Қазақ әдебиеттануы — өз арнасы, ұлттық бастаулары бар ғылым саласы. Оның туу, жетілу, қалыптасу кезеңдері арнайы зерттеуді қажет етеді. Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, С.Қирабаев, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, З.Ахметов қазақ әдебиеттану ғылымының туу дәуірін Қазан төңкерісінен кейін бастауды ұсынған екен. Бұл көзқарастың басты дәлелі — XX ғасырдың 20-30-жылдары алғашқы әдеби зерттеулердің дүниеге келуі.
Кез келген халықтың әдебиеттану ғылымының тууын сөз еткенде, оның бастаулары болып табылатын әдеби-теориялық пікірлердің қай кезден басталатынын да ескергеніміз жөн.
Әдебиеттанушы профессор Бейсембай Кенжебаев анықтағандай, ежелгі дәуір әдебиетінен нәр алған XX ғасырдың басына дейінгі мерзім қазан әдебиеттануының бастаукөзі болып табылады.
Екінші кезең — қазақ әдебиеттану ғылымының кәсіби қалыптасу кезеңі — 1905-1937 жылдар аралығы. 1926 жылы А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» жарық көрді. Бұл — қазақ әдебиеттануының қалыптасқанын нақты дәлелдейтін ғылыми дерек.
Үшінші кезең — 1938-1956 жылдар совет кезіндегі қазақ әдебиеттануының қалыптасуы. 1957-1987 жылдар совет кезіндегі қазақ әдебиеттануының дамуы.
Төртінші кезең — 1988 жылдан бері Тәуелсіздік кезеңінің әдебиеттануы орын алуда.
Қазақ әдебиеттануының ресми қалыптасуына дейінгі әдебиет туралы ой-пікірлер, алғысөз бен ғылыми түсініктемелер, ғұмырнамалық деректер, ұлттық әдебиет тарихына байланысты мәлімдемелер, «асыл сөздің» мәнін ұғып, оның этикалық, эстетикалық әсері туралы ойлар болғанын ескеруіміз жөн.
Ресейлік әдебиеттану ғылымының қалыптасуының негізгі зерттеушісі А.С.Курилов осыған орай былай деген: «Это вопрос об исторических далях национального литературоведения, его самобытных истоках и источниках. Это вопрос о времени и характере его включения в региональный и всемирный литературоведческий процесс. Это наконец вопрос о своеобразии перехода определенного круга знаний и представлений о литературе, свойственной каждому народу, в науку о литературе, когда данная литературоведческая мысль становится всеобщим достоянием».
Қазақ сөз өнеріне келсек, тасқа түсірілген түркі жазба ескерткіштерінен бастап, Шоқан, Абай, Ыбырайға дейінгі ұзақ дәуір қазақ әдебиеттануының тууына әсер еткен кезең. Жыраулар поэзиясындағы сөздің қадірін біліп қолдану, оның эстетикалық әсері, үйлесімділігі туралы пікірлердің әсері ерекше екені де айқын.
1926 жылы жарық көрген А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» қазақ әдебиеттануының ұлттық тілде совет кезіне дейін қалыптасқанын дәлелдейді. Авторларымен бірге саяси репрессияға ұшыраған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабай, Х.Досмұхамедұлы, К.Кемеңгерұлы, С.Сәдуақасұлы, М.Әуезов және т.б. әдебиеттанулық зерттеулері совет кезіндегі қазақ әдебиеттануының қалыптасуына тікелей әсер етпеді.
Советтік кездің қазақ әдебиеттануы тек Қазан төңкерісімен ғана байланыстырылып, тарихи тамырлар түгілі, XX ғасыр басындағы ұлттық әдебиеттануды ескерусіз қалдырды. Қазақ елінің мәдени, әдеби табыстары совет кезімен байланыстырылып, ұлттың тарихи негіздері жоққа шығарылды. «Пролеткультшылдық», «тұрпайы социологизм», «бірыңғай ағым» теориясы арқылы қазақ әдебиеттануының жаңа социалистік кезеңі үстем болды.
Қазақ әдебиеттануының алдындағы ғылыми мұраларға көз салайықшы. Ол — дүниежүзіне мәлім Отырарда туған, «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері. Оның басқа ғылым салаларымен қатар, жалпы көркемөнер, оның ішінде, сөз өнері туралы ғылыми түсінікті алғаш рет қолданғаны мәлім. Бұлар: «Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері», «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдарды классификациялау», «Аристотель еңбектеріне түсініктеме», «Өлең кітабы», «Өлең өнерінің қағидалары туралы», «Поэтика және поэтикалық ойлау», «Поэтикалық шығармалар түрі», т.б. Бұл еңбектерде грек тілі мен әдебиеті туралы ғылыми ойды дамыта келе, парсы, араб өнері, тілі, поэзиясы төңірегінде алғаш әдебиеттанулық тұжырымдамалар жасалған. Көркемөнер, тіл, әдебиеттің мәні туралы, оның бүкіл адамзат қоғамындағы алатын орны анықталған. Аристотельді айту әдетке айналып, оның еңбектеріне алғаш ғылыми түсінік жазған әл-Фараби есімі мен ғылыми зерттеулерін ғылыми айналымға дұрыстап енгізе алмай келеміз. Стиль мәселесіне арналған «Сөз ғылымын классификациялау», «Сөз бен әріп туралы», «Жазу өнері туралы» атты теориялық еңбектері өз зерттеушісін күтуде.
Әл-Фараби өз кезінің поэзия алыбы атанған ақын екені де белгілі. Сонымен қатар оны грек, парсы, араб поэзиясын ғылыми тұрғыда терең зерттеген әдебиетші-ғалым екенін Еуропа ғалымдары дәлелдеп қойғанын мойындауымыз қажет. «Сөз өнерінің қағидалары туралы» трактатта әл-Фараби Аристотельден келе жатқан әдебиетті теориялық талдау арқылы таныту қажеттілігін алға тартады. Ол музыка, риторика, сурет өнерлерімен салыстырып, поэзияның сөз өнері ретіндегі сипатын, негізгі қағидаларын жүйелеп, кестесін берген. Бұл ой А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» кеңінен дамытылған.
Әл-Фараби поэзияны мазмұндық жағынан 13 түрге бөліп. әрқайсысын нақты белгілейді: трагедия, дифирамб, комедия, ямб, драма, айнос, диаграмма, сатира, пэан, эпос, риторика, амфигенезис, акустика. Әл-Фараби Аристотельдің «Поэтикасында» кездеспейтін әдеби тұжырымдар мен категориялық атаулардың иесі екені де даусыз. Шығыстанушылар А.Машани, Ә.Дербісәлі, философ А.Қасымжанов әл-Фарабидің Аристотельді дамыта түскенін айқындап бергені мәлім.
Мамандардың айтуы бойынша, IX ғасырдан бері Қазақ жері мен Орта Азия араб мәдениеті мен ғылымының ықпалымен дамыды. Бұған дәлел ретінде түрік тілдес тайпалардан шыққан ғалымдарды атауға болады: М.Хорезми, әбу Насыр әл-Фараби, әбу Райхан Бируни, әбуғали ибн Сина, ә.Фирдоуси, Рабғузи, М.Қашқари, Қ.А.Йасауи, О.Хайям, Ж.Баласағұн, А.Жаухари, т.б.
Осы кезеңнің зерттеушісі Ә.Дербісәлі, бүгін 21 әл-Фараби, 18 әл-Тарази тауып отыр. Аталған ғалымдар мен өнер иелерінің еңбектерінен Х-ХІІ ғғ. түркі халықтарына тән ортақ мұра — көркем әдебиеттің дамуына сай келетін эстетикалық, ғылыми зерттеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірдің дамуын байқаймыз.
