XX ғасырдың бас кезінде Ресей азиялық Шығысты отарлауды жедел қарқынмен жүргізе бастады. Самодержавиенің отарлау саясаты Қазақстанды саяси және экономикалық езуге бағытталған еді. Бұл арада Ресейлік Орта Азия мен еуропалық ірі мемлекеттердің отарлары арасындағы ерекшеліктерді атап көрсеткен жөн. Мысалы Ұлыбритания мен Ресейдің отаршылдық қатынастарының іргелі ерекшелігі сол, Британия Үндістанда өзін-өзін басқару жүйесін енгізіп, оның ішкі ісіне онша көп араласқан жоқ. Ал орыс үкіметі отаршылдықтың әкімшілік бақылауын орнатты. Патшалық заңдарға сәйкес өлкенің барлық жері мемлекеттің меншігі болып жарияланды. Үкімет өзінің қалауынша оған иелік етуге құқылы болды. Алтайда орасан көп шұрайлы жер тікелей патша отбасының иелігіне көшті. Жайық, Ертіс, Есіл өзендерінің аңғарларындағы және Жетісудағы қазақтардан тартып алынған 10 миллионнан астам десятина құнарлы жер езілген қазақ еңбекшілерінің азаттық қозғалысын жаншып басу үшін пайдаланылатын патшаның айнымас тірегі — қазақ әскерлеріне берілді. Орасан зор көлемдегі жер тау-кен өнеркәсіпшілерінің иелігіне өтті.
Патшаның Қазақстандағы аграрлық саясатының реакциялық мәні тағы да феодалдық жер рентасын алу жолымен өлкенің жер байлығын пайдалануында болды. Патшаның феодалдық жер иеленуің қалдықтарын қолпаштап, қолдап отыруы капитализмнің ауыл шаруашылығындағы дамуына толығынан қайшы келді, егіншілік пен мал шаруашылығының тауарлылығына бөгет жасады.
Қазақ даласына тек орыс капиталы ғана емес, шетел капиталы де ене бастады. Неғұрлым көп пайда табу мақсатымен ағылшын, француз және американ кәсіпшілері өлкенің зауыттық тау-кен өнеркәсібінде еркінсіп, қожалық етті, оның жер қойнауындағы тұнып тұрған байлығын жыртқыштықпен пайдалануға кірісті. Осындағы мейлінше көп, арзан жұмыс күшін пайдаланған орыс және шетел капиталистері өндірісті техникалық жарақтауға зауқы бармады. Жұмыстардың барлық түрлері, соның ішінде ең ауырлары да қолмен атқарылды. Өндіргіш күштерді дамытудың орнына «бұратаналарды» жартылай феодалдық қанау есебінен табыс табу — капиталистік «Метрополияның» негізгі заңы осындай.
Қазақ даласы көптен бері ресейлік қалталылардың назарын аударған еді. Қазақстанға банк капиталының енуі және оның аумағында несие желісінің жасалуы XIX ғасырдың аяғында басталды, бүл кезде несиенің жаңа формалары таралған, оның капитализмге дейінгі формасы — өсімқорлықпен қатар капиталистік несие де әжептәуір жедел өріс алған еді. Ресей империясының несие жүйесінің бір бөлігі болған Қазақстанның несие желісі мемлекеттік банктің бөлімшелерінен, қаланың орташа капиталистік топтары өзара несие беру қоғамының банкілерінен және қалалық қоғамдық банкілерден, сондай-ақ несие кооперативінен және ұсақ несиенің басқа да мекемелерінен қүралды.
Банкілер Қазақстанның түрлі аудандарынан аса қүнды шикізатты барған сайын өсе түскен көлемде сыртқа шығаруға көмектесіп, белгілі бір нысанды, оған өздері де қатысып, бұдан барынша көп пайда түсіріп жатты.
Банк монополиялары XIX ғасырдың бас кезінде темір жол қүрылысында өздерінің белсенділігін аңғартты. Құрамына Петербордың тоғыз банкі кірген аса ірі темір жол банк синдикаты Алтай және Жетісу темір жолдарының құрылысына деген концессияларды өз қолдарына алды. Бұл жолдардың құрылысын қаржыландыруға аса ірі француз банкілері де қатысты.
Деревня мен аулға капиталистік қатынастардың енуіне қарай мұнда ұсақ тауар өндірушілер мен селолық буржуазия үшін ұсақ несие мекемелерінің түр-түрлері, негізінен алғанда, несие кооперативтік формасында қүрыла бастады. Олар негізінен қазақтар мен қоныс аударып келген орыс шаруаларына қызмет көрсетті.
