Ежелгі заманда Орталық Азия аумағын мекендеген ең ірі ру-тайпалар бірлестігі көшпенді хунну — ғұн тайпасы болды. Ғұндар тарихының басталуы қытай дереккөздері бойынша Шань-Гуй-фан, Чжоу-Хянь-Юнь және Хань-Хун-Ну әулеттері тұсындағы Яо дәуіріне (б.з.д. 2356 — 2256 жж.) қатысты. Ғұндарды шань-жун-таулық жундар деп атаған. Ол замандарда ғұндар Қытайдан солтүстікке және солтүстік-батысқа қарайғы өңірде өмір сүрген. Қытайдың олар туралы ең ежелгі аңыздары Шу-цзин деп аталады. Б.з.д. VIII ғасырда түпкі ру-тайпа басы Құңлының тұсында. Қаукеден кейін он ұрпақ легі өткен соң ғұндар көшпелі өмір салтына ауысады. Бұдан кейінгі он ұрпақ легі өмірі бойында ғұндар Қанғай мен Алтай аралығында көшіп-қонып жүрді. Олар жазда Алтай мен Қанғай таулары өңірін жайлап, Ордоста, Ганьсуда және Тарим аңғарында қыстайтын болды. Қытайлар оларды жун ди — варварлар, шы ди — қызыл дилер, бай ди — солтүстік дилер деп атап, менсінбей, дұшпандықпен қарады. Шу-цзин аңыздарына қарағанда жундардан оңтүстікке қарай Индия (Мин), шығыста — Қытай, солтүстік-батыста — Корея болып шығады.
Үлестік иеліктер болып бытыраңқыланған Қытай билік басына Цинь әулетінен Ши-Хуанди император келгеннен кейін (б.з.д. 259 — 210 жж.) біртұтас орталықтанған мемлекет болды. Осы дәуірде Қытайдан солтүстікке және батысқа қарайғы жерді мекендеген халықтар туралы егжей-тегжейлі мағлұматтар пайда бола бастайды.
Б.з.д. III ғасырдың ортасында ғұндар тайпалық одақ құрады. Одақтың негізін құрушы және тұңғыш көсемі Тумен болды. Ғұн одағы Қытай үшін үлкен қауіп болып көрінді. Қытай жылнамалары бойынша ғұндардың отаны Хуанхэбен солтүстікке қарайғы жер (Ордос облысы) деп саналады. Ғұндар Қытайдың Ганысу (Ордос) провинциясынан (Ордос) солтүстікке және батысқа қарай Алтай мен Тарбағатайға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр аумақты мекендеді. Оңтүстікте олардың иеліктері Гоби шөлінің оңтүстік шеті мен Тянь-Шанның солтүстік сілемдеріне дейінгі аралықты алып жатты.
Ғұн елбасыларының жазғы ордасы Орхон өзенінің аңғарында, Ноин-Ула (Шығыс Алтай) тауларыңда болды. Қысқы ордалары Ордоста, Таримнің аңғары мен Жетісуда болды. Ерте және кейінгі ғұндардың қоныстанған өңірлерінде алтын қазыналар мен тұрмыстық керек-жарақтар шыққан көптеген ғұн зираттары мен көмбелер сақталған, олар бойынша олардың тұрмысы, шаруашылығы мен мәдениеті туралы мағлұмат алуға болады.
Ғұн ру-тайпалары жазда солтүстікте климат жағдайлары әртүрлі аумақтарды мекендеді. Олар қоныстанған солтүстіктегі жерлердің климаты өте қатаң болды: қыста үскірік аяздар, жазда жиі-желі шанды дауылдар болып тұрды. Бұл сипаттама Моңғолияның, Батыс Сібірдің, Орталық және Солтүстік Қазақстанның климатына сәйкес келеді. Ғұндар мен қытайлардың арасындағы талас-тартыс негізінен Хуанхэ өзенінің жоғарғы ағысын жағалаған аумақ үшін және Ордостың суы тұнық, шөбі шүйгін жайылымдары үшін болды. Цинь әулетінің дәуірі басталмай тұрып-ақ ғұндар талай рет Хуанхэ өзенінен өтіп жүрді, бірақ қытай жағы оларды кері кайтарудың амалын тауып отырды.
