Көптеген ғасырлар бойы Сарыарқаны қуатты қыпшақтар этносы мекендеген. Қыпшақтар батыс ғұндардың юебань (жубан) үрім-бұтағынан шыққан тікелей ұрпақтары болды. Қыпшақтар (қимақтар) туралы осындай мәліметтер Қашғари, әл-Идриси, Гардизи, Бейхаки еңбектерінде, Худуд-ал-Алем анонимдік шығармасында (Әлемдер шегінде) және басқаларында бар.
Қыпшақтардың шығу тегі туралы аңызда былай делінген: «Оғыз-хан бектерінің бірі [өзімен] бірге әйелін алып, [жорыққа] шығады. Өзі шайқаста қаза табады; оның әйелі аман қалады… Оның аяғы ауыр еді:… күн суық болды… ол [шіріген] қуысты ағашта туады». Бұл туралы ханға хабар жеткізген кезде ол: «Оның әкесі менің қолымда қаза тапты; оның қорғаушысы жоқ» деді (А.Н.Кононов, Түрікмендердің шежіресі, М.-Л., 1958, 43). Оғыз-хан оны асырап алып, Қыпшақ деп атайды. Қыпшақ сөзі көне түркі тілінен аударғанда қуысты ағаш деген мағына береді.
Қытайдың Шицзи және Цяньхань-шу дереккөздерінде б.э. дейінгі II ғасырда қыпшақтар (қытай транскрипциясында «кюеше» немесе «кыйчак») туралы алғашқы ақпаратты табуға болады. «Наныпи» хроникасынан қыпшақтар б.э.д. I ғасырда Тарбағатайдан батысқа қарай Каспий далаларына дейінгі жерді қоныстанғаны мәлім. Араб дереккөздері бойынша қыпшақтардың оңтүстікте оғыздармен және қаңлылармен, шығыста қарлұқтар мен қырғыздармен, батыста оғыздар мен печенегтермен ортақ шекаралары болған.
Қыпшақтардың иеліктері қазіргі заманғы Орталық, Солтүстік Шығыс және Батыс Қазақстан аумағын қамтыды. Қыпшақ иеліктерінің орталықтары Ертісте және Ұлытау даласында орналасты. Ибн Хордадбехтің есептеулері бойынша Тараз қаласынан Ертістегі қыпшақ иеліктеріне дейінгі қашықтық түйе жүріспен 81 күндік жолды құрады. Орталық Қазақстанда қыпшақтарға ауқымды металлургиялық облыс тиесілі болды (Баянауыл және Қарқаралы алабы, Степняк, Жезқазған және т.б.).
Дереккөздерде қарлұқтардан солтүстікке қарай қыпшақтардың замандастары қимақтар (Махмұд Қашғари бойынша «имақтар») болғаны жазылған. Өзге бір тұста Қашғари имақтар қыпшақтардың түркілік тайпасы деп жазады. «Қимақтар» термині қытай деректерінде де, орхон жазбаларында да кездеспейді. Ол түркі халықтарының тарихи және эпикалық аңыздарында жоқ. «Қимақтар» терминін араб географтары енгізеді де Х-ХІ ғғ. жойылып кетеді. Оның орнына араб және иран деректерінде «қыпшақ» этносының атауы қолданыла бастайды.
Қыпшақтар, оғыздар және қаңлылар тарихи алаңға б.з.V-VІ ғғ. ежелгі ғұн одағы құлаған соң пайда болады. VI ғ. қыпшақтар Батыс-Түрік қағанатына кіреді де, оғыздар, қарлұқтар және Дулу мен Нушиби (он-оқ) тайпалары конфедерациясымен қағанаттың негізгі халқын құрады. Қыпшақтар туралы естеліктер Муюн-Чор ескерткішіндегі және Селенгин тасындағы жазбаларда кездеседі. VII-VIII ғ.ғ. Далобян, Чура-хан, Дулу (Толу) және Карахан (Хэли) тұсында қыпшақтар, оғыздар және қаңлылардың тайпалық бірлестіктері ең ірісі және құдіреттісі болды.
Қыпшақтар, оғыздар, қарлұқтар тарихи алаңда көне ғұн одағының ыдырауынан кейін б.д. V-VІ ғасырларында пайда болады. VI ғ. қыпшақтар Батыс Түрік қағанатының құрамына кіреді. Қыпшақтар туралы жазулар орхон жазбаларында Мойын-Чор ескерткішінде және Селенгі тасында кездеседі.
