Стандарттау адамдардың денсаулығы мен еңбегінің қауіпсіздігін қорғайды. Стандарттардың басым бөлігі қажетті жарықтың, сәуленің, шаңның, шудың, ток күшінің қажетті деңгейін белгілейді. Қазіргі кезеңдегі экономиканың талаптары мен мемлекеттің дамуына және Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге даярлануына байланысты, соңғы уақытта отандық кәсіпорындардың жұмыс практикасында денсаулықты қорғау мен еңбек қауіпсіздігі стандарттарының маңызы артып келеді. ИСО 9000 сапа жүйесінің халықаралық сертификатын алу талабымен қатар, қазақстандық кәсіпорындардың көптеген шетелдік әріптестері OHSAS 18001: 2007 ( Occupational health and safety management systems) халықаралық стандартының талаптарына жауап беретін денсаулық пен еңбек қауіпсіздігін қорғау жүйесінің халықаралық сертификатының болуын да талап етеді.
Аталмыш стандарт қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндіруіне, жазатайым жарақат алуға, жабдықтардың бұзылуы мен т.б. әкеп соқтыруы ықтимал қалыптыдан тыс жағдайлардың туындау мүмкіндігін барынша азайтатын жұмыс жүйесін ұйымдастыруға ықпал етеді.
Осындай халықаралық стандарттың қажеттілігі күмән келтірмейді. Ал ғаламдану процесі мемлекеттердің экономикалық байланыстарын кеңейтіп, өнім өндірісі мен тауар айналымын көп есе арттырады, сонымен бірге қазіргі заманғы технологиялардың жылдамдығы мен қуаты артып келеді, осының нәтижесінде қоршаған орта мен адамдарға түсетін жүктеме де айтарлықтай артып келеді, ал жабдықтардың аварияларының салдары осы оқиғадан кейін ұзақ уақыт бойы сезілуі ықтимал қыруар шығынға әкеп соқтыруы мүмкін. Мысал ретінде Чернобыль АЭС аварияны, мұнай таситын орасан зор танкерлердің апаттарын, ірі авиациялық апаттары мен т.б. келтіруге болады. Бүгінгі күні әлемде өндіріс объектілері өте көп, әсіресе олар Еуропа, АҚШ, Жапония сияқты жоғары дамыған өңірлерде шоғырланған. Осы өнеркәсіптік елдер қазіргі кезеңдегі экономикада көш бастап келеді, олар өздерінің жетістіктерін өте бағалайды және өз аумақтарында да, сондай-ақ көрші елдерде де ешқандай техногендік жағдайға жол бергісі келмейді.
Өндірістегі аварияға көбінесе «адам» факторы себеп болады, ешқандай автоматика өндірістің толық қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды, ал адам бұрынғыдай соңғы шешімді қабылдайтын басты кейіпкер болып қала береді. Адамның өндірістік ортадағы іс-қимылдары кәсіби тәжірибе, оның көңіл күйі, жай-күйі және т.б. сияқты көптеген факторларға негізделеді. Кейбір жағдайда адамның іс-қимылын болжау қиынға соғады. Салдарын болжау қиын күтпеген іс-қимылдарға жол бермеу үшін әсіресе қалыпты жағдайдан тыс жағдайларда адамның кездейсоқ іс-қимылын жасауға жол бермеу үшін, адамның өндірістегі барлық іс-қимылдары тіркеп жазылатын халықаралық іс-қимылдар жүйесінің стандарттары енгізіледі. ИСО 9000 сапа жүйесінің стандарты мен жэне OHSAS 18001 стандарты осы жалпы қағидаға негізделеді.
Соңғы уақытта стандарттау өз қызметінің саласын кеңейтіп келеді және атап айтқанда ол элеуметтік қатынастар саласына кірігіп келеді. Аталмыш процесс Экономиканың ғаламдануымен, БҰҰ-дың «тұрақты даму» жаңа концепциясын қабылдауымен байланысты.
1997 жылы Экономикалық басымдықтар жөніндегі кеңестің Аккредиттеу агенттігі «Әлеуметтік жауапкершілік» (Social Accountability) деп аталатын SA 8000:1997 халықаралық стандартын әзірлеп енгізді. SA 8000 стандартын кез келген ұйымға, оның көлеміне, меншік нысаны мен қызмет түріне қарамастан қолдануға болады. Аталмыш стандартқа бала еңбегіне, мәжбүрлі еңбекке, тәртіптік жазаға, кемсітушіліктің болмауына, еңбекақы мен элеуметтік қамсыздандыруға, жұмыс күнінің ұзақтығына, денсаулық пен қауіпсіздікке, бірлестіктердің еркіндігіне, ұжымдық келіссөздерге, сондай-ақ басқару жүйелеріне қатысты бірқатар стандарттар мен мониторинг бағдарламалары кіреді.
Осы стандарттардың талаптарын географиялық орналасуға, қызмет саласына, компанияның көлемі мен меншік нысанына қарамастан қолдануға болады. SA 8000 стандартында ерікті сертификаттау жүргізу үшін үшінші тараптың қатысуымен, сәйкестендірілген бақыланатын әлеуметтік жауапкершілік стандартын белгілеу қарастырылған. SA 8000 стандарты Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 11 конвенциясының, Жалпы Адам Құқықтары Декларациясы мен БҰҮ-дың Бала Құқықтары жөніндегі конвенциясының қағидаларына негізделеді.