Ғұндар солтүстіктегі Шень-Си, Хэ-Нань провинцияларына жиі-жиі басып кіріп, адамдарын айдап әкетіп құлдыққа салып жүрді. Осыдан кейін үлестік қытай княздары Қытайдың солтүстік шекарасын бойлай бөгет сала бастауға мәжбүр болды, бұл іс Хуан-дидің тұсында аяқталып, Ұлы кытай қорғаны деп аталды. 214 ж. ғұндарды жеңгеннен кейін Хуанди Ордосты басып алып, Хуанхэ өзенінде бекініс салуға әмір берді.
Хуанди өлгеннен кейін (б.з.д. 210 ж.) ғұндар Хуанхэ өзенінен өтіп, Ордосты басып алды. Қытай гарнизондары шекаралық бекіністерінен кетуге мәжбүр болды. Осы уақыттан бастап Қытай ғұндардың үстем билігін іс жүзінде мойындап, оларға алым төлейтін болды. Ғұн одағының жоғарғы көсемі Түменнің ұлы Мао Дунь немесе Мөде болды (б.з.д. 209-174 жж.). Қытайдың Ши-цзи тарихынан белгілісі: елбасы Шанвайдан (Шодай) Мөденің ел басқаруына дейін он ғасыр өткен.
Мөде ғұн одағының билеуші үстем тобының ішкі өзара қырқысында жеңіп шыққан болатын. Ол өзінің әкесіне қарсы шығып оны өлтіріп билікті басып алды. Бұл дәуір туралы қытай жылнамасы былай деп хабарлайды: «Мөденің тұсында хунндар [ғұндар] үйі өте-мөте күшейіп асқақтады; солтүстіктегі барлық көшпелі тайпаларды бағындырып алып, оңтүстікте ол Ортанғы үйге теңесіп алды» — деп жазады Бичурин (І, 48). Солтүстік пен оңтүстіктегі тайпалардың бәрін бағындырып алғаннан кейін ол Ортанғы патшалыққа теңесті.
Ғұн одағы б.з.д. II ғасырдың бүкіл өне бойыңда өз құдірет-күшін сақтады. Мөде Ордостан Каспий теңізіне дейінгі, Алтайдан Памирге дейінгі барлық жерді өз билігіне бағындырды. Б.з.д. 209 ж. ғұндар өздерінен солтүстік-шығысқа қарайғы өңірді мекендеген дун-ху тайпасын бағындырды. 177 ж. олар Орталық Азиядағы ең ірі тайпалардың бірі юечжилерге қарсы жорық жасады. Юечжилерді бағындырып алғаннан кейін олар бүкіл Шығыс Түркістанды иеленіп, Жетісуды қоныстанған үйсіндерге өз билігін орнатты. Қытай жылнамасының хабарлайтынындай, бұл уақытта «ғұндар сол төңіректегі шамамен 26 иелікті өздеріне бағындырды». Ғұн тайпалар одағына Сырдария өзенінің аңғары мен Жетісуды мекендеген тайпалар — юечжилер, қангюйлер (қаңлы), үйсіндер кірді. Үйсіндердің құрамында алапан (албан), субан, икюй (екей), сарығ тайпалары және басқалар болды.
24 тайпадан тұратын ғұн одағы шығыс қанат және батыс қанат болып бөлінді. Әр қанатқа 12 тайпа кіретін, бұдан кейінгі ғасырларда бұл «оң ғар» — он қанат және «сол ғар» — сол қанат болып билік басында жоғарғы көсемге бағынатын, «жауке», «дуки» (данышпан) деген атақтары бар екі көсем тұратын. Ғұндардың жоғарғы көсемі «тәңрі» немесе «тәңрі-құт», шаньюй (кытайша айтылуында таньғой) деген атақпен аталды. Тәңрі-құт пен 24 тайпаның көсемдері мемлекеттік басқарудың өзегі болды. 24 тайпалық көсемнің әрқайсысының бағыныштылығында мыңбасы, жүзбасы, онбасылар болып, бұлар атқарушы биліктің міндеттерін орындады. Әр тайпа көсемінің қарауын — 10 000 салт атты болды.
Соғыс жариялауға, бітім жасауға және жаңа жоғарғы көсем «тәңрі-құтты» бекітуге қатысты маңызды істердің бәрін тайпалық көсемдерден тұратын кеңес шешетін, ғұн тайпалар одағының соты міндетін де сол кеңес атқаратын болды. Тайпа көсемдері жылына үш мәрте: Наурызда, жаз ортасында және күзде тайпааралық дауларда жайластыру үшін және ата-баба аруақтарына арнап құрбандық беру ғұрпын атқару үшін жиналатын. Ата-бабаны қастерлеу ғұндар идеологиясының негізі болды. Тәңрі-құт көсемдердің молаларын тонап кету ғұндар үшін ең қатерлі қорлық саналып, соғыс басталуына себеп болатын.