VІІ-VIII ғғ. Далобян, Чуло-хан, Дулу (Толу) және Қарахан (Хэли) тұсында қыпшақтар, оғыздар және қарлұқтардың тайпалық бірлестіктері ең ірі және қуатты еді. Кейіннен, Қытайдың әсеріне түсіп кеткен Батыс түркілерінің жоғарғы қағанына көңілдері толмай, қаңғюйге, Дештіхазарға (гуз /оғыз/, [Мафазат ал-гуз] даласына қоныс аударады (Дештіқыпшақ пайда болғанға дейін Сарыарқа осылай аталған).
Деректер бойынша, кейбір ежелгі ғұн тайпалары қыпшақтармен қосылып, құн деген біртұтас халықты құраған. Оларға алғаш рет тарихшы Маркварт назар аударды. Құн атауын ол әл-Бируни (XI ғ.) және Ауфи (XIII ғ.) шығармаларында кездестірді. Ауфи бойынша, құндар алдымен Моңғолияда қырғыздардың батысына қарай қоныс тепкен. Кейіннен малға жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне байланысты олар қыпшақтар тұратын Сарыарқаға қоныс аударып кетеді. Ауфиге сәйкес, құндарды марқа деп те атаған, бұлай деп қыста алғаш туған қозыны айтатын болған. Кейінірек құндар батысқа қарай Паннонияға көшіп кетеді де, батыс қыпшақтары — кумандармен бірге венгр халқына қосылады. Қыпшақтардың негізгі бөлігі үнемі қырғыздардан батысқа қарай аймақта Ертіс пен Жайықтың арасында өмір сүрген. Біздің заманымызға дейін сақталған қыпшақтардың көптеген қорғандары мен тас мүсіндері осының куәсі бола алады: бұл жерде сондай-ақ олардың ата-бабалары — ғұндар мен жубандардың (юебаньдар) ескерткіштері де сақталған.
Тарбағатайдан бастап Ұлытау далаларына дейінгі жерде ерекше жерлеу түрі — деформацияланған бас сүйектерімен жерлеу кездеседі. Бас сүйекті жасанды деформациялау ғұн жерлеуінің ерекшелігі еді. Археологиялық деректері бойынша ерте қыпшақ қорымдары соңғы ғұндардікіне ұқсас.
Ертеде қыпшақтар туралы мәліметтер сасанидтер сарайындағы араб ақынына Әбу-Дулефке жатады. X ғасырдың бірінші жартысында ол қыпшақтар жеріне саяхат жасады. Өзінің жазбаларында ол олардың тұрмысын, киізден қапталған жазғы тұрағын суреттейді. Әбу Дулеф қыпшақтарда көп алтын, бағалы тастар, жауынды шақыратын (яда) тасы бар деп жазады.
XI ғасырда Сырдария оғыздары бұхарлық Нұратаға кетті. Ғалымдарды оғыздардың неліктен Сырдария жағалауынан кетіп қалғандығы туралы мәселесі толғандырады. В.В.Бартольд түсіндіруге тырысып, былай деп жазады: «XI ғасырда болған оғыздардың батысқа және оңтүстікке жылжуы, бір жағынан, қыпшақтардың солтүстіктен қысым көрсетуіне байланысты болуы мүмкін; араб географтарының жазбаларында көрсетілгендей бұған дейін адам мекендемеген Маңғыстау түбегіне X ғасырда оғыздардың қоныстануын, мүмкін, осымен түсіндіруге болады (Бартольд, V, 98).
XI ғ. Ертістен Еділге дейінгі далада созылып жатқан кеңістік Дешті-Қыпшақ деп атала бастады. Ол туралы алғашқы жазбалар парсы ақыны Насири Хусрау шығармаларында кездеседі. XI ғ. бірінші жартысында оғыздар Сырдарияның жағасынан кеткен соң қыпшақтар хорезмшахтар мемлекетінің тікелей көршісіне айналды. Сырдариядағы оғыздардың қалалары қыпшақтарға өтті. «XI ғ. орын алған этнографиялық өзгерістер, деп жазады В.В.Бартольд: «…географтар X ғ. оғыздардың атымен «гуздар» даласы деп айтса, енді олар қыпшақ даласы деп атала бастады [Дешті-Қыпшақ]…
Қыпшақтарға және олармен тығыз байланысты қаңлы халқына Сырдариядағы оғыздардың мұралары және оғыздар Оңтүстік Ресейге ығыстырған печенегтердің мұралары өтті, осылайша олардың иеліктері шығыстан батысқа қарай көлемді аумақты алып жатты» (Бартольд, V, 98-99). Қыпшақтардың тайпаластары печенгтер Арал теңізінен батысқа қарай Жайыққа және Еділдің төменгі ағысына дейінгі аймақты мекендеді. Ибн Фадланның жазбалары бойынша, печенгтер қара шашты және сақалдарын қырып жүретін болған.
