Соңғы уақытта орталықтан басқарылатын экономиканың ұлттық үлгілері біртіндеп жойыла бастады. Жоспарлы шаруашылықтың əлемдік тəжірибесін қорытындылайтын болсақ, саяси себептерден басқа социалистік орталықтан басқарылатын экономиканың тиімсіздігін сипаттайтын келесі аспектілерді ажыратуға болады.
Біріншіден, экономиканы дамытуға бағытталған мемлекеттік жоспарлар көбінесе волюнтаристік əдіспен құрылған, олар заң күшіне ие болғанымен заманға сəйкес болып орындалмады. Осындай жүйе тұрақты экономикалық өсуді қамтуға, техникалық прогресті дамытуға, халықтың əл-ауқатын арттыруға жол бере алмады.
Екіншіден, жоспарлы экономикада тұтынушылар қажеттіліктерін қамтуда мемлекеттік монополия орын алатын, ол тұтынушылар талғамын ескермейтін еді.
Үшіншіден, бағалар, тауарлар мен қызметтерге деген сұраныстың көрсеткіші рөлінен айырылып, ақпараттық жүйенің бұзылуына жəне ресурстарды тиімсіз пайдалануына əкеледі.
Төртіншіден, қоғамдық (мемлекеттік) меншік пайда болған таза өнімнің қоғамға бөлінуінің автоматты түрін қамтамасыз еткен жоқ.
КСРО жəне Шығыс Еуропа елдерінде орталықтан жоспарлауға негізделген нақты экономикалық құрылыстың жойылуы жалпы əлемде экономиканы орталықтан реттеудің жойылуына алып келмейді. Идеяны жүзеге асырудың бір нұсқасының күйреуі шыңдығында идеяның өзін жоққа шығармайды.
Олай болса, нарық элементтерін пайдаланып, орталықтан жоспарлау идеясын Қытай, Куба жүзеге асыруға ұмтылуда. Сонымен қатар, қазір қандай да экономикалық жүйе аралас болып табылады, нарықтық экономика орнатылған қандай да елде орталықтан басқару элементтері мен мемлекеттік меншік бар. Мысалы, мемлекеттік бюджеттер, мемлекеттік жалпы шаруашылық бағдарламаларын мысалға келтіруге болады. Мемлекет мəжбүрлеудің биліктік тетіктеріне ие болғандықтан, оған өте жоғары талаптар қойылады: ол қуатты, əділетті болуы тиіс, ішкі жəне сыртқы өзгерістерге тез бейімделуі тиіс.
Бірақ мемлекеттің іс-əрекеті алдын-ала ойластырылып, жоспарлануы мүмкін емес. Тəжірибе көрсеткендей, мемлекет қоғам мақсатына сай міндеттерді шеше бермейді. Осыған орай, нарық мүмкіншілігінің болмауы нəтижесінде 1930-1960 жж. көптеген мемлекеттік бағдарламалар жасалды, 1970 жылы осы бағдарламалардың кемшілігі экономистер мен саясаткерлерді экономиканы реттеуде мемлекет мүмкіншілігінің болмауын зерттеуге мəжбүрледі. Мемлекет мүмкіншілігінің болмауы – бұл мемлекеттік органдардың қоғам тұрғысынан қарастырғанда тиімсіз экономикалық шешім қабылдауы.
Саясат негізінде адам факторы тұрады, мемлекет саясатын жасайтын адамдардың идеясы мен білімі абайламаушылық, жаңылыс есептеулер жəне қателіктермен байланысты болады. Бірақ алдын ала тиімсіз шешім қабылдайтын қарапайым адам үшін бұл кешірімді, себебі ол басқаларына əсер еткен жоқ, олай болса, мемлекетке қатысты мұндай қателіктер кешірілмейді жəне назардан тыс қалмайды. Белгіленген мақсатқа қол жеткізуде мемлекеттің жүйелі мүмкіншілігінің болмауының төрт негізгі себебін ажыратуға болады.
1. Толық ақпараттандырылмау. Көптеген əрекеттердің нəтижесін түсіну қиын жəне олар болжанбайды. Мысалы, Үкіметтің қалаларды жаңарту бағдарламасын қабылдау тұрмысы орта жəне төмен азаматтарға тұрғын үй ұсынысының төмендеуіне əкелді, оған мысал Қазақстанның елордасы – Астана қаласы. Қазақстан үкіметі Аралды құтқару бойынша бірқатар шараларды қабылдады, алайда оның ғаламдық мəселе екендігі жəне оны Арал теңізімен шекаралас орналасқан Өзбекстан мемлекетімен бірлесіп шешу керек екені ескеріле бермеді.
2. Жеке меншік секторды шектеулі бақылау. Мемлекет өз қызметінің нəтижесіне тек шектеулі бақылау жасай алады. Мысалы, қала əкімшілігі жал төлемін бақылау туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, олар инвестиция табысы төмендеп кетсе, жеке тұлғалардың тұрғын үйге инвестиция салуын тоқтатуын ескермеді. Осылайша, үкімет жалға берілетін тұрғын үй ұсынысының төмендеп, ал жер иелері ұсынатын қызметтер сапасының төмендеуін болжай алмады.