Мөденің ордасы мен 300 000 жауынгерден тұратын әскері Ганьсу мен Ордос өңірінде Игшан тауларында шоғырланды (Куэн-лунь, Богдо-ола) (Бичурин, I, 114). Осы арада суық қару -қылыш, ұзын семсер, қанжар, найза, қалқан, жебелеріне ысқырма ұштық орнатылатын күрделі садақ, айбалта және т.б. жасайтын ұстаханалар болды. Мөденің жауынгерлері жауға тұтқиылдан тап беру соғыс тактикасын, ат үстінде шауып келе жатып нысанға дәл тигізуге жаттығатын.
Б.з.д. II ғасырдың аяғына, III ғасырдың басына таман ғұндардың тамаша даярланған әрі жақсы қаруланған қуатты әскери ұйымы болды.
Б.з.д. 200 жылы Хуанхэ өзенінің жағасында ғұндардың қытайлармен екінші ірі шайқасы болды. Бұл шайқаста Мөденің өзі бастап шыққан ғұн әскері Хань әулетінің негізін салушы Гаоди басқарған қытай армиясын талқандады. Ғұндар бұл шайқаста өздерінің үйреншікті тактикасын қолданып жауға төрт тараптан атты әскерлермен лап қойды. Бұл орайда ғұн атты әскері батыс тарапта кілең ақ атты жауынгерлерден, шығыс тарапта сұр, солтүстік тарапта өңкей қара және оңтүстік тарапта жирен ат мінген жауынгерлерден жасақталған болып шықты. Бұл жеңіс Қытайды көп уақыт билеуге алып келді.
Ғұндар император сарайынан жылма-жыл алым төлеп тұруды және ғұн көсеміне әйелдікке қытай ханшайымын беруді талап етті. Қытайлық император сарайы тарту-таралғы беріп жағыну, ғұн тәңрі-құттарына әйелдікке қытай ханшайымдарын беру ескілді дәстүрлі әдіс-амалды қамтитын сауда және мәдени байланыстармен, көршілік қарым-қатынаста болғанымен, ғұндарға қарсы астыртын арамдық әрекетін тынбай жалғастырды. Мысалы, ғұн билеушілеріне әйел болған қытай ханшайымдары ғұндардың мемлекеттік, әскери және ішкі істері туралы қытай сарайына хабарлап тұруға тиіс болды. Тәңрі-құттың сарайында Қытайдың құпия агенттері қаптап жүрді. Бұл агенттердің әрекеттері өзара талас-тартыстарды өршітуге, ғұн қоғамының іргесін шайқалтуға бағытталды. Осының салдарынан қуатты ғұн мемлекеті әлсірей бастады. Б.з.д. 169 жылы олардан үйсіндер бөлініп кетті.
Қытайдың солтүстік батыс тараптағы халықтармен қарым-қатынасы қытай жиһанкезі Чжан-Цяньның (б.з.д. II ғ.) жазбаларында бейнеленген; ол он жыл бойына ғұн көсемінің тұтқынында болған еді. Кейін Чжан-Цянь үйсін, қаңлы және юечжи жерлерін үш жылдай аралады. Оның Хань әулетінен император Ву-ди үшін құрастырған солтүстік-батыс тараптағы халықтар туралы жазбалары Қытайдың алғашқы Ши-цзы ресми тарихына енді.
Чжан-Цяньның жазбаларынан мәлім болуынша ғұн империясы Мөденің ұрпақтары Кюн-Чене (б.з.д. 161126 ж.) мен шаньюй У-Вэйдің билік жүргізуі кезінде сол бұрынғы күш-құдіретінде болған.
У-Вэйдің мұрагерлері тұсында (б.з.д. 70 ж.) ғұн одағы бір кездегі күш-қуатынан айырылды. Бұл уақытта ғұндар солтүстіктегі у-хуан, динлин және үйсін тайпаларына қарсы соғысты. Бұл тайпалар ғұндарды тықсыра бастаған кезде Қытай бұл жағдайды дереу пайдаланып, үйсіндермен одақ құрды, бұл одақ қытай ханшайымының үйсін көсемімен некесімен бекітілді. Осының арқасында Қытай бұрынғы ғұндар империясының аумағы арқылы Парфияға еш кедергісіз елшілік аттандыра алады.
