«Қилы заман» Мұхтардың 1916 жылғы қазақ көтерілісінен алып жазған тарихи ұзақ əңгімесі (повесі). Бұл 1928 жылы Қызылордада Қазақстан баспасында басылып шықты. Повестің қысқаша мазмұны мынау:
Бұрынғы Жетісу облысы Жаркент уезіне қарайтын Алатаудың бір саласындағы Албан дейтін елдің жайлауда отырған кезінде, 1916 жылы қазақтан майданға қара жұмысқа жігіт алу туралы патша үкіметінің жарлығы шығады. Осы кезде Албан елінің жайлауының қақ ортасынан ашылған Жетісудағы атақты «Қарқара» жəрмеңкесі жүріп жатады.
Жарлық ең алдымен жəрмеңкеде тұрған приставқа келеді. Бұрын қазақты сүліктей сорып, параға сүйеніп қалған пристав (ақ желке) өзімен жемтіктес Плотников деген уряднигі шақырып алып, келген жарлықты оқиды да, екеуі оңай олжа табылды деп іштерінен қуанып, жарлықты естіртпек үшін ертеңіне болыстарды жинамақ болады.
Болыстардың бəрі жəрмеңкеден табылады. Ертеңінде жиылыс болып пристав жарлықты естіртеді. Болыстардың ішінде Рахымбай дейтін приставтың тілектесі бір қу болыс бұл жарлыққа ішінен қуанады да, өзгелері төбесіне жай түскендей тұнжырап, қабақтарын қарс жауып үндемейді. Жалғыз-ақ Əубəкір дейтін болыс «біз жарлықты жариялаймыз, бірак ел бұған көнбейді» десе, пристав сен бүйдеп отырғанда ел не демейді. Сөзді қой да, жігіт жина! деп тұжырып тастайды.
Болыстар жігіт беруді елге хабарландырмақ боп, жігіттердің тізімін үш күнде приставка тапсырмақ боп тарайды. Бұл хабар сол күні-ақ елге тарайды. Ертеңінде болыстар жайлау ортасына барып ел жинайды да, хабарды естіртеді.
Жиылыста Рахымбайдан баска жігіт беру жағына жан шықпайды, өзге ел қарсы болады. Əсіресе, Жəмеңке, Ұзақ, Серікбай деген елдің қабырғалы ақсақалдары жəне Əубəкір болыс қарсы болады. Жұрт бір ауыздан жігіт бермеуді ұлыққа хабарландыруға, егер зорлық істеуге бет алса көтеріліс жасап қарсы тұруға қаулы қылады. Бұл жауапты ұлыққа беруге Серікбай, Тұрдығұл, Айтбай дейтін үш адамды сайлайды да, Жəмеңке ақсақалдың үйінен бəрі құрмалдық жеп тарайды.
Жиылыстан жұрт қайтқанда жиылысты басқарғанның біреуі Ұзақ деген ақсақалды туысқаны Тұңғатар деген сен жұртқа ерме, патшаға əлің келмейді. Өзімізге қарағандарды мал беріп алып қалармыз дейді. Ұзақ бұған көнбейді. Пристав елдің бұл қарсылығын тыңшы арқылы естіп жатады. Ертеңінде ел жиылып келеді де, сақтық қып құралданып тұрған ұлыкқтарға тобымен келіп жұрттың қаулысын естіртеді. Пристав олай-бұлай деп əкімшілік еткісі келсе де жұрттың болмайтын түрін көріп қасындағы төрелерімен бұл жолы бас сауға қылуға ойлайды.
Жұрт ұлыққа тиісті сөзін айтып тарайды да, алдағы болатын көтеріліске қам жасайды. Жігіттер атын жаратады. Бар мылтық жиналады. Бар найза сапталады. Қолдан қарулар жасайды. Қырғыз бен тараншы көтеріліп жатыр деген хабар естіледі. Бұған ел куанады. Егін, шөптің піскен уақыты болғанмен ел оған қарамайды. Боз балалар елден ет жеп ат үстінде жүрумен болады. Осымен екі жұма уақыт өтеді.
Осы хабар Алматыға жетеді. Алматыдан 9 солдат пен ояздың көмекшісі Клуновский деген адам шығып, Қызыл бөрік деген елге келеді де, болыстарды, ақсақалдарды жинап алып, табан аузында тізімдеріңді əкеліңдер деп жарлық береді. Бірнеше адамды жүрек шаю үшін қамап қояды. Бұл қысымнан сасқан болыс тізімді əкеп береді.