3. Бюрократияны бақылаудың шектеулілігі. Мысалы, Қазақстан Республикасының Үкіметі отандық тауар өндірушілерді қорғау мақсатында 1999 жылы Ресей жəне Қырғызстаннан əкелінетін азық-түлікке кедендік баж мөлшерлемесін арттырды. Мұнда контрабанда көлемінің артып кетуі ескерілмеді. Басқа мысал ретінде айтатын болсақ, қазақстандық билік органдары елдің солтүстік аймағындағы көкөніс бағасын оларды оңтүстік аймақтан əкелуін ұйымдастыру арқылы төмендетті. Мұнда мемлекет қалалардың ірі дүкендері мен көтерме сатушылары бұл өнімді көптеп сатып алуын есепке алмады.
Парламент пен жергілікті маслихат заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерді қабылдайды, оның орындалуын қандай да бір мемлекеттік органдарына жүктейді. Оны қолданудың жеке ережелерін дайындауға ұзақ уақыт жұмсауы мүмкін. Оның қалай жасалуына байланысты заңның əрекет етуі тəуелді болады. Жауапты органдар оның іске асырылуына жауапкершілікті болуы тиіс.
Мысалы, АҚШ конгресі қоршаған ортаны қорғау туралы заң қабылдады, яғни заң фирмалар қоршаған ортаны ластамау үшін жасалды. Бірақ техникалық жағдайлары, əсіресе өнеркəсіптің əртүрлі салалары үшін ластау деңгейін анықтау Қоршаған ортаны қорғау бойынша агенттікке тапсырылды.
Бастапқы екі жыл бойы Р.Рейган əкімшілігі қоршаған ортаны қорғау агенттігіне осы шаралардың жеткіліксіз дəрежеде елге жариялануы жəне табандылықсыз іске асырылуы бойынша бірқатар қатаң талаптар қойып, шаралар жасады.
Көп жағдайда заңдық биліктің идеяны жүзеге асыра алмаудағы сəтсіздіктері оның шешімін елемейтін əрекеттің салдары емес, заңдық биліктің өзінің бірқалыпсыз ойының нəтижесі болып табылады. Жəне бұл орайда тағы бір мəселе туындайды, заңды орындатқызушы басқарушылар оны мүлтіксіз жəне тиімді жүзеге асыруға қол жеткізуі тиіс. Қарапайым экономиканың зерттеу объектісі жеке сектор қызметінің уəждемелерін талдау болып табылатын сияқты, мұндағы зерттеу пəні мемлекеттік сектордағы уəждемелерді талдау болып табылады.
4. Саяси үдерістер арқылы салынатын шектеулер. Егер мемлекет барлық мүмкін іс-əрекеттерді таңдап, яғни саяси жағдайды ескере отырып, нақты шараны таңдаса да, қосымша қиындыққа тап болады. Мемлекеттік қызмет көбіне ықпал етеді, бірақ шешім тек тұлғалардың шектеулі тобымен қабылданады, яғни Парламент депутаттары қабылдайды. Шешім қабылдаушылар өздерін сайлаушылардың қалауын білуі қажет жəне оларды бірлестіру əдістерін табуы тиіс. Көп жағдайда негізсіз, мемлекеттің бірқалыпсыз қызметі туралы пікірлер айтылады. Белгілі бір жағдайда мұндай бірқалыпсыздық демократиялық шешім қабылдаудың табиғи салдары болып табылды. Сонымен қатар, біздегі саяси үдеріс шындық болып саналады, яғни қоғамның мақсатын қорғайтын сайланушы кей жағдайда ерекше мақсаттағы топтардың игілігіне əрекет ету ынтасына ие болады. Саясаткерлердің қоғам мүддесіндегі мақсаттарды орындай алмауы кейбір саясаткерлер тобының əділетсіздігімен емес, сонымен қатар, демократиялық қоғамда саяси институттардың қызмет ету салдарынан болуы да мүмкін.
Мысалы, 90-шы жылдың бас кезінде мемлекет шетелдік инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасады. Нəтижесінде, батыс инвестициялары өте жоғары преференциялармен шикізаттық секторға бағытталды, бұл қазақстандық экономикада өндіріс құрылымының дамуына, яғни өңдеуші секторға кері əсерін тигізді. Экономиканы мемлекеттік реттеудің сыншылары мемлекет нарықтың кемшіліктерін өтемес үшін, мемлекет үшін жоғарыда аталған төрт қайнар көзін маңызды деп санайды. Олай болса,мемлекеттік қызметтің аталған төрт шектеуін мойындау тиімді мемлекеттік тұжырымдаманы жасаудың алғышарты болып табылады.