Заманауи мемлекеттерді сипаттайтын бірқатар белгілер бар. Ол үшін әлемнің еаяси картасына қарар болсақ, немесе мемлекеттік құрылыс нысандарының көптүрлілігін сезіну үшін анықтамалықты ашсақ жеткілікті. Біз онда республикаларды, федерацияларды, корольдіктерді, князьдықтарды, әмірліктерді, сұлтанаттарды кездестіреміз; бірқатар мемлекеттер өздерін — халықтық, біреулері — демократиялық деп атайды. Жекелеген атауларда сол мемлекеттердің қалыптасуының тарихи ерекшеліктері көрініс тапқан: Америка Құрама Штаттары, Біріккен Араб Әмірліктері, Мексикандық Құрама Штаттары, ал өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы және Югославия Социалистік Федеративтік Республикасы өмір сүріп келді.
Саясат әлемінде бағдар алу оңай болуы үшін және әртүрлі мемлекеттер бір-бірінен қандай сипаттарымен ерекшеленетінін анықтау үшін ғалымдар мен ойшылдар ерте кезеңнен бастап түрлі классификациялаулар ұсынды. Олар мемлекет түрлерін бөліп қарастыруда әртүрлі белгілерді басшылыққа алды. Мәселен, біз мемлекеттер жер аумағы, экономикасының даму деңгейі, қарулы күштерінің қуаты, әлемдегі саяси салмағы мен беделіне байланысты бір-бірінен ерекшеленетінін білеміз. Осы ретте, біз үшін мемлекеттік құрылыс нысанымен байланысты өлшемдердің маңыздылығы айқын.
Олардың ішінде мынадай өлшемдер көзге түседі:
- Басқару нысаны — мемлекеттегі жоғарғы билік органдарын ұйымдастыру тәсілі.
- Аумақтық-мемлекеттік құрылыс нысаны орталық және жергілікті билік органдарының өзара қатынасу түрін анықтайды.
- Саяси режим — билік функцияларын атқаратын әдістер мен құралдардың жиынтығы.
Басқару нысаны мемлекеттік биліктің жоғарғы органдарының қалыптасу нысанымен, сонымен қатар олардың қызмет атқаруы мен өзара әрекеттесу ерекшеліктерімен анықталады. Қазіргі күнде өмір сүріп отырған мемлекеттерді екі үлкен топқа — монархиялық және республикалық басқару нысанына бөлуге болады.
Монархия — ондағы билік мемлекеттің бір басшысының — монархтың (король, император, шах, әмір және т.б.) қолына жинақталатын басқару нысаны. Монарх лауазымы тақмұрагерлігін иелену қағидаты бойынша беріліп отырады. Монархияның басты ерекшеліктері: — биліктің мұрагерлікпен берілуі; — биліктің тұрғындарға есеп бермеуі; — билік құзыретін іске асыруда уақыттық шектеудің жоқтығы. Республика — мемлекеттік биліктің жоғарғы органдары тұрғындардың әртүрлі әлеуметтік топтарының мүдделерін көрсететін сайлану және алмасу жолымен қалыптасатын басқару нысаны болып табылады. Республикалық биліктің монархиядан ерекшелігі келесідей сипаттармен анықталады: — биліктің сайланбалылығы, — тұрғындар алдында есеп беруі, — басқару мерзімінің шектеулігі.
Монархия мен республикалар арасындағы айырмашылық биліктің берілу әдістеріне негізделеді: монархиялық құрылыста жоғарғы билікті жүзеге асыратын патша билігі «(король, император, шах, әмір және т.б.) белгілі бір әулетке тиесілі болып табылады және монарх титулы мұрагерлік бойынша беріліп отырады. Әдетте, монарх өмір жасы жеткенге дейін билік құрады, ал ол дүниеден қайтқан соң патша тағына үлкен ұлы отырады. Ерекше жағдайларда (мұрагерлері жоқ болған жағдайда, биліктен кеткен және/немесе тайдырылған жағдайда және т.б.) билік жақын туыстарының қолдарына өтуі мүмкін. Мұндай жағдайларда заңдар, дәстүрлер, жазылмаған тәртіптер мен ережелер көп жайтты айқындайды.
Билікті ұйымдастыру нысанына қарай монархиялар абсолютті, дуалистік және конституциялық болып бөлінеді.
