Ұлттық құндылықтар — тәрбие негізі

Тарихқа үңілер болсақ әрбір халықтың, әрбір ұлттың өз мәдениеті, тұрмыс тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, дәстүрі, тәрбиелеу тәсілі болатынын білеміз. Халық тәрбиесі – ғасырлар бойы сараланып сан сыннан өткен, сол халықтың ой-арманымен, тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, ұлттық тәләм-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, өсіп-өркендеп, дамып және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұрасы. Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихи тағылымы, ой-пікір қорытындылар түйіні бар. Ал ол жазу-сызудан, оқу құралынан, ауыз әдебиетінен, ұлттық өнер тағылымынан, халықтың дәстүрі мен әдет-ғұрпынан, бір сөзбен айтқанда мәдени мұраларынан өзекті орын алып, көрініс береді. Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойына дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз тарихи процесті елестету мүмкін емес.

Рухани мұрамыз неғұрлым бай болса, алуан арналы болса, өткен мен бүгінгінің мәдени мұралары жарасымды жалғасып жатса, соғұрлым өміріміздің мән мағынасы терең, мақсатымыз айқын, ұлттық идеямыз жоғары, тарихи үлгі өнеге тұтар парасатты ой толғаныстары күшті ұрпақ тәрбиеленуі еш күмән тудырмайды.

Күмбірлеген күміс күйімен, сыбызғы, сырнай үнімен асқақтата салған әсем сазды әнімен де ата-бабаларымыз өзінің рухани жан дүниесінің мұң шерін, асқақ арманын келер ұрпақтың зердесіне жеткізіп көкірегіне ұялатқанын ұмытуға болмайды. Еліміздің ежелден дәріптеп, қастерлеп келген рухани-мәдени мұрасының тегін тектеу, болмысын тану, оның асылын тарихтың рухани көш-керуеніне ілестіріп отыру арқылы бүгінгі және болашақ ұрпақ қамын қамдау өскелең өмір талабы болып отыр. Әрбір халық «өз тарихын, философиясын мейлінше және оған белгілі бір көзқараста болмайынша ешқандай мәдениеттің дамуы мүмкін емес». Ұлттық тәрбиенің ұлттық құндылықтардан нәр алатын адамгершілік ұстанымдары мәдени құндылық ретінде ғасырлар қойнауынан нәр алып, мәдениет біткенмен тепе-тең, өзіне байыта, астаса түскен үндестігі, бірлігі, түптеп келгенде, адамдықтың, руханилық пен имандылықтың негізі ретінде мәдениет кеңістігіне жетелеп отырады.

Адам баласы қашанда тәрбиеге мұқтаж. Тәрбие еліміздің, ұлтымыздың бүгіні мен болашағы баянды болу үшін қажет. Сондықтан да алдымен, бүгінгі қоғам келбетімен үндесетін ұлт болашағының бағытын анықтап алу керек. Әр ұлттың баяғы заманнан келе жатқан тәрбиелеу жүйесінің өзіндік жолы бар. Тәрбие ұлттық табиғи тамырынан кіндік үзсе, тәрбиелік қасиетін жоғалтады. Сондықтан оны рухани тұрғыда ұлт тағдырымен байланыстыра отырып, бүгінгі қоғам келбетімен санаса отырып, алға бастыру қажет.

Мақсатқа жету үшін алдымен нақты теориялық негіз керек. Осындай негіз тәжірибеден жинақталған белгілі бір дәлелдемелерге арқа сүйейді. Ал бұл дәлелдемелер педагогика ғылымының ғана құзырында жатқан жоқ. Оны тереңірек іздеу қажет.

Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық мәдениетті сақтайтын мәдени бағдарды анықтауда идея дегеніміз рухани ізденіс, бастауыш, жол көрсеткіш болып табылады. Бірақ әлі де болса ол идея қандай тұжырымдарға сай құрылып, қандай құндылықтар жүйесіне сүйенетінін бірауыздан құптай алмай отырмыз. Ол қалыпты жағдай. Себебі дамудың өзінде шығыстың білім беру парадигмасы руханилыққа бастаса, батыста керісінше, ол құндылық шетке ығыстырылып қойылған. Ал біздің жағдайда адамзат мәдениетінің екі тарихи типі – Шығыс пен Батыстың да үлес салмағы бар. Алайда біздің ойымызша, идеяға халықтың шүбә келтірмес сенімі керек. Ол ұрпақтан ұрпаққа жетелейтін, биік те құнды, рухты болуы тиіс. Тәрбиелік мәнді идея қанша жерден құнды болғанымен, ол өмірлік іс-әрекеттен өз орнын таппаса, оның нәтижесі жоқтың қасы деуге болады.