XIX ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ, Далалық өлкеде пайда болған «Қырғыз қарыз кассалары» дейтіндер ұсақ несиенің өзінше бір үлгідегі мекемелер еді. Бұдан біраз кейінірек Қазақстанның оңтүстік бөлігінде — Жетісу және Сырдария облыстарында уездік қарыз кассалары ашылды. Олардың қаржыларын, негізінен ауқатты қазақтар пайдаланды.
XIX ғасырдың бас кезінде Қазақстан аумағында жинақ кассалары жүйесі едәуір кеңіді, ал салымдар саны 22 мыңнан асты. Бірақ тұрғындардың санына шаққанда өте аз еді. Ақша салушының ең көп тобы ұсақ салымгерлер (сомасы 25 сомға дейін) 47,1 пайыз еді, салынған ақшаның жалпы сомасының не бары 1,7 пайыз ғана олардың үлесіне келетін. Ақша салушылардың бай тобы мен «ұсақ-түйектер» арасындағы алшақтық орасан зор еді.
Табиғи байлықтың қисапсыз көптігіне қарамастан, өнеркәсіп өте баяу дамыды. Оның өзі көбіне бұрынғысынша қолөнер түріндегі ұсақ кәсіпорындар, негізінен ауыл шаруашылығы шикізаттарын өндеумен (жүн жуу, тері илеу, былғары өңцеу, ұн тарту, май айыру және т.б.) айналысатын, оларда 3-4 адам ғана істейтін, біршама ірілері де жұмыс істеді. Мысалы, Ақмоладағы малдың ішегін тазалайтын зауытта 30, Петропавлдағы құсханада (мал соятын) — 50, Омбыдағы темекі фабрикасында — 335 жұмысшы болды. 1902 жылы Бөкей ордасын қоспағанда, Қазақстандағы 690 өнеркәсіп орындарында 7297 адам жұмыс істеген.
Капиталистік өнеркәсіптің дамуына байланысты Ресей пролетариаты жасақтарының бірі — қазақстандық жұмысшы табы қалыптаса бастады. Жұмысшы табының басқа жасақтарына қарағанда кеншілер саны шапшаң өсті, өйткені ірі өнеркәсіп орындары негізінен кен өнеркәсібінде ғана болған. XX ғасырдың басында 197 тау-кен өнеркәсібі орындарында 18 мыңнан астам адам істеді, Екібастұз және Ленгір көмір кен орындары, Успен мыс, Риддер қорғасын-мырыш рудниктері, Өскемен, Спаск және басқа аудандардағы алтын приискілері тау-кен өнеркәсібінің ошақтары болатын.
Қазақстанда калыптасып жатқан пролетариаттың ең жас және сонымен бірге озық әрі неғұрлым ұйымшыл жасақтарының бірі — теміржолшылар болды. Олардың қатары темір жолдардың іске қосылуына қарай өсіп отырды, өлкеде оның жалпы ұзындығы 1905 жылы 2072 шақырымға жетті, осында істейтіндердің саны жөндеушілер мен маусымдық жұмысшыларды қоса есептегенде 20 мынға жуықтады.
Қазақстанда жұмысшы табының қатары негізінен малдарынан айырылған қазақ шаруаларынан, Уралдан, Украина мен Сібірден келген орыс жұмысшылары, сондай-ақ қоныс аударған, деревнядан шыққандар есебінен толығып отырды, оның қалыптасуы баяу жүрді. Өнеркәсіп орындарының көбі маусымдық жұмыс істеді. Осындағы қазақтар жылдың жартысынан көбінде өздерінің арық-тұрақ малының қамымен айналысып жүретін, көбінесе байлардан «сауындық» сиыр алып немесе жалданып малын бағатын.
Жұмысшы қозғалысының алғашқы қадамдары. Аяусыз қанау, толық құқықсыздық жұмысшылардың стихиялық қарсылығын туғызды. Мұнда олардың тұрмысы, еңбек жағдайы Ресейдің басқа аймақтарына қарағанда әлдеқайда ауыр болды. Тау-кен өнеркәсібінде, тұз және балық кәсіпшіліктерінде, темір жол құрылыстарында жұмыс күнінің ұзақтығы 14 сағатқа дейін созылды. Ал еңбек ақысы өте аз болды, оның үстіне ірі өнеркәсіп орындарында жалақының едәуір бөлігі ақшалай емес, талондармен берілді. Мұндай талондарға көбінесе қожайындардың дүкендеріндегі сапасыз азық-түлік айырбасталатын.
