Мұхиттарды зерттеу. Қазіргі кезде Дүниежүзілік мұхиттағы табиғат байлықтарын игеру, табиғат құбылыстарын түсіну, ондағы табиғат апаттарынан сақтану мүмкіндіктерін анықтау мақсатында жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстары жаңа сатыға көтерілді. Мұхитты зерттеуде экспедициялық кемелердің маңызы зор. Олар ғылыми-зерттеу зертханаларымен жабдықталған, мысалы, 1964 жылы жасалған америкалық 2000 метрден астам тереңдікті зерттейтін «Альвин» (Alvin) қондырғысының көмегімен мұхит түбінде тіршілік ететін, бұрын белгісіз болып келген тірі ағзаларды анықтап, зерттеуге мүмкіндік туды. Бұл қондырғы заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Дүниежүзілік мұхиттағы зерттеулерді ұйымдастыру ЮНЕСКО-ның (БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі мекемесі) басшылығымен жүргізілуде. Судың қасиеттері, оның әртүрлі тереңдіктегі қозғалысы, теңіз ағзаларының ерекшеліктері және олардың таралуы анықталады, тереңдіктер өлшенеді, су түбіндегі шөгінділерден үлгілер алынып зерттеледі.
Су түбіндегі барлық тіршілік иелері суретке және таспаға түсіріліп, зерттеу жұмыстарына қолданылады. Сонымен қатар Жердің жасанды серіктері арқылы ғарыштан мұхит түбінің жер бедерін зерттеу судың ластануын бақылау, экологиялық апатты аймақтарды белгілеу жұмыстары да жүргізіледі.
Мұхит суларының ластануы және оны қорғау. Судың ластануының негізгі көзі – мұнай. Мұнай өндіруде, тасымалдауда кемелерде болатын ақаулар кезінде суға мұнай төгіледі. Мұнай қабаттары судың булануын азайтып, балықтарды уландырып, мұхиттың атмосферамен байланысын шектейді.
Мұхит суларының ластануы – адамдардың әрекеті нәтижесінде мұхит суларындағы табиғи үдерістердің бұзылуы. Ластаушы заттардың өте көп мөлшерде жиналуы салдарынан жылдан-жылға мұхиттың өзін-өзі тазарту мүмкіншілігінің төмендеуі онда тіршілік ететін ағзалардың құрып кетуіне немесе шектен тыс көбеюіне алып келеді. Мысалы, теңіз жұлдызының (Asteroidea) тым көбейіп кетуінен Аустралия жағалауындағы Үлкен Тосқауыл рифінің түбінде «тікенді шеңбер» қалыптасуда. Сондықтан мұхит суын ластанудан сақтау – барлық мемлекеттердің, бүкіл адамзаттың ісі, оны қорғаудың халықаралық мәні бар.