Менопаузаны қалай өткеру керек

Менопауза дегеніміз — әйелдерде етеккір оралымының (цикл) тоқтаған кезі. Әйелдер оны әртүрлі қабылдайды: кейбіреулерде ол елеусіз басталса, енді бірінде жағымсыз сезімдермен қатарласа жүреді. «Менопауза» термині — бұл гректің екі сөзінің біріктірілімі: menses (кезеңдер) және pausis (тоқтау), ол әйел өмірінде етеккір оралымы кезеңінің ақырына жеткенінен хабар береді. Шамамен елу жасында оның аналық бездері (әйелдің ұрпақ өрбіту организмі) әйелдің жыныс гормондары саналатын эстрогендер мен прогестеронды және аналық жасушаны түзуге қабілетсіз болады. Алайда кейбір әйелдерде менопауза едәуір ерте, мысалы, 35 жасында басталуы мүмкін.

[toc]

Ұрпақ өрбіту функциясының жоғалуы

Менопауза — барлық әйелдер үшін жыныстық жетілу, жүктілік және бала туу сияқты табиғи кезең. Кейбір әйелдер үшін бала көтеру қабілетінің жоғалуы қатты уайымға негіз болып табылады және әйелдік тартымдылығының және әйелдік қайнарының ақырына жеткенін білдіреді. Жүктілікті қаламау мен әйелдің ана болуға физикалық тұрғыдан қабілетсіздігінің арасында үлкен айырмашылық бар. Менопаузаға қатысты айтар болсақ, әйелдер өздеріне тән нәзіктік пен бала тууға қабілеттіліктің екі басқа нәрсе екендігін мойындауына тура келеді.

Менопауза басталуының физикалық белгілері

Менопауза әрбір әйелде әрқалай көрініс береді. Әйелдердің шамамен 20%-ы етеккірдің тоқтауынан басқа ештеңені сезінбейді және осы кезеңнен жайлы өтеді. 60%-ға жуығы қандай да бір өзгерістерді сезінеді, ал әйелдердің 20%-ында гормондық теңгерімнің бұзылуы салдарынан айқынырақ көріністер байқалады.

Менопаузаның ең кең таралған және күйзелу симптомы «ысыну» болып табылады. Бұл кенеттен болатын ысыну сезімі мидағы химиялық өзгерістермен байланысты, онда ол терідегі қантамырларға дабыл қағып, олардың қысылуына ықпал етеді. Менопаузаның басқа жиі көріністеріне түнгі тершеңдік, либидоның нашарлауы және ашушаңдық жатады. Осы кезеңдегі басқа өзгерулер қынап қабырғасының жіңішкеруімен және кебе бастауымен байланысты. Менопаузаның симптомдары несеп шығарумен байланысты қиындықтар да болуы мүмкін.

Гормонды алмастыратын ем

Осы кезеңде әйелдің жағдайын гормонды алмастыратын ем (ГАЕ) жеңілдете алады. Ол ысынуларды, түнгі тершеңдікті реттеуге жәрдемдеседі және қынап тіндерін қалпына келтіруде тиімді болуы мүмкін. Алайда ГАЕ-ні ұзақ уақыт қолдану асқыну қаупімен байланысты. Оның жағымсыз әсерлері сүт бездерінің ісінуі, аяқ бұлшықеттерінің ауруы және құрысуы, іштің кебуі, артық салмақ, депрессия және бас ауру болуы мүмкін.

Психологиялық өзгерістер

Менопауза кезеңінде әйелдерде психологиялық өзгерістер орын алады. Мінезі өзгереді: ашушаңдық, өзіне сенімсіздік, көңіл күйдің тез құбылуы байқалады, тіпті әйел бұрын осындай қолайсыздықтарды сезінбеген болса да, абыржу, үрей пайда болады.

Зерттеушілер мұның әйел организмінде эстрогендер өндірілуінің тоқтауынан болған психологиялық өзгерістер ме, әлде басқа ма, немесе бұл ұйқының бұзылуының, жастық пен сұлулық дәріптелетін қоғам алдында қысылу мен ысынудың нәтижесі ме — бұл туралы әлі де бір шешімге келген жоқ.

Менопауза кезеңінде жүретін физиологиялық өзгерулер қарттықтың жақындағанын ұғынуды және мазасыздану сезімін ғана күшейтуі мүмкін. Бұдан басқа, өмірінің бұл кезеңінде әйелдердің күйзеліске бой алдыруына мысалы, жасөспірім балаларымен туындайтын қиындықтар, кәрі ата-аналарын қамқорлыққа алу, туған үйінен кететін ересек балалар сияқты («босаған ұя синдромы» деп аталатын) көптеген қосымша себептер бар.

