Магистр З.Т. Алтынбекова
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз
Бұл мақалада қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының ислам дінімен байланысы жан-жақты зерттелген. Яғни, дәстүрлі қазақ қоғамындағы шариғат нормаларының көріністері, қазақ халқындағы әдет-ғұрып, салт-дәстүр терминдерінің шариғи ұғым екендігі туралы көптеген мәселелер қозғалып, қарастырылған.
Түйінді сөздер: дін, ислам, әдет-ғұрыпы, салт-дәстүр, шариғат.
Бүгінгі қоғамда дін мәселесі, оның ішінде адасушылық жолда жүрген жастарымыздың зайырлы мемлекет принциптеріне қайшы келетін идеологияның жетегінде жүріп, ата-бабаларымыздың аманат етіп қалдырған ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді, дінімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды мойындамуы алаңдататындай-ақ мәселе. Сондықтан да мақаламның тақырыбын «Ислам дінінің қазақ салт-дәстүрімен байланысы» деп алуымның басты себебі – бүгінгі таңда жастарымызды тәрбиелеуде дін мен дәстүр сабақтастынығының тәрбиелік мәнінің маңыздылығын ашып көрсету. Яғни, жастардың діни-дүниетанымдық көзқарастарын дұрыс қалыптастыруында ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлерінің бір-біріне қайшы келмейтіндігін, сондай-ақ еліміздің ынтымағын, бірлігін, бейбітшілігін сақтап, ұлттық мәдениетімізді, тілімізді, әдет-ғұрыпымызды жоғалтпай, келешек ұрпаққа жеткізу.
Ия, расында бүгінде «дінді ұстанамын, имандылыққа бет бұрамын» деп, бірақ білместігінен, діни сауатсыздығының төмендігінен түрлі діни ағымдардың ықпалына түсіп «салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық құндылықтарымызды мойындамай кетіп жатқан жастарымыз қанша ма?!». Бұл қоғам үшін өте қауіпті. Себебі, оның салдары жат идеологияның жетегінде жүріп «Алла жолында өзімді құрбан еттім. Алла жолында джиһад жасадым» деп қанша ма жастарымыз елінен, жұртынан безіп, тіпті ата-анасына қарсы шығып бір отбасының құлдырауына әкеп соғады. Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тілін, салт-дәстүрін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті мол терең түсінетін шығармашыл тұлға етіп тәрбиелеу өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Елбасымыз айтқандай: «Еліміздің бірлігі мен тұтастығын, ынтымағы мен бейбітшілігін сақтап қалу әр қазақстандықтың ел алдындағы, мемлекет алдындағы борышы. Жастар еліміздің тірегі. Елдің ертеңгі болашағы! Ата-бабаларымыз аманат етіп кеткен салт-дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді, дінімізді келер ұрпаққа жеткізетін — ол жастар».
Әрбір халықтың, ұлттың тілі, діні, салт-дәстүрі мен ғұрпы болады. Қазақ халқы салт-дістүрге бай халық. Қанша ма ғасыр, қанша ма кезең өтсе де қазақ өз дінін, тілін, дәстүрін, мәдениетін ұмытпаған халық. Өкінішке орай, бүгінде көптеген жастар діни түсініктің дұрыс қалыптаспауынан дәстүрді, әдет-ғұрыпты ислам дініне қайшы келеді деп мойындамауы ақиқат. Шын мәнінде, қазақтың салт-дәстүрімен Ислам дінінің шариғат үкімдері бір-бірімен тығыз байланыста болғанын ескере отырып қазіргі қоғамымызда екеуін бөле жарып қарауға болмайды. Сол себепті қарастырып отырған ғұрып, әдет, салт-дәстүр сөздерінің терминдік мағынасын ашуды жөн санадым. Асылында, қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп-төркіні шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығын білдіреді.
Қазақша «ғұрып» сөзі «әәл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекеттер, үрдіс деген мағыналарды білдіреді [1: 15 б.]. Әл-ъурф сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер.
«Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді [1; 16 б.]. Әдетте, әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдет» сөзіне басымдық берілген. Ислам ғұламалары әдет-ғұрыптың өзін екіге бөліп қарастырады: Сахих (дұрыс) әдет-ғұрып және Фасид (бұрыс) әдет-ғұрып. Сахих, яғни дұрыс әдет-ғұрып Құран және Сүннетке теріс болмаған. Яғни, исламда халал болған істі харам етпейтін, харам болғанды халал етпейтін ғұрып. Ал фасид, яғни бұрыс әдет-ғұрып Құран және Сүннетке кереғар болған әдет-ғұрып. Хз. Пайғамбарымыз (с.а.с) бұл әдет-ғұрыпты мойындамаған. Яғни, шариғаттың ережелеріне қайшы келген, халалды харам, харамды халал еткен ғұрып.
Әдет-ғұрып – ежелден қалыптасып, қоғамда қолданылып жүрген қағида-ережелер. Бұл жазылмаған, бірақ қоғам мүшелері екі етпей орындауға жататын қағида ережелер жинағы. Ислам діні әдет-ғұрып заңдарын кері итеріп тастамай, оларға исламдық түр-сипат берді. Өз кезегінде бұл әдет-ғұрып заңдары да исламның шариғат заңдарына қарама-қайшылық келтірмей, қайта діни сенімдерді қорғап, оны таза сақтауға жәрдемдесті.
«Дәстүр» сөзі де арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді [1; 16 б.]. Ал латынша дәстүр сөзі «trаdіtiо» жалғастыру деген мағынаны білдіреді. Яғни, тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, рәсімдер және т.б. Дәстүр несімен құнды? Дәстүр шектен шығармайды. Дәстүр тұрақтылықты қалыптастырады. Тұрақты қағидаларға, тұрақты нормаларға сәйкес тұрақты мінездер қалыптасады. Ұлт мінезі қалыптасады. Соның арқасында ұлт әрі қарай өмір сүреді.
Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі тұғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-құлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады [2].
Салт-дәстүр ұлты үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң ролін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонақасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекеттің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, көрімдік, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың т.б. салт-дәстүрге жатады.
Құран мұсылмандардың қасиетті кітабы, шариғаттың негізі, адамзаттың тәрбиешісі. Н.Өсерұлы Құранның мақсаты: «…ерте заманда арабтар арасында тараған пұтқа табынушылықты түбірімен копарып жоқ ету, олардың имандылық қасиеттерін оятып, жақсы жақтарын, заңдары мен діни ғұрыптарын, жол-жораларын қалыптастыру, Алла тағаланың өзі сүйген құлдарын адастырмай тура жолға салу еді» — дейді [3]. Шығыс және батыс зерттеушілері Құранды дүниежүзілік мәдениетте кездеспейтін туынды деп есептейді. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін зерттеуде Құран ең алғашқы дерек болып табылады. Құран белгілі бір кезеңге ғана немесе аз ғана топқа арналған өсиет, ереже емес, ол мәңгі жасайтын мұсылмам халқының бәрі бірдей мойыңдайтын заңы, жазба мұрасы. Тәрбие мәселесінде Құранның алатын орны ерекше екеніне еш күмән жоқ.
Қазақ халқында үлкен кісіге, ақ сақалды қарияларға, ата мен анаға иіліп сәлем етіп, есік ашу, кебісін кигізу, жол беру, атқа отырғызу әдептері көпшіліктің бойына сіңген ізгі, ізетті қасиеттер. Осындай ізгі қасиеттерді бабаларымыз ислам дінінің кұнды заңдылықтары екенін білді. Олар: Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың хадистері. Лұқман сүресінің 14 аятында: «Адамдарды ата-аналарына жақсылық жасауға бұйырдық. Ана оны үсті-үстіне әлсірей жүріп (құрсақта) көтереді, екі жыл бойы ақ сүтімен емізеді. (Ей адамдар!) маған да, ата-аналарыңа да шүкірлік етіңдер! Түптің түбінде қайта оралатындарың – Менің алдым» деп айтылған [4]. Аллаһ тағаланың өзі бүкіл адамзат баласын ата-аналарына құрмет, оларға жақсылық жасап қарайласқан кезде ғана бақытқа жететінін бұйырады.