Тізімнің Клуновскийдің қолына тиген хабарын ел естіп, енді қайттік деп жанталасады да, тізімді тартып алуға ойлайды. Осы ниетке кірген жігіттерді ұрлықпен атағы шыққан Ыбырай деген жігіт басқарады. Жігіттер ұлықтың үйіне шабуыл жасайды. Ұлықтар бұл шабуылдан сескеніп, тізімді тастап үйден шыға қашады. Атыс болады. Біраз жігіттізімді жыртып, өртейді де, біраз жігіт Клуновскийлермен атысады. Екі жағынан да кісі өледі. Ақырында Клуновский жағының бірнеше адамдары құтылып кетеді.
Бұл хабар жəрмеңкеге жетеді. Пристав бұдан сасып маңайындағы қазақ, орыстан 20 шақты құралды əскер құрады да, қазақтың бетін қайтару үшін сол əскерлерін жіберіп, Жəмеңке, Ұзақ, Серікбай сықылды елдің бас адамдарын қапылыста ұстатып алдырады.
Бұлардың ұсталғанын көрген ел ертеңіне топталып жəрмеңкеге келіп, ұсталған кісімізді босат деп, ұлықтардың кеңесін қамап тұрып алады. Бірақ құралданған тобын көбейткен ұлықтар елді сырғытып, іштеріңнен өкіл жіберіңдер, бəріңді бірдей тыңдамаймыз деседі. Сырылған жұрттан мен барайын деп, Əубəкір шығады. Жұрт оған Қартбайды қосады. Екеуі ел сөзін айтпақ боп ұлыққа барғанда, ұлық оларды Жəмеңкелерге қосып, Əубəкірді жаптырып тастайды.
Жұрт бұрынғыдан жаман өшігеді. Топтану, шабыс көбейеді. Осыдан қауіптенген пристав қамауда жатқан он шақты адамды Қарақол қаласына түнде жөнелтеді. Бұлардың жөнелетінін естіп, Қартбай жолдан тосып тартып алуға елге шабады. Ол күні жігіттердің бейқамдау болған күні болады. Далаға жіберген аттарын жинастырып, жол тосуға шапқанша таң атып қалады. Бұл кезде тұтқындағыларды алып солдаттар Қарақолға жетіп те қалады.
Қарақол қаласы бұл кезде абақты қаласына айналып кеткен кез болады. Бос сарайлар, берік үйлер қырғыздан, тараншыдан, қазақтан ұсталған адамдарға лық толған кезі болады. Жəмеңкелер осы көп тұтқындарға кеп қосылады. Ертеңінде прокурор Ұзақ пен Жəмеңкені шақырып алып жауап сұрағанда бұлар жігіт бермейміз деген сөзді айтады. Қайтадан қамалады.
Жəмеңкенің елді көтеруге бас себеп болған адам екенін көрген Қарақол ұлықтары оған түскі тамаққа қосып у береді. Ондағы ойлары өзі өлдіге жабу. Тамақты ішіп, құмалақ тартқан жұрттың қасында отырған Жəмеңке бір кезде ішін басып аунақши бастайды. Жұрт шошынады. Жəмеңке біраз арпалысып жатады да, өледі. Бірге отырған жұрт тамақтан болғанын түсінеді. Бұл хабар елге сол күні Əубəкірге жолығуға келген қатыны арқылы жайылады.
Ел бұл сөзге тағы көтеріледі. Ұлықтан Жəмеңкенің сүйегін сұрап алуға өкілдер жіберсе, ұлық өзіміз көмеміз деп бермейді. Осыған ызаланған ел Қарқарадағы приставты қайтадан қамап, қорқытып, пристав атынан Жəмеңкенің сүйегін сұратып Алматыға телеграмма соқтырады. Телеграмма алған ұлықтар Жəмеңкенің сүйегін беру былай түрсын абақтыға түскендерді жоғалтыңдар, бас көтерген елді қырыңдар деп Қарқара мен Қарақолға телеграмма береді.
