Қазақ әдебиетінің бөлінбес бөлшегінің бірі — шетелдегі қазақ әдебиеті. Алтайдан Атырауға созылып жатқан ұлан-байтақ даланың иесі болған қазақ халқы өзінің басынан өткен қилы тағдырында қаншама тауқыметті басынан кешірді. Тамыр тарихы әріге кететін осынау сайын даланың сәйгүліктері өз еліне ғасырлар бойы көз алартқан көршілерімен жағаласа жүріп, XXI ғасырға табан тіреді. Бүгінге дейін жеткені көп болғанымен, жоғалтқаны да аз емес. Соның ішінде жаныңды ауыртып, жүрегінді сыздататын орны толмас өкініштің бірі — шетелдегі қазақтар мәселесі. Ұзын саны бес миллионнан асатын қаракөз бауырларымыздың жер бетіндегі бірнеше мемлекеттерде тарыдай шашылып жүргені ақиқат. Алайда, тағдыр тәлкегімен аласапыранда адасып кеткен қандастарымыз сол жақта да өзінше өркен жайып, тамырын тереңге тарата бастады. Алды бірнеше ғасырдан бері өзге халықты мекендейтін ағайындарымыз әлі де өзінің тілі мен дәстүрін, салты мен санасын қаймағын бұзбастан сақтап отыр. Солардың бірі — Моңғолиядағы қазақтар.
XIX ғасырдың орта шенінде Өр Алтайдан Моңғол жұртына қоныс аударған қазақ елінің бір бөлігі бүгінгі таңға дейін сол мекенде өмір сүріп келеді. Өздеріне сай мәдениеті мен әдебиеті қалыптасқан бүл аймақта қалам қарымдарымен моңғол оқырмандары зердесінен де өзінің орнын тауып үлгерген қаламгерлер баршылық. Егер Моңғолиядағы қазақ әдебиеті отандық әдебиеттің бір бөлшегі деп санасақ, онда Моңғолиядағы қазақ қаламгерлері де қазақ әдебиеті тарихынан өздерінің лайықты орындарын алуы тиіс.
Кез келген елдің әдебиетін сол елдің тарихынан бөле қарау мүмкін емес. Себебі, әдебиет сол елдің тыныс-тіршілігінің, тұрмысының бірден-бір айғағы. Елдің жайы, сол елдегі саяси ахуал міндетті түрде сол елдің әдебиетіне әсер етпей қоймайды. Бұл түрғыдан алғанда, Моңғолиядағы қазақ әдебиетін де Моңғолиядағы қазақтар тарихынан бөле қарауға болмайды. Моңғолиядағы қазақ әдебиетіне жалпы шолу жасаған кезімізде біздің ең басты қарастыратын мәселеміз — ондағы қазақтардың моңғол жеріне қалай қоныстануы туралы болмақ. Әдебиет пен тарихты бір-бірінен ажыратылмас ұғымдар деп қарастыратын болсақ, онда Моңғолия қазақтарының әдебиетінен де сол халықтың тұрмыс-тіршілігінің нақты бейнесін көруге болады.
«Тарихи деректерге жүгінсек, Моңғолияға қазақтар алғаш 1860 жылдары, яғни Ресей мен Қытай империяеы қазақ жерін бөлшектеп, алғаш шекара бағанын қадай бастаған тұста, Моңғолияның Маньчжурияның бұғауынан босап жеке шаңырақ құруға ұмтылған кезеңінде қоныс аударған екен. Моңғолия мен Қытай арасындағы шекара 1930 жылдарға дейін ашық болғаны белгілі. Осы уақытта мал жағдайына орай Алтайдың күңгейі мен теріскейіне көшіп-қонып жүрген қазақтың бір бөлігі Моңғол билеушісінен арнайы жер сұрап, Алтайдың арғы бетінде қонақтап қалған делінеді. Батыс Моңғолияны қазақтар 1867 жылдан қоныстана бастаған екен. 1940 жылы сол жердегі қазақтардың басшылығымен және әкімшіліктің қолдауымен ұзын саны 40 мыңға толмайтын қазақтар жеке ұлттық аймақ құрды. 1940 жылы тамыз айында 20 киіз үймен алғашқы құрылтайы болып өтті. Осы құрылтайда Қазақтың ұлттық Баян-Өлгий аймағын кұру туралы қаулы қабылданып, оның басшысы ретінде Бежеұлы Қабиды сайлау туралы шешім шығады. Баян-Өлгий аймағы жасақталғанда, 10 аудан (сұмын), 56 ауылдан (бақ) тұрған екен. Бұнда 7063 отбасы, 32 мыңнан астам адам, 9 миллионнан астам малы болған екен.
Бүгінде 73 жылдық тарихы бар Баян-Өлгий аймағы саяси-әкімшілік бағыныштылығы жағынан Моңғолияға тиесілі болғанымен, осы жылдар ішінде ондағы идеология қазақы идеология болды. Қазақтың жырақта тігілген жеке отауындай күй кешті. Алыс шетелде жеке мәдениет ошағын құрған бірден-бір қазақтар ретінде Моңғолия қазақтары өнер мен ғылымның әр саласында ерен еңбек етіп отырды.
Моңғолиядағы аз ғана қазақтың өсіп-өркендеуіне, өзінің дара ұлттық мәдениетін жасақтауына бірден-бір септігін тигізген сол кездегі маркстік-лениндік ұлт саясаты. Сол жылдардағы ұлттардың өзін-өзі басқару идеясы Баян-Өлгей аймағының өз алдына жеке шаңырақ көтеруіне мүмкіндік тудырды. Осы кезеңнен бастап, Баян-Өлгий аймағына Қазақстаннан арнайы мамандар келіп, әр саланың көркеюіне, дамуына өз үлесін қосты. Әр ауылда жаңадан сауат ашу мектептері ашылып, ұлттық газет-журналдар шыға бастады, ұлттық баспахана салынды, ұлттық музыкалық драма театр ашылып, алғаш 40 адамнан құралған ұлт аспаптар оркестрі кұрылды. Осы кезде Қазақстаннан Абай Қасымов, Шәріп Өтепов секілді саяси қайраткерлер келсе, Алдаберген Мырзабеков, Хабиболла Тастанов секілді өнер қайраткерлері қазақ ұлттық театрының шаңырағын тіктеуге атсалысты. Ал, Төлеубай Қордабаев, Тілеуберді Сауранбаев секілді оқу-ағарту саласының мамандары әр ауылда мектеп ашуға кірісті. Тағы бір айта кетерлігі — мектептердегі оқу-ағарту ісі, идеологиялық іс-шаралардың барлығы Қазақстанның бағдарламасымен жүргізіліп отырды. 1990 жылға дейін Қазақстанда жарық керетін мерзімді басылымдардың барлығы Баян-Өлгийге жеткізіліп түрды. Оқулықтардың барлығы дерлік Қазақстаннан алынатын. Тек қана Моңғолияның жағрапиясы мен тарихын, әдебиетін моңғол тілінен қазақ тіліне аударып шығаратын еді». Осы мезгілде Моңғолиядағы қазақтар түрлі жетістікке қол жеткізді. Қазақ тілінің қадір-қасиетінің жогалмауы сол мемлекеттің ұлттарга деген жақсы қарым-қатынасының нәтижесінде болса керек. Бүгінге дейін Баян-Өлгей қазақтары сол мемлекетте үлкен ықпалға ие. Көптеген ғылым және өнер майтаямандары, әр сала бойынша Моңғолияға еңбегі сіңген қайраткерлер бар.