Қазақ салт-дәстүрінде туылған нәресте мен анаға көрсетілетін шариғатпен байланысты бірнеше іс жоралғылар бар. Енді шариғатпен байланысты жоралғыларды қарастырып көрейік.
Нәресте дүниеге келгеннен кейін әйелдің әл-қуат жиып, белі бекіп кетуі үшін оған арнайы мал сойылып, қалжа беріледі. Жас сорпа ішкізіп, жас ет жегізу мақсатымен сойылған малдың семіз, күйлі болуы шарт. Дүниеге келген сәбиге ғана көңіл бөліп қана қоймай, жарық дүниеге алып келген анасына да көңіл бөлуді ерекше орынға қойған. Себебі, ана денсаулығының буын-буыны босап, жаңа туылған сәбидей болып оған күтімді өте маңызды деп санаған. Пайғамбарымыз «дүниеге сәби алып келуімен сол ана, күнәсінан арылып, жаңа туылған сәбидей пәк болады» — деген [5].
Туылған сәби үшін ислам шариғаты бойынша «ақиқа» құрбандығы шалынады. «Ақиқа» – деп әрбір нәрестенің ана құрсағында шыққан шашын, бір апта болған күні алып, сол рәсіммен кұрбандық шалынатын малды атайды. Әрбір бала ақиқасымен кепілдікте тұрады. Оны жетінші күні сойып, сәбидің есімі қойылады және шашы алынады. «Ұл балаға арнап екі қой, қыз балаға бір қой сойылады» — деген. Себебі, яһудилер ұл балаға ақиқа шалып, қыз балаға шалмайтын. Сондықтан Пайғамбарымыз (ғ.с.) оларға ұқсамас үшін ұл балаға арнап екеу, кыз балаға біреу шалуды бұйырды.
Әрбір ана босанғанда осындай жоралғылар қазақтын әрбір шаңырағында орындалып жатқанын көреміз. Сойылатын малдың «Бисмиллаһ» –деп яғни «Аллаһтың атымен» сойып, мойын омыртқасын бүтіндей асып, анаға жегізетін жағдайы бар. Сойылған малдың мойын омыртқасын босанған жас әйелге береді. Ол мойын омыртқаны опырмай, етін тек қолымен үзіп жеп, төрге іліп қояды. Ел ішінде жас баланың мойнының тез қатып кетуі осы омыртқамен байланысты деген сенім бар. Ал, қазақ салт-дәстүрінде бүгінге дейін, босанған аналарға мойын омыртқаны беретін үрдіс қолданылып келеді. Сонымен қатар, осы кездері орындалатын тағы бір шариғи амалдың бірі «ат қою».
Пайғамбарымыз (ғ.с.): «Жаңа туған сәбиге жақсы ат қойыңдар, Аллаһ тағаланың алдында сол атымен шақырылады». «Оң құлағына азан, сол құлағына тәкбир айтылсын» — деген.
Қазақ ат коюда ертеде ешкімнен жаңылмай қойғанын тарих беттерінен білеміз. Ескіміз жаңарып, жыртығымызды жамап жатқан егемендігімізде осы салттардың қайта оралуы қуанарлық. Себебі, жаңа туған сәбиге имам – молдаларды шақыртып оң құлағына азан, сол құлағына тәкбир айтып атын қойып жатқан жағдайлар болып жатыр. Балаға жақсы атпен тәрбие беру ата мен ананың мойнындағы міндеті. Кім біледі, осындай рухани қазыналарымыздың пайдаланбауында болар, балаларымыз әлсіз, әртүрлі жағдайларға тез ауып кететіні осыдан шығар. Ашып айтатын болсақ, киім-кию үлгісі, жеңіл жүріс, мәнсіз әуендерді тыңдап, салт-дәстүрі мен дінін аяқ асты етіп жатқандары жетерлік. Адам рухына әр уақытта күш-жігер, батылдық пен сенім беріп отыруы керек. Осындай құндылықтар өз атымен басталатын, сонымен қатар білім, ісімен болатын жағдайлары бар. Бірінші адам есімінің мағынасы мен әйгілі адам есімдерімен тығыз байланыста болса, «Сенің атың керемет екен, атыңды кім қойған. Атыңа лайық бол, сондай үлкен азамат болсын» – деп бата алары сөзсіз. «Бата менен ел көгерер, жаңбыр менен жер көгерер» деп тектен айтылмаған. Білімі мен іс-әрекеті де лайықты болса да бата алады. «Ердің атында көп алтын қалғанша, жақсы аты қалғаны үлгі» деген ұлағатты сөздің өзі қандай. Яғни, «ата мен ана балаға жақсы ат қойып, тәрбие беру міндеті» деген Пайғамбарымыз (ғ.с.).
