Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Әли Хусейн Ибн-Абдаллах Ибн-Хасан Әли Ибн-Сина (латыншаланған аты — Авиценна) (980-1037) — өркениетті адамзаттың мақтанышы. Дана ойшыл, энциклопедист және гуманист, ол әрі философ, әрі жаратылыстанушы, астроном әрі медик, ақын әрі музыкант, психолог әрі филолог, этик әрі эстетик, әлеуметтанушы әрі саясаткер, логик әрі химияшы болған еді.
Ибн-Сина шығармашылығын зерттеушілердің әрбірінің алдында маңызды әрі мәнді мәселелердің мынандай тұтас қатары пайда болады: шығыс және батыс философиясының өзара карым-қатынасын ашу, бұл ойшылдың философиялық көзқарасы калыптасуы мен дамуының идеялық қайнарларын көз алдына елестету, оның онтологиялық, гносеологиялық және рационалистік тұжырымдамаларын (концепцияларын) зерделеу, оның гуманистік философиясы мен қоғамдық даму философиясын сипаттау, Ибн-Сина философиялық ілімінің тағдырын және оның бүкіл әлемдік философиядағы айшықты рөлін шынайы көрсету. Бұларды зерттеуге деген ұмтылыс кейбір сыншылардың Ибн-Сина туралы, ол өз дәуірінің жаңашылы, пионері, шығармашыл данышпаны болған жоқ, ал тек қана исламның түсіндірмелеушісі (комментаторы), көпшілікке жариялаушысы, теоретигі және идеологы бол-ған жоқ деген ұйғарымдарын теріске шығаруға қызмет жасайды.
Батыс Европадағы ХV-ХVІ ғғ. дәуірі туралы айта келе Ф.Энгельс «Табиғат диалектикасында»: Бұл адамзаттың сол уақытқа дейін бастан кешіргенінің ішіндегі ең ұлы прогрессивті төңкеріс, титандарға мұқтаж болған және ойының, құмарлығының және мінез-құлқының күші бойынша жан-жақтылығы және ғалымдылығы бойынша титандарды туғызған дәуір болды… Сол кезде алысқа сапар шекпеген, төрт не бес тілде сөйлемеген, шығармашылықтың бірнеше салаларында жарқ-жұрқ етпеген ірі кісі дегеннің біреуі де болмаған-ды… Бірак оларға айрықша тән болған деп мынаны айтуға тиіспіз: олардың барлығы дерлік өз уақыты мүдделерінің тең ортасында өмір сүрген, практикалық күреске жанды түрде араласқан не ол не бұл партияның жағына шығып, біреу сөзімен және қаламымен, біреу семсерімен, біреу онысымен де және мұнысымен де бірге күрескен».
Батыстағы қайта өрлеу дәуірі қайраткерлеріне Ф. Энгельстің берген мінездемесін белгілі бір шектеулермен Орта Азияның және жалпы Жақын және Орта Шығыс рухани мәдениеті Ибн-Сина, әл-Фараби, әл-Бируни, Бахманияр, Омар Хайям, Ибн-Рушд, Низами, Навои және көптеген басқалар сияқты қайраткерлерінің шынымен жарқыраған шоғырына да жатқызуға болады. Олардың бәрі де белгілі бір мөлшерде еуропалық Қайта өрлеу титандарына тән болган сапаларға ие болған еді. Еуропада Қайта өрлеу деп аталатынға өзінің белгілі бір сызаттарымен жақын келетін Шығыстық Ренессанс туралы сұрақты соңғы жылдары Шығыс халықтарының мәдениеті тарихымен арнайы айналысатын біздің зертеушілердің бірқатары қойған еді. Осы арада бұл сұрақты арнайы қарастырмай-ақ, егер біздің Шығыстық Ренессанс деп атайтынымыз өзінің әлеуметтік-экономикалық негіздері бойынша. еуропалық Қайта өрлеуден, өйткені ол еуропада өндірістің капиталистік тәсілінің туындауымен және дамуымен байланысты болған еді, мәнді түрде өзгешеленетін болса, онда өзінің гуманистік идеялары, маңызды рухани әуендерінің бірқатары бойынша, мәселен, антика заманының рухани байлықтарын шығармашылықты түрде ой елегінен өткізуге деген ұмтылысы бойынша, бұл әлемдік өркениет дамуындағы өздерінің маңызы бойынша әйгілі дәуірлердің ортақтығы күмәнсіз еқендігін ғана атап өтеміз. Ал бұл өз кезегінде тағы да мәдениет дамуының әлемдік үдерісінің бірлігі туралы куәлендіреді.
