Пролетариат диктатурасының мемлекетін орнататын социализм құру мақсатын алға қойған Кеңес өкіметі мен большевиктер партиясы үшін бұрынғы Ресей империясын мекендеген барлық халықтарды қысқа мерзімде ортақ бір идеологияға, біртұтас саяси жүйеге топтастыру күн тәртібіндегі аса маңызды міндет еді. Бұл мақсатты іске асыру үшін елдің бәрін ортақ тілге, мәдениетке білімге үйрету қажет болды. Бірақ әр халықты өзінің ұлттық мәдениетінен бірден айыру мүмкін емес және ол кезде мұның өзі жаппай қарсылық тудыратын да еді. Сол себепті бұл саясатты іске асыруда әртүрлі идеологиялық айла-шарғылар алға тартылды. Егер большевиктер партиясының идеологтарының өз анықтамасы бойынша айтсақ, КСРО-дағы әрбір халық «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» мәдениетті дамытуы қажет болды. Оның үстіне идеологиялық аппарат елдегі бүкіл халықтың кеңестік патриотизм мен пролетарлық интернационализм рухында тәрбиеленуіне баса назар аударып, қатаң бақылау қойды. Мұның өзі іс жүзінде біртіндеп орыстандыру саясатын жүргізу еді.
Кеңес және шетел зерттеушілері Кеңес Одағының ішкі саясатын көп реттерде әйелдердің қоғамдық жағдайына тигізген ықпалымен байланыстыра қарастырады. Әсіресе, бұл мәселеге Қазақстанда баса назар аударылды. Себебі, мұнда әйелдерге теңдік беру саясаты олардың таптық саяси санасын ояту үшін күреспен байланыстырылды.
1921 жылдың маусым айында БК(б) П-ның қырғыз (бұдан әрі – қазақ – ред.) облыстық конференциясы «әйелдер арасындағы жұмыс туралы» қарар қабылдады. Онда Қазақстандағы әйелдер арасындағы жұмысқа ерекше назар аудару қажеттігіне тоқтала келе, әйелдер бөлімінің басшылық орталығын құру қажеттігі айтылды. Ол үшін партия қызметкерлерін, әсіресе әйелдерді осы саладағы ұйымдастырушылық жұмысқа тарту керек болды. Сонымен қатар табанды ұзақ дайындық жолымен және тікелей басшылық жұмысқа тарту арқылы жұмысшы-қырғыз (қазақ – А.Ж) әйелдерін дайындау міндеті алға қойылды. Жергілікті партия комитеттеріне қазақ әйелдерінің арасындағы жұмыс әдісін құру іс-шаралары тапсырылды. Осы кезден бастап елде әйелдердің арасында жұмыс жүргізетін әйелдер бөлімі құрыла бастады. Қазақстандағы ең алғашқы әйелдер бөлімі 1920 жылдың наурыз айында Бөкей губерниясы мен Семейде құрылды. Ал 1921 жылдың шілде айында БК(б) П қазақ облыстық комитетінің жанынан әйелдер арасында жұмыс жүргізетін бөлім ұйымдастырылды. 20-жылдардағы Қазақстандағы әйелдер бөлімінің жұмысы көбінесе ұйымдастырушылық, үгіт-насихат сипатында болды. Алғашқы жылдарда өлкелік, губерниялық, уездік әйелдер бөлімдерінде жетекшілік қызметті орыс әйелдері атқарды. Олар – Н.П.Успенская, Е.А.Попова, Н.В.Мананникова, А.И.Назарова, Д.П.Дорофеева, Е.И.Наседкина, А.И.Ворожаева және т.б. болды. Себебі, жергілікті ұлт өкілдері әйелдерінің арасынан шыққан кадрлар жоқтың қасы еді.