Абсолютті монархия. Орта ғасырларда монархтар шектеусіз билікті пайдаланды. Король суверенитетке ие еді, яғни ол өз бодандарынан толық тәуелсіз болды. Заңдарды шығару, соғыс жариялау мен бейбітшілікті бекіту, әскер жасақтау, алым-салықтар жинау, шенеуніктерді тағайындау, сот билігін іске асыру, шіркеу қызметкерлерінің қызметтерін бақылау, атақ-мансаптар беру — тек корольге тиесілі құқық болатын. Сондықтан мемлекеттік мүдделер мен патшалардың мүдделері бір және бөлінбейтін тұтастық деп есептеліп, король бір мезгілде жоғарғы заң шығарушы әрі мемлекеттік шешімдерді атқарушы және жоғарғы сот функцияларын атқаратын еді. Мұрагер патшаның қолында биліктің осындай түрде жинақталуы абсолюттік монархия деп аталады. Яғни абсолютті монархия жағдайында король заң шығарады, ол сонымен қатар халыққа өз бодандарына құқықтар мен міндеттер жүктейтін конституцияны тарту етеді.
Абсолютті монархиядағы корольдің рөлі Гетенің атақты «Фауст» туындысында анық бейнеленген. Осы шығармадағы бодандарының тағдыры оның қалауынан тікелей тәуелді болатын корольге жолданған мадақтауға назар аударып көрелік: Сен ұлысың: қаламмен жазып екі сөз, бақытқа кенелт халқыңды!
Қазіргі күнде абсолютті монархиялар Араб түбегінде, Азия мен Африканың жекелеген елдерінде әлі де сақталып отыр. Олардың қатарында Сауд Арабиясы, Катар, Кувейт, Оман, Бруней және тағы басқа елдерді айта кетуге болады.
Конституциялық монархия. ХVIII-ХІХ ғасырлардағы буржуазиялық революция Еуропаның көптеген елдеріндегі король билігінің тұғырының шайқалуына алып келді. Дегенмен, жекелеген Еуропа елдерінде корольдері абсолютті билікті пайдаланудан шеттетілген монархиялар бүгінге дейін сақталып қалды. Мәселен, ағылшын ханшайымы бүгінгі күннің өзінде мемлекет басшысы ретіндегі титулын сақтап қалған, дегенмен шынына келгенде ол елді басқармайды және негізінен мемлекет пен ұлт тұтастығының рәмізі ретінде мәртебеге ие. Яғни, ханшайымның саяси құзыреті рәміздік сипатқа ие. Ұлыбританияда заң шығарушы билікті парламент иеленетін болса, атқарушы билік министрлер кабинетіне берілген. Биліктің осындай ұйымдасу түрі конституциялық монархия деп аталады. Конституциялық монархиялар қазіргі күнде Еуропаның батысы мен солтүстігінде орналасқан мемлекеттерде (Ұлыбритания, Дания, Швеция, Нидерланды, Норвегия елдері), Азия (Жапония) мен Африкада бар.
Осы ретте, Ф.Ницшенің терең мағыналы қанатты сөзі еске түседі: «Осыдан бастап конституциялық монархтарға жақсы түрде көріну тарту етілді: олар осы кезеңнен бастап «әділетсіз істерге» бара алмайтын болып қалды — сол үшін олардан билік тартылып алынды».
Дуалистік монархия. Бұлардан бөлек, монархиялық мемлекеттердің арасында абсолютті және конституциялық монархия қағидаттары қатар көрінетін мемлекеттер де бар. Олар дуалистік монархия атауына ие болды. Дуализмде (немесе екіүдайлық) биліктің белгілі бір бөлінісі көрініс табады, ал король осы орайда айтарлықтай кең өкілеттіліктерді пайдаланады. Монарх үкіметті басқарады (немесе тағайындайды), парламентпен қабылданған заңнамалық актілерге вето қоя алады, мемлекетті тікелей басқаруды жүзеге асырады. Дегенмен, бір мезгілде, монарх лауазымы мүрагерлік сипатта қала береді. Бұрын мұндай қатынастар феодализмнен капитализмге өту барысында парламентаризм әлі де аяғынан нық түрмаған кезде орын алатын. Қазіргі күнде дуалистік монархияға мысал ретінде Иордания, Марокко, Тунис елдерін айтуға болады.
Монархиялық биліктің өткені мен бүгіні. Жер шарында көп уақыттар бойы монархиялық билік үстемдік етті. Біз осы ретте Қазақ хандығы, Түрік қағанаты, Ресей империясы, Дат корольдігі тәрізді мемлекеттердің тарихта болғанын білеміз. Тіпті, XX ғасырдың басында Болгарияда, Италияда, Қытайда, Түркияда, Югославияда, Ауғанстанда корольдер, императорлар, әмірлер мен шахтар билік құрып тұрды. Тарихта монархиялық билік жойылғаннан кейін де халықтың монархтарды билікке қайта шақырған мысалдары бар екенін де айта кету керек. Мұндай жағдай Испания мен Камбоджада орын алды. Аталған екі ел өз тарихтарында қоғамның жауласушы тараптарға бөлінуі нәтижесінен туындаған күрделі сәттерін басынан өткерді және король билігіне қайта оралу ол елдердің ұлттық бітімгершілікке келулеріне және билік беделінің қайта өрлеуіне мүмкіндік берді. Осы ретте, монархияның билікке қайта келу түріндегі реставрация Испанияда сәтті өткенін айта кету керек.
