Құрлық суларына өзендер мен көлдер, мұздықтар мен батпақтар, жерасты сулары, сондай-ақ жасанды су көздері (тоғандар, бөгендер, каналдар) жатады. Құрлық сулары беткі және жерасты сулары болып бөлінеді. Жерасты сулары құрлық суының ⅓ бөлігін құраса, беткі сулар ⅔ бөлігін құрайды.
Өзен суының көлемі гидросфера ауқымында мардымсыз болғанымен, олар су айналымында өте маңызды рөл атқарады. Өзен – күрделі табиғи жүйе, ол көптеген құрамдас бөліктерден тұрады.
Адамзат тарихындағы алғашқы өркениеттер мен қалалар, мәдениет ошақтары өзен жағалауларында пайда болған. Қазіргі кездің өзінде аса ірі қалалардың өнеркәсіп орталықтарының көпшілігі, аса маңызды ауылшаруашылық алқаптары да өзен жағалауларында орналасқан. Құрлықта жер бетінде және жер астында су жиналатын көптеген тұйық ойпандар бар. Егер осындай ойпандарға жиналатын су белгілі бір уақыт ішінде буланатын судан артық болса, көл пайда болады.
Көлдің теңізден өзгешелігі – ол мұхиттың бөлігі емес, көлемі де кіші. Көлдің өзеннен айырмашылығы – тұйық, қазан шұңқырларда орналасады. Мұздықтар қар суынан пайда болады. Егер қар еритін мөлшерінен артық түсетін болса, ол жинақталып нығыздалады да, мөлдір, көгілдір мұзға айналады. Қазіргі кезде құрлық ауданының шамамен 11%-ға жуығы мұздықтармен жабылған.
Мұздық – құрлықтағы табиғи қозғалыспен жинақталуы.
Жер қыртысының жоғары қабаттарына сіңген сулар құрлықтағы жерасты суларын құрайды. Олардың пайда болуы жауын-шашынмен тығыз байланысты. Жерасты сулары, әдетте, су өткізгіш қабатта жинақталады, олар су өткізбейтін қабатпен кезектесіп келеді.
Жерасты суларының қысымсыз грунт сулары және қысымды артезиан сулары деп аталатын түрлері бар. Құрамындағы еріген тұздар мен минералдардың мөлшері бойынша ащы су, арасан су және тұщы су болып бөлінсе, сондай-ақ қалыптасу жағдайына, тереңдігіне, қысым күшінің мөлшеріне қарай қалқыма, грунт және артезиан сулары болып, үш топқа бөлінеді.
Құрлық суларының көпшілігі атмосфералық сулар (жаңбыр суы, қар, т.б.) есебінен құралады. Олар құрлық суларын қоректендіреді. Атмосфералық сулардың құрамында минералды тұздар өте аз кездеседі. Құрлық суларының Дүниежүзілік мұхит суынан ерекшелігі – олар тұщы және ішуге жарамды. Оларда да тұз бар, өйткені суда ағып өтетін тау жынысы ериді, бірақ өзендер мен көптеген көлдердің суларында 1 л-де 1 г-нан аз тұз бар. Дүниежүзілік мұхитпен салыстырғанда құрлық суы гидросфераның 3%ын алып жатыр.