Осы телеграмманы алғаннан кейін Қарақолдың ұлықтары абақтыдағыларды отырған жерінде атып өлтір деп абақтыларға əскер жібереді. Əскерлер есіктен сығалап тұрып абақтыдағыларды атқылайды. Жанталасқан жұрт есікті бұзады. Қолма-қол төбелес болады. Осы кезде қазақ камерасының ішінде отырғандардың біразы өледі де, Əубəкір, Ұзақ, Сыбанқұл үшеуі есікті бұзып қашып шығады. Сыбанқұлға көшеде оқ тиіп құлайды. Əубəкір Ұзақты биік шарбақтан лақтырғанда Ұзақ мертігіп қалады да, Əубəкір Ұзаққа қоштасып қашып отырады.
Қарақолда болған қырғынды ел естиді де, елге бұл бір үлкен зор жұмыс болады. Елде қалған басшы боларлық: Қартбай, Көкбай, Баймағамбет, Ыбырай сықылды адамдар ер-азаматты түгел жинап, тым болмаса, приставтан кек алалық та, қытайға ауайық деген ниетпен Қарқараға шабуыл жасайды. Бұл – приставтың əскерленген, пулемет алып құралданған, даярланған кезі болатын. Жүз шақты мылтықты əскер жəне пулемет ентелеп келген елді шыдатпай бетін қайтарады. Əйткенмен Ыбырай басқарған топ көп атыс қылады. Ол күні ұлық жақтан да кісі өледі. Бірақ қазақ көп қырылады. Қазақ жағы орыстың қалаларын талағаннан басқа ірі қырғын жасай алмайды.
Қазақ жағының осындай шабуылын көрген ұлықтар ертеңіне атыс қылады да, қазақтың сирей бастағанын көріп, түн ішінде артынып-тартынып, Жаркентке жүріп кетеді. Үшінші күні қазақтар ұлықтардың орнын сипап қалады. Жəрмеңкенің қалған жұртын халық күйдіреді де, Қытайға ауады. Əңгіме осымен бітеді.
Əңгіменің жақсы жақтары – ең алдымен, құрылысы жəне тілі. Жазушылық күшін алғанда Мұхтар Əуезұлы соңғы кездегі қазақ жазушыларының күштілерінің біреуі. Мұхтар, əсіресе, кейіпкерлердің ішкі сезімін сыртқа шығарып көрсетуге шебер. Сол шеберлігі «Қилы заманда» да көрініп тұр. Мұхтардың «Қилы замандағы» кейіпкерлері ашық өңделген, тұрақталған кейіпкерлер. Əңгіменің басынан аяғына дейін пікірі жалғасып, өсіп отырған. Көмескі, жұмсақ жерлері жоктың қасы. Болған уақиғалар сол болған түрінде көрсетілуге көп ынта салынған.
Жалғыз-ақ, Қарақолда қамауда жатқандары есіктің тесігінен аттырғаны болмаса, Жəмеңкеге у бергізгені болмаса, өзге оқиғаларында нағыздық бар. «Жəмеңкеге у берді» деген қазақтың ерте кезден бері қауесет боп келе жатқан сөзінің біреуі болу керек. Шоманның Садуақасына, ағалары Ерденге, тағы сондай адамдарға у беріп өлтірді деген қазақта қауесет бар ғой. Мынау да сол сықылды қауесет болуға тиісті. Əйтпесе, құралданып отырған үкімет қолында қамауда отырған адамды у беріп өлтіре ме? Атпай ма? Бұнысы шындыққа жатпайды.
Абақтыдағыларды есіктен шығарып атыпты деп жазу да елдің алып қашты сөзіне ергендік болады. Үкімет ат деп жарлық бергесін, өздері атуға бел байлағасын, жергілікті үкімет абақтыдағыларды XX ғасырдың өлтіру жолдарымен-ақ өлтірер еді. Топ-тобымен апарар еді, пулеметпен, не көп мылтықты солдатпен қырар еді. Абақтының есігінен сығалап ату, еш жердегі ережеде жок жағдай. Мұндай оқиға жан-жақтан жау қамап келіп қалып, сасқанда болуы мүмкін. Бірақ абақтыдан сығалап атарда ондай шабуыл болған жоқ.
Міне, осы екі жері болмаса, екі жақтың шабуылы да нанымды көрсетілген. Енді «Қилы заманның» таптық, саяси бағасына келейік. Жолдас Тоғжанұлы «Əдебиет жəне сын мəселелері» деген кітабында «Қилы заманның» негізі – байшылдық. Əйткенмен, «Қилы заманына» қарағанда Мүхтар бұрынғысынан аз да болса ілгері басайын депті, еппен болса да ауылдағы байдың кедейге зорлығы айтыла бастапты» дейді.
Біздіңше, «Қилы заманда» кеңеске жақындасқан дəнеңе де жоқ. Кедейді ауызға алғанмен, оны жақсы көргендік яки тапшылдықты көрсеткендік табылмайды. «Қилы заманда» бай мен кедейдің тапшылдануының исі де жоқ. Мұхтардың бұл əңгімесі бұрынғыдан кеңеске жақындаған эңгімесі емес. Қайта кеңес тұсында шығарған шығармаларының ішіндегі ең залалдысы, ең байшыл əңгімесі. «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» сықылды соңғы жазған шығармаларында Мұхтар кеңеске қарсылығын, ұлтшылдығын бүркеп, астармен, Абыздың қобызымен, Сырымның домбырасымен, пердемен айтса, «Қилы заманда» перде-мердені жиып койып, ашық, айқын айтып отыр. Сөзімізді дəлелдеу үшін мысал алайық:
Əңгіменің бас кейіпкерлерінің біреуі Ұзақ деген қартаң тартқан батыр, жігіт бермеуге елді қарсы үндеуде болғаннан кейін бір мəжілісте отырғанда былай дейді: «Орыс тоз-тоз қып əкетіп еді. Құдайға шүкір, қартайған шағымда болса да елдің бір əкенің баласындай жамырап табысқан күнін бір көрдік. Жалғыз арман жас шағымызда кездеспеді» (98-бет). «Баяғыда сен оязды сабап едің» деген қасындағылардың мактауына көтеріліп Ұзақ тағы бы лай дейді: «Ол бір тепсем темір үзбеймін бе деп, екі-иінді жұлып жеп, құтырып жүрген заман еді ғой. Талай ұлықты талай жерде ит қылып едік. Бірақ соның бірде-бірі берекелі іс емес, керегі не? Жұлқыласып-сілкілескенің ылғи өз қазағың. Өз Албаның. Соны жеңдім дегенге мəз болып, сандалып, адасып өттік… Киіз туырлықты қазақтың бүгінгідей ынтымақ, тілегі қосылып, ел болам деп ту көтерген, ұран салған бір күнін көре алмай өттік. Қазақты сойған қойдай бұзып-жарып, 12 жілікке бөліп, боршалап тастаған заманда шығып, біз де кісі болдық дейміз…» (99-бет).
Ұзактың бұл сөздерінен оның жалгыз 1916 жылға ғана наразылығы көрініп отырған жоқ. Ол 1916 жылды бетіне перде қып ұстап, қазақтың отар болғаннан бергі кегін қозғап отыр. Ол жігіт бермеуге көтерілген көтеріліске қуанып отырған жок, қазақ боп бас қосып орысқа қарсы шыққанға қуанып отыр. Баяғыдан бері жегеніне шыдап кеп, қазақ енді басын көтеріп ел болды деп қуанып отыр. Бұл жігіт бермеудің қуанышы емес, қазақ деген орыстан бөлек ел болудың қуанышы. Бұл ұлтшылдық қуанышы.
«Қилы заманды» Мұхтардың 1916 жылы жазуы, жазғанда 1916 жыл оқиғасына 10 жыл толғасын жазуы – 1916 жылы болған ауылдағы аянышты халді, əсіресе, кедейдің аянышын корсету емес. Қалай десе де, ол кедейдің сол жылы байдан көрген кемшілігін, тым болмаса, сөз арасында айтар еді. Əйтпесе ашып айтар еді. Ол олай істеген жоқ. Мұхтардың мұны жазғандағы мақсаты казіргі кеңестік Қазақстанда жасап отырған казақтың көзіне 1916 жыл арқылы орысты жек көрсетіп, орыс еңбекшілері мен қазак еңбекшілерінің бауырмалдық одағына іріткі жасау. Сол себепті ол əңгімесінің басынан аяғына дейін орыс халқын қазак халқына түгел жау көрсетуге тырысқан. Сол себепті қазақты бай, кедейге бөлмей, түгел ұйымдастырып, орысқа қарсы аттандырған.
Олай болса, «Қилы заманда» Мұхтар Ғаббас айтқандай, бұрынғысынан бері келіп отырған жоқ, эрі кетіп отыр. Өзінің неше жылдан бері ішінде шер боп келе жатқан байшылдығын осы «Қилы заман» арқылы төгіп отыр. «Қилы заман» – Мұхтардың шығармаларының ішіндегі ең барып тұрған байшылы.