Ішкі алауыздықтардың салдарынан және Қытайдың сан ғасырлық зымиян саясатынан б.з.д. 55 ж. ғұн мемлекеті оңтүстік және солтүстік ғұндар болып өз алдына дербес тайпалар одақтарына бөлінді. Оңтүстік ғұндардың көсемі Хуханье б.з.д. 51 ж. өзін қытай императорының вассалымын деп жариялады.
Чжичжи басқарған солтүстік ғұндар Хуханье мен Қытайдың біріккен әскерімен қиян-кескі шайқаста талқандалды. Жаудан қашқан олар солтүстік-батысқа қарай ұмтылды. Жеңілгеннен кейінгі алғашқы кезде Чжичжи шанью қырғыздардың (гяньнунь) арасында болып жүрді. Қаңғюй билеушісі Чжичжиді Қаңғюйге шақырып, оған өз иеліктерінің шығыс бөлігін бермекші болды. Қаңғюйден мыңдаған түйе, жылқы мен есекке артылған көмек жіберілді. Алайда, Қаңғюйден көмек келіп жеткенше Чжичжиді қытай агенттері қолға түсіріп өлтіріп кетті.
Оңтүстік ғұндардың қытайлықтармен шайқасында юебань (жұбан) деген солтүстік-ғұн тайпасы қатысты. Жеңілістен кейін юебань тайпасы Тарбағатай жотасынан асып, үйсіндерден солтүстік-батысқа қарайғы өңірді (Балқаш көлі мен Ұлытау таулары арасындағы жер) мекендеген қаңлыларға барып қосылды.
Ғұндардың Орталық Азияда иелік етуі Мөде заманынан бастап шамамен 800 жылға созылды. Қытай жылнамаларында сақталған генеалогиялық аңыздарға қарағанда осы уақыттың бойында 40 адам ғұндардың көсемдері болған. Кейінірек нығайып алғаннан кейін солтүстік ғұндар тайпалардың жаңа одағын құрып, Қытай мен оңтүстік ғұндарға қарсы табан тірескен шайқастар жүргізген. Алайда солтүстік ғұндарды Қытайдың одақтасы сяньби тайпасы талқандаған. Б.з. 90-жылдарында Қытай сяньби тайпасының күшеюіне көмектескен болатын, ал сяньбилер ғұн тайпалар одағынан ол одақ оңтүстік және солтүстік ғұндар болып ыдыраған кезеңде бөлініп шыққан еді. Сяньбиліктер солтүстік-ғұн одағының Шығыс өңірлерін иеленуге әрекеттенді. Қытайдың бір халықты екінші халықтың көмегімен әлсіретуді көздейтін дәстүрлі зымиян тактикасы табысты болып аяқталды.
Б.з.д. 92-93 жылдарында ғұндардың жерінде адам айтқысыз апат болды. Қуаңшылық, көктайғақ, жұт салдарынан малдың қырылуы ғұндардың қуатын күйретіп кетті. Б.з.д. 93 ж. сяньбилер оларды жеңці. Солтүстік ғұндардың едәуір бөлігі Шығыс өңірлерден кетіп Сырдария мен Каспий теңізі аралығындағы аумақты иеленді. Ғұнның юебань тайпасы өз аумағында қалды.
Сяньби тайпасының иеліктері Қытайдың солтүстік шекараларынан Сібірге дейін, Балқаш көлі мен Ілі өзеніне дейін ұлғайды. Солтүстік ғұндар болса шалғай батысқа кетіп, Дон мен Еділдің арасына барып жайғасты. Дереккөздердің мәліметтерінше б.з. I ғ. аяғында ғұндар Солтүстік Кавказда тұратын алаңдар тайпасын талқандап, одан кейінгі үш ғасыр бойында Қара теңіз маңының барлық тайпаларын бағындырып алды.
Өздерінің батысқа қарай ілгерілеуінде ғұндар үйсіндердің, қаңлылар мен ұйғырлардың біразын ілестіріп әкетті. Б.з. 375 жылы олар Еуропаға кіріп германдықтарға шабуыл жасайды. Ғұндардың Еуропаға келгені туралы хабарлар антикалық дереккөздерде пайда болып, оларды «батыс ғұндар» деп атайды. Шығыс Еуропаға ғұндармен руникалық жазу барды. Венгрияда, Румынияда, Болгарияда ежелгі ескерткіштерде руникалық жазбалар сақталған.
Армян дереккөздерінен мәлім болуынша ғұндар [хунк] Танаис |Дон| мен Солтүстік Кавказдың тұрғындары ретінде б.з.д. II ғасырдан белгілі.
