Кеңес Одағына қарсы «Барбаросса» атты жоспармен соғысқа дайындалған фашистік Германия, оны ішкі бірліктен жұрдай, «жасанды», «көп құрамалы» конгломерат ретіндегі мемлекет деп түсінгені анық. «Барбаросса» бойынша болашақта КСРО-дан бөлінетін Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан, сонымен бірге Солтүстік Қытай (Синьцзян), Ауғанстан мен Иранның солтүстік өңірі кіруі тиіс болған «Гросс Түркістан» («Үлкен Түркістан») және Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ бен Қырым жерлері құрамына кіруі тиіс «Еділ-Орал» мемлекетін құру жоспары жасалған. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін ғылыми-зерттеу институты болған «Арбайтегемайншафт» мекемесі құрылған. Мұрағат құжаттарының айғақтауынша бұл мекеменің мынадай бөлімдері болған: геология, халық шаруашылығы, көлік және сауда, топография мен агротехника, лингвистика, әдебиет пен өнер, денсаулық сақтау, т.б.
Бұдан басқа да Бяулауда (Дрезден маңы) «Мулла шулле», 1943-1944 жылдары Армянсдорф пен Люкенвальдта аса құпия жағдайда жұмыс жүргізуге тиісті мамандар даярлайтын барлау мектептері болған. Болашақ арандатушылар Германияның қалаларындағы оқу орындарында құпия түрде білім алған. Осындай тиісті дайындықтан өткен 7 десант- арандатушылық топ, соғыстың қызған кезінде тылда барлау жасау, арандату, жарылыс пен кеңес үкіметіне қарсы көтерілістер ұйымдастыру мақсатымен Қазақстан мен Орта Азия республикаларына жіберілген. Бірақ бұлардың бәрі де арнайы тапсырманы орындай алмай (солардың бірі Ә.Ағаев басқарған топ), қырғынға ұшырады. Тірілей қолға түскен тұтқындарды «СМЕРШ» (Смерть шпионам) тобы немістерге қарсы жалған ақпарат жіберуге пайдаланып отырды.
Қазақтар мен қырғыздардан тұратын «Алаш» батальоны құрылып, Түркістан Ұлттық Комитеті (ТҰК) құрамында жеке қазақтар және шығыс түркі комитеттерін құру жөнінде қызу әрекет жүргізілген. «Алаш» батальоны құрамындағы жауынгерлердің біраз бөлігі Люкенвальд барлау мектебінде оқыған. Олардың басты міндеті – қазақ жерінде кеңес үкіметіне қарсы арандату шаралары мен көтеріліс ұйымдастыру, тиісті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу. «Алаш» батальонының арнайы туы, сондай-ақ, жауынгерлердің жеңдерінде өзіндік белгілері де болған. Фашистік Германияның концлагерьлеріндегі адам шыдамас азаптарды бастан кешірген кеңес тұтқындарының алдында екі жол тұрған. Біріншісі, Германия әскери басшылары құрып жатқан славян тектес әскерлерден құралған генерал Андрей Власовтың «Орыс Азат ету Армиясы» (РОА) құрамына, ал түркістандықтар (қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түркімен, тәжік ұлтындағылар) 1942 жылы көктемде жасақталған «Түркістан легионы» құрамына өтуі тиіс болды. Екіншісі, өз мақсатынан таймай отырып, «Сталин үшін!» опат болу. Бірақ, елге аман-есен оралғандарды да Сталин соғыс біткен соң «сатқындар», «опасыздар» деген айыппен алыс Сібірге 20-25 жылға сүргінге айдап, ағаш кестіріп, көптеген қорлықтарды көрсетіп, көздерін құртып отырған.
Концлагерьлерде шіріген картоптан жасалған ботқаны ішіп, бір тілім қара нанға қолдары әрең жеткен кеңестік тұтқындар күнде жүздеп, мыңдап қырылып жатты. Осы кезде Германияның Жоғарғы Әскери басшылығынан жаңа бұйрық келіп, онда: «Ұлы Германия үкіметімен бірлікте кімде-кім боль шевиктерге қарсы соғысқа кіретін болса, оларға неміс әскерлері сияқты көзқараста боламыз және олардың отанын басқыншы большевиктерден таза лап, өздеріне азаттығын береміз», – деп жариялайды. Өз жандарынан түңілген бірнеше жүз мыңдаған тұтқындар концлагерьдегі түрлі қинауларға төзе алмай, ақыры неміс әскерлеріне қосылып, қолдарына қару алып өз отандастарына қарсы шығуға мәжбүр болады. Олардың мұндай әрекетке баруына Сталиннің «Бізде тұтқындар жоқ, сатқындар бар!» деген сөзі де мәжбүр еткені анық.