«Ортағасырлық философия» деген жұмысында В.В.Соколов ерте ортағасыр дәуірі туралы айта келе, Шығыс орта жерлер теңізі елдері және жалпы араб халифатына кіретін барлық территориялар өздерінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының деңгейі бойынша Еуропаның замандас елдерінен жоғарырақ тұрғанын атап көрсетеді. Бұл туралы Е.Э.Бертельс пен С.Н.Хригорян да айтады. Расыменен, ІХ-ХІІ ғасырлар Орта Азияның тарихында да экономика мен мәдениеттің күрт жоғары көтерілуімен, феодалдық өндірістік қатынастардың дамуы және бекуімен айрықшаланады. Атап айтқанда, осы кезеңде мұнда ұлыстар қалыптасуының қарқынды дамыған еді.
Өндірістің феодалдық тәсілінің және феодализм мәдениетінің тез дамуына Орта Азия елдерінің бұрынырақ арабтар жаулап алған елдер сияқты) арабтық езгіден арылуы және тахиридтер, саманидтер, караханидтер, газневидтер, селжукунидтер, хорезм-шахтар сияқты жергілікті феодалдық династиялардың басқаруымен дербес мемлекеттердің құрылуы оң әсерін тигізді. Аймақтағы шаруашылықтық-экономикалық және мәдени өркендеу тахиридтер династиясы тұсында басталып, монғол басқыншылығына дейін жалғасады. Сол уақыт өлшемімен алғанда өте күрделі және жетілген ирригациялық жүйе, суармалы егін шаруашылығының жоғары мәдениеті жасалды, токыма және өнеркәсіп өндірісі, халықаралық және ішкі сауда, қалалық өмірдің өсуі және т.б. айтарлықтай табысқа жеткен еді. Егін шаруашылығының, өнеркәсіп өндірісінің және сауданың мұқтаждары жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардың сол уақыт жағдайында күрт дамуын тудырды.
Ибн-Снна дүниетанымының қалыптасуы Саманидтік империяның астанасы Бұхарада өтті, ал осы Самарқанд, Мерв, Герат, Нишапур, Исфаһан Үргенішпен қатар сол уақыттағы мұсылмандық Шығыстың тек экономикалық қана емес, сонымен бірге рухани өмірінің де аса үлкен орталығы болатын.
Саманидтер үстемдігі кезінде елге жаңа сырттан басып кіру болған жоқ, қоғам салыстырмалы тыныш өмір сүрді, -саяси жағдаят міне осындай еді, ал бұл, табиғи түрде, Орта Азия халықтарының ғылымы мен мәдениетінің гүлденуіне мүмкіндік туғызды… Прогрессивті көзқарастырдың ең көрнекті өкілдерінің бірі, алдыңғы қатарлы қоғами күштер мүдделерінің жаршысы Ибн-Сина болатын.
«Сауығу кітабы», «Білім кітабы», «Ғылымдардың бөлінуі туралы», «Оймен алынатындай және қолмен жететіндей», «Нұсқаулар мен тәлімдер кітабы», «Дұрыс жол туралы трактат» және т.б. осындай философиялық трактаттарында дүниенің заңдылықты дамуын түсінуіне байланысты түбірлі мәселердің тұтас бір қатарын баяндау мен түсіндірмелеудегі Аристотельдің және басқа көне грек ойшылдарының дәстүрі жалғастырылды, байытылды және дамытыла түсті.
Ибн-Сина өз ізашарларының философиялық жүйелерінің жай ғана түсіндірмелеушісі, комментаторы болып қоймағанын баса айту қажет. Ғалым және философ ретінде ол бұлардың мұрасына шығармашылықты түрде, жаңаша кірісті. Ол мұраны тек терең зерделеп, түсіндірмелеп және насихаттап қана қойған жоқ, сонымен қатар өз дәуірінің талаптары мен міндеттері жүзінде қайта қарастырды, жаңаша ой елегінен өткізді, жетілдірді.
«Шығыс философиясының» бізге жеткен бөлігінде Ибн-Сина өзінің Аристотель философиясына деген қатынасы туралы былай деп жазады: «Аристотель оған дейін оның достары мен ұстаздарының білмегендерін ашты, ғылымдарды жіктеді, оларды тамаша жүйеледі, көптеген мәселелердің дұрыс шешімін тауып, осының бәрі туралы өз замандастарына мағлұмат беріп тұрды. Шатасқан мәселелерді талдауды және дұрысты бұрыстан айыруды алғаш бастаған адам ретінде Аристотель кәділгі адам мүмкіндіктері шегінен асатