Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати — Орталық Азияның ХVІ ғасырдағы атакты тарихшысы, әдебиет майталманы және мемлекет кайраткері болды. Ол әйгілі «Тарих-и Рашиди» енбегінің авторы ретінде тарих беттерінен нақ орын алған. Әдебиетте, көбінесе, Мұхаммед Хайдар Дулати есімімен аталады. Оның ата-бабалары ХІV-ХVІ ғасырларда Моғолстанда билік құрған беделді Дулат әмірлері болған. Шағатай хандары тарапынан тарту етілген артықшылықпен «тархан» атауына ие болған. («Тархан»: текті, басшы деген мағынаны білдіреді. Бұл лауазым моғолдар дәуірінде берілетін атақ еді. Бұл атакка ие болған басшы салық төлеуден босатылатын әрі рұқсат алмай-ақ шах хұзырына бара алатын). Қашғар уәлаятының әмірлігі олардың мұралық билігіне берілген-ді.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың әкесі Мұхаммед Хұсейін Моғолстан ханы Сұлтан Махмұд ханмен (1487-1503) жақын қарым-катынаста болды. 1493 жылы оның қарындасы Хуб Нигар ханыммен (Жүніс ханның кенже қызы) үйленіп, моңғолша Гурген, ал қазақша айтканда Көреген (хан күйеуі) атағына ие болды. 1495 жылы Өретобе уәлаяты әмірлігіне тағайындалды. Онымен бірге бірнеше жыл Ташкентте Сұлтан Махмұд ханның хұзырында болған. Мұхаммед Хайдар Дулати осы шаһарда 1499 жылы туған. Жүніс ханның ортаншы қызы Құтлық Нигар — Зәһиреддин Мұхаммед Бабырдың анасы соңдықтан да нағашы әпкесі болғандыктан Мұхаммед Хайдар Дулати — Бабырдың туған бөлесі.
1503 жылы Сұлтан Махмұд хан Ахсида Шаһибек хан әскерімен шайқасып, жеңіліске ұшырады. Соның салдарынан Мұхаммед Хұсейін Өретөбені тастап Қаратегінге, ол жерден Кабулға Зәһиреддин Мұхаммед Бабырдың хұзырына барды. 1506 жылы Бабыр Хорасанға кеткен кезде Мұхаммед Хұсейін оны биліктен тайдырып, өз қолдарына алуды ниеттенген адамдармен бірігеді. Бірақ, бұл әрекеті нәтижесіз қалады. Бабыр қайтып оралғанда өзін кінәлі сезінген Мұхаммед Хұсейін кенеттен Ферғанаға жүріп кетеді. 1509 жылы ол Шейбани хан бұйрығымен қаза тапты.
Шейбани хан әкесін өлтірген кезде тоғыз жаста болған Мұхаммед Хайдар Дулати өз ұстазы Маулана Мұхаммедпен бірге Бұхарада — Убайдулла ханның некесінде болған нағашы апасының жанына барды. Артынша Шейбани хан оны да өлтірмек үшін Бұхараға жасырын адамдар жіберді. Бұдан құлағдар болған ұстазы Маулана Мұхаммед түрлі айла-шара ойланып, дәруіш киімін киіп баланы қаладан алып кетеді. Олар Бадахшанға, Мырза хан (1507-1521) алдына барады. Бұны естіген Бабыр Мырза ханға хат жазып, оның уәлаяты хан қаупінен аман еместігін айтып, баланы Кабулға жөнелтуді талап етеді.
Мұхаммед Хайдар Дулати Кабулға 1509-1512 жылдар аралығында келіп, Бабыр сарайында тұрақтайды. Мырза Хайдардан 17 жастай үлкен Бабыр патша оған әкесіндей қамқорлық көрсетеді, тәрбиелейді, өнер-білім үйретеді. Бабырдың көрсеткен қамқорлығы хақында Мұхаммед Хайдар Дулати өз шығармасында шүкіршілік етіп, алғысын айтып, бірнеше рет еске алып отырады. 1512 жылы Мырза Хайдардың нағашы ағасы, Моғолстан ханы Сұлтан Саид хан Бабыр патшадан Мырза Хайдарды өз қолына алады. Мырза Хайдар әуелі Әндіжанға, Саид хан хұзырына, кейініректе Қашғарда өз билігін орнатқанда, онымен бірге Қашғарға барады. Содан Саид хан қайтыс болғанша (1533) оның қызметінде болады. Саид хан Мырза Хайдарға түгелдей әскери және мемлекет істерін басқаруда һәм баска барлык істерде шексіз сенім білдіріп, барлығын оған тапсырып қойғанды [30]. Тіпті, өз ұлы Әбдірашидті тәрбиелеуде де Саид хан Мырза Хайдарға сенген еді.