Жұмысшыларға түрлі себептермен айып салынатын. Баспана жағдайы төзгісіз болды, отбасы үлкен жұмысшылар жеркепелерде, лашықтарда, күркелерде тұрды. Суық тиіп жаппай төсек тартып жату, жұқпалы ауруларға шалдығу олардың денсаулығын нашарлатып титықтатты.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақтар ауыр езгіге қарсы көтеріліске үздіксіз шығып отырды. 1820 жылдан бастап 1870 жылдардың бірінші жартысына дейін әрбір онжылдықта осындай көтерілістер болып тұрды. Кейде олар Қоқан хандығына (1821), Хиуаға (1845) және Қытайға (1871) бағытталғанымен, оның шығуына Ресейдің отаршылдық саясаты басты себеп болды.
90-жылдардың аяғында кең етек алған өнеркәсіптік дағдарыс барша жұмысшылардың жағдайын ауырлатты. Ресейдің орталығындағы жұмысшылардың шерулері мен стачкалары Қазақстанның, сол сияқты басқа да ұлттық шет аймақтардың жұмысшыларына орасан зор әсер етті. Стихиялық күрестің өскені, әсіресе Орынбор-Ташкент темір жол құрылысында байқалды. Толық емес мәліметтер бойынша, 1902-1903 жылдары мұнда оннан астам стачка болған. Қарағандыдағы, Екібастұздағы тау-кен өнеркәсібі орындарында, Зайсан, Өскемен және басқа ояздардағы прискілерде стачкалар жиілей түскен. Орыс және қазақ жұмысшыларының стачкаларға бірлесіп қатысуы өлкедегі жұмысшы қозғалысының дамуында маңызы зор болды, олар топтасып көтерілді, табандылық пен ұстамдылық көрсетті.
1903 жылы 20 маусымда Мұғаджар стансасындағы 8000 темір жол құрылысшылары жалақыларын дұрыс төлемегеніне жауап ретінде стачкаға шықты. Олар мердігердің кеңсесін өртеп, өзін екі күн қамап ұстады. Сібір магистралі теміржолшыларының бас көтеруі бұдан да кеңірек етек алды.
1904 жылы қаңтарда басталған Ресей мен Жапония арасындағы соғыс бүкіл елді, соның ішінде Қазақстан еңбекшілерін қайғы-қасіретке, жоқшылық пен күйзеліске душар етті, әсіресе отар аймақтардағы жағдай өте-мөте ауырлады. Орталықтан өлкеге халық тұтынатын тауарлардың әкелінуі күрт азайды, мұның өзі жалдаптыққа жол ашты. Сонымен бірге қазақ даласынан мал шаруашылығының өнімдері мен шикізат алып кету күшейе түсті.
Патша өкіметінің жазалауды күшейткеніне қарамастан жұмысшылар көтеріліске шыға берді. 1904 жылы Семейде, Верныйда және Қостанайда жекелеген кәсіпорындардың жүмысшылары 1 мамыр Дүниежүзі еңбекшілерінің тілектестік күнін тұңғыш рет мерекелеуді ұйымдастырды. Іле сырты оязындағы Надеждин кеніші жұмысшылары жалақыны дер кезінде беруді талап етіп, 1904 жылы 4 шілде де ереуілге шықты.
Революциялық идеялардың қазақ даласында таралуынын басталуы XIX ғасырдың 70-жылдарына жатады. Саяси жер аударылғандар жергілікті жұмысшыларға революцияландырушылар ретінде ықпал етті. Олардың арасында «Оңтүстік орыс одағы» мен «Солтүстік жұмысшылар одағының» мүшелері Н.Ф. Биткин, Г.В. Буряк, И.Г. Геркушенко, А.П. Федоров және басқалар болды. Бұл ұйымдардың Маркс пен Энгельс құрған I Интернационалдың көптеген қағидаларын мойындағаны, Батыс Еуропа елдеріндегі жұмысшы қозғалысының тарихымен таныс болғаны, социализм және саяси еркіндік идеяларын қабылдауға қабілеттік көрсеткені мәлім. Қазақстан мен Сібірге жер аударылғандардың бірқатары мезгілі біткен соң осында қальіп, социал-демократиялық қозғалысқа араласады, жергілікті жұмысшылардың саяси санасының өсуіне ықпал жасайды. Сонымен бірге жекелеген қазақстандықтар да Ресейдің еуропалық бөлігіндегі алғашқы жұмысшы ұйымдарының жұмысына қатысады.
1904 жылы РСДЖП Омбылық комитеті қалпына келтіріледі, оған «Солтүстік одақ» және партияның Томск комитеті көмектескен. Ақмола мен Қарқаралыға жер аударылған социал-демократтар П.Д. Башаев пен Д.К. Голубев үлкен саяси және партиялық жұмыс жүргізді. Бірқатар қалалар мен темір жол стансаларында насихат-үгіт жұмысының жанданғаны байқалды, орыс-жапон соғысының империалистік сипатын әшкерелейтін парақшалар таратылды, жұмысшыларға социал-демократтардың ықпалы күшейе түсті.
Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. – 368 б.