бай болса, сөздің этикасын сақтауға да солғұрлым мол мүмкіндіктер жасалады. А.П.Чеховтың сөзімен айтқанда, «для интеллигентного человека дурно говорить так же неприлично, как не уметь читать и писать».
Тіл мәдениеті және этикаға байланысты жағымды және жағымсыз әрекеттерді мемлекет қызметінің тіл саясатына араласу реттерінен де байқауға болады. Мысалы, ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысына дейінгі Ресейдің өмірінде академиядағы сабақ тек қана грек және латын тілдерінде жүргізіліп, орыс тіліне орын берілмеген. 1747 жылы Ломоносовтың шәкірттері бар күш-жігерін салғандарына қарамастан, орыс тілінде лекция оқу ісі 1767 жылы ғана, демек, 20 жылдан кейін, императорица Елизаветаның күштеуімен ғана жүзеге асты. Бұл, әрине, үкімет тарапынан сол мемлекеттің тіліне деген үлкен қамқорлықтың көрінісі. Кейде бұған керісінше әрекеттер де болып жатады. Мәселен, Павел I орыс тіліндегі общество, отечество, гражданин деген сөздерді қолданбай, олардың орнына гражданин демей, жители деуді, отечество демей, государство деуді, стража демей, караул деуді, клуб демей собрание деуді қолдануды бұйырған. Бұл, әрине, тілдің байлығы мен мәдениетіне жасалған қиянат.
Тілдің байлығына, мәдениетіне шек қою сияқты әрекеттер, ұнамаған сөздерге тыйым салу сияқты қылықтар кешегі кеңестік кездегі партия мен үкіметтің басқарушы орындарының қызметінде кездесіп отырды. Айталық, Сыртқы істер министрі болған А.Громыко мировое сообщество деген тіркесті қолдануға қарсы болған.
Цензураның қызметінде де тілде бар сөздер ұнамаған жағдайда сөздіктерге кіргізбеуге тырысқан әдеттер де ұшырасып отырады. Д.Н.Ушаковтың «Толковый словарында» ленинец сөзінен кейін лентяй сөзінің келгені үшін құрастырушы жағымсыз сөз естіген.
Әйгілі лексикограф және тіл мәдениет зерттеуші С. И.Ожегов осы мәселеге қатысты бір-екі естелік айтады: соғыстан бұрын Кеңес Одағының Германиямен арақатынасы жақсы кезінде ол құрастырған «Словарь русского языка» сөздігінде фюрер сөзі тиісті орын алған еді, ал Германиямен байланысты үзілгеннен кейін ол сөзді фьють сөзімен алмастыртқызды. Әрине, мемлекет басшылары келеді, кетеді, тіл өз қалпын сақтайды. Сондықтан 40-50 жылдары жарық көрген бұл сөздікте фюрер де, фьють те бар. Сол сияқты, Ожеговтың сөздігінде хрущ сөзі «название некоторых жуков, напр., майского» деп түсіндірілген болатын. Сол сөз Н.С.Хрущевтің бас секретарь кезінде, 1958-1964 жылдары алынып тасталды, ал 1992 жылғы басылымында хрущевка, хрущобый сөздері де ирониялық мағынада сөздікте белгіленді.
Орыс тіліндегі мұндай материалдардың келтіріліп отырған себебі — дәл осындай ұғымдардың орысша-қазақша немесе қазақша-орысша сөздіктер де сөз боп отырған жайларға сәйкестендірілгені сөзсіз.
Әдетте тіл мәдениетінің үш түрлі аспектісі бар деп есептеледі. Олар: нормативтік аспекті, коммуникативтік аспекті және этикалық аспекті. Ілгеріде келтірілген мысалдардан көрініп тұрғандай, сөз қолданысындағы немесе сөздік қордағы сөздердің этикалық нормаға сай келетіндері де, келмейтіндері де кездесіп отырады. Айталық, кейбір жағдайларда сөз этикасының бұзылуы, демек, дәрекілік мағынаға ие болуы сөздің өзінің семантикасынан да байқалып отырады. Енді бір реттерде, сөз этикасының бұзылуы журналистің немесе жазушының стильдік дағдысына да байланысты болып келеді.
Мерзімді баспасөз қызметін қазіргі сауатты жұртшылық жақсы біледі: оқырман ел ішіндегі ғана емес, әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отырады; сонысымен баршаны әр түрлі сезімге бөлеу, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік қасиеттерін барынша орнықтыру мүмкін болып жатады. Сөйтіп, мыңдар мен миллиондардың қолдауын тауып отырғаны күмән тудырмаса керек. Ақпараттарды жүйелі жеткізумен ғана қанағаттанбай, елеулі мәселелерге журналист тарапынан тиісті талдау жүргізілуінің нәтижесінде күн өткен сайын материалдардың тартымдылығы арта түсуде. Мәселен, жоғары басқару орындарынан бастап жергілікті шенеуніктерге дейін жүргізіліп жатқан орын ауыстырулар мен тағайындауларға байланысты, яғни еліміздің әр буыны, әр аумағы, әр толқыны дегендей, болып жатқан өзгерістерге авторлардың көзқарастарын білдірулері көп ретте нысанаға дөп тиіп жатады.
Әділдік керек болса, бұл салада үлгі етер жайлар молшылық. БАҚ өкілдерімен кездескен сайын елІміздің Президенті журналистердің әдепті болуларына назар аударып отырады. Мұндайда Елбасының газет, радио-, тележурналистердің респонденттермен сұхбатында болсын, материал жинауда, оны сұрыптауда болсын, оны оқырмандарға ұсынуда болсын, өздерін ұстай білу, ақпаратты ақылға қонымды орналастыруға дағдылану, қысқасы, материалды ұйымдастыру жағында көзге түсетін мәдениеттілікке жүгінуді ғана емес, соған қоса, сөз қолдану ыңғайындағы мәдениетті де қажет деп санайтыны білініп тұрады. Бұл бағытта да жетістіктер баршылық және олардың молдығы соншалық — кез келген басылымның кез келген санынан мысал келтіруге болар еді.