Ата-бабалар үшін шешендік өнерді білу, сөзді нақты және орынды пайдалана білу, өлеңмен келістіріп ойын жеткізе білу -білімді адамдардың міндетті түрде игеруге тиісті шарты еді. Аталған ғалымдардың еңбектерінің көркемсөзбен жазылғаны да сол кездегі қойылған талап. Ұстаздан шәкіртке тікелей беріліп отырған ғылыми трактаттардың өлеңмен жазылуы — дала мәдениетінің заңдылығы іспетті. Әбу Райхан Бируни мен ибн Синаның еңбектері осыны дәлелдеп тұрғандай. Аталған ғалымдар жаратылыстану ғылым иесі болса да, сөз өнері, поэтика, риторикалық трактаттардың да авторы болғаны белгілі. Білім есте нақты сақталуы үшін оның өлеңмен келістіріп жазылғаны көзделген.
Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» аталған әбу Насыр әл-Фараби Отырарда дүниеге келген, Сыр, Қаратау бойындағы түркі тайпалардан шыққан тұлға. Жоғарыда аталған ғалымдардың ішінен сөз өнерін алғаш ғылыми зерттеуге түсірген — әл-Фараби еді.
Әл-Фараби мұрасы төмендегі зерттеулерде арнайы қарастырылған: М.Хайрулаев. «Фараби и его значение в истории философии» (Ташкент, 1967); Әбу Насыр аль-Фараби (М., 1982); Бурабаев М.И. и др. «Социально-эстетические и эстетические взгляды аль-Фараби (Алматы, 1984); Ә.Дербісәлі. «Әл-Фараби эстетикасы» (Алматы, 1980).
Қазақ әдебиеттану ғылымында Ақжан Машани тұңғыш фарабитанушы ғалым болып саналды. Кеңес кезіндегі шектеулерге қарамай, ғалым сонау соцреализм тұсында ұлы бабамыз әл-Фарабидің қазақ топырағында туылғанын және оның ғылыми мұрасын насихаттап берді. Ақаңның қажырлы еңбегінің арқасында әл-Фараби ғұламаның зерттеулері өз отаны — қазақ ортасына қайта оралды. Дүниежүзі кітапханаларын ақтарып шыққан ғалым әл-Фараби еңбектерін жинап, жария етті. 1969 жылы әл-Фарабидің Дамаск қаласындағы зиратын да тапқан Ақаң еді. Ғұлама бабамыздың мәңгілік мекені Дар ас-Салам зираты басындағы көңіл толқуы, бүкіл ел атынан сезінген толғауы «әл-Фараби және Абай» атты кітабында берілген. «Қабір басында көз жасымды тыя алмадым, қабіріне бас иіп тұрып, бір шөкім топырағын орамалымның ұшына түйіп алдым да, Құранның өзім білетін сүрелерінің бірін ағытып қоя бердім».
1984 жылы Ақжан әл-Машани Кувейтте шығатын «Әл-Фараби» журналына «Орта Азияның мәдениет шамшырақтары» атты зерттеу жариялаған. Бұл мақалада Иоган Кеплердің «Аспан музыкасы» деген еңбегінің біразы әл-Фарабиден алынғанын ғалым нақты салыстырулар арқылы дәлелдеп берді. Дүниежүзілік ғылыми орта бұл мәселе төңірегінде: «әл-Машанидің пікірі толық дәлелді», — деген тұжырымға келді. Содан бері «Әл-Фарабиді ашқан әл-Машани» деген сөз тіркесі қолданылып кетті.
Әл-Машанидің: «Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «Әл-Фараби», «Орта Азиямен Қазақстанның ұлы ғалымдары», Әл Фараби және Абай» атты еңбектерінің мәні ерекше. Сонау социализм тұсында қазақ өнері мен әдебиеттану бастауында өзінің төл ғұлама ғибрат дәстүрі тұр деп айтудың өзі ерлік екені анық.
Пайдаланылған әдебиеттер: Ісімақова А., «Алаш әдебиеттануы». – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017, — 480 бет.