Жұбайымен қарым-қатынас

Менопауза кезеңінде серігімен қарым-қатынаста, әсіресе ер адамның өзі орта жастың қиындықтарын бастан кеше бастаған және өмірден өзі талап еткендерінің бәрін ала алмадым деп есептеген жағдайларда шиеленістер туындауы мүмкін. Әйелдер серігінің қамқорлығын өте қажетсінген кезде ер адам өзінің мәселелерін шешуден босамайды. Осы кезеңдегі қандай да бір үрыс-керістер қарым-қатынастардың толық үзілуіне әкеп соғуы мүмкін.

Алайда бәрі бірдей өмірдің бұл түбегейлі өзгерістерін сезіне бермейді. Кейбір әйелдер ай сайынғы етеккір оралымымен байланысты гормондық фонның ұдайы жоғарылауынан және төмендеуінен ыңғайсыздықты басынан өткереді, және менопауза уақыт өте келе олар үшін жеңілдеу және тыныштану кезеңі болады.

Неғұрлым осалдау топтар

Әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмендеу топқа жататын әйелдердің көбісінде менопауза кезінде физиологиялық проблемалар туындайтыны анықталды. Мұның себебі анық емес, бұл оның қаржылық қауіпсіздігінің және тұрақтылығының жоқтығымен байланысты болуы мүмкін. Өзінің қоғамдағы рөлін, яғни бала туу және ана болуды біржола айқындаған әйелдер менопаузаның симптомдарына аса сезімтал болып келеді. Олар үшін менопауза өзінің жеке басының өте маңызды тұстарын жоғалту дегенді білдіреді.

Қоғам және оның құндылығы

Әлемнің әртүрлі елдерінде менопаузаның физиологиялық зардаптарын зерттей келе, ғалымдар менопауза көбіне қоғамның егде жастағы әйелдерге қарым-қатынасына тәуелді болады деген қорытындыға келді. Мысалы, Жаңа Гвинеядағы папуастарда тайпаластардың ішінде әйелдердің мәртебесі жасы ұлғайған сайын жоғарылай түседі, және қоғам қартаюға және менопаузаға түсіністікпен қарайды. Үндінің Раджастан штатында менопауза кезеңінде әйелдер көшеде бетін қалқаламай ашық жүріп, өз ауылындағы ер адамдармен еркін сөйлесе алады. Мұндай елдерде әйелдер әдетте менопаузаның жағымсыз зардаптарына шағымданбайды.

Батыс мәдениетіне басқаша құндылықтар тән. Қоғам жас әйелдердің тартымды екенін ашық мойындайды, ал егде жасқа бой алдырған кезде оларға деген қызығушылығын жоғалтады.

Жаңа мәртебе — әже атану

Адамдар — бала туу қабілетін жойғаннан кейін де әйел организмі өмір сүруін әрі қарай жалғастыра беретін Жердегі жалғыз тіршілік иелері.
Әйелдерде менопауза тек аналар жағынан ғана емес, сонымен қатар әжелер жағынан да келер ұрпақтарға қатысты қамқорлықты қамтамасыз ету үгпін арнайы орын алатын қүбылыс деген теория бар.

Сонымен, әйел өмірге нәресте әкелуге мүмкіндігі жоқ жаста әже атанып, ана болудың тағы бір мүмкіндігіне ие болады. Әжелер мен аталар немерелерімен қарым-қатынаста айтарлықтай жағымды көңіл күйге бөленеді. Күн сайынғы ата-аналық қамқорлықтан айырмашылығы — олар уақыттарын немерелері де, балалары да қанағаттанатындай қызықты істерге жүмсау мүмкіндігіне ие болады.

Менопаузаның жағымды жақтары

Көптеген әйелдер осы кезеңде еркіндікті сезінуден рахаттанады. Оларды енді бұдан былай етеккір алдындағы синдром, етеккірмен немесе жүктілікпен байланысты уайымдар, балаларды тәрбиелеу жауапкершілігі немесе жас әйелдерге тән әдеттегідей басқа да мәселелер мазаламайтын болады. Осы жастағы әйелдер депрессияға азырақ ұшырайды, сонымен қатар өмірінің осы жасқа дейін қалыптасқан басқа кезеңдеріне қарағанда, осы өміріне риза болады.

Өмір жалғасады

Әйелдер үшін өз өмірінің жаңа кезеңіне көндігу өте маңызды. Бүгінгі күні әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 80 жастан асады, яғни олардың 40%-ы дерлік менопаузадан кейінгі уақытқа сай келеді. Менопаузадан кейінгі өмірге жағымды жағынан қараған жөн. Бұл — әйелдер үшін отбасында жаңа рөл атқаруға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашылатын жаңа кезең.

Қолданылған әдебиет: Егде жастағы денсаулық / Питер Абрахамс; орыс тілінен аударған: Ұ. Тілегенова.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *