Құқық қорғау органдарының ұйымдастыру және қызметі негіздері. Мемлекет пен оның органдарының қызметі мемлекеттік және қоғамдық өмірдің көптеген салаларын қамтиды. Заңдық режімді қамтамасыз ету мақсатында мемлекетте құқық қоғау органдары құрылған. Құқық қорғау қызметі дегеніміз – қоғам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекетте заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған арнайы өкілетті органдардың қызметі. Бұл қызмет заңды шаралар қолдану арқылы жүзеге асады. Құқықты қоғау қызметінің мақсаты – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқық тәртібін сақтау.
Құқық қорғау қызметі әртүрлі нысанда болады – құқықбұзушылықты анықтау, тергеу, алдын алу, болдырмау және тойтару. Сонымен қатар құқық бұзушыға санкцияларды қолдану.
Құқық қорғау органының түсінігі. Құқық қорғау қызметі – қиын және түрлі үлгілерде болатын қызмет. Оларға конституциялық бақылау, сот төрелігі, соттарды ұйымдық қамтамасыз ету, прокурорлық қадағалау, қылмыстарды анықтау және тергеу, заң көмегін көрсету және қылмыстық істер бойынша қорғау жатады. Осы бағыттардың әрқайсысы нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған: ҚР Конституциясының ұйғарымдарын бұзуды жою, азаматтық, қылмыстық және өзге де істерді әділ талқылау және шешу, соттардың қалыпты жұмыс істеуі үшін жағдай жасау; прокурорлық ден қою құралдарының көмегімен заңды бұзуды анықтау және жою; қылмыс жасауға кінәлі адамдарды әшкерелеу және ашу; сотта нақты істерді қарау үшін материалдар дайындау; кімге қажет болса, барлығына білікті заң көмегін ұсыну. Осы нәтижелердің орындалуын құқық қорғау органдары қамтамасыз етеді. Құқық қорғау органы – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін, өз құзыретіне сәйкес қылмыстылыққа және өзге де құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттің саясатын іске асыратын, заңдылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті қолдау жөнінде арнаулы өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган.
Құқық қорғау органдарының түрлері. Құқық қорғау органдарына Қазақстан Республикасының прокуратура, ішкі істер, коррупцияға қарсы және экономикалық тергеу қызметі, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары жатады.
Құқық қорғау органдарына қызметке жасы 18-ге толған, өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, денсаулығы мен дене бітімінің даму жағдайы, білім деңгейі жөнінен өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті Қазақстан Республикасының азаматтары ерікті негізде қабылданады.
Сонымен қатар арнаулы мемлекеттік органдар да бар. Оларға ұлттық қауіпсіздік қызметі, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органдар, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Күзет қызметі жатады. Арнаулы мемлекеттік органдар ҚР Президентіне тікелей бағынады және есеп береді, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштерінің құрамдас бөлігі болып табылады. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнуіне жол бермеу мақсатында барлау және қарсы барлау қызметін, сондай-ақ жедел іздестіру және техникалық шаралар кешенін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар.
Қазақстан Республикасының прокуратурасы – Қазақстан Республикасының аумағында заңдардың, ҚР Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл және біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және атқару-орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғарыдан қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Прокуратура органдары төменгі прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға қатаң бағындыратын бірыңғай орталықтандырылған жүйені құрайды. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасын Бас Прокурор басқарады.
Прокуратура органдары жүйесіне: Бас Прокуратура; облыстардың прокуратуралары; республика астанасы мен республикалық маңызы бар қалалардың прокуратуралары; ауданаралық; аудандық; қалалық және оларға теңестірілген әскери және мамандандырылған прокуратуралар кіреді.
Прокурордың қызметі:
- қылмыстық істің қозғалуының негізі бар екендігін анықтайды немесе қылмыстық істі өзі қозғайды, жалпы тергеуді бақылауда ұстайды;
- прокурор алдын ала тергеудің бікенінен кейін қылмыстық істің әрі қарай қозғалысын анықтайды, ол дегеніміз қылмыстық істің біткенін прокурордың бекітуімен ғана соттың қаралуына өткізіледі;
- сотта прокурор мемлекеттік айыптауды қолдайды және ол қодаудан жеке өзіне байланысты себептермен бас тартуға хақысы жоқ;
- прокурор тергеушінің немесе анықтама анықтау органының маңызды процессуалдық шешімдерін (күзет қарауына алу, тінту жүргізу, пошта-телеграф корреспондеттігін қамауға алу) бекітеді;
- прокурор тергеушінің және анықтау органдарының іс әрекетіне жасаған шағымдарды қарайды және осы туралы шешім қабылдайды;
- прокурор тергеу біткен соң істі толық тексереді және айыптау қорытындысын бекітеді;
- анықталған заңбұзушылықтарға прокурор қылмыстық іс қозғауға тиіс, тәртіп бұзушыларға қатысты заңды шешіп қабылдауы қажет.
Ішкі істер органы. Құқық қоғау органдарының жүйесінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары айрықша орын алады. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, мемлекет пен қоғамның мүдделеріне қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
Ішкі істер министрлігі (ІІМ), оның құрамына кіретін департаменттер мен өзге де құрылымдық бөлімшелер, оған бағынатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың ішкі істер басқармалары және қалалық, аудандық, ауылдық, көліктегі жол бойының ішкі істер органдары, ішкі әскерлер, оқу орындары мен өзге де ұйымдары Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесін құрайды.
Ішкі істер органдарының бүкіл жүйесін ішкі істер министрі басқарады.
Заң көмегін басқа да қоғамдық институттар жасайды. Оларға адвокатура және нотариат жатады.
Адвокатура – құқықтық институт, ол адвокаттық қызметпен шұғылданушы адамдар және жеке адвокаттық операциямен шұғылданушы тұлғалардың кәсіптік бірлесулерін өз ішіне алады. Адвокатураның басты мақсаттары: қылмыстық істер бойынша қорғау, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық және басқа да істер бойынша өкілдік ету, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мен іске асыруға жәрдемдесу. Әдетте, азаматтар заңнаманың негізгі ережелері мен ғана таныс болады, ал өз құқығын қоғау үшін тереңірек білу қажет. Осы жағдай кәсіби адвокаттың көмегіне жүгінуге мәжбүрлейді.
Адвокат – яғни қоғаушы, оның міндеті мен мақсаты жеке тұлғаның мүддесін қорғау. Адвокат жеке адамға заңи кеңес береді, клиенттің мүддесін сотта өкіл етеді. Адвокат болу үшін заң білімі болуы тиіс және мемлекет атынан рұқсат (лицензия) алу керек.
Нотариат – азаматтық құқықтар мен заңдық нысандарды даусыз куәландыру жолымен жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін заң жүзінде бекітуге бағытталған нотариалдық іс-әрекеттерді орындайтын, заңдық тұрғыда бекітілген органдар жүйесі. Нотариат пен сот азаматтық іс айналымында заңдылықты алдын ала және істен кейін бақылаудың бірыңғай қызметін жүзеге асырады. Бірақ азаматтық іс жүргізуде құқық туралы дауды қарайтын соттан айырмашылығы – нотариат азаматтық құқықтарды заң жолымен бекітуге және олардың болашақта бұзылу мүмкіндігін алдын алуға бағытталған қызметтерді орындайды.
Осылайша нотариаттың қызметіне келесі іс-әрекеттер кіреді: 22-сурет
Нотариаттың қызметі ескертпе болып табылады. Нотариалды түрде бекітілген келісімшарт шындықты дәлелдеуді жеңілдетеді, себебі келісімшарттың мазмұны, келісімшартқа қатысқан мүшелердің қолының шынайылығы, уақыты және өткен орны тағы басқа мәліметтер ресми түрде нотариуспен бекітілген.
Осылайша адвокатура мен нотариат – заңдылық режімінің күшеюіне, әділ соттың орнауына, азаматтар және ұйымдардың құқығын қорғау үшін жасалатын нотариалдық іс-әрекеттерді орындайтын, заңдық көмек көрсетуге дайын заңгерлер ұйымы.