1923 жылдың мамыр айында БК(б) П Орталық Комитетінің шығыс халықтары әйелдерінің арасындағы жұмысты күшейту туралы барлық ұлттық республикалардың Орталық партия комитеттеріне хаты жолданды /1/. Онда партия қызметкерлерін іріктеу арқылы әйелдер бөлімдерінің аппаратын нығайтуды тапсырды. Осыған байланысты 14 маусымда Алма Оразбаева Өлкелік партиялық кеңес мектебінде әйелдер арасында жұмыс істейтін басқарушы қызметкерлер даярлайтын бөлім ашуға ұсыныс жасады /2/. Әйелдердің арасындағы жұмыс табысты болу үшін жергілікті ұлттан кадрлар дайындау қажет болды. Бұл жұмыс екі бағытта жүргізілді. Біріншіден, өздерінің күнделікті жұмысы барысында жеке байланыс арқылы жұмысшы әйелдер бөлімі қазақ әйелдерін жоғарылатты және дайындады, екіншіден, қазақ әйелдерін кеңестік партия мектептеріне тарту және оларды арнаулы әйелдер курсынан өткізу көзделді.
1925 жылдың маусым айында БК (б) П Қазақстан Өлкелік Комитеті жанындағы әйелдер бөлімі әйелдер арасындағы саяси-ағарту жұмысы туралы Кеңес өткізді /3/. Кеңесте Нағима Арықова қызыл отауларды ұйымдастыру, «Теңдік» газетін қайта құру және өлкелік әйелдер курсының жұмысы туралы деген тақырыптарда баяндама жасады. Бірінші мәселе бойынша Кеңес Саяси-ағарту Басқармасына қызыл отаудың ережесін және жұмыс жоспарын жасауды тапсырды. Ең бірінші кезекте қызыл отауды партия және мәдени-ағарту күштерімен қамтылған отырықшы аудандарда ашу, содан кейін мүмкіндігінше көшпелі аудандарда ашу белгіленді. Екінші мәселе бойынша БК (б) П Өлкелік Комитеті бюросының, өлкелік жұмысшы әйелдер бөлімінің қаулысына сәйкес «Теңдік» газетін жарты баспа табақ көлемінде журнал ретінде қайта құру және әзірше айына екі рет шығару туралы қаулы қабылданды. «Теңдік» атауын «Әйел теңдігіне» өзгертті. Үшінші мәселеге қатысты, ауылдар мен қыстақтардан курсқа келген қазақ әйелдері көпшілік жағдайда өте әлсіз дайындықта болғандықтан және қаланың жағдайына икемсіздігіне байланысты төмендегіні орындау қажет болды: а) курстардың ұзақтығын 6 айға белгілеу; б) бағдарламаға жалпы білім беретін пәндерді ендіру; в) курстарға тәрбие жұмысының ісімен таныс арнайы қызметкерді бекіту.
Қазақ әйелдерінің арасында саяси-ағарту жұмыстарын жүргізудің әдістері мен түрлерін дайындаған кезде партия ұйымдары әйелдердің қандай өмір салтын ұстанып отырғандығын, яғни көшпелі немесе отырықшы жағдайда тұратындығын ескерді. Әйелдердің арасындағы жұмыста өкіл әйелдер жиналысы, конференциялар, 8 наурыз күніне қатысты арнайы науқандар өткізу, қызыл отау сияқты жұмыс түрлері қолданылды. Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі өмір жағдайында жұмыстың ең қолайлы түрі – қызыл отаулар болды. «Әйел теңдігі» журналында (1926 жылғы №№7-10 саны) Қазақстандағы қызыл отаудың жұмысы былайша сипатталды: «Барлығы Қазақстанда 13 қызыл отау бар. Бұлардың біреуі көшпелі ауданда, қалғандары жартылай көшпелі аудандарда. Қызыл отаудың ішінде әр 10 күнде көшіп жүретіндер бар. Қызыл отаудың қаражатын біраз жерде өлкелік әйелдер бөлімінен, кейбір жерлерде жергілікті қордан ұсталады. Қызыл отау қызметкерлерінің бәрі қазақ. 13 қызыл отауда 22 қызметкер бар. Бұлардың 13-і отаудың меңгерушісі, 7-уі сауат ашу мектебінің оқытушылары, 2-уі дәрігерлер. Өлкелік әйелдер бөлімінің жасаған жобасы бойынша қызыл отаудың 3 қызметкері болуы керек. 1-уі меңгеруші, 1-уі сот қызметкері, 1-уі дәрігер…». Қызыл отаудың жұмысы белгілі бір уақытқа жасалған жоспар бойынша жүргізілді. Әрбір отаудың жанынан әйелдерге заң жөнінен кеңес беріп отыратын анықтама орындары ұйымдастырылды. Өлкелік комитеттің өзі де әйелдердің қызыл отауын ұйымдастыру және оның жұмысы, әйелдер бұқарасы арасындағы жаппай ағарту мен мәдени жұмыстың жалғыз түрі, көшпелілердің арасында мәдениетті таратудың жалғыз орталығы екендігін тәжірибеден көріп отырмыз, – деп мойындады. Сондықтан да отаулардың санын көбейтуге «жоғары» жақтың өзі де мүдделі болды. Отауға берілген арыз тиісті сот орындарына жіберіліп, оң нәтижеге жетіп отырды. Мәселен, Ақмола губерниясы Атбасар уезінде халық соты қызыл отаудың бастауымен 15 құдалықты айырып, қалың малды жойған екен /4/. Әйелдер көпшілік жағдайда ерлерінің ұрғанын, жас қыздарды сатқаны, көп әйел алушылық жайында отауға келіп хабарлап отырды. Осы мақсатпен «30-60 шақырым жерден арнайы іздеп келушілер де болған» /5/.
Әсіресе, қызыл отаулар қазақ әйелдерінің саяси санасын қалыптастыруда, қоғамдық-саяси өмірге тартуда көшпелі шеткері аудандардағы саяси-ағарту мен мәдени жұмыстың орталығына айналды. Көшпелі өмір жағдайындағы қызыл отаулардың артықшылығы олардың бір орыннан екінші орынға тез жылжитындығы еді. Сондықтан да партия ұйымдары отаудың жұмысына үлкен мән беріп, оларды өз қамқорлығына алды. 1928 жылдың қараша айында БК (б) П Округтік комитеті үгіт- насихат бөлімінің алқасы 1927-1928 жж. қызыл отау жұмысының қорытындысына қатысты баяндаманы тыңдағаннан кейін «қызыл отау қазақ әйелдерінің арасындағы жұмыстың түрі ретінде өзін толық ақтайды», – деп атап көрсетті /6/.
Әйелдердің арасында жұмыс жүргізуде айтарлықтай із қалдырған – өкіл әйелдер жиналысы (женские делегатские собрание). Қалалар мен отырықшы аудандарда өкіл әйелдер жиналысы әйелдердің арасындағы жұмыстың негізгі түрі ретінде құрылды. «Өкіл әйелдер жиналысы ауылдағы қоғам жұмысына әйелдерді қатыстырып, тәрбие беретін мектеп» болды /7/. Сондықтан да олардың саны жылдан-жылға тез өседі. Егер де 1927- 1928 жылдары Қазақстанда 18 609 өкіл әйелді қамтыған 777 жиналыс болса, 1928-1929 жылдары олардың саны 982-ге жетіп, 24 335 өкіл әйелдерді қамтыды /8/. Өкіл әйелдер жиналысының көбі партия ұяларының жанынан ұйымдастырылды. Оған не сондағы партия ұясы не партия комитеті басшылық жасап отырды. Өкіл әйелдер ауыл тұрғындарының қатысуымен әйелдердің жалпы жиналысында сайланды. Ал сайланатын өкіл әйелдердің санын жергілікті партия комитеті белгіледі. Олар өкілдікке көбінесе кедей, жалшы әйелдерін тартты және 16 мен 45 жас аралығындағы, жас және орта жастағы әйелдерді сайлауға тырысты. 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналында қазақ өкіл әйелдер жиналысының бағдарламасы (қараңыз «Әйел теңдігі» 1927 ж. №8-9, 14-б) жарияланды. 1928 жылы «Қазақстан» баспасынан Ш.Әлжанұлының «Өкіл әйелдер жиналыстары үшін әдіс-құрал» атты кітапшасы жарыққа шықты. Осыларды басшылыққа алған өкіл әйелдер жиналысының қызметі кең құлаш жайды. Қалалар мен ауыл-деревняларда олардың құрамында ұлттық белгісіне қарай орыс әйелдері көпшілік (60,9 %) орынды алды. Ал екінші орында қазақ әйелдері – 24,4 %, үшінші орын, яғни өкілдер құрамының 2 %-ы татар әйелдерінің үлесінде болды /9/.