Ат қою ерекшеліктердің сан қырлы сыры бар екенін мынандай жағдайлармен де білеміз. Ниеті мен әдет салт-санаға байланысты ұлы жоқ үйлерде қыз туылатын болса, онда оған «Ұлтуған» деп ат қойылады. Бір шаңырақта тек қыз баланы босанып жатқан болатын болса: Ұлболсын, Жаңыл, Ұлмекен, Ұлбала, Ұлжалғас, Ұлтуар, Ұлжан деп қойылып жататыны тағы бар. Ал бұлардың осылай аталуының қазақ салты бойынша және шариғат заңы бойынша «ниет» болып табылады. Яғни, Жаратушыға қандай ниетіміз бар екенін шын ықыласымызбен білдіру. Мұсылман баласы шын ниетімен Аллаһқа жалбарынып тілек тілесе оның тез қабыл болып, орындалуы бар. Сондай ниетке байланысты «Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын» (Ғафыр сүресі, 60 аят). Расында жүрегіміз баланы қалап, ниетім солай болып, алдынғы қыз баламызды жақсы көріп, әр уақытта тілесек неге Аллаһ ұл бермеске?! Қазір осындай жағдайда қаншама от басында ұлы мен қызы дүниеге келуде.
Қазақ салтында баланың есімін дүниеге келуі жағдайына байланысты да қояды. Осыған байланысты ораза айында дүниеге келген болса: Ораз, Рамазан, Қадыр; сонымен қатар жұма күні дүниеге келсе: Жұма, Жұмагүл, Жұмагелді, Жұманазар, Жұмабек, Жұмакүл, Жұмақұл, Жұмағали, Ержұма т.с. Не жағдайда көңілі ауып тұрса, соған сәйкестендіріп қояды.
Қазақтың салт-дәстүрімен Ислам дінінің шариғат үкімдері, бір-бірімен тығыз байланыста болғанын ескере отырып, қазіргі қоғамымызда екеуін бөле жарып қарауға болмайды. Жалпы халық осындай іс-жоралғыларды күнделікті тіршілігінде басынан өткізіп жатыр. Дүниеге келген нәрестеге жақсы есім қойылса, құлағына азан, такбир айтатын болса, онда ол ата-ананың ислам шариғи заңдылықтарымен ата-баба дәстүрін білетінін айғақтайды. Қаншама жоралғыларды жасамайық, барлық күш-құдірет жалғыз Жаратушының қолында екенін, біздер әлсіз де бас иуші құл екенімізді білсек өміріміздегі қаншама кілеңсіз ахуалдан арылған болар едік. Ата-бабаларымыз «баланы жастан» деген асыл сөзінің төркіні осында болса керек. Бала рухын көтеру оның есімімен тығыз байланысты екенін, бой түзеп ер жетуіне осындай асыл қазыналарымыздың жандануымен тығыз байланысты. Осы тұста қазақ салт-дәстүрі мен шариғат үкімдерінің арасындағы байланысы туралы сөз еткен кезде «қонақжайлық» туралы айтпай кетпеуге болмайды.
Қонақжайлық қазақтардың ежелгі қасиеті. Бұл жөнінде 19 ғ. аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайрымды ақкөңілділігімен және қонақжайлық қасиетімен таңғалдырды. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет».
Кең сахараны жайлаған қазақ халқында қонақ кәдесінің орны ерекше. Әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат алдын ала дайын тұратын. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Қонақтың сыбағасы әрқашан дайын тұрады. Мейман күту қазақтың заңына айналған. Егер қонаққа лайықты құрмет көрсетілмесе, халық биі үй иесіне айып салатын. Қонаққа деген мұндай құрметтің бір негізі ислам дінінде жатыр.
Қазақтар қонақты: арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ деп төртке бөлген. Солардың ішінде «құдайы қонақ» үй иесі танымайтын бейтаныс жан, жолаушы. Отағасы оны бұрын-сонды көрмеген адамын «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған. Халық нақылында қонақтың құрметін білдіретін «қырықтың бірі — қыдыр», «қонақтың өз ырыс-несібесі, құт-берекесі бар» деген сияқты ұғымдар қалыптасқан. Қазақта қонақ болудың қатып қалған мерзімі болмайтын. Мысалы, арнайы қонақ апталап, айлап жататын. Ал «үш күнге дейін қонақ» дейтін қағида көбіне құдайы қонаққа қатысты айтылатын.
Отанды қорғау мәселесіне келер болсақ, елімізді қорғау — ол міндет. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп Отанын қастерлеген қазақ атамекеннің қадір-қасиетіне жете білген. Өйткені туған жер үшін қашама жаулармен арпалысып өтті, талай зұлматты замандарды бастан кешірді. Жалпы отаншылдық, патриотизм асыл дініміздің ұстанымымен ұштасып жатқан ұғымдар. Исламда мынадай қанатты сөз бар: « Отанды сүю иманнан».
Жалпы, Ислам құқығының көріністерін, оның құқықтық нормаларының қалдықтарын қазақ әдет-ғұрып заңдарынан көруге болады. Бұл мәселеге қатысты нақты фактілер мен дерек көздерін ғалымдардың зерттеулерінен, еңбектерінен оқып білуге әрі байқауға болады. Мысалы, Отандық ғалыдарымыз С. Зиманов пен Н. Өсерұлының «Қазақ әдет-ғұрып зандарына шариаттың әсері» атты еңбегінде ислам құқығының қазақ әдет-ғұрпына, үкім-кесімдеріне әсері айқын көрінеді.
Қазақ халқы қыз бала тәрбиесіне де үлкен мән берген. Қазақ тәрбиелік мақсат үшін қызға қырық үйден тыйым сала білді. Бүгінгі қыз – ертеңгі ұлттың анасы, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ана. Қазақ қызы дәстүрге бас игендіктен, дәстүрдің даналығын мойындағандықтан бұрынғы ата-баба жолын қуды. Өйткені Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға ұзатылған қазақ қыздарының арқасында ұлан-байтақ қазақ даласында бір ғана тілі, бір ғана діні, бірдей дәстүрі, бірдей дүниетанымы бар біртұтас қазақ ұлты қалыптасты. Жақынға емес, жыраққа ұзатылған қыздарының арқасында қазақ қайда барса өз туысы алдынан шығатын қарға тамырлы бауырмал ұлт, қаны таза текті халық болды. Ал енді осыны атасына сәлем салған келінді «Аллаға серік қосты» деп айыптап жүрген саләфиліктің кері ықпалына түсіп, өз ұлтының рухани құндылықтарынан қол үзген жастарымыз қанша ма? Құндылықтан қол үзген буын өз ұлтының ұрпағы болудан қалады. Сондықтан да, бүгінде «қазақты қазақ еткен, бұдан кейін де қазақ ретінде сақтап қала алатын құндылықтарды өзгертпейтін, керісінше дінімізді, тілімізді, дәстүрімізді, ғұрпымызды болашақ ұрпаққа жеткізіп, аманат ететін жастарды» тәрбиелеу қажет.
Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, мәдениеті болады. Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі. Қасиетті Құранның Хужурат сүресінің 13 аятында былай делінген: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауан адан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» [4]. Осы аятқа зер салсақ, мынадай қорытынды шығарамыз: Алла Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін тану үшін бөлген. Бір-бірін тану негізінде олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы дінді, яғни ақиқатты таниды. Ал ақиқатты, дінді тану дегеніміз ол – Жаратушыны тану.
Қазақстан Республикасы көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекет. Бір шаңырақтың астында 130 астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Елбасымыздың көптеген дін өкілдерінің бір-біріне діни төзімді болу мақсатында әр үш жыл сайын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін, түрлі форумдар мен кездесулерді өткізудің өзі халықтар ынтымақтастығын нығайту, елімізде дінаралық келісім, үндестік және татулықты, елдің бірлігі мен тыныштығын сақтаудың белгісі.
Жалпы әлемдік діндер – Будда, Христиан, Ислам діні болсын ешқандай зорлық-зомбылыққа жол берілмеген. Себебі, әрбір діннің басты мұратының бірі – адамдар арасында бейбіт қарым-қатынас орнатып, тыныштықта өмір сүру.
«Ел болам десең бесігінді түзе» демекші әрбір отбасы, әрбір тәрбиеші, әрбір ұстаз үшін жастарды сауатты әрі халқына, еліне қызмет ететін тұлға етіп тәрбиелеу басты мақсат. Ал діни түсінігі дұрыс қалыптасқан, діни сауатты жастар – ол дініміздің, дәстүріміздің, мәдениетіміздің болашақта жоғалмауының кепілі деп айтсам артық болмас. «Саясат күнде өзгереді, ал дін – мәңгілік» деп Елбасымыз атап өткендей, қанша ғасырлар өтіп, қанша қоғамдық формациялар өзгерсе де, діни құндылықтар, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымыздың, мәдениетіміздің ұрпақтан-ұрпаққа өзгеріссіз жетіп отыруы ол жастарымыздың ел алдындағы, мемлекет алдындағы басты міндеті! Сондай-ақ жастарымыздың алдындағы тұрған басты міндеттің бірі – еліміздің көк байрақ туын: — барша әлемге жақсы жағынан таныта отырып; — үлкен белестерге қол жеткізе отырып, — озық мемлекеттердің қатарына қосыла отырып; — бір мемлекеттің өзінде қаншама ұлттар мен ұлыстар бейбіт өмір сүруде екенін көрсете отырып желбірету.
Ал ол үшін жастарымыздың бойында – имандылық, адамгершілік, патриоттық, толеранттылық, енбек сүйгіштік қасиеттерін тәрбие беру арқылы қалыптастыру қажет. Міне, сонда ғана аспанымыз ашық, іргеміз тыныш болып, мемлекетіміздің мәртебесі биіктей түседі.
Әдебиет
1 Дін мен дәстүр. – Алматы, 2013. – 192 бет.
2 Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша /Редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е.Арын. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. – 569 б.
3 Зиманов С., Өсеров Н.Ө. Қазақ әдет-ғұрып заңдарына шариаттың әсері (монография). – Алматы: «Жеті Жарғы», 1998. – 128 б.
Құран Кәрім. Қазақша сөзбе-сөз мағынасы. Аударғандар: Мұхаммеджан Шыңғыс қажы, Ермек Мұхаммедқали. 2002 ж.
4 Имам Науауи. «Риазис Солихин». Каир, 1993 ж.
5 Х. Оразбекова. «Иман және инабат». Алматы: «Ана тілі», 1993 ж. 58 бет.
6 Б. Әлімқұлов, Е. Әбдіраманов. «Күйеу келтір қыз ұзат тойыңды қыл». Алматы: «Санат», 1994 ж. 63 бет.
7 Осман Нури Топбаш. «Ақтық дем». Алматы, 2005 ж. 107 бет.
8 Орынбеков М.С. «Предфилософия протоказахов». Алматы: «Ғылым», 1996 ж. 55 бет.
9 Орынбеков М.С. «Қазақ сенімдерінің бастауы». Алматы: «Қазақ университеті», 2002 ж. 14 бет.