Джувейни мәліметтері бойынша моңғол шапқыншылығы алдында қыпшақтар Хорезмнің қуатты көршілері болады. Орта Азияға қарақытайлар шапқыншылығы кезінде қыпшақтар хорезмшахтар мемлекетімен достық қарым-қатынас орнатады. Өзінің феодалдық қарсыластарымен үнемі күресте жүретін Хорезмшах Текеш қыпшақтармен одақтасуды қалап, қыпшақтың Қадыр ханының қызы Төркін Хатунмен некелеседі, ол кейіннен Мухаммед Хорезмшахтың (Джузджани) анасы болады. Оның үстіне Текеш Қадыр ханның туысы, өрендердің құдіретті бегі Алп-Қарамен достасады, ол 1182 жылы хорезмшахпен Джендте кездесіп, оған әскери көмек көрсетуге әзірлігін білдірген болатын. Текеш өзінің қызын Алп-Қараның ұлына беріп, туыстық қатынастарын бекіте түседі.
Бағдадидің сөзі бойынша, осыдан кейін Түркістаннан Хорезмшахқа қызмет етуге қыпшақтардың топтары келе бастайды (Китаб аттавассул, 180). Хорезмшахтың сараймаңы нөкерлері мен әскерлерінің басым бөлігі Төркін Хатунның туыстары қаңлылар мен қыпшақтардан құралды.
Моңғол шапқыншылығының алдында қыпшақтар Дешті-Қыпшақ атты мемлекет түріндегі мықты саяси кұрылымды бекітеді. Дешті-Қыпшақты Шыңғысхан әскерінің қуғындауынан бой тасалаған найман, меркит, керей (керейт) тайпалары паналады.
Дешті-Қыпшақтың негізгі аумағын қазіргі ежелгі заманнан бері Сарыарқа аталатын Орталық Қазақстан құрады. XI ғ. араб және парсы әдебиеттерінде Сырдарияның солтүстігіне қарай созылған жазық даланы Дешті-Қыпшақ деп атайды. Х-ХІІ ғғ. Дешті-Қыпшақта қыпшақтар, үйсіндер, қаңлылар, алшындар, жалайырлар, қоңыраттар, арғындар және басқалар өмір сүрген.
Дешті-Қыпшақтың кең даласында ірі ру тармақтары болды. Батыс қыпшақтары-құба қыпшақтардың құрамында құбанғы, қондыгер, берчоглы, кангкароглы (қаңлы, аңшыоглы, борлы, қараборлы, төртоғлы, қарабайыроғлы, жүзден, қотан және т.б. болды. Шығыс Дешті-Қыпшақтың құрамында шағрай қыпшақтар (көккөз қыпшақ), сары қыпшақ, қара қыпшақ, өрен қыпшақ, аланқазы, айдарқаз қыпшақ (андараз қыпшақ), құжат, қаңлы қожа, қарабалық, торыайғыр болды. Шығыс қыпшақ тайпаларының ішінен Сырдарияның төменіңде өмір сүрген шағрай қыпшақтар мен өрен қыпшақтар тарихта із қалдырды. XI ғ. бірінші жартысында олар Хорезмнің одақтастары болып, хорезмшах әскерінің негізгі бөлігін құрады.
Әл-Идрисидің сипаттауы бойынша қыпшақтардың керемет жайылымдары және ағынды сулары болған. Олардың басты қаласы Хиам берік қамал еді (МИТТ, 22). Орталық Қазақстанда (Сарыарқа) археологтар Есіл, Сарысу, Жезді, Нұра өзендері бассейнінде, Ұлытау, Қарқаралы тауларының етегінде, Баянаулы ауданында және т.б. жерлерде алпыстан астам бекіністі қоныстардың іздерін тапты.
