Құтты білік дастаны туралы слайд бірнеше бөлімдерден тұрады. «Құтадғу білік» — классикалық түркі поэзиясының бірден-бір шоқтығы биік, көркемдік дәрежесі кемел үлгісі, әрі тұңғыш жазба поэтикалық кітабы. Поэтикасы осы кездің өзінде-ақ тіл-ой өнерінің, поэзияның түркі мәдениетінде ерекше орын алып, гүлдене дамығанын көрсетеді. Көне түркі сөз өнерінің, шешендік өнерінің дәстүрін, даму жолын айқын дәлелдеп берген кітап. Жүсіп Баласағұн сол заманғы түркі халқының сөз өнерінің шұрайлы қазынасын, даналық ойлары мен қанатты сөздерін білімділікпен, парасат-талғаммен пайдаланған.
Композициясы, сюжеті, белгілі бір заңдылықпен түзілген, кейіпкерлер образы сом құйылған, эстетикалық, қоғамдық-әлеуметтік идеялы шеберлікпен өрнектелген мұндай көлемді тынысты поэзиялық дастан — төл топырағы, төл дәстүрі жоқ жерде, қүр еліктеуден тумайды. «Құтадғу білік» сияқты поэтикасы жоғары дастан жазылған кезде, оған дейін түркі мәдениеті әлемінде өнегелі, үлгі тұтарлық арналардың да болғанына күмән қалмайды. Жүсіп Баласағұн кітабы — әрісі Орхон-Енисей жазбаларымен, берісі бүгінгі түркі халықтары поэзиясының дәстүрімен жалғасқан көркемдік ойдың алтын арқауы. Түркі поэзиясының әлемге әйгілі ұлы үлгісі.