Өкімет пен партия әйелдердің таптық саяси санасын ояту үшін қолда бар мүмкіндіктің барлығын пайдаланды. Соның бірі арнайы – «Әйел теңдігі» журналының ұйымдастырылуы болды. 1925- 1934 жылдары «Әйел теңдігі», 1936-1941 жылдары «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») деген атпен шығып тұрған бұл басылым қазақ әйелдерін саяси жағынан тәрбиелеуде ерекше орын алды. Журнал қазақ әйелдерінен кеңес өкіметінің «шынайы қорғаушыларын» тәрбиеледі, «ұлы партия идеясын» әйелдер бұқарасына таратты. Журналдың саны жылдан жылға ауылдың есебінен өсіп отырды. Мәселен, 1926-1927 жылдары журналға жазылушылардың саны 600 болса, 1929 жылы олардың саны 2000-ға жеткен, барлық 58 тілшінің 38-і ауылдан болған /10/. 1928 жылы маусым айында «Әйел теңдігіне» қатысты қарар қабылданды. Қарарда қазақ әйелдерінің арасындағы интернационалдық және таптық тәрбиені күшейтуге ерекше назар аударып, осы тақырыптарда журналда әйгілі мақалалар мен әңгімелерге орын берудің қажеттігі айтылды. Сонымен бірге журналдың редакциясына барлық әңгімелер өзінің баяндау түрі жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да ауыл оқырмандарына жеңіл, түсінікті болуын ескертеді. Саяси зиянды әңгімелер мен ұзақ романдарды бірнеше номер бойына басып шығаруға жол берілмеу керектігі айтылды. Жаңа тұрмыс мәселелерін түсіндіретін, әсіресе қазақ әйелін басыбайлылықтан босату, қалың мал, көп әйел алу, әйелді қорлау, ұрып-соғу және т.б. мәселелермен байланысты «Жаңа тұрмыс үшін күрес бөлімін енгізу қажет», – деп көрсетті.
Журналдың әрбір саны оқырмандарды партияның әйелдер арасында жүргізіп отырған әлеуметтік- саяси жұмысының барысынан хабардар етіп отырды. Журналдың тұрақты авторлары С.Есова, Н.Арықова, М.Бегалиева және т.б. болды. Оқырмандарды өзіне көптеп тарту үшін қазақ әйелінің өткендегісі мен бүгінгі жағдайын бейнелейтін мақалалар, М.Әуезов, Б.Майлин әңгімелері жарияланып тұрды. Әйелдердің саяси санасын көтеруде журналда жарияланып тұрған «Ұлы күнде біздің міндеттеріміз» (1926 ж. №2-3), «Октябрь төңкерісінің әйелдер арасындағы маңызы» (1927 ж. №10-11), «Әйелдер арасындағы жұмыстың жәйі және келешектегі міндеттер» (1929 ж. №9-10) деген сияқты сарында жазылған мақалалардың маңызы зор болды. Тек «Әйел теңдігі» журналы ғана емес, Қазақстандағы сол жылдардағы мерзімді басылымдар – «Еңбекші қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналында да «әйелдер бөлімі» деген айдармен әйел теңдігіне қатысты мақалалар шығып тұрды. Сонымен қатар әйелдерді партияға өткізіп, қызметін өсіріп, социалистік құрылысты барынша насихаттады.
