Жасушалардың тіршілік әрекетінің негізгі шарттарының бірі — мыңдаған заттардың қатысуымен жүретін алуан түрлі химиялық процестер. Тірі организмдердің жасушалары химиялық құрамы бойынша ұқсас. Бұл органикалық дүниенің біртұтас екендігін көрсетеді. Тірі организмдердің құрамында химиялық элементтердің едәуір мөлшері табылған, олардың біреулері көп мөлшерде болса, басқалары аз мөлшерде болады.
Тірі организмдердің 98%-ы төрт элементтен: оттек, көміртек, сутек және азоттан тұрады, өйткені олар нәруыздар, көмірсулар, майлар, нуклеин қышқылдары тәрізді негізгі органикалық заттардың құрамына кіреді. Көміртек, сутек, оттек атомдары барлық заттар молекулаларының негізгі «қаңқасын» түзеді (құрылыс материалы). Азот, фосфор, көміртек, оттек және сутек нуклеин қышқылдарының құрамына кіреді. Олар тұқымқуалаушылық белгілерінің берілуін және жасушалардың қайта қалпына келуін жүзеге асырады. Бұл элементтер энергетикалық зат — АТФ-тің құрамында да болады. Сутек жер бетіндегі ең көп таралған суды құраушы зат болып табылады. Тірі организмдердің көптүрлілігі олардың жасушаларында алуан түрлі нәруыз молекулаларының және нуклеин қышқылдарының болуымен байланысты деп айтуға болады. Сондықтан оттек, сутек, көміртек, азот макроэлементтер деп аталатын топты құрайды. Бұған күкірт, фосфор, хлор, калий, магний, натрий, кальций, темір де кіреді (оларға жасуша құрылымының 1,9% -ы тиесілі). Осы элементтердің әрқайсысының маңыздылығы 1-кестеде келтірілген.
Организмдер жасушаларында өте аз мөлшерде (0,01%-дан аз) тіршілік үшін маңызды элементтер кездеседі. Олар микроэлементтер тобын құрайды. Бұлар: мырыш, молибден, мыс, фтор, бор, марганец, алюминий және т.с.с. Осы элементтердің қандай да біреуінің пайыздық мөлшері оның организмдегі маңыздылық көрсеткіші болып табылмайды. Олардың біреуінің жетіспеушілігі не артық болуы организмнің тіршілігіне, іс-әрекетінің бұзылуына, аурулардың дамуына әкеліп соқтырады. Мысалы, өсімдіктердің бор деп аталатын элементті қажет етуі 0,1 — 0,04 мг-ды құрайды. Топырақта ол жетіспеген жағдайда өсімдіктерде жемістер мен тұқымдардың түзілуі кешігеді. Гүлдену болған күннің өзінде де түйіндерінің жаппай түсуі орын алады. Азық құрамында йодтың жетіспеушілігі адамда зоб ауруының дамуына әкеледі. Табиғатта организм жасушаларына белгілі бір элементтерді жинақтайтыны байқалған. Осылайша теңіз орамжапырағы судан йодты өзіне сіңіреді. Мыс устрицалар мен сегізаяқтардың барлық мүшелерінде болады. Бұл микроэлементтердің қандай да бір маңызды іс-әрекеттерді орындауы үшін организмдер тіршілігіне қажет екендігін көрсетеді.
Марганец элементі өсімдіктер және жануарлар организмінің құрамына кіреді. Ол өсімдіктердің тыныс алуы мен фотосинтез процесінің жүруіне, қанттардың түзілуі мен қозғалысына түрткі болады, жағдай жасайды. Жануарларда марганец жас организмдердің өсуін күшейтеді, қантүзіліміне әсер етеді. Әсіресе бұл элементтің құстар организмінде жетіспеушілігі оларда сүйек қаңқасының бұзылуына байланысты болатын ауру — перозиске әкеледі.
Топырақта мыс қажетті мөлшерде болмаса, өсімдіктер нашар дамиды. Олардың жасыл бөліктері өңсізденеді және солып қалады, бос дәнділік пайда болады. Жануарларда мыс қан түзетін жасушалардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет.
Элементтердің қандай да бір түрінің артық мөлшерде болуы да организмге кері әсерін тигізеді. Мысалы, молибденнің топырақта және өсімдіктер организмінде артық мөлшерде болуы жануарларда асқорыту жолдары қызметінің бұзылуына; фтор көп болса, сүйектер мен тістерге тән аурулардың таралуына; селеннің артық мөлшері жануарлардың жүндерінің түсуіне, тұяқтарының өсуіне, бұзылуына әкеледі.
Белгілі бір элементтің әсер ету сипатын білу өсімдіктер мен жануарлар ауруларын емдеуге мүмкіндік береді және ауылшаруашылығының әрі қарай дамуына жол ашады.
Пайдаланылған әдебиеттер: Очкур Е.А., Құрманғалиева Ж.Ж. Биология. Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Мектеп, 2017. — 256 бет.