Сарысу өзенінде хан ордасының қираған орны бар: шамасы Белен-ана, Ала-тағы (Ала теге) атаулары Алаша ханның тағымен байланысты болса керек. Терісаққан өзенінің Есілге құяр жерінде қазақ аңыздары бойынша Тоқтамыш пен Орысхан салған Орманбет және Оркөшегі қалаларының қираған орындары бар. Қорғалжын көлі маңындағы Есіл өзенінің бастауында Ботағай қаласы, Ақмола қаласына (қазіргі Астана) жақын жерде Бузок бекінісі жатыр. Ұлытау даласында үлкен бекіністердің қалдықтары сақталған, олар Хан Ордасы және Арғанаты тауының батыс етегінде Орда қонған, оның тарихы Алаша ханмен байланысты.
Жезді өзенінде Басқамыр, Аяққамыр қорғандарының қалдығы бар. Осы ордаларында қазақ хандары мен ақсүйектері тек жаз күндері немесе Сырдария және өзге жерлердегі ірі әскери оқиғалар кезінде өмір сүрген. Орда Базар — ханның солтүстік ордасы, оны 1430 жылдан 1468 жылға дейін Дешті-Қыпшақ билеушісі болған Әбілхайыр-хан 1430 жылы орналасты. Рашид-ад-дин бойынша, Сарыарқаның байырғы қаласы Жубанч деп аталған, ол Жұбан ана кесенесі салынған Сарысу өзенінің жағасында орналасқан. Джувейни бойынша, қаңлы басшыларының ордасы торғайдағы Қарақорым болды. 1215 жылы мұнда Жошы мен Сыпатай әскерлерінің қуғынынан меркиттердің жетекшісі Құлтуған Меркен бой тасалаған. 1220 жылы Хорезмге шабуылдар алдында Қарақорымда өз әскерлерімен бірге Жошы тоқтаған, оның әскерін Чинтемур қолбасшы басқарған (Бартольд, II, ч.2, 87).
Нұра өзенінің оң жағалауымен жалғасып жатқан Қарт тауының әдемі алабында мұнаралары бар қамал қабырғалары түріндегі ауқымды қамалдың қираған орны бар, оны қазақ аңыздары атақты Баян Сұлудың әкесімен байланыстырып, «Қарабайдың ордасы» деп атайды.
Сонымен қатар Көрпеш-бұлақ шатқалындағы Жаман Нияз тауларындағы шағын төбені де «Қозы Көрпеш — Баян-Сұлу» аңызымен байланыстырады. Деректерден алынған мәліметтер бойынша қыпшақ қалалары солтүстік Каспий маңында — Ұшқан, Мыңсұлмас, Маңғышлақта — Сам, Ембі өзенінің алабында -Боқаш ата, Қызыл қала, Сағыз өзенінде — Таскешу, Астана және т.б. орналасқан. Олардың арасында ең ірілері Сам және Ұшқан болған. Орыс саяхатшыларының мәліметтері бойынша, бұл қалалар XVII ғ. бірінші жартысында бүтін күйінде сақталған. ХІII-ХVІ ғ. Жайық өзенінде ірі қоғамдық, сауда және қолөнер орталығы — Сарайшық қаласы болған. Сарайшық — алтынорда хандығының резиденциясы, Ұлы Жібек жолының ірі қолөнер және сауда орталығы болды. Сарайшықта қазақ хандары Жәнібек, Керей, Қасым және Бұрындық жерленген.
Қыпшақтарда көпсалалы шаруашылық болды, олар мал шаруашылығымен, егіншілікпен, кен өндіру өнеркәсібімен, металлургия және түрлі, қолөнермен айналысты. Шаруашылықтың жетекші саласын құрайтын мал шаруашылығы қыпшақтардың жартылай көшпелі тұрмыс салтына себепші болды. Оғыздардың Хорасанға қоныс аударуына дейін оғыз даласы деп аталған Сарыарқа үлкен жайлау болды, онда ғасыр ортасында мал иеленуші федолдар өз елдерімен жаз уақытын өткізді.
Күз басталған кезде олар Сырдария, Талас, Шу өзендерінің төменгі ағысы және Қаратау етегіндені өз қыстауларына оралып отырды. Махмұд Қашғари өз картасында қыпшақ қыстауларын Қаратау аймағында, Сырдария және Талас бассейндерінде деп белгіледі. Дешті-Қыпшақтағы көшіп-қонуды Ибн-Батута сипаттады. Көшіп-қону кезінде арбалардың (күйме) ұзын қатары қозғалыстағы қала секілді үлкен жерді алды. Осы тізбекте жүзден бес жүзге дейін арба болуы мүмкін еді. Бәрінің алдында билеушілердің арбалары жүрді. Анна Комнина қыпшақтар және печенегтер соғыс уақытында арбаларды қорғаныс қабырғасы ретінде пайдаланғанын жазады. Саяхатшылардың сипаттамалары бойынша қыпшақтардың арбалары үлкен, байларда сәнді, жібекпен, сақтиянмен, былғарымен қапталған.