Неміс-фашистік басқыншылар тұтқынға түскен кеңес әскерлерінің ішінен коммунист-комиссарлар мен еврей ұлтының өкілдерін бөліп алып, сотсыз- тергеусіз атып тастап отырған. Ислам дінінен басқа, бұл дінге жатпайтын еврейлерде де сүндетке отыру дәстүрі бар. Соғыстың алғашқы жылдарында кабардин, дағыстан, дарғын, шешен ұлтындағы тұтқындарды «мен мұсылманмын» деп айтқандарына қарамастан, фашистер оларды «сүндетке отырыпты, еврей екен» деп қинап, итке талатып, талайын өлтіріп жіберген. Германияның Шығыс Істері бойынша рейхсминистр Альфред Розенберг пен оның көмекшісі профессор Герхард фон Менденің бұйрығы шыққан соң ғана мұсылмандарды қыру тоқтаған.
Кейінірек кеңестік тұтқындардан легиондар құрылғанда Берлин қаласында ислам діні, Құран кәрім, ұлтшылдық сезімді оятатын «Мулла шулле» деген арнайы мектеп ашылды. Бұл мектепте Садыр молда мен Нахб Нұриддин қожалар ислам дінінен дәріс беріп, атеистерге қарсы жеккөрушілік сезімін ояту және большевиктерді жоқ қылуға шақырған. 1943 жылдың қыркүйек айында Генрих Гиммлердің арнайы тапсырмасымен Германияның Ішкі Істер министрлігінің қауіпсіздік басқармаларында «Арбайтегемайншафт Түркістан» институты құрылып, оған Ольцше Райнер жетекшілік еткен. Институттың негізгі мақсаты: КСРО-дағы Орта Азия өлкелеріне арандатушы- шолғыншы жіберіп, жарылыстар ұйымдастыру болған. 1943 жылдың маусымында Гурьев облысына Майер Мадердің қол астында дайындықтан өткен қазақтардан құралған «арандатушы» үш топ әуеден парашютпен тасталған. Бұл «Алаш батальонының» бір топ мүшелері болып, оған Әлихан Ағаев басшылық жасаған. Бұлардың ізіне Қазақ КСР- інің Гурьев облыстық НКВД қызметкерлері түседі. Жерге түсірілген 14 арандатушының 5-еуі ұрыс үстінде (ішінде Ә.Ағаев та бар) оқ тиіп өліп, қалған 9-ы қолға түскен. Кейін сот-тергеу нәтижесінде олар Гурьевтегі үйлердің бірінде Берлинмен жиі-жиі тікелей радиобайланыс жасап тұрғанын мойындаған. Гурьев НКГБ-сы Ә.Ағаев тобынан 2 жәшік жарылғыш заттар, 3 радиостанция (соның 1-і ұзақ байланысты радиостанция), 51 парашют, 25 граната, 9 мылтық, 8 автомат, 2 қол пулемет, 1 типографиялық баспа станок, 3 мыңнан астам қазақ тілінде жазылған антикеңестік үндеу-парақтар, 136 мөр мен штамптар, 130-ға жуық түрлі құжаттар және 700 мыңнан астам кеңестік сом тәркіленген.
Енді мынаған назар аударайық: негізгі кәсібі зоотехник болған, Ташкентте туылған Уәли Қаюм Түркістан Ұлттық Комитетінің (ТҰК) М.Шоқай өлгеннен кейін (кей деректерде Уәли Қаюм М.Шоқайды билікке таласып өлтірген деген мәліметтер кездеседі) президенті болған. Өзінің жастығына қарамастан, «Түркістан легионының» әскерлерін әр күні сапқа тұрып: «Ассалаумағалейкум, Уәли Қаюм хан ата!», – деп қарсы алуға мәжбүрлеген. Жиырма жылдай Берлинде жасап, тілі неміс болып кеткен Уәли Қаюм хан немістің Руф Хендшель деген қызына үйленген. Руф Хендшель ерінің сыртынан тыңшылық жасап, көрген-білгендерін сол қалпында Гестапоға жеткізіп тұрды. Германия үкіметі Уәли Қаюм ханға зор сеніммен қарап, легионға не керектің бәрін беріп, қаржылай көмектесіп отырған. Немістер Уәли Қаюм ханды мәпелеп, Берлиндегі Кайзер аллеясындағы үйі өртеніп кеткен кезде оған Курфюрстендамм көшесіндегі № 99 пәтерді сыйға тартқан. Берлинде орналасқан «Түркістан легионы» бас ғимаратында 40-қа жуық қызметкер еңбек еткен. Уәли Қаюм ханның оң қолы боп саналған Баймырза Хайт әскери істерге басшылық еткен.