Сонымен:

1) Идеяны ой елегінен өткізіп қабылдау;

2)Идея туралы пікірталастың бәрін қарастыра отырып, өмірлік дәлелдерге сүйену;

3)Рухани байлық негізінде қарастыру;

4)Ынта арқылы ерікті түрде іске асыру, бесіншіден, қол жеткен нәтижелерді саралап, бағалай білу қажет.

Демек, тәрбие негізі – ұлттық үрдісте. Халқымыздың мәдениеті ұлттық ерекшелігімен қасиетті де қадірлі. Жаңа ғасыр бастауында әлемдік мәдени сұхбат пен өркениеттердің ұлы тоғысуы дүниежүзілік даму процесінің ең басты критерийлеріне айналып отырғанда, ұлттық идеяны әлемдік өркениетпен өзара үйлестіру мәселесі заман ағымына сай туындаған өзекті мәселе ретінде күн тәртібіне қойылып отыр. Сондықтан мәдени дамудың шыңына жетіп, өркениетті елге айналу халқымыздың табиғи қасиеттеріне, күш-қуатына, менталитетіне, даналығына, көрегендігіне, қабілетіне және т.б. ұлттық ерекшеліктерімен тығыз байланысты болмақ.

Қазақ халқының тәрбиелік және тәлімдік ой-пікірлері мен жол-жораларының маңызы мынадай жайттарда айшықтала түседі: қазақ халқының өміріндегі үлкенді сыйлау мен қонақ күтудің елеулі маңызы; халық ойындары мен мерекелерін өткізудің де өзіндік ерекшеліктері мен қалыптасқан жүйесі, табиғаттың сырын терең меңгеріп, үйлесімділік табуы; өсиет айту, терме, айтыс, шешендік сөздер; қазақтардың поэзиясы; туыстық қарым-қатынастар; қонақжайлылық, тектілік, т.б.

Әсіресе қазақтың шешендік сөздері тәрбие берудің аса қасиетті де құнарлы қаруы болып табылады. Себебі «шешендік сөз өнері өмір шындығымен, әлеуметтік уақыттың қатал да құбылмалы мінезімен бетпе-бет келгенде, адамға рухани жәдігер болып, көзден алыс, көңілге жақын құбылыстарды түсінуге жетелейді». Мұның мәні қазақ даласында аузы дуалы, елге беделі бар адамның белгілі бір мәселеге қатысты айтқан ұтымды сөзі, пайымды пікірі ауыздан ауызға жылдам тарап, көпшілікке үлгі болған. Сондықтан «шешендік сөз өнерін – қазақтың әдеп кодексі деп айтуға болады.       Екінші сөзбен айтқанда қазақ би-шешендерінің ұлттық моральдық құндылықтарды қалыптастыру әдіснамасының өзіндік қалпын білдірмек». [1; 58 б.]

Тәрбие мақсаттарының бірі – адамды, ұлтты зиялы, мәдениетті, бақытты етіп баулу. Ұлт мүшесі — әрбір адам бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. М.Жұмабаев тәрбиенің мақсатын: «Тәрбиеден мақсұт адамды һәм сол адамның, ұлттың, асса, барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі — әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі — әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» [2;14 б.]  – деп атап көрсетеді.

Адам мәселесінің ғаламат күші – оның өткені мен бүгінін, бүгіні мен ертеңін жалғастыратын біртұтастық, шексіздік, тұрақтылықтың бірлігі болып отыруында. Адам мәселесі мәңгілік, бірақ ол тарих толқындарында өзінің жаңа қырларымен көрініп отырады.