Қыпшақтарда көпсалалы шаруашылық болды. Қыпшақтар мал шаруашылығымен, егіншілікпен, кен өндіру өнеркәсібімен, металлургия және түрлі қолөнермен айналысты. Шаруашылық-тың жетекші саласын құрайтын мал шаруашылығы ежелгі сақтар, ғұндар мен қаңлылардың оңтүстік және солтүстік арасында көшіп-қону дәстүрін жалғастырған қыпшақтардың жартылай көшпелі тұрмыс салтына себепші болды.
Қыпшақтар жер өңдеумен айналысып, бидай, арпа, тары, сұлы егетін болған, дінді дақылдардың қуаңшылыққа төтеп беретін түрлерін өсірген. «Қонақ тары» деп аталатын тарының алқабы кез-келген табиғи жағдадйа жақсы өнім беріп отырған. (Ибн Батута. Аталған шығарма, 209).
Қыпшақтарда суармалы жер өңдеушілік болды, бұл оларды табиғи жағдайлардан құтқарды. Осыған Ұлытау және Торғай даласындағы сақталған өңделген ауқымды ескі жерлердің болуы куэ. Н.Рычков, Гавердовский, Г.Г.Генс, Б.Ф.Герман және т.б. жазды. Ұлытау даласында тоған, құдықтар, бөгеттер түріндегі ирригациялық қондырғылар, түріндегі суармалы жүйенің қалдықтары сақталған. Қыпшақтар егістікті су көтеретін машина — шығырлар арқылы суарған.
Бірқатар жүзжылдықтар бойы қыпшақ мемлекетінің мәдени-экономикалық өмірі Ұлытау таулары аймағында, Сарысу, Торғай, Жыланшық, Кеңгір, Жезді өзендері бассейндерінде шоғырланды. Осы мәдени белдеуде халқы руданы өндіріп, қорытумен айналысқан, ірі ежелгі металлургия орталығы ретінде Ұлытау мен Жезқазғанның тарихи мәні ерекше. Дешті-Қыпшақтың Риммен, Хорасанмен, Армениямен, Қытаймен, яғни сол уақыттағы барлық өркениетті елдермен жүргізілген сауда заттары: мыс, темір, алтын, күміс, сондай-ақ түрлі-түсті тастары болды.
Дешті-Қыпшақ экономикасының маңызды бөлігін малмен, әсіресе жылқыларды сату болды. Жылқылардың үлкен партиялары Индияға, Ауғанстанға, Иранға жөнелтіліп отырды. Дешті-Қыпшақта XV ғасырда болған Венециялық копес И.Барбаро былай деп жазады: «Оларды [жылқыларды] сататын адамдар оларды көптеп сатып алады және басқа елдерге сату үшін алып кетеді. Мен кетер алдында Ордадан Парсыға тұтас керуен кетті, онда 4000 дейін жылқы болды… Мен саяхатымда бүкіл даланы жауып кететін көп жылқыларды өзімен бірге алып жүрген көпестерді кездестім» (Барбаро, 34-35).
XII ғ. бастап Дешті-Қыпшақта ерекше сипатқа тән диалектісі бар әдеби тіл қалыптасты. Осы тілдегі әдебиет Сырдарияның төменіндегі қалаларда дамыды, философ әл-Фараби және бірқатар ақындар осыннан шыққан болатын. Алтын Орданың бұйрықтары мен хан жарлықтары, Ақ Орда ханның грамоталары, қазақ хандарының Сығанақ, Төменарық маңындағы және Сырадарияның өзге де жерлеріндегі жер телімдері мен арқтарды тегін пайдалану туралы қазақ хандарының тархандық жарлықтары осы тілде жазылған…
Қыпшақ тіліндегі әдеби жәдігерлердің арасынан Кутба Хусрау поэмасын, Ахмед Үйгінекидің Адеветул Хакаик, Хисамеддиннің және т.б. шығармаларын (XIII ғ.) атап өтуге болады. ХІІ-ХІV ғғ. құрастырылған қыпшақ тілінің сөздіктері құнды ескерткіштер болып табылады, олар: араб-қыпшақ сөздігі (XII ғ.), қыпшақ тілінің сөздігі, түрік-қыпшақ сөздігі (XIII ғ.), араб-қыпшақ сөздігі (XIV ғ.) және т.б. ХIII-ХIV ғғ. көпестер мен миссионерлер қыпшақ фольклорының ескерткіштерін жазып алған, олар италия мұрағаттарында сақтаулы тұр.
