Бір мүшенің әртүрлі ұлпалары мен сол өсімдіктің түрлі мүшелерінің тіршілік әрекеті қатаң жағдайда бір-бірімен байланысты жүреді. Әртүрлі ұлпалар мен мүшелердің қызметінің осындай қатаң байланыстылығы өсімдіктің түрлі бөліктері өсуінің өзара байланыстылғына алып келеді. Кез — келген бір мүшенің өсуіндегі байқалған кемшілік сонымен функционалды түрде байланысқан екінші мүшенің өсуіне керісінше әсер етеді. Мәселен, сабақ ұшының өсуі қолтық бүршігінің өсуін тежейді. Сабақтың ұшын шырпып тастағанда жанама өркендер өседі. Негізгі және жанама тамырлардың өсуі де бір-бірімен өзара байланысты. Өсімдіктердің әртүрлі бөліктері мен мүшелерінің өсуіндегі мұндай өзара байланыстылықты өсу үйлесімділігі (корреляциясы) деп атайды.
Бұдан біз өсімдіктердің жеке мүшелерінің өсіп-дамуы өзара тығыз байланыстылықта болатындығын байқаймыз, яғни бір мүшенің өсіп қалыптасуы екінші мүшенің күйіне тәуелді. Өсімдіктерді қалемшелермен көбейту әдісі көптен белгілі. Өркеннің бүршікті кішкене кесіндісі аналық өсімдіктен бөліп алынған соң жаңа өсу төбешігі қалыптасып, одан тұтас, дербес өсімдік өсіп-дамиды. Кейбір өсімдіктердің өте кіші жапырақ, сабақ немесе тамыр бөлікшелері жаңа организмге бастама болады.
Аналық өсімдіктен бөлініп алынған бөлікшелердің өздігінен тіршілік әрекеттерін жалғастыру қабілеттілігіне қарамастан, өсімдік организмі тұтас жүйе болып есептеледі. Ішкі процестерге және жеке мүшелердегі зат алмасу құбылыстарының өзара әрекеттестігіне байланысты өсімдіктің өздігінен реттелушілік, дамушылық қабілет осының дәлелі.
Үйлесімділіктің (корреляцияның) ең қарапайым түрі қоректенумен байланысты. Өсімдіктің гетеротрофты бөліктері, мысалы, тамыр өзінің дамуында органикалық қосындылармен қамтамасыз ететін өркендерге тәуелді. Өз кезегінде өркеннің өсіп-дамуы, минералдық заттармен қамтамасыз ететін үйлесімділік (корреляция) өсімдік гүлдеп, өсу процесі баяулаған кезде де байқалады. Себебі қоректік заттардың жеміс мүшелеріне тасымалдануы күшейеді. Сондай-ақ, бұл үйлдесімділік (корреляция) құбылысы фитогормондардың әсерімен де жүзеге асырылады. Мысалы, колеоптильдің үшында түзілген ауксин клеткалардың төмен орналасқан созылу аймағына ағып келеді де, оның өсуіне себепші болады. Өсу процестерінің өзара байланысын көбінесе бірнеше фитогормондардың арақатынасы реттеп отырады. Ауксин және биос факторлармен қамтамасыз ете отырып, өркен тамырдың өсуіне әсер етеді, ал тамыр өркенді цитокинин және гиббереллинмен қамтамасыз ете отырып, өркеннің өсуіне жағдай жасайды. Қоректік заттар үшін бәсеке нәтижесінде немесе ингибиторлардың (тежегіштер) жәрдемімен бір мүшелердің өсуі кезінде екінші мүшелердің өсуі тежеледі.
Осы жоғарыда жазылғандай құбылыстарды қылқан жапырақты өсімдіктерден анық көруге болады. Олардың ең жоғарғы жерінен өскен өркеннің басын қырқып тастаса, жанындағы өркендерінің қаулап өсе бастағаны байқалады. Осындай үйлесімділік (коррелятивтік) әсерді сабақ пен жапырақ қынабында орналасып, ұйқыда жатқан бүршіктерден де көреміз. Ол үшін көптеген өсіп келе жатқан біржылдық өсімдіктер сабағының ең үшын шырпып тастаса, жоғарыдағыдай өзгерістерді байқауға болады.