Кенорындарды генезисі бойынша жіктеудің көптеген нұсқалары бар. Мысалы, В.А. Обручев (1922 ж), Е.Е. Захарев (1953 ж.), С.С.Смирнов (1955 ж.), С.А. Вахромеев (1975 ж.), В.И.Смирнов (1976, 1985 жж.) ұсынған жіктелімдер. Олардың көпшілігі тиісті оқулықтар мен құралдарда келтірілген. Жіктелімде мынадай бір-біріне бағынышты бірліктер (таксондар) қарастырылады: пайдалы қазба кенорындарының сериялары, топтары, кластары мен класшалары.
Жіктелімдегі ең ірі бірлік — серия. Ол пайдалы қазба кенорындарының қалыптасуына әкелетін геологиялық үдерістерді туындатушы энергия көздерін ескеретін принцип бойынша эндогендік, эндогендік-экзогендік және экзогендік серияларға бөлінеді. Кенорындардың топтарға бірігуі петрогенездің негізгі үш үдерісімен байланысты. Бұл үдерістерге магматизм, метаморфизм және седиментогенез кенжаралу да байланысты. Бұл топтардың арасында дәстүрлі магматогендік, метаморфогендік және седиментогендік кенорындармен қатар, эндогендік серияда — магматогендік-метаморфогендік, ал эндогендік-экзогендік серияда — магматогендікседиментогендік топтар қосымша бөлінген.
Пайдалы қазба кенорындары кеңістік пен уақытта жер қыртысының белгілі бір бөлікшелерімен немесе оның негізгі құрылымдық элементтерімен генетикалық байланыста болады. Олардың геологиялық даму тарихына ақыр соңында жер қыртысының әр бөлікшесінде немесе құрылымдық элементіне тән кенорындардың типі мен оның қалыптасу жағдайлары сай келеді. Осыған байланысты: 1) геосинклин алқаптарының; 2) платформа алқаптарының; 3) теңіз бен мұхиттар түбінің кенорындары бөлінеді.
Теңіз бен мұхит түбінің кенорындары. Әлем мұхиты біздің ғаламшар бетінің 70,8% аумағын алып жатыр және жер қыртысының айрықша мұхиттық типті құрылысты алқабы болып табылады. Әрине, ол көптеген пайдалы қазба кенорындары да орналасқан алқап.
Мұнда кенорындардың айрықша типіне мұхиттардың терең белдемдеріндегі көптеген темір-марганец тасберіштері жатады. Оларда масштабы бойынша пайдалы қазбалардың орасан зор қоры шоғырланған. Тасберіштер — құрамында темір, марганец, кобальт, никель, ванадий бар полиметалл жаралымдар. Мұндай тасберіштердің ең көп қоры АҚШ-тың батыс жағалауы бойында 1500-3000 м тереңдікте табылған. Олар 5 млн. км2 ауданды алып жатыр. Бірқатар елдерде осы өте құнарлы кеннің өнеркәсіптік өндірісін жолға қоюға әрекет жасалынуда.
Кенбілінімдердің біршама жақында анықталған жаңа типі — мұхиттардың терең бөліктеріндегі металды ыстық тұздықтар мен ірі жарылымдар белдемінде орналасқан полиметалл кенінің желілері. Олардың орналасуына рифт құрылымдардың маңызы үлкен.
Сонымен қатар, теңіз суында көптеген пайдалы металл және бейметалл компоненттер бар екендігі белгілі. Олардың жиынтық қоры континенттердегі барлық белгілі кенорындар қорынан бірнеше есе артық. Бірақ химиялық элементтер мөлшерінің аздығына байланысты және арзан технология жоқ болғандықтан, әзірше олар теңіз бен мұхит суынан айырып алынбайды. Бұл ресурстарды игеру жолдары көптеген елдерде қарастырылуда.