Осы кездері қыпшақ тіліне деген қызығушылық артады, өйткені ол қарым-қатынас пен дипломатия тіліне айналады. Саяхатышылар, миссионерлер және көпестер қыпшақ тілін пайдаланған, осыған Плано Карпини мен Рубруктың жазбалары дәлел бола алады. Қайта өрлеу дәуірінің атақты италиялық ақыны Петрарканың тапсырмасы бойынша XIII ғ. Еуропалық миссионерлер «Кодекс куманикус» атты қыпшақ тілінің сөздігін құрастырған, бұл сол кездегі қыпшақтың сол кездегі ауызекі тілін бейнелеген. Қолжазбаны шығыстанушы Клапрот Петрарканың кітапханасынан тауып алады және әдеби ескерткіштің қыпшақ тіліне тиесілі екені туралы дұрыс түсіндірме беріледі. Шығыстан батысқа қарай қозғалған ғұн, оғыз, печенег және қыпшақ тайпалары өз мәдениеттерін, Шығыстың аңыз-әңгімелерін ала келеді, олар «Роланд туралы әнде» және скандинавиялық «Үлкен Эдда» атты қиссада көрініс табады.
Румынияда, Венгрияда, Дунай мен Истраның жағалауларында ғұндардың орхон жазбаларының ескерткіштері сақталған. Орталық Қазақстанның жартастары мен тас мүсіндерінде жекелеген орхондық белгілердің табылуы бұл жазуды қыпшақтардың да қолданғанын білдіреді.
Қыпшақтар пұтқа табынушылар болған, ежелгі заманнан бері олар аспанға — тәңіріге, күнге және айға құлшылық еткен. Дешті-Қыпшаққа ислам ең алдымен осы діннің ордасы болған Бұхара мен Хиуа жағынан келген. Исламның уағыздаушылары -миссионерлер, шейхтер, қожалар бетпақ далада омеядтар дәуірінде-ақ пайда болған. Дала халқының арасында олар миссионерлер пайғамбар және оның үзеңгілестері, алғашқы халифтер Әбубәкір, Омар, Осман, Әли туралы аңыздар айтып, Құраннан сүрелер оқып беретін болған.
Әйтсе де, исламды табанды түрде насихаттаса да, қыпшақтар ұзақ уақыт бойына оның әсерінен тыс қалды. Дешті-Қыпшақ исламды тек XII ғ. қабылдады. Мұсылман дінбасыларының өкілдері ежелгі пұтқа табыну мәдениетінің ескерткіштерінің көзін жоя бастады. ХІV ғ. басында бұхар шейхтері фетва (шешім) қабылдайды, онда қазақтарды жансыз тұлғаларға табынады деп айыптайды да тас мүсіндерді жоюды талап етеді. Өкінішке қарай осыдан кейін қыпшақ мәдениетінің көптеген ескерткіштері жойылып кетті. Тіпті Қазақстан аумағына ислам үстемдігі орнағаннан кейін де ежелгі сенімдерге ынтазарлық қала берді және бұл дуалистік сенімге, діни синкретизмге алып келді.
Шоқан Уәлиханов орынды атап өткендей, уақыт өте келе тәңірі құдай бірқұдайлықтың атрибутына айналды. Исламды ресми қабылдағаннан кейін де дала халқы ежелгі сенімдердің жолын ұстанудан тайқымаған, бұған қазақтардың арасында тараған алла-тәңіріге табыну куә бола алады. Оның үстіне қазақтарда ата-баба рухына табыну дәстүрі үнемі болған, оған мұсылман дінбасылары қарсы шыққан. Халықтың санасында «жерұйық» ұғымы жақсы сақталған, ол киелі жер, ата-баба отаны, ата-баба рухына табыну орны дегенді білдіреді.