Мұхаммед Хайдар Дулати сол дәуірде жоғары дәрежеде білім алуға қол жеткізе білді. Мырза Хайдардын терең білімі, барлық өнерлерден хабардар, асқақ дарынды екендігі туралы Зәһиреддин Мұхаммед Бабыр «Бабырнамада» жазып өткен. Бабыр әрі қарай «Әкесін өзбектер өлтіргеннен кейін ол үш-төрт жыл менің қасымда болды. Содан кейін рұксат сұрап Кашғарға (Сұлтан Саид хан) ханнын жанына кетті. Енді ол орныкты, байсалды азамат болып жақсы жолға түсіпті деп естідім. Жазуға, сурет салуға, оқ жонуға, найза және садақ жасауға, әйтеуір әр нәрсеге қолы епті екен. Өлең жазу шабыты да бар. Маған (жағдайын) баяндап жазыпты, қалам саптауы да жаман емес-ті» деп жазды.
Бірнеше жылдан бері түрлі танымдық-ғылыми енбектерде Мұхаммед Хайдар Дулатидың лақап есімі «Дулати» деп аталып жүр. Әйтсе де, ғылым әрбір атауды немесе тарихи датаны көрсетіп жазғанда, нақты деректер негізінде болғанын жөн санайды. Себебі, Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде бірде-бір рет «Дұғлат» лақап есімін қолданбаған. Бірақ дулаттардың әмірлері хақында жазғанда олар өзінің тікелей аталары екенін нақты көрсетіп жазғандығынан Мырза Хайдар Дулат тайпасынан шыққан тұлға екенін білеміз. Мәселен, «Хотан мырзалары жайында әңгіме» атты тарауында: «Дулат тайпасындағы әмірліктің кезегі Мырза Кұдайдадқа жеткенде (Алланың оған рахметі жаусын), ол дулаттарға тиесілі иеліктерді өз балалары мен бауырларына бөліп берді» «Тарих-и Рашиди» енбегінен Әмір Кұдайдад (1363-1446) Мұхаммед Хайдар Дулатидың төртінші атасы екенін білеміз. Демек, Мырза Хайдар шығармасында өзін «Дулат» деп атамаса да, оның дулат тайпасынан екені анык. Ол өзінің толық аты-жөнін «Мырза Хайдар ибн Мұхаммед Хүсейін Гурген (Көреген)» деп жазды.
Қорыта айтқаңда, Мұхаммед Хайдар бүкіл әлем жұртшылығына — парсы, тәжік, үнді, ағылшын, француз, түркі, тағы басқалар тілдерде «Дұғлат» (Дулат) лақап есімімен танымал. Сондықтан, деректер негізінде Мұхаммед Хайдар Дулатидың лақап тектік жөнін «Дулат» деп колданған абзал болар еді. «Қара кыпшақ Қобыланды», «Қаракерей Қабанбай», «Қанжығалы Бөгенбай» дейтін қазақы дәстүр бойынша «Дулат Мұхаммед Хайдар мырза» деу жөн болғанмен біз бұл еңбегімізді ғұламаның өз дәуіріндегі парсыша жазуына сәйкес «Мұхаммед Хайдар Дулат» деп атадық.
Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Жаһаннаме» және «Тарих-и Рашиди» атты екі еңбегі бар. «Тарих-и Рашиди» еңбегін Мұхаммед Хайдар Дулати Кашмирде болғанда 1541-1546 жылдар арасында жазған. Еңбегінің кіріспесінде айтқанындай, ол максатты түрде Моғолстан мемлекетінің 1347 жылы таққа отырған Тоғлык Темір дәуірінен бастап автордың өзі өмір сүрген заманына дейін толық тарихын жазып шыққан. Еңбектің жазылу мақсаты туралы автор: «Моғолдарда ислам дінін қабылдағаннан кейінгі дәуірге байланысты шағын болса да бір тарихи еңбек жоқ. Моғолдар казір де сахараны мекендеуде. Даңкты, гүлденген дәурен тек ауыздан-ауызға айтылып келе жатқан тарихи аңыз-әңгімелер де ғана сакталып қалған. Егерде мен батыл түрде осы маңызды іске бел шешіп кірісіп, бет бұрмасам, моғол хандарының шежіресі тарих бетінен мүлдем жойылып кетеді-ау — деген жүрек лүпілі еді бұл. Мен бұл тарихты Тоғлық Темір ханнан бастап жаздым. Оның да үш түрлі себебі бар еді. Бірінші себебі, Тоғлық Темірден бұрыңғы хандар туралы көп жазылғанымен одан кейінгілері жайында айтылмайды. Осыдан келіп мен тарихи кітапта жазылмаған нәрселерді қағаз бетіне түсіруге бекіндім. Тоғлық Темір ханға дейінгі белгілі тарихты қайталау -«Ефраттың жағасынан құдық қазумен бірдей» еді. Екінші себебі, Тоғлық Темірден кейінгі хандардың салтанаты, мәртебесі ол жеткен өреге жете алмады. Үшінші себебі, мынау — моғол хандарының ішінде исламды алғаш Тоғлық хан қабылдады. Соның нәтижесінде ол моғол ұлысын мойнына ілініп тұрған кәпірлік тұзағынан құтқарып қалды. Сондықтан да бұл тарих оның даңқты есімінен басталып, ол хақында жазылмак» деп жазды.