Омыртқа бағанасы (columna vertebralis) өзінің дамуы бойынша жұлынды айнала орналасып, оған сүйектік орын түзеді (10 сурет). Омыртқа бағанасы дененің тірегі болып табылатын біліктік қаңқа рөлін атқарады, өзінің өзегіндегі жұлынды қорғап, дене мен бассүйектің қимыл қозғалысьша қатысады. Омыртқа бағанасы 32-34 омыртқалардан тұрады. Олар 7 мойын (vertebrae cervicales), 12 кеуде (vertebrae thoracicae), 5 бел (vertebrae lumbales), бір сегізкөз сүйегіне (os sacrum) біріккен 5 сегізкөз омыртқасы (vertebrae sacrales) және құйымшақ түзетін 3-5 құйымшақ (vertebrae coccygeae) омыртқаларынан тұрады. Егер омыртқаның алдынан қарасақ (сурет 10, А), оның ені әр бөлімдерінде бірдей болмайды. Мойын және кеуде омыртқаларының шекараларында, сонымен бірге сегізкөз аймағында омыртқалар ортаңғы кеуде және мойын бөліміне қарағанда жалпақтау болып келеді. Омыртқалар салмағы жоғарыдан төмен қарай көбейеді. Бұл жоғары жатқан бөлімдердің қысымының өсуімен түсіндіріледі. Адамның омыртқа бағанасының өз жолында бірнеше иілімдері болады. Алға қарай дөңес бағытталған қисық лордоз (lordosis), ал алға ойылған қисық кифоз (kyphosis) деп аталады. Мойын және бел лордоздарын (lordosis cervicalis, lordosis lumbalis), кеуде және сегізкөз кифоздарын (kyphosis thoracalis, kyphosis sacralis) ажыратады. Кифоздар мен лордоздардың осылай алмасып орналасуы тек адам омыртқа бағанасына тән түзіліс және тік жүруіне байланысты. Кифоздар мен лордоздар омыртқааралық дискілермен бірігіп омыртқа бағанасына серпімділік қасиетін береді. Омыртқаның ортасынан кесіндісінде омыртқа өзегі (canalis vertebralis), омыртқааралық тесіктер (for.intervertebralia) және шығыңқы омыртқа (vertebra prominens) көрінеді. Нәрестенің омыртқа бағанасында (10, В сурет) кеуде қуысы жақсы көрінеді, лордозы нәрестеде басын өзі ұстауды және отыруды үйренген соң ғана пайда болады. Бел лордозы жүру қабілетімен бірге қалыптасып, 6-7 жаста толық қалыптасады. Нәрестенің омыртқа бағанасы денесі мен доғалардың сүйекгі нүктелерінің бірігіп өскен омыртқаларынан тұрады. Бірақ, бұл нүктелер әлі бірікпеген және әр омыртқа өзінше сипатталады. Омыртқалар денесі сопақша пішінді. Жас үлкейе келе олар тікбұрыш пішінді болады, оларда сүйекті шығыңқылар пайда болады. Омыртқалар арасындағы кеңістік омыртқааралық дискілермен толтырылған.