Шыңғыс хан тұсында Дешті-Қыпшақ екі бөлікке бөлінді: Сарайда орталығы болған оң қанат және Сығанақта орталығы болған сол қанат. Оң қанат басшыларының бірі ХІІ-ХІII ғғ. өмір сүрген сот істерінің реттеуші үйсін Майқы би болды. Қазақ аңыздарында: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» делінген. Дешті-Қыпшақтың сол қанатына қыпшақтар, қаңлылар, арғындар, алшындар, жалайырлар, үйсіндер, қоңыраттар, наймандар, керейіттер, құсшылар, қарлұқтар, бұйрықтар және т.б. кірді. Дешті-Қыпшақ келесі бағынышты ұлыстар — елдерге бөлінген ұлыс деп аталды: қыпшақ елі, найман елі, қаңлы елі, үйсін елі және басқалары. Ел өз алдына аймақтарға бөлінді.
XIII ғ. басында Шыңғыс хан жаулап алған жерлер оның ұлдарының еншісіне бөлінді. Дешті-Қыпшақ жерлері Жошы хан ұлысына енді. Дулаттармен Оңтүстік Жетісу және Сырдария орта ағысы ауданы Ташкенттен солтүстікке қарай Ұлы жүздің сіргелі, шанышқылы (қатаған), қаңлы тайпалары және жалайыр тайпасының бір бөлігі Шағатай ұлысына кірді. Жоңғар Алатауы, Алакөл көлі, Тарбағатай таулары Үгедей ұлысына берілді.
Х-ХІV ғғ. қыпшақтардың шоғарланған орындары Сайрам, Сығанақ, Түркістан (Ясы) және Отырар болды. Сырдарияның жағаларын қыпшақтар қаңлылармен (Үзкенттен Арыс өзенінің сағасына дейін) бірге жайлады, оғыздар Сырдарияның төменгі бөлігінде және Арал теңізінің жағаларында өмір сүрді. Моңғол басқыншылығынан кейін бейбіт күндер келген соң қыпшақтар Ақ Орданың немесе Шығыс Дешті-Қыпшақтың негізгі халқын кұрады. Қазақтың тарихи хикаяларында шығыс қыпшақтар ноғайлы, батыс қыпшақтар қондыгер деп аталған, ал кубанг жұрты деген астрахандық (кундор) қыпшақтар мен қырымдықтар (Потанин. Киргиз-кайсацкие и алтайские предания и легенды). Батысқа қарай оңтүстік орыс даласына және одан әрі Дунайға қоныс аударған қыпшақтарды құмандар деп атаған, бұл жетекші болған кубанг тайпасының атауынан шыққан және ол бозғын, солғын дегенді білдірген, орыстар оларды половецтер деп атаған. Құба-қыпшақ сөз тіркесіндегі құба сөзі ақшыл жүзді бетті ғана білдіріп қоймайды, сонымен қатар ақсүйек тұқым дегенді білдіреді. «Құба» сөзі ақ (ақ гун, ақ найман) сөзінің синонимі болып табылады. Арысқа құятын өзен «Қыпшақ» деп аталды. Орталық Қазақстанда «Қыпшақ деп аталатын бірнеше шағын өзендер бар.
Қыпшақтардың мәдени мұрасы суармалы егіншілік іздері мен көптеген архитектуралық құрылыстары бар қоныстардың қалдықтары түрінде біздің күндерге дейін сақталды. ОҚАЭ зерттеген қоныстар феодалдық қатынастар орнығу және Дешті-Қыпшақта сауданың дамыған кезеңінде ХІII-ХІV ғғ. өз өркендеуіне жеткен дала адамдарының тұрмысы мен шаруашылығын көрсетеді. Археологтар Ертіс жағалауы бойы Өскеменнен Омбы облысы шекараларына дейін Түрік қағанаты дәуірінің материалдары табылған VІ-VІІ ғасырлардағы қыпшақ қорғандарының үлкен топтамасы зерттелді. Олжалар ішінде сол тарихи кезеңге тән көптеген қару, күнделікті тұрмыс заттары, әшекей бұйымдар бар.
Әскери қару-жарақтар және, бірінші кезекте, ұшу кезінде ысқыратын үш қалақты оқтар, сондай-ақ ат әбзелдері және күміспен әшекейленген салпыншақтары бар ерлер белдіктер үлкен қызығушылық тудырады. Мұндай белдіктер VI-VIII ғғ. түркі әскерлерінің ажырамас жабдығы болды, бұл жөнінде сол заманның тас мүсіндері куәлік етеді. Ертісте, Қараағаш шатқалында, Нұртай өз. алқабында табылған қыпшақ мәдениетінің заттары соңғы ғұндардікімен ұқсас келеді. Беғазы, Абралы, Ұлытау? Арғанаты, Ерементау тауларында, Атасу, Нұра, Есіл өзендерінің алқаптарында кездесетін көптеген тас мүсіндері Қыпшақ мәдениетіне жатады. Қыпшақтардың құрылымдары туралы Рубрук былай деп жазды: «Қомандар маркұмның үстіне үлкен төмпешік тұрғызып, оған шығысқа қаратылған және кіндігі тұсында қолына тостаған ұстаған мүсінін орнатады. Олар байлар үшін пирамидалар — сүйір төбелі үйлер салады. Және де кей жерде мен кірпіштен салынған үлкен мұнараларды, сол жерлерде тас болмаса да, кей жерде тас үйлерді көрдім» (Рубрук, 80).
Қыпшақтар мұра еткен ғұндардың кейбір дәстүрлері ішінде марқұмды жылқымен бірге жерлеу салты болды. Ертіс алқабы ескерткіштері өз белгілері бойынша танымал Алтай мен Оңтүстік Сібір Қотанды, Күдергі, Қурай, Тұяқты ескерткіштеріне жақын. Бұл ескерткіштерге ортағы жылқыны жерлеудің болуы.
Х-ХІІ ғасырларда Дешті-Қыпшақ құрамына ежелгі қазақ тайпалары алшын, үйсін, қаңлы, жалайыр, арғындар және өзгелері қосылады да, жаңадан құрылған қыпшақ қоғамы екі ірі тарамға бөлінді.
Батыс қыпшақтардың кұрамына (құба-қыпшақ) мыналар кірді: құбанғы, қондыгері, берчоглы, қанқаоглы (қаңлы), аңшыоғлы, бөріклі, қарабөріклі, төртоғлы, қарабайыроғлы, жүзден, қотан және т.б. шығыс қыпшақтарының құрамында шағрай (чаграктар-көккөз қыпшақтар), чегирлер (олар да көккөз), сары қыпшақ (ақ шашты), қара қыпшақ (қара шашты) өрен қыпшақтар (казвини және Бейхаки бойынша уреньяндар), алаңқазы (кейбір деректер бойынша леңқаз), айдарқаз қыпшақтар (кейбір деректер бойынша аңдарқаз қыпшақтар), құжаттар (олар туралы М.Қашғарида айтылады, I, 248), қаңлы қожа, қарабалықтар, торы-айғырлар (торайғыр-қыпшақ). Соңғы атау Қазақстан мен Қырғызстан топонимикасында кездеседі. Осы тайпалардың негізгі бөлігі XIV-XV ғғ. қазақ халқының қүрамын енді және олардың көпшілігі тарихи атауларын сақтап келеді. Қазақ халқының құрамына енген барлық қыпшақ тайпалары өз аталарының өмір сүрген жерлерінде тұрады. Қыпшақтардың шежіресі 92 тармақтан тұрады. қыпша тайпалары ата-бабалары өмір сүрген Ертісте, Торғай және Есіл даласында, Сырдарияда тұрады.
Павлодарлық Ертіс маңында және Омбы облысында қыпшақтардың келесі тарамдары өмір сүреді: құлан-қыпшақ, қытай-қыпшақ, мадьяр-қыпшақ, сағал-қыпшақ, торы (торайғыр-қыпшақ), Торғай және Қостанай облыстарында негізінен қара қыпшақтардың, сондай-ақ күрлеуіт қыпшақтардың, мадьяр-қыпшақтардың және т.б. ұрпақтары өмір сүреді. Кыпшақтың ірі тарамдарының бірі торы-қыпшақтар башқұрлар, өзбектер және қырғыздар арасында кездеседі. Қыпшақтардың берчоглы (беріш) тарамы қазақтардың Кіші жүзінде сақталған, қотан тармағы Орта жүздегі арғындардың атасы деп саналады, қара-бөрілі қазіргі қарақалпақтардың атасы, өзбектер мен қырғыздардың арасында кездеседі. Қыпшақтардың араб және парсы деректері бойынша белгілі ұрпақтары: сары қыпшақ (ақ шаштылар), қара қыпшақ (қара шаштылар), құба (половецтер), құлан, сондай-ақ қытай қыпшақ және көккөз қыпшақтар шағыр (чаграк), чегир (чегирек), айдарқаз (андараз қыпшақ) және олар біздің заманымызда Сырдарияда өмір сүреді.
Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.