Егер мәдениет адамды қалыптастыру, жетілдіру болып табылса, ал өркениет қоғамның даму деңгейін көрсетеді. Ал қоғамсыз адам адам бола алмайтыны белгілі. Егер де тәрбиені қоғамдық нормалар мен құндылықтардың жинақталу процесі арқылы адамның жан-жақты жетілуі деп қарастырсақ, онда тәрбиенің басты мақсаттарының бірі – адамды сәби кезінен қоғамның тыныс-тіршілігімен тыныстатып, дүниеге құнды көзқарасын жетілдіруде адамгершілік, эстетикалық, азаматтық, саяси санасын қалыптастыру. Осы мақсатта бүгінгі күні тәрбие берудің жаңа тұжырымдамасын жасау өзектілігінен туындап отырған адам өмірін басты құндылық деп алатын ұлттық тәрбиенің мәдени құндылық ретіндегі тұжырымдарына келсек:

— ұлттық тәрбиеден тұлғалық, ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтардың бастау алып, уақыт пен қоғам өзгерісінің нәтижесінде толығып, сұрыпталып, құндылығын арттыруын;

— басты құндылық – адамның қалыптасуындағы басты рухани азықтың ұлттық тәрбиеден бастау алуы, оның рухани тұтастық қалыптасуындағы басты ролін;

— ұлттық тәрбиенің адамның жақсылық пен жамандықтың арасын саналы айыру, сол қоғамға тән теріс қылықтарды айқындап, олардан арылу жолдарын көрсетуде бағдар көрсетуін;

— ұлттық тәрбиенің көрінісі ретінде қазақ даналарының, ақын-жырауларының, аңыз-ертегілерінің, жыр-эпостарының нақтылы тарихи-мәдени феномендерде көрініс табуы арқылы өркениеттілікке жақындауын;

— жалпыадамзаттық құндылықтар: бейбітшілік, азаматтық қоғам, демократия, т.б. бүгінгі Қазақстан Республикасында жан-жақты дамып отырғандығы – ұлттық тәрбиенің ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұстанып, ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп беріп келе жатқан құндылықтар жүйесінен бастау алатындығын;

— ұлттық құндылықтарымыздың құдіреттілігі ұлттық тәрбиеміздің мәдениеттанулық негізделуінің арқасында айқындалып, барлық қырынан көрініп, адамзат игілігіне қызмет жасау шеңберінің кеңеюін;

— ұлттық тәрбиедегі туған жер, ата-қоныс, елдік пен ерлік, азаматтық пен адамгершілік, имандылық пен парасаттылық, өмір өткелдері, қоғам жайлы философиялық толғау тұжырымдар, шешендік өнерді дүниеге паш еткен даналарымыз бен ойшылдарымыздың адамзат игілігіндегі қайталанбас орнын;

— ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық болып табылатын құндылықтардың үйлесімді дамып, көркейіп, жалпыадамзаттың бүгіні мен келешегіне қызмет етуін тізбектеп көрсетуге болады.

Болашақ дамуы мәдениетке сүйенген құндылықтар жүйесімен тығыз байланысты. Себебі құндылықтық қатынас арқылы барлық нәрсенің маңыздылығын айқындауға болады. Ал адамды басты құндылық деп қабылдайтын ұлттық тәрбие әрдайым жоғары тұрады.

Ғасырлар тоғысында, жаңа мыңжылдықта өткен тарихи-мәдени жолды зерделеп, болашақты болжау қалыпты жағдай. Өткенді сана толқысынан, ой таразысынан өткізбейінше, болашақты анық бағдарлау мүмкін емес. Халықтың алға басуы тек саяси-экономикалық ахуалға ғана емес, оның руханилығына да тікелей байланысты.

Осы орайда Гегельдің  «рухы оянбаған халық тарих көшінен шет қалады» деген ойына назар аударған жөн. Ұлттық рух дегеніміз сайып келгенде оның өзіндік санасы, тарихи жады. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті ғасырлар қойнауынан бастау алады және көптеген тарихи қабаттардан тұрады, осыған орай мәдениеттің тарии қозғалысын, заңдылықтарын танудың маңызы артып отыр. Бұл талапты қанағаттандыру үшін өткен дәуірлердің рухани мұрасын тарихи-философиялық тұрғыдан байыптау қажет. Осы орайда белгілі философ А.Х. Қасымжанов: «Қайта жаңару уақыты туды. Ол рухани тамырламызды зерттемей, ұғынбай іске асуы мүмкін емес. Іздену, ұғыну өткенге құрметпен қарау, бұл халықтың іштей түлеп өзін-өзі тану жасына түсуі, өркениетті қоғамдағы озық халықтардың тарихи мұрасының өрлеу ұлттық сана-сезімінің өсу процесінің негізгі бөлігі бөлігі болып табылады. Мұнсыз халық тәуелсіздігі дегеніміз бос сөз болып қала бермек» [3; 218 б.]  — дейді. Сөйтіп өткен дәуір рухани бастаулары бүгінгі күн мен болашақтың өзегіне айналып отыр. Халқымыздың моральдық адамгершілік, халықтың ізгі қасиеттерін бойға сіңіру-әрбір азаматтың борышы. Адамгершілік тәлімі дұрыс қалыптасқан адам ар-ұятына кір келтірмейді. Ол жастардың, оқу орындарын бітірген жас мамандардың ақыл-парасаты, мәдени дәрежесі, ұғым түсінігі, ой-өрісі, жақсы салт-дәстүрден, озық әдеп-ғұрыптан хабардар болуы.

Салт-дәстүрсіз халық болмайды. Салт-дәстүр халықтың сапалық қасиетінің, моральдық өмір сүру нормасының басты өлшеуіші. Жақсы дәстүр уақытты жатсынбайды; уақыт өзгерісі, даму диалектикасына орай дамып отырады, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасады, сабақтасады. Ата салты мен халықтың қасиетті ардақ тұтқан ұтады. Уақыт өлшемімен өтіп, тұрмыс сынына төтеп берген кісілік қасиеттеріміз бен салт-дәстүрімізді қастерлей түскеніміз жөн. Халқымызда әдепті, инабаты мол жасты «көргенді елдің баласы» деуі тегін емес. Бұл – ұлттық тәрбиені дамыта беру деген сөз. Сонымен тәрбие дегеннің өзі не?

Тәрбие – қоғамдық, өндірістік және мәдени өмірдің белсенді қатысушысын даярлауды мақсат етіп қойған, жеке адамды қалыптастырудың жүйелі процесі. Тәрбие білім берумен тығыз байланысты. Сонымен бірге ол адамға қоғам құылысы, ғылым мен техниканың дамуы, әдебиет, өнер, бұқаралық ақпарат және насихат құралдары (баспасөз, радио, телевизия) арқылы ықпал етеді. Тәрбиенің негізгі түрлері – отбасы тәрбиесі және қоғамдық тәрбие. Тәрбие – қоғамдық өмірдің жалпы және қажетті категориасы. Жас буын мен аға буын арасындағы байланыс пен мирасқорлық тәрбие арқылы жүзеге асады. Тәрбиенің мақсаты, мазмұны, ұйымдастыру түрі, әдісі қоғамдық қатынастардың тарихи, мәдени дамуына сәйкес өзгеріп отырады. Тәрбие мәселесінде айрықша мән беріп сол жайында қазақ тілінде алғаш «Педагогика» атты еңбек жазған Мағжан Жұмабаев: «Тәрбие, кең мағынасында алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді адамзат туралы айтқанда адамның баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі деп байлам жасайды [2;13 б.]. Адамзат қауымының ғасырлар бойғы тарихы имандылық, ғибраттық, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тағылым ұрпақ тәрбиесінің қыруар үлгілерін мұралыққа қалдырғаны бәрімізге белгілі.Қазіргі таңда сол құндылықтарымыз қаншалықты сақталып,ұрпақ санасына қаншалықты беріліп жатқандығы басты мәселе.Адам өміріндегі тәрбие,ұлттық сана басты мәселе болуы тиіс. Адам болып туылу оңай, ал адам болып қалыптасу қиын. Адамдық қасиетке бірден бір әсер етуші фактор ол тәрбие, ұлттық салтымыз.  Сол халық даналығы қорытқан қазына байлық, тәжірибені халық игілігіне жарату, үлгі етіп ұсыну жас ұрпақтың еншісінде.

Әдебиет

1 Шал ақын. Өлеңдер зерттеу деректер. Алматы, 2003.

2 Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. Алматы, 2001.

3 Касымжанов А.Х.  Духовное наследие казахского народов. Москва, 1992.

4 Бабанский Ю.К. Проблемы повышения эффективности педагогически исследования. Москва, 1992.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *