Көмір өнеркәсібі — энергетикалық кешеннің маңызды тізбегі. Көмірдің 3/4 өнеркәсіптерде, жылу электр станцияларында отын, ал металлургия мен химия өнеркәсіптерінде (кокстеуші көмір) технологиялық шикізат және отын ретінде қолданылады. Тарихқа көз жүгіртсек Қазақстанда көмір өнеркәсібі XIX ғасырдың ортасынан бастап пайда болды. 1899 жылдан Қарағанды бассейні, 1869 жылы Ленгір, 1895 жылы Екібастұз кен орындары игерілді.
Қазақстан көмір қоры бойынша алдыңғы он мемлекеттер қатарынан 8-орынға ие, алдымызда тек Қытай, АҚШ, Ресей, Австралия, Үндістан, Оңтүстік Америка Республикасы және Украина. Мемлекеттік балансқа 49 кен орны есепке алынған, олардан алынатын көмір 33,6 млрд тоннаны, ал оның ішінде таскөмір 21,5 млрд тоннаны қоңыр көмір — 12,1 млрд тоннаны құрайды.
1991 жылы Қазақстан өндірген көмірдің жалпы көлемі 130,4 млн т, немесе бұрынғы КСРО территориясында өндірілген көмір көлемінің 20,7%-ын құрайды. Қазақстанның көмір саласының құрылуы мен дамуы, республиканың басқа да салалары сияқты, КСРО ыдырағаннан кейін қиын жағдайда өтті.
Бүгінгі күні елімізде көмір өндіруді 33 компания (оның 5 шетелдік және 28 отандық) жүргізеді. Олардың ең ірілері: «Богатырь Аксесс Комир» (БАК) ЖШС, «Восточный» разрезі мен «Евразиялық энергетикалық корпорациясына» ААҚ қараеты «Шұбаркөл көмір», «Майкубен Вест» ЖАҚ, «Испат-Кармет» көмір департаменті ААҚ, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Борлы» көмір департаменті. Қазақстанда «Богатырь Аксесс Комир» ЖШС депатаментінен басқа көмір өндіретін кәсіпорындардың барлығы дерлік ірі энергетикалық немесе металлургиялық компаниялардың құрам бөліктері болып келеді.
Қазақстан Республикасының көмір өнеркәсібін дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі 2007 жылы ұсынды. Тұжырымдамада тас және қоңыр көмірлердің жұмыс істеп тұрған және перспективалы кен орындары қаралды, Мемлекеттік теңгерімде ескерілген көмір қоры көрсетілді.
Қазақстан Республикасының жалпы геологиялық қоры мен көмірінің болжамды ресурстары 150 млрд тоннаға бағаланады (жалпы әлемдік көлемнің 4%-ын құрайды). Көмір кен орындарының көп бөлігі Орталық және Солтүстік Қазақстанда шоғырланған. Есептелген қордың үлкен бөлігін (63%) Қарағанды, Екібастұз, Теңіз-Қоржанкөл бассейндерінің, Қушоқы, Бөрілі, Шұбаркөл, Қаражыра және басқа да бір қатар кен орындарының таскөмірі құрайды.
Қалған бөлігін (37%), негізінен, Торғай, Төменгі Іле, Майкөбе бассейндері мен басқа кен орындарында шоғырланған қоңыр көмір құрайды. Қазақстан Республикасының, алыс және жақын шет елдердің тұтынушылары үшін кокстелетін көмір мен домна коксін әлеуетті жеткізушілер Қарағанды көмір бассейнінде «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының Көмір департаментінің (бұдан әрі — «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД) және «Гефест» көмір өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының (бұдан әрі -«Гефест» КӨКҚ) шахталары болып табылады.
Болашақта көмір электр энергетикасының дамуын қамтамасыз ететін отын түрінің негізгі, аса сенімді стратегиялық түрі болып қалады. Қазақстанның энергетикалық көмірін тұтыну болжамы бойынша 2006 жылы 82,83 млн тоннаға, ал 2010 жылы — 90-92 млн тоннаға, 2015 жылы 95-97 млн тоннаға жетсе, ал 2020 жылы 121,3 млн тоннаға дейін немесе 38,47 млн тоннаға (46,4%-ға) үлғаюы тиіс.
Әлеуетті жеткізушілер бойынша тұтыну көлемін ұлғайту: — Екібастұз көмірін 2006 жылы 59,47 млн тоннадан 2020 жылы 80,67 млн тоннаға дейін немесе 21,2 млн тоннаға (35%), бұл ретте жобаланып отырған Балқаш ЖЭС-іне қажеттілік толығымен жабылады, ал экспортқа тапсыру жылына 22,0 млн тоннаны; — Шұбаркөл көмірі 2006 жылы 5,7 млн тоннадан 2020 жылы 11,53 млн тоннаға дейін немесе 5,83 млн тоннаға (немесе 2 есеге) өсіруді құрайды.
Қазақстан Республикасының жылу және электр станцияларын жабдықтау үшін энергетикалық көмірді негізгі жеткізушілер: Екібастұз таскөмір бассейні, Майкөбе көмір бассейні, Шүбаркөл, Қаражыра, Бөрілі таскөмір кен орындары болып табылады.
Екібастұздың қуатты карьерлерінде көмір ашық әдіспен алынуына және оларды ірі электр станцияларында жағуға байланысты бұл аймақтың экологиялық жағдайына айрықша көңіл бөлу керек. Ауа ортасын қорғау үшін Екібастұз ГРЭС-інде түтін трубасының биіктігі 320 м, ал барлық ГРЭС күл шлактарын таяу орналасқан өте тұзды өзендерге тастайды. Бұдан шаралар да қабылдануда. Бұл табиғат тазалығын және ауыл шаруашылығына жарамды жерлерді сақтауға мүмкіндік береді.
Көптеген кен орындарынан көмірді ашық әдіспен алуға болады. Мысалы, Құлан (қоры 60 млн т), Юбилей (500 млн т), Алакөл (40 млн т) және т.б. кен орындары.
Шығыс Қазақстандағы Кендірлі кен орнының көмір қоры 1,6 млрд т көмірмен қатар бұл жерде отын немесе химия және газ өнеркәсіптерінде шикізат ретінде қолдануға болатын 4 млрд т шамасында жанатын тақтатастың (сланецтің) қоры бар.
Қазақстан Республикасының жұмыс істеп тұрған және перспективалық көмір кен орындарында өндіруді дамытудың техникалық мүмкіндіктерін бағалау орындаған жобалар, техникалық-экономикалық негіздемелер, кешенді жобалар және жобалық пысықтаулар бойынша негізделеді:
— Екібастүз бассейніне энергетикалық көмірді өндіру: 2015 жылы — 80,2 млн тоннаны, 2020 жылы — 81,3 млн тоннаны құрауы мүмкін;
— Шұбаркөл кен орнының, Майкөбе бассейнінің, Қаражыра кенорнының, Бөрілі және Қушоқы кен орнының көмір разрездері бойынша олардың ресурстары 2015 жылы 38,0 млн тоннаны, 2020 жылы — 48,7 млн тоннаны құрауы мүмкін.
Қазақстанда негізінен көмір өндірудің жерасты тәсілі және ашық әдісі қолданылады. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының аумағында көмірді ашық тәсілмен өндіруді жүргізетін 33-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді,
Көмір өндіретін кәсіпорындардың қуаты жылына 0,1-ден 40,0 млн тоннаға дейін құбылады.
Кәсіпорындарда олардың қуаты мен тау-кен-геологиялық жағдайларға байланысты барлық белгілі — циклдік, толассыз, циклдік-толассыз, көліксіз технологиялық схемалар қолданылады.
Негізгі тау-кен жабдығы ретінде өнімділігі 1250-ден 4500 м3/ сағатқа дейінгі роторлық экскаваторлар, шөміштерінің сыйымдылығы 2-ден 15м3 дейінгі бір шөмішті арқанды және рейкалы экскаваторлар, шөмішінің сыйымдылығы 1-ден 22 м3 дейінгі гидравликалық экскаваторлар, шөмішінің сыйымдылығы 4-тен 13 м3 дейінгі экскаватор-драглайндар қолданылады.
Көмір өндірудің дәстүрлі — жерасты (шахталық), ашық тәсіл (разрездермен), сондай-ақ қиыстырылған тәсілдері, біріншіден, адамдардың забойда тұрақты болуымен, демек, олардың жұмысының қауіптілігімен байланысты. Екіншіден, газ бен тозаңның атмосфераға шығарылымдары, сондай-ақ жыныстық үйінділердің пайда болуы мен жерді ауыл шаруашылығы айналымынан алу үлкен қауіп төндіреді. Бұдан басқа, көмір кен орындарын игерудің осы тәсілдері үлкен еңбек және материалдық шығындарымен, тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігінің төмен деңгейімен, қоршаған ортаны елеулі ластаумен байланысты, мұның аяғы экологиялық апатқа әкеп соқтыруы мүмкін.
Бұл проблемалар эсіресе Қазақстанның көмір және газ-көмір кен орындарын (Қарағанды, Екібастұз, Торғай бассейндері және тағы басқа) игеру үшін өзекті.
Перспективада түтінсіз отынды, газды және шайырды жартылай кокстау әдісімен алу үшін жарамды көмір үлкен маңызға ие болуы мүмкін. Көмірді бірінші кезекте антрациттерді пайдаланудың маңызды бағыты электродтық және футерлі бұйымдар, адсорбенттер, карбидтер, термографит пен сульфокөмір өндіру болып табылады. Аз метаморфизделген қоңыр және қышқылданған таскөмір өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының көптеген салаларында қолданылатын гуминді препараттар шығаруға арналған жақсы шикізат болып табылады.
Германий, галий, иттрий, вольфрам және басқа сияқты сирек және бытыраңқы элементтердің өнеркәсіптік концентрациясын қамтитын көмірдің маңызы ерекше. Олардың кейбіреулері — сынап, мышьяк, сурьма, бериллий және басқалары уытты болып табылады.