Оғыздардың ежелгі қуатты тайпасы Әмудария мен Сырдарияның төменгі сағасынан Оңтүстік Оралға дейін созылып жатқан ауқымды кеңістікті алып жатты, VІІІ-Х ғасырлардағы араб әдебиетінде «Мафазат ал-гуз» гуз /оғыз/ даласы /Сарыарқа/ деп аталады. Оғыздар туралы көп аңыздар сақталған, оларға сәйкес қыпшақтар, арғындар, наймандар және басқа халықтар өздерін «үш оқ» тайпасынан шыққан ежелгі оғыздардың ұрпақтары деп санайды.
Оғыздар туралы ерте жазбалар кейінгі қаңғюй (қаңлы) заманына тиесілі. Қытай деректеріне сәйкес, Хорезмнен оңтүстік батысқа қарай Босы жатыр /Персия/, солтүстігі мен солтүстік батысында түркілік оғыздардың ұрпақтары жайлаған. Каспий теңізінің шығыс жағындағы даланы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларында-ақ оғыздар мекендеген болатын. Сол бір алыс жылдары оғыздар сондай-ақ Алтайда және жоғарғы Ертістің жағасында өмір сүрген және Ғұндардың тайпалық одағына кірген.
Ғұндар одағы құлаған соң оғыздар Сырдарияға шоғырланды. Олардың жайлауы Жайық пен Тобылдың жоғарғы жағында, ал қыстауы Арал мен Каспийдің жағалауында болған. Сырдарияның сағасында оғыздардың екі ірі тайпасы — бузок (оң қол) және ушок (сол қол) өмір сүрген, мұнда ежелгі оғыз қалалары Бузок пен Сагдер үйінділері табылған. Сырдарияның орта және төменгі жағалауларында ерте орта ғасырлардан бастап моңғол шапқыншылығына дейін оғыз, қаңлы және қыпшақтардың тайпалары тығыз қоныстанған болатын.
Араб географы Истахри мәліметтері бойынша, оғыздардың өмір сүру аумақтарының шегі хазарлар мен қимақтар, қарлұқтар елі мен еділдік бұлғарлар елінің аралығында болған. Масудидің мәліметінше, Сырдария мен Әмударияның төменінен өзге оғыздар Хазарлармен көршілес Каспий теңізінің солтүстік жағалауларында қыстаған.
VI ғ. оғыз, қыпшақ, қарлұқ және түркеш тайпалары Батыс Түрік қағанатына кіріп, онда үстемдік етуші жағдайда болды, осыған байланысты Ибн аль-Факих оларды «торт тулуг будын» — төрт тулы халық тәрізді «төрт түрік» деп атайды. Оғыздар Батыс Түрік қағанатының құрамынан шыққан соң олар Сырдарияда көптеген қалалары бар мемлекет құрды. Мемлекетті джабгулер басқарды.
Оғыз тайпаларының конфедерациясына қыпшақтардың аталастары — печенегтер кірді, олар Арал теңізінің жағасынан Жайық өзеніне және Еділдің төменіне дейінгі аймақты мекендеген.
Оғыздар туралы мәліметтер орхон жазбалары ескерткіштерінің барлығында дерлік кездеседі. Орхон жазбаларының бірінде былай делінген: «Барлық сегіз-оғыз келді, [көтерілістен] тыс ешкім қалған жоқ. Қарабалық бектері қырық азан және өзде жаршыларын жіберіп, көтеріліске шақырған. Сіздер одақтан шығыңыздар және көтеріліс жасаңыздар. Чиктерді көтеріліске мэжбүрлеңіздер. Біздер одақтан шығуға дайынбыз, Қытайдың қол астында болғанша, өз бетімізше болғанымыз жөн». Келесі бір ескерткіште былай деп жазылған: «тоғыз оғыз менің өз халқым. Бірақ олардың бектері бізге жау болды. Түркі Білге қаған түрік, сыр, оғыз халқын асқақтатты. Біз өз халқымызды орналастырдық және онда тәртіп орнаттық. Кедей халықты киіндірдік, жұтаң халық байға айналды, аз халық көпшілікке айналды. О, оғыз бектері мен халқы! Төбеде аспан сені қыспағанда және астындағы жер жарылмағанда ешқайдан қауіп төнбеген еді, сенің үстемдігіңді кім күйрете алушы еді?» (КТБ, 16, 28). Сәл кейінірек түркеш қағаны Тоныкөк былай деді: «Түрік халқы абыржулы, оғыздар ыдыраған».
VІІ-VІІІ ғ.ғ. оғыздар маңында көптеген туыстас тайпалар бірікті, олардың ішінде өздерін үш оғыз және сегіз-оғыз деп атаған наймандар-қарлұқтардың үш солтүстік тайпасы болды. Шығыс оғыздары тоғыз-оғыз деп аталды. В.В.Бартольд өзінің ерте жұмыстарының бірінде оларды ұйғырлармен теңестіруге бейім болды; бірақ кейіннен ғалым тоғыз оғыз дегендер оғыздар деген қорытындыға келді. Сегіз-найман тайпасының этнонимдерінің бірі, бүл туралы орхон жазбаларында, сондай-ақ Джувейн, Ш.Йазди және өзге де авторларда кездеседі.
«Гуздар қаласының халқы көп. Олар бірінің артынан бірі солтүстік пен шығысқа созылып жатыр», — деп жазды әл-Идриси (МИТТ, 229-6.). Оғыздардың неғұрлым ірі қалалары Дженд, Янгикент /Жанкент/, Сауран, Баршынкент, Оксус, Сюткент болған. Ескі Чиназ бен оған Арыс өзенінің құятын жеріне дейінгі Орта жэне төменгі Сырдария қалашықтарында дөңгелек, шаршы, тікбұрыш және көпбұрыш түріндегі қала жоспарлау байқалады.
Сырдарияда біздің заманымызға дейін оғыздар сәулетшілігінің керемет ескерткіштері сақталған, олар — Сауран мұнаралары, Бегім-мұнара және т.б. Үлкен Торғай жазығында, Тобыл мен Жайық даласында, бұхаралық Нұратада және оңтүстік Түркіменстанда оғыз сәулетшілігінің көптеген ескерткіштері-діңгелер сақталған. Бұл ескерткіштер оғыздардың арасында керемет сәулетшілер мен құрылысшылардың болғанын білдіреді.
XI ғасырда оғыздар Сырдария жағасынан Бұхараның Нұратасына қарай, кейіннен Әмудариядағы Хорасанға қарай қоныс аударады. Оғыздар Сырдарияның жағасын Алаша ханның балалары Сейілхан мен Жайылған өмір сүрген уақытта тастап шыққан. Сейілхан (Сельджук) ежелгі оғыздардың ұрпақтары -түркімендердің негізін салушы болды. Қазақ ағартушысы Нұржан Наушабайұлы жазғандай, «Сейлхан мен Жаилханның [заманында] сегіз арыс түркімен осы арада бөлінді».
Оғыздар Сырдария жағасынан кеткен соң олардың қалалары қыпшақтар мен қаңлыларға қалды. Бірақ Джемаль Карши атап өткендей, оғыздардың бәрі бірдей ежелгі отанын тастап кеткен жоқ, олардың бір бөлігі Сырдарияда қалды.
Ежелгі оғыздардың ұрпақтары Орта және Кіші жүз қазақтарының құрамында сақталды. Адайлар мен кетелердің шығу тегі оғыздардан бастау алады. Сондай-ақ арғындар, наймандар және уақтарда да оғыздармен этникалық байланыс байқалады.
Оғыздар өзге ұлыстардан бұрын исламды қабылдайды да, олар асқан ықыласпен мұсылман болып, XII ғ. дейін исламды қабылдамаған қыпшақтармен діни соғыс жүргізген. Ислам оғыздардың саманидтермен және Араб халифатымен жақындасуына негіз болды. Әл-Бируни жазғандай, оғыздар үйреншікті Сырдария жағалауынан 1034 ж. кеткен. Наср-и Хусрау мәліметтері бойынша, оғыздармен бірге Әмударияға қыпшақ тайпаларының бір бөлігі кеткен, олар: чаграндар (шағрай қыпшақ), күжеттер мен өрендер.
Хорезмшах Харун Алтунташ оларға Хорезммен шектесетін Дарганнан жер бөлген. ХІғ. басында-ақ оғыздар Хорезмшах әскерінің негізгі бөлігін құраған. Бейхаки бойынша, ХІғ. бірінші жартысында оғыздар Сырдариядан кеткен соң қыпшақтар Хорезмшах мемлекетінің тікелей көршісіне айналған. Махмұд Қашғари оғыздардың алқа-бөлік тайпасының өмір сүру мекені қыпшақтармен шектесіп жатқан деп жазады (Кашгари I, 116, 317).
Бартольд оғыздардың Сырдариядан кетуін түсіндіруге тырысып, былай деп жазады: «ХІғ. орын алған оғыздардың батыс пен оңтүстікке көшуі солтүстіктен қыпшақтардың қысым жасауынан болған болуы мүмкін; араб географтары атап көрсеткен X ғасырдағы оғыздардың осыған дейін адам қоныстанбаған Маңғышлақ түбегіне қоныстануын да осымен түсіндіруге болатын шығар» (Бартольд, V, 98).
Сырдария бассейніндегі, Қаратау бөктеріндегі, Орталық және Шығыс Қазақстандағы топонимдер ежелгі оғыз тайпалары туралы естеліктерді сақтаған. Оғыз-кент, Үзкент, Оғыз жылғасы деген атаулар Сырдарияда кездеседі; Оғызтау, Оғызқорғау, Оғызсай, Оғызсу-Орталық Қазақстанда; оғыз тайпасының «уч оқ» одағына кірген чавулдер атауы Оңтүстік Қазақстан облысында Шәуілдір түрінде сақталған, ежелгі оғыз тайпасының бекделі атауы қазақша айтылғанда бөгежелі болып Қаратауда; ежелгі оғыз тайпасының джебеней атауы қазақша айтқанда жеменей болып Зайсанда қолданылады. Оғыз топонимдерінің шашыраңқылығы ежелгі оғыз тайпаларының Ертістен Сырдарияға дейінгі аумақты мекендегендерін білдіреді.
Сырдариядағы ескерткіштер мен ежелгі қалалардың үйінділері оғыздар туралы еске түсіреді. Қорқыт, Оғыз хан (Огуз-наме), Алпамыс, Қазыбек, Алдар Көсе туралы аңыз-эфсаналар екі халыққа — түркімендер мен қазақтардың мәдениетіне тиесілі. Париж ұлттық кітапханасындағы Шефер қорында сақтаулы тұрған «Огуз-наме» поэмасының тілі шығыс-түрік /ұйғыр/ тілдерінен өзгеше екенін В.В.Бартольд тапқан. Ғалымның пікірінше, аңыздың авторы ұйғыр емес, қазақ даласының тұрғыны болған, ол жақта оғыздар ұзақ уақыт өмір сүргені белгілі (V, 272, прим. 79). Француздық шығыстанушы П.Пельо осы пікірмен келіседі (I, РОО. 1930, XXIII, 247-358). Рашид-ад-дин, Хондемир және Әбілғазы жазып алған Огуз-наменің неғұрлым ескі нұсқасы — көптеген тарихи және географиялық мәліметтер қамтылған тамаша поэтикалық мәтін.
Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.