Уәли Қаюм хан басқа ұлттардан өзбек ұлтын жоғары қойып, «Милли Түркістан» журналының көп басылымын өзбек тілінде шығарған. М.Шоқайға шын берілген Қарыс Қанатбай (ТҰК мүшесі) Уәли Қаюм ханның іс-әрекеті мен өзімшілдігіне қарсы шығып, легионерлердің ынтымағы мен ауызбіршілігіне осылайша сызат түсе бастаған. 1943 жылдың қаңтар айында кеңестік әскерлерге өз еркімен берілген қазақ легионері Уәли Қаюм ханның әскерлерге арнап сөйлеген сөзінен мынадай үзінді келтірген: «…Мен жиырма жылдан бері большевиктерге қарсы күресіп келемін. Енді бұдан былай біздер бәріміз біргелікте олармен соғысуға тиіспіз. Немістер біздің достарымыз. Олар бізге Түркістанды орыс боль шевиктерінен азат етуге көмектерін беруде. Сол бақытты күндерге де таяп қалдық. Неміс әскер лері қазір Сталинград табалдырығында тұр. Жақын күндерде оны алып, әрі қарай Қазақстан мен Түркіс танға жол ашылады. Немістер біздің жерімізді большевиктерден тазаламақшы. Мен – сіздердің ханыңыз боламын. Ал сіздер – менің нөкерлерімсіңдер. Германия үшін ақ ниетпен адал қызмет етіңдер. Большевиктерді аяусыз қырыңдар!» (Уәли Қаюм хан).
Енді Германиядағы кеңестік әскердің әкімшілік бастығының орынбасары Серовтың қолға түскен неміс офицерлерінің берген көрсетпелерін КСРО НКГБ басшысы Меркулов пен НКВД басшысы Берияға жіберген төмендегі жеделхатына назар аударайық: «Берлиндегі ерекше жасырын әскери бөлімнен алынды. Мәскеу, КСРО НКГБ жолдас В.Н.Меркуловқа НКВД жолдас Л.П.Берияға. 31.10.1945 ж., № 00328 «Арбайтегемайншафт Түркістан» институты ның директоры Ольцше Райнер 1912 жылы туған, ұлты неміс, ұлтшыл-социалистер партиясына 1933 жылдан бері мүше. Әскери шені СС-тің гауптштурм фюрері. Осылар бойынша тергеу жұмыстарынан төмендегілерді мәлімдеймін: Ольцше Райнер неміс, француз, орыс тілдерінде еркін сөйлейді және парсы тілінде шала сауаты бар. 1943 жылы Ольцше Шығыс істері бойынша КСРО, Иран, Түркия, Ауғанстан, Үндістан, Жапония, Қытай елдерінде барлау жұмыстарымен айналысқан.
16.11.1945 жылғы тергеу жұмысындағы Ольцшенің көрсетпесінен: «Менің Шығыс істері министрлігінде істеп жүрген кезімде, Ресейге арандатушы топтар 20 бағытпен жіберілді. Көбінесе Кавказдағы іс-әрекеттерімді же місті болды деп айтуыма болады. Арандатушы топ тарға кавказ ұлтындағы адамдарды тартып, сол жер лерге әрқандай шағым істерін, бандыларды көбейту міндеті тұрды. Бұл арандатушы топтар Кавказға Түркия жері арқылы жеткізіліп отырды. Одан тысқары Қазақстанның Гурьев облысына ұшақ арқылы 3 аран датушы топ түсірілді. Шығыс істері министрі Альф ред Розенбергтің қол астында Түркістан комитеті, Еділ-Орал татарлары, Қырым, Әзірбайжан штабы, Кавказ штабы, Армян штабы, Грузин штабы құры лып, тұтқынға түскен осы ұлт әскерлерін қайтадан Кеңес Одағына қарсы қою ісімен айналысқан. Көбінесе ұлттық комитеттерге ақ эмигрант тар жетекшілік еткен. Түркістан комитетіне ташкенттік Уәли Қаюм хан, татар комитетіне Шафи, Қырым татарлары комитетіне Созлаль мен Кирималь, Кавказ легионына бұрын ақ патшаның полковниктері болған Цулукидзе мен Пхомелидзе және жазушы Маг Аловтар жетекшілік етті. Әзір байжан штабына бұрын Қызыл Армия майоры болған Дудангинский басшылық еткен. Бұдан басқа тергеу істерінде Ольцше Кеңес Одағына қарсы барлау және арандатушы істермен айналысқан, Германияның барлау ісіне көмектескен 18 арандатушы қызметкердің есімдерін де атады. Аталған есімдердің ішінде өзінің көмекшісі, Кеңес Одағы аймағының тылына тасталған, барлау істе рін басқарған, бұрын Қырғыз КСР-інің НКВД-сында капитан шенінде қызмет атқарған, қырғыз ұлтының өкіліне ерекше тоқталды. Ольцшенің көрсетпесі тұтқынға түскен Конрад Шломстың берген көрсетпелерімен дәл келеді. Тер геу протоколы Сіздерге жіберіледі. 31.10.1945 жыл». О.Райнер «КСРО-ға қарсы әр түрлі ұлттардан құралған комитеттердегі 200 адамның атыжөнін толық айтып берді. Олардың ішінде 40 адам – КСРО-ның азаматы. Тізімдегілер протоколмен бірге Сіздерге жіберілмекші. Ольцше мен Шломстың көрсетпелері бойынша тергеу істері және оларды қолға түсіру үшін шаралар қолданылады.