Мемлекеттік қызмет. Мемлекеттік қызметтің қағидаттары. Мемлекеттік қызмет – мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді атқару жөніндегі мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдардағы қызметі. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін азаматтар мемлекеттік қызметкер деп аталады. Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттің жұмысына жауап береді.
Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары:
- ҚР Конституциясының заңдары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарын басшылыққа алу қағидаты. Ол дегеніміз барлық нормативтік-құқықтық актілер конституцияға және заңға қарсы келмеуі керек;
- жеке тұлға мен азаматтың бостандығы және құқығының басымдылық қағидаты. Азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің мемлекет мүдделері алдындағы басымдығы;
- биліктің үш тармаққа бөліну қағидаты. Мемлекеттік биліктің заңшығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлінуіне қарамастан, мемлекеттік қызмет жүйесінің біртұтастығы;
- азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруінің мүмкіндігінің теңдігі қағидаты. Мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылдаған кезде жеке тұлғаның жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге деген көзқарасына, нанымына және қандай да бір қоғамдық ұйымның құрамында болуына шектеулер қойылмайды. Мемлекеттік қызметке жұмысқа тұру үшін арнайы бекітілген ережелер қаралады: азаматтық, жеке тұлғаның жасы сияқты арнаый талаптарға назар аударылады;
- жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз өкілеттігі шегінде қабылдаған шешімдерді орныдаудың бағынышты мемлекеттік қызметкерлер мен төменгі мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін міндеттілігі қағидаты;
- мемлекеттік қызметке қойылатын негізгі талаптардың бірыңғайлығы. Ол дегеніміз мемлекеттің қызметкерлерге мемлекет қызметінің және біліктілік разрядының (атақ, дәреже) бірыңғай жүйесі қолданылуы тиіс, мемлекеттік қызметтен өтудің бірыңғай тәртібі, құқық пен міндеттемелердің тізімінің, шектеулер мен кепілдіктердің, кадрларды дайындау және олардың біліктілігін бақылау жүйесінің жалпыға бірдей болуы қажет;
- кәсіпқойлық және біліктілік қағидаты. Мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылдау үшін кандидатқа арнайы талаптар қойылады. Жұмысына ұйымдастырушылық қасиеті басым, мамандығы бойынша өтілі жоғары, дайындығы жақсырақ, лайықты адамға таңдау жасалады;
- жариялылық қағидаты. Мемлекеттік қызмет туралы заңдылықтың құпия емес екендігін білдіреді, мемлекеттік қызметкерлердің білуімен және қолдауымен өзінің тағдыры немесе құқықтық жағдайына қатысты сұрақтарды мемлекеттік органдар шеше алады. Ешқандай қызметкер бақылаусыз, сынсыз қалмауы тиіс;
- Жеке өзінің жауапкершілігі қағидаты заңда көрсетілген міндеттеріне, қабылдаған шешіміне және істеген қызметтік жұмысына мемлекеттік қызметкер жауапкершілікті жеке өзіне алады. Бұл қағида мемлекеттік тәртіптің қатаюын, мемлекеттік қызметкерге тапсырылған жұмыс үшін жауапкершілік сезімін қалыптастыруын қамтамасыз етеді.
Құқық қорғау қызметінің қағидаттары. Мемлекеттік қызметтің қағидаттарының жалпы көрінісі құқық қорғау қызметіне негіз бола алады.
Сонымен қатар құқық қорғау қызметінің арнайы қағидаттары да бар.
Құқық қорғау қызметкерлерінің құқығы, міндеттері және жауапкершілігі. Құқық қорғау қызметкерлері мемлекеттік биліктің өкілі болғандықтан, мемлекеттің қорғауында болады. Қызметкерлердің Қазақстан Республикасының заңдылығында қарастырылып қойған талабын барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға міндетті. Құқық қорғау қызметінің қойған талабын орындамаған азамат заң алдында жауапқа тартылады.
Сонымен қатар құқық қорғау қызметкерін балағаттаған, қарсылық көрсеткен, қоқан-лоқы көрсеткен және өміріне, денсаулығына, абыройына қауіп төндірген жағдайда да заң алдында жауапкершілікке тартылады. Оған қоса құқық қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының және жолдастарының өміріне, денсаулығына, абыройына қауіп төндірген жағдайда да заң алдында жауапкершілікке тартылады.
Құқық қорғау қызметкерлерінің құқықтары:
- лауазымдық міндеттерін атқару үшін қажетті ақпараттар мен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;
- лауазымдық міндетерін атқарумен байланысты мемлекеттік органдарға, ұйымдарға олардың ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, белгіленген тәртіппен кіріп-шығуға;
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмірінің, денсаулығының және мүлкінің, өз отбасы мүшелері өмірінің, денсаулығының және мүлкінің мемлекеттік қорғалуына.
Қызметкерлерге, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін қоспағанда, атыс қаруы мен арнаулы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы беріледі. Олар дене күшін, оның ішінде, күрестің жауынгерлік тәсілдерін қолдануға да құқылы. Атыс қаруын, арнаулы құралдарды және дене күшін қолдану тәртібі заңмен айқындалады.
Қызметкерлердің құқық қорғау қызметін өткеруге байланысты міндеттері:
- Қазақстан Республикасының Конституциясын және Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
- адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;
- заңмен көзделген тәртіп пен мерзімде жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға, олар бойынша қажетті шаралар қодануға;
- мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның ішінде құқық қорғау қызметін тоқтатқаннан кейін де, ол жөнінде қолхат бере отырып, заңмен белгіленген уақыт ішінде сақтауға;
- қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған азаматтардың жеке өмірін, ар-намысын және қадір-қасиетін қозғайтын мәліметтерді құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат беруді талап етпеуге.
Қызметкердің құқық қорғау қызметінде болуына байланысты шектеулер:
- өкілді органдардың депутаты және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі болуға, партиялар, кәсіптік одақтар қатарында болуға, қандай да бір саяси партияны қолдауға, құқық қорғау органдары жүйесінде өз мүшелерінің еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін білдіру мен қорғау және еңбек жағдайын жақсарту үшін олардың кәсіптік мүдделерінің ортақтығына негізделген саяси мақсаттарды көздейтін қоғамдық бірлестіктерді құруға;
- педагоктік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтерді қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
- кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, оның ішінде, оның ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
- өзінің қызметтік әрекетін қамтамасыз ететін материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсатта пайдалануға;
- лауазымдық өкілеттіктерін атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметін жеке мақсатында пайдалануға;
- пайдакүнемдік мақсатта, оның ішінде, лауазымды немесе өзге де адамдармен сөз байласу жолымен қызмет бабын пайдалануға;
- өзінің жақын туыстары немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын қызметіне тікелей бағынышты лауазымды атқаруға құқығы жоқ.
Қызметтік міндеттерін орындамағаны үшін немесе лайықсыз орныдғаны үшін қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртіптік жауапкершілікке ҚР заңдарына сәйкес тартылады. Қызметкерлерге олардың жекебасын және өкілеттіктерін растайтын қызметтік куәліктер және жетондар беріледі. Жетондар прокуратура органдарының қызметкерлеріне берілмейді. Қызметтік куәлік адамның құқық қорғау органына қатыстылығын, оның құқық қорғау қызметіндегі лауазымын және арнаулы атағын немесе сыныптық шенін растайтын құжат болып табылады. Қызметкердің қызметтік куәлігі, мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерін қоспағанда, оның атыс қаруын, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқығын, қызметкерге ҚР заңнамасына сәйкес берілген өзге де өкілеттіктерді растайды.
Осылайша заманауи даму мүмкіндіктерінде ҚР азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғайтын, тәртіпті сақтайтын, заңдылықты нығайтатын мүмкіндіктер құрылған. Бұл тапсырмаларды құқық қорғау қызметкерлері толыққанды орныдауда. Құқық қорғау қызметкерлері азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға арналған арнайы қызметке ие.