Грек-латын және сириялық авторлар ғұндар туралы олар Қара теңіздің жағалауында (б.з. 375 ж.) готтарға шабуыл жасаған уақыттан бастап жаза бастайды. Готтар бастапқыда Балтық теңізі жағалауын мекендеген ежелгі герман тайпалары остготтар мен вестготтардың одағы болатын. Б.з. III ғасырына қарай олар Қара теңіз маңы мен Дунайға қоныс аударған еді.
Готтар мен соғысар алдында ғұндар бірлесіп шабуылдау туралы алаңдармен одақ жасасты. Готтардың көсемі Эрманарих ғұндарға қарсыласуға әрекеттенгенімен ештене жасай алмай жеңіліп, өзін-өзі өлтіріп тынды. Эрманарихтің ұлдары бастаған гот шонжарлары Батыс Еуропаға қашты. Рубасылары бастаған гот тайпаларының біразы Трансильвания тауларына (Карпат) барып жасырынды.
Ғұндар гот тайпаларының шегінген бөліктерін қуа келіп Паннонияға барды, сөйтіп Тисса және Дунай өзендерінің аралығында ғұндардың Аттила бастаған державасының орталығы құрылды.
Ғұндардың батысқа қарай екпіндей ілгерілеуі Оңтүстік-шығыс Еуропа халықтарының өміріне орасан зор өзгерістер енгізді. Гот тайпаларының талқандалуы халықтардың ұлы қоныс аударуына себеп болды. Батыс Германияның, Францияның шығысының көптеген қалалары қиратылды. Бұл қалалардың қатарында Страсбург, Мец, Вормс, Майнц және басқалар болды. Ғұндарға Каталауын алқаптарына орманды қоршауға, алған кезде бір уақытта ғұндардың досы болған Рим қолбасшысы Аэций герман тайпаларынан көп әскер жинап алып ғұндарға күйрете соққы берді. Бұдан соң екі жылдан кейін Аттила қайтыс болды. Тьерридің жазғанындай, Аттиланың есімі адамзат ғұламаларының тарихында Александр мен Цезарьдің Есімдерімен қатар өз орнын жеңіп алған.
Ғұндардың б.з. 453 ж. Каталауын алқаптарында жеңілуі, Аттиланың өлімі және оның мұрагерлерінің арасындағы алауыздықтар батыс ғұндар мемлекетінің ыдырауына апарып соқты. Ғұндар Оңтүстік-Шығыс Еуропада, Кубань мен Еділ бойының далаларыңда әртүрлі этностық топтарға сіңіп кетті, біразы өз отанына оралды.
Қытай жылнамаларынан ғұндардың көшпелі өмір салтына ыңғайластырылған дөңгелек киіз үйлерде тұрғаны мәлім. Киіз үйлер мен бүкіл шаруашылық құралдарын тасу үшін күймелі арбалар қолданылды, өзендерден өту үшін ғұндардың ерекше әдіспен жасаған былғары тері қайықтары болды. Ғұн шонжарларының киіз үйлері мен күйме арбалары ерекше сән-салтанатты болды. Осындай арба Ноин-Ұла обаларының бірінен табылды.
Ноин-ұла обаларында алтын және күміс бұйымдар, нефриттен жасалған заттар, айналар, сондай-ақ күйме арбаға ұстайтын үлкен қолшатырлар, Қытайда жасалған лак жағылған ағаш шара-аяқтар табылды. Бұланға тарпа бас салған гриф бейнеленген түскиіз ерекше назар аудартады.
Бұл түскиіз ою-өрнегінің сипатына қарай қазақ сырмағына көп ұқсайды. Оның тағы бір ерекшелігі түскиізде Орталық Азияның көшпенді халықтарына тән эпостық сарын анық аңғарылады. Қытай дереккөздерінің мәлімдеуінше ғұндар жұлдыздар мен айдың жайғасуына қарап жол-бағдар белгілеуге өте жетік болған.
Ғұндар балаларын жауынгерлік рухта тәрбиелеген. Ер балаларды қаршадайынан атқа мінгізіп, кішкентай садақпен аң-құс атқызып үйреткен. Жеткіншек балалар қоян, киік аулауға шығатын. Ауыр қару-жарақ асынатындай болған кезде соғысқа аттандыратын тырнақалды ірі аңды өлтірген кезінен бастап ержетіп жігіт болды деп саналған.
Ғұндардың қару-жарағы садақ, жебе, семсер, қылыш, айбалта болған, бұлар түгелдей «ер қаруы — бес қару» деп аталған. Рим тарихшысы Аммиаи Марцеллин былай деп жазған: «Олардың нағыз жүрек жұтқан жауынгерлер делінетіні — олар алыстан шайқасқанда ұштарына асқан шеберлікпен орнатылған үшкір сүйек бекітілген найзаларын лақтырады, ал бетпе-бет келгенде өлген-тірілгеніне қарамай семсерлеседі, жаудың қылышын дарытпайды, мықтап Есілген қыл арқандарын тастап, жаудың ат үстінде, не жаяу қайрат қылуына мұрша бермей буып алады» (Марцеллин, 236). Соғыста ғұндар шапшаң да оңтайлы, шегініп бара жатып кілт айналып қайта тап беретін, садақпен атқанын мүлт жібермейтін.
Ежелгі ғұндардың соғыс өнерінің деңгейі биік болды. Қытаймен соғыста олар ұзын темір семсер, қылыш, ұзын сапты найза, алысқа ататын және ысқырма жебелі күрделі садақ секілді суық қарудың алуан түрін қолданды. Ғұндар қараңғыда көрінбейтін кілең бараң түсті ат мініп, түнде соғысу өнеріне жетік болды. Ежелгі ғұндардың соғыс дәстүрлерін ежелгі түркілер мұраланды.
Антикалық авторлар ғұндардың әдеттегіден ерекше тактикасы туралы жазған. Қытайға қарсы соғысқысы келмегендей жағдайда кону белгісі ретінде қытай сарайына құлын-тай терісінен «жарғақ» жіберетін болған. Бұл ғұндар атсыз, соғысатын шамалары жоқ дегенді білдірген. Бірде ғұндар қытайлардың өздеріне тап бермек ниеттерін білген кезде қоныстары алдына тұсаулы жылқы байлап кететін жағдайлар сипатталған. Мұндайда олар «Цинь патшалығының тұрғындары жылқыны жемдей көріңіздер» — дейді екен. Оның мәнісі соғысатын ниетіміз жоқ дегенді білдіретін болған (Бичурин, II. 201).
Батыс ғұндардың тұрмысы туралы біз римдік тарихшылардың жазғандарынан білеміз. Ғұндардың ордасындағы Рим елшілігін бастап барған тарихшы Присктің сипаттауынша Аттиланың сарайы ағаштан салынған, архитектурасы өте күрделі ғимарат болған. Ол мұнаралар орнатылған дуалмен қоршалған. Қоршаудың ішінде өзге де көптеген үйлер болған. Аттиланың бәйбішесінің жеке сарайы болған. Ғимараттардың арасында тастан қаланған үлкен монша болған. Аттиланың сарайы биік дөңде тұрған. Орасан кең бір ғана жайдың айнала қабырғасында орындықтар қойылған. Ортадағы Аттиланың жайына әр тараптан бірнеше баспалдақпен көтеріліп баратын болған.
Аттиланың елшілердің құрметіне өткізетін салтанатты тойларында белгілі бір жүйелі тәртіп сақталған. Қонақтарға күміс табақтармен тағам таратылып, одан соң камос сусыны [қымыз] берілетін. Той меймандарына шарап алтын және күміс тостақтармен берілсе, Аттила ағаш тостақпен ғана ішетін болған. Аттиланың төңірегіндегілер рубасылары, еңбегі сіңген бекзадалар болған. Оның оң қолы және сенімді өкілі Онгисий (оң кісі) болды. Патшайымның айналасындағы көптеген күңдер оның алдында сәкіде отырып маталарға алуан түрлі кесте-өрнек төгетін.
Түркі сөздерінің шыққан арғы тегі ғұндардың сөзі болып келеді. Қытай деректемелеріне негізделген шығыстанушы ғалымдар Абель Ремюза, К. Ширатори, Шоайберг, Альтхейм, Базен осындай қорытынды жасайды.
Біздер көптеген ғұн сөздерінің қазақ сөздерімен ұқсастығын көреміз. Алайда ол сөздер қытай транскрипциясында бүрмаланған түрде берілген. Бүл ең алдымен ру-тайпа көсемдерінің есімдері мен атақтарына қатысты.