СЕРОВ. Қабылданды: 24.12.1945 жыл». 1944 жылдың орта шенінен гитлерлік Германия әлсірей бастады. Қызыл Армия фашистік басқыншылардың мысын басып, оларды кері шегіндіре бастады. Мәскеу, Сталинград, Ленинград, Курск түбіндегі шайқастарда жеңіліске ұшыраған неміс-фашистер естерін жия алмай, әлсірей түсті. Германияның өнеркәсіп орындарында қалған 23 млн. жұмысшының 10 млн.ы әйелдер, 7 млн.ы басып алынған аймақтардан еріксіз түрде айдап әкелінгендер болды. Міне, осындай қырғында оларды өндірістен алып, соғысқа жіберу шындығында Германия үшін өте-мөте қиын іс болды. 1944 жылдың 8-маусымында таңертеңгі сағат 8-де Австрия астанасы Венаның Штайбергплац көшесінде орналасқан төрт қабатты император клубында 400 адам қатысқан Түркістан комитетінің құрылтайы басталды. Оны Түркістан Ұлттық Комитетінің (ТҰК) президенті Уәли Қаюм хан ашты. Басқосу таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 18-ге дейін созылып, оны басынан-аяғына дейін ТҰК-тің вице-президенті, қырғыз ұлтының өкілі Бет-Алман (Саттар Алманбетов) жүргізген. Құрылтайда Уәли Қаюм хан бастаған 12 адамнан тұратын Түркістан үкіметінің мүшелері, 28 адамнан тұратын кандидат (әр түрлі ұлттардан), жалпы үкімет құрамына 40 адам кіріп, олардың бәрі дерлік өзбектер болған. Алғашқы баяндамасын жасамас бұрын Уәли Қаюм хан рейхсканцлер Адольф Гитлерге жеделхат жіберген. Одан соң құрылтайды ашық деп жариялаған.
Осы құрылтайдың соңғы күнінде: – «Уәли Қаюм хан басшылығындағы Түркістан үкіметінің мүшелері бекітілсін; – Түркістан мемлекеті Германиямен одақтасып, КСРО-ға қарсы соғыс жарияласын; – Түркістан легионы бұдан былай Түркістан армиясы деп аталсын; – Түркістан армиясын жаңа әскери техникамен жабдықтау, лагерьлердегі барлық түркістандық тарды тұтқындықтан босату, осылайша армиядағы әскер санын арттыру мен офицер кадрларды даярлау туралы Германия үкіметінің алдына мәселе қою Түркістан үкіметіне жүктелсін; – Құрылтайды шақыруға және Түркістан үкіметін құруға жәрдем бергендігі үшін Германия үкіметіне алғыс жариялансын; – Германияның Шығыс істері министрлігі арқылы неміс өнеркәсіптерінде жұмыс істеп жатқан түркіс тандықтарға техника жағынан білім алуға шарт жасалып, болашақ Түркістанның білімді кадрлары даярлана берсін; – Құрылтай барлық делегаттарды, офицерлерді, әскерлер мен жұмысшыларды немістермен бірлікте КСРО-ны толық жеңіп шығу үшін Қызыл Армия мен партизандарға қарсы қасық қаны қалғанша шайқасуға шақырады!»,– деген бір тоқтамды оқығаннан кейін Уәли Қаюм хан: – Бұдан былай заңды үкімет құрылды және КСРО-ға соғыс жарияланды. Герман үкіметі бізге көмектеседі. Ендігі сіздердің міндетіңіз, құрметті делегаттар! Өздеріңіздің бөлімдеріңізге барыңыздар және Түркістан армиясын жеңіске жетуге бастаңдар! Ең зор бақытқа ие болған Түркістан азаматтары, жасасын ТЕМІР ұрпақтары! – деп өз сөзін аяқтаған.