Ақиқаты сол, толып жатқан қайшылықтарға қарамастан 20-30-жылдар қазақ әйелдерінің әлеуметтік-саяси, қоғамдық-қайраткерлік қызметінің бұрын- соңды болмаған биікке көтерілуіне негіз қалаған кезең болды. Большевиктердің үлкен тер төгуімен болған идеологиялық күрес майданында әр облыстан ерекше көзге түскен О.Ермекбаева, А.Әлімова, З.Тінәлина, Д.Өтепова, Қ.Нұрымова, Л.Өтепова, Ш.Ермағамбетова, Г.Байсалықова, Н.Саналиева, С.Мәмбетова, Х.Сейітқазиева т.с.с. белсенділер шықты.
1930 жылы VІІІ Өлкелік конференцияда жасаған баяндамасында Ф.И.Голощекин: «әйелдерді социа листік құрылысқа тарту және олардың арасындағы жұмыстың барлық әдісі мен түріне шындап большевикше ойлану қажет» /11/, – деп ойын түйеді. Иә, Қазақстандағы тұрғындардың тең жарымы болып табылатын әйелдердің социалистік құрылысты жүзеге асырудағы үлкен күш екендігін Голощекиннің өзі де мойындап отыр. Сондықтан да, қазақ әйелдері арасындағы жұмыс табысты болуы үшін саяси-ағарту Басқармасы жергілікті халықтың тілін, психологиясын, тұрмысын жақсы білетіндерден, яғни сол қазақ әйелдерінің өзінен кадрлар дайындау маңызды іс екендігін түсінді. Ең алғаш рет жергілікті ұлт өкілдері әйелдерінен әйелдердің арасында жұмыс жүргізетін кадрларды дайындайтын курс 1924 жылы Орынборда ашылды. Ал одан кейінгі жылдары мұндай курстар Қазақстанның әрбір губернияларында жұмыс істей бастады. Алғашқы кездерде курстардағы оқу мерзімі бір жыл болса, кейіннен оқу алты, үш айлық мерзімге қысқарды. Оның себебі, елдегі болып жатқан саяси процестерге басшылық жасайтын қызметкерлердің жетіспеуінен, қысқа мерзімде кадрлар дайындаудың қажеттілігінен туындаған еді. Міне, осы қызметкерлер өз ауылдарына барып, жаппай жиналыстар мен конференциялар өткізіп, қыз-келіншектердің «көзін ашып», белсенділігін арттырып, оларды қоғамдық-саяси процестерге тартуға тырысты. Негізінен ауылдарда өткізіліп тұратын жиналыстар мен конференциялар әйелдердің таптық саяси санасын ояту үшін жүргізілетін жұмыс әдісінің бір түрі болатын. Партия бұл әдісті ауылдарда қолданудың тиімділігін жақсы түсінді. Себебі, осы жиналыстар мен конференцияларда әйелдерге тұрмыстық қылмыс және онымен күрес, жаңа қоғамдағы әйелдердің орны және т.б. жайлы мағлұматтармен кеңірек танысудың мүмкіндігі туып, әйелдердің бойында қоғамдық-саяси өмірге қатысуға деген ынта пайда болды.
1939 жылы қазан айында Қазақстанда саяси-ағарту қызметкерлерінің І республикалық мәжілісі өтті. Мәжіліс барлық саяси-ағарту мекемелеріне саяси-ағарту жұмыстарына қатысты жиналыстар, үйірмелер, әңгіме, дәріс, баяндамалар ұйымдастыру арқылы әйелдер арасындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Осылайша қазақ әйелдерінің арасындағы саяси-ағарту жұмысының барысы жаңа белеске шықты. Большевиктер қазақ әйелдерінің тағдырын ұлттық тұрғыдан емес, өздерінің таптық мақсат-мүдделерінің тұрғысынан қарастырды. Мұның өзі қазақ халқының сан ғасырлық ұлттық құндылықтарын жоққа шығарып, халықтың даму үдерісіне кері әсерін тигізді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Женщины Казахстана – активные строители социализма (1918-1945 гг.). Алматы.,1981. – 52-бет.
- Б.Баймағамбетова. Тағдыр (А.Оразбаева хақында). Қостанай.,1998. 75-б.
- Есқызы Сара, Баранова Софья. Қызыл отау. Қызылорда., 1927. 12-б.