Испанияда 1975 жылы король билігінің қайта орнатылуы диктаторлық режимнен демократияға бейбіт түрде өтуді қамтамасыз ете алды. Король Хуан Карлос I елді осындай сын сағатта әскери режимге қайта оралудан құтқарып қалып, оны экономикасы қарқынды дамыған заманауи мемлекетке айналдыра алды. Қазіргі күнде, ел дамуының күрделі сәтінде реформаларды іске асыруды өз мойнына алған Испания басшысының әлемдегі беделі ерекше деп айтуға болады.
Ал Камбоджадағы дәл осындай жағдай күрделі сипатта өтуде. Аталған елдің демократияға бет алған бастапқы қадамдары күрделі және қарама-қайшылықты үрдісте көрініс табуда. Дегенмен, Нородом Сианук елдің болашақ дамуында оңды рөл ойнайды және ұлтты біріктіре алатын тұлға болады деуге үміт бар екенін айта кету керек.
Конституциялық монархияның ерекшеліктері. Осы орайда Жапонияның конституциялық құрылысын мысал ретінде қарастырып көрелік. Бұл елде император салтанатты түрде «мемлекет пен халық бірілігінің рәмізі» ретінде жарияланған. Дей тұрғанмен, елдегі шынайы саяси әрекеттердің барлығы министрлер кабинетінің ұсынысымен және соның келісім беруімен ғана қабылданады. Императордың өкілеттілігі конституциямен қатаң түрде белгіленген: ол парламент пен үкіметтен шыққан заңдар мен жарлықтарды бекітеді, парламенттің төменгі палатасын (өкілдер палатасын) таратады, парламент сайлауларының мерзімін белгілейді, жоғарғы лауазымдағы тұлғалардың тағайындалуы мен қызметтен босатылуын бекітеді, шетел елшілерінің сенім грамоталарын қабылдайды, амнистияларды мақұлдайды, мемлекеттік марапаттарды табыстайды. Осы ретте, церемониалдарды жүргізу императордың басты міндеттерінің бірі болып табылатынын айта кету керек. Жалпы, ел үкіметі мен парламентінің барлық ұсыныстары мен тағайындаулары жапон монархы үшін міндетті болып табылады және ол үкімет тарапынан берілетін кез келген құжаттарға сөзсіз қол қоюы тиіс.
Конституциялық шектеулер жағдайында монарх мүдделі күштер арасындағы саяси күрестен және жекелеген топтардың бір сәттік мүдделерінен жоғары түратын фигура болып табылады. Халық қалауымен сайланбайтын тұлға ретінде король мемлекеттік институттардың тұрақтылығының және қоғамдық жүйенің сабақтастығының кепілі ретінде көрінеді. Күнделікті саяси өмірдегі конституциялық монархтың рөлі айтарлықтай рәміздік сипатқа ие және сол қоғамдағы дәстүрлі рәсімдер мен церемониаларды атқарумен шектеледі. Мәселен, ағылшын ханшайымы заңдарды бекітеді, парламент сессияларын ашады, марапаттаулар мен титулдарды береді.
Бүгінгі күннің өзінде Ұлыбританияның бүқаралық ақпарат құралдарында король сарайын күтіп-ұстау ел бюджетіне қымбат түсіп отырғаны туралы мақалаларды көптеп кездестіруге болады. Шынында да, король отбасына тиесілі сарайларды, үйлер мен көліктерді лайықты деңгейде ұстаудың және король отбасы мүшелерінің көптеген сапарлары салық төлеушілер үшін елеулі соманы қүрайтыны анық. Дегенмен, осындай жағдайлардың өзінде ел жүйесін өзгерту туралы сөз айтылмайды, ол тек британдықтардың жоғарыда аталған шығындарды мемлекет қазынасынан қаржыландыру көлемі туралы ойларын білдіретін пікірталаспен шектег леді. Өйткені Ұлыбритания азаматтары өз елін монархсыз көзге елестете алмайды, және қоғамдық алаңда кейде айтылып жататын республикалық жүйені ендіру туралы пікірлер түрғыңдар тарапынан қолдау таппайды. Бұл британ азаматтарының болашаққа қатынастағы сенімдері қазіргі өмір сүріп отырған король билігінің тұрақтылығына қатынастағы сеніммен тығыз байланысып кеткеніне дәлел бола алады.
Негізгі үғымдар: басқару нысаны, аумақтық-мемлекеттік құрылыс нысаны, саяси режим, монархия, абсолюттік, конституциялық және дуалистік монархия, реставрация.