Мысалы, би сөзі қытайша берілуінде ми болады, яғни қытай деректемелерінде ғұнның Күнби — Күнми, тиісінше Оңғарби — Унгуйми, Тулеке — Тулехэ, Қүлке — Хулхэ, төре -доле, тархан — дагян, дөй — дуйю болып шығады. Қазақтың «мынау бір дөй ғой» (аудармасы: «ол өзін ұлымын деп біледі») дегенде ғұнның «дөй» — ұлы деген сөзі бар. Қазақтың тағы бір «Әй дерге ажа жоқ, қой дерге кожа жоқ» деген мақалында ғұнның әмірші дегенді білдіретін «ажа» сөзі айтылады. Қазақ тілінде сақталған ғұн сөздері: орда-орталық, астана, аймақ -қауым, округ, би, бек — иеленуші, жете — ұл, ғұнның тек, оғлан, жете деген сөздері арғы ата, шығу тегі дегенді білдіреді. Қазақ тілінде «тек» сөзі «жете» сөзінің синонимі, осыдан барып «тегі жаман» және «жетесі жаман» деген тіркестердің мағыналық мәні бір, шыққан тегі мардымсыз деген мағына береді. Антикалық және қытай деректемелерінен мәлім болуынша Алтай, Тарбағатай тауларының аттары, Лек — Елек, Жем -Эмба, Ор — Оар (Геродотта) — Ыргыз, Дайк (Птолемейде) — Жайық, Орал, Іле атаулары ғұндардан шыққан.
Бізге дейін жеткен ежелгі ғұн сөздері тарұғ — тары, инмай қас — қас бояйтын бояу, жібек- матаның аты баршын, қашқа, торғын-торқа, даңқ (даңқлы), түмен — 10 мың әскер. Орыстың кинжал деген сөзі ғұнның қанжар деген сөзінен. Ғұнның «қынылуқ» сөзін Ф. Гирт ең ежелгі түркі сөздерінің қатарына жатқызады; бөрі — қасқыр және жарғақ — түгін сыртына қаратып құлын-жабағы терісінен тігілген киім осындай сөздердің қатарында. Жарғақ деген сөз қазақта да бар, қысқы киімнің бір түрінің атауы.
Түркі-моңғолдардың арасында «тәңрі» сөзі ең көп тараған сөз болды. Тәңріге табыну — Орталық Азияның мал өсіруші халықтарының исламға дейінгі діни сенімі. Ғұн билеушілерінің тәңрі — құт болды. Қытай сарайына грамоталарында тәңрі — құт өзін «көк пен жерден туған, күн мен ай тағайындаған» деп атады (Бичурин, I. 58).
Туыстықты білдіретін ғұн сөздерінен қазақ тілінде сақталған сөздер ними — немереге деген сөздің қытайша дыбысталып берілуі, кенже — әкенің ең кіші мұрагері, жеңге -ағаның әйелі.
Ғұндардан түркілердің мұраланғандары тіл, тұрмыс салты, құқықтық, үйлену, жерлеу салт-ғұрыптары, әскерді оң қанат және сол қанат түрінде сап түзу; түркілер ғұндардан тәңірлік діни сенімді, ата-баба аруағына сиынуды, тотемдік, космогониялық және астрологиялық түсініктерді мұраға алды.
Ежелгі ғұндардың өлген адамды жоқтап, дауыс қылып, жоқ деген сөзді талай мәрте қайталап, жерлеу салтын Аттиланы жерлеуге қатысқан Рим елшілері Приек пен Менандр сипаттап жазған. Бұл салт ғұндардан түркілерге ауысты. Орхон жазбаларында өлген адамды жоқ деген сөзді сан мәрте қайталап жоқтау салты туралы айтылады. Бұл салтты қыпшақтар мұраланды, қазақтарда кұпақты тілін, бетті тырнаумен қоса атқарылатын жоқтап дауыс қылып жылау салттық поэзия жоқтау формасында қалыптасты. Түргеш бегі Құрсылдың жерленуіне қатысқан Табари осы салтты сипаттап жазған. Бетін тырнап жырту салты Пянджикенттегі: сарайдың қабырғасында бейнеленген, сурет Түрік қағанаты дәуіріне қатысты. Бұл ғұрып қазақтардың өмірінде сақталған, қазақ әйелдері қайғы-қасірет күйін «бетім-ау!» деп дауыс қылумен білдіреді.
Ғұндар өлген адамдарды табытқа салып жерлеген, қабір басына топырақ үйіп оба тұрғызған. Егер өлген адам атақты тектен шыққан болса, рудың қартайған мүшелері мен құлдарды қоса көметін болған. Атақты адамның табытын алтындап, күмістен әшекейлеген. Қытай жылнамасында былай делінеді: «Ғұн көсемінің мүрдесінің соңынан оған тірі кезіндегідей қызмет көрсетіп көптеген құлдары еріп келе жатты. Табыт соңынан жауынгерлер де ілесіп келеді. Ай толғанда дәстүрлі жоралғы бсталып, ай батқанда ғана аяқталатын. Бұдан кейін тұтқындардың бастары кесілетін, жауынгерлерге бие сүтінен ашытылған сусын берілетін».
Ғұндардың жерлеу ғұрыптарынан түркітілді халықтар мұраланған бір ғұрып киіз үйде адам өлген орынды отпен тазарту болды. Қазақтарда бұл ғұрып арулау, арулаған жер деп аталды.
Ежелгі ғұндардың, ухандықтар мен сяньбиліктердің арасында тараған әдеттегіден ерекше жерлеу ғұрпы итті қастерлеумен байланысты. Семіртілген итке ала жіптен қарғыбау тағып өліктің соңынан ерткізетін. Бұл ғұрыптың мағынасы итке өлген адамның жанын күзету міндеті жүктелгенін білдіретін. Ертістегі қыпшақ обасынан адам қаңқасының жанынан ит қаңқасының шығуы бұл жоралғының қыпшақтардың салтында болғанын көрсетеді, олар бұл жоралғыны ата-бабалары ғұндардан мұраланған. Исламның келуімен бұл дәстүр өзгерді. Итті жерлемейтін болды, ала жіп қарғысымен өліктің соңынан жүргізді, онымен қатарласқан бақсы итке қарата өлген адамның күнәсін өзіңе ал деп сөйлеп келе жататын болды.
Кейін келе исламның ықпалымен бұл салт одан әрі көп өзгерді, иттің орнына мал түрі пайдаланылды, ал ала жіптің ұшын ұстап келе жатқан кісі өлген адамның барлық күнәсін өзіне алатынын айтып ант беретін. Ғұрып атқарылғаннан кейін мал әлгі кісінің меншігі болатын.
Ғұндар Орта Азияны мекендеген түркітілдес ру-тайпалардың арғы аталары болды. Олардың этностық туыстығын салт-ғұрыптары мен тілдерінің ұқсастығы көрсетеді. Ғұндардың тарихи мән-маңызы сонда, олар ру-тайпаларды біртұтас қуатты күш етіп біріктірді, сөйтіп Еуропаға келуі арқылы Рим империясының талқандалуын дайындап берді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.
- Aboul-Ghasi Behadour Khan, publiee par Le Baron Desmaisons, t.I, Texte. St.-Petersbourg, 1871.
- Абулгази. Родословная туркмен. Изд. А.Н.Кононова. М.-Л., 1958.
- Авеста. Избранные гимны. Перевод И.М.Стеблина-Каменского. Душанбе, 1990
- Акишев К.А., Кушаев Г.А. Древняя культура саков и усуней долины р.Или. Алма-Ата, 1963.
- Акишев К.А. Курган Иссык. М.,1978 Ал-Идриси. Нузхат ал-муштак фи ихтирак ал-афак.
- Ал-Истахри. МИТТ. 1, 1939
- Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Алма-Ата, 1959
- Арриан. Поход Александра. М.-Л., 1962
- Аристов А.Н. Опыт выявления этнического состава киргиз-казахов и кара-киргиз. Живая старина. III-IV. СПб., 1894
- Аристов А.Н. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. СПб, 1897
- Барбаро И. Путешествие в Тану. Библиотека иностранных писателей о России. T.I. СПб, 1836.
- Бартольд В.В. О христианстве в Туркестане в домонгольский период. ЗВОРАО. Т. VIII, 1894.
- Бартольд В.В.Очерк иетории Семиречья. Фрунзе, 1943.
- Бартольд В.В. Сочинения. Т. I, П. ч. V. М., 1963-1968
- Бернштам А.Н. Кенкольский могильник. Л., 1940
- Бернштам А.Н. Основные этапы культуры Семиречья и Тяныпаня. Советская археология. XI, 1949
- Бернштам А.Н. Чуйская долина. М.,-Л., 1950.
- Бернштам А.Н. Очерки истории гуннов. Л., 1951
- Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. М.-Л., ч. I-III, 1950.
- Богатая киргизская свадьба. Тургайская газета, 1895, №2, №10; Оренбургский листок, 1897, №50
- Будагов Л.З. Сравнительный анализ турецко-татарских наречий. T.I. СПб, 1869
- Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений. T.I-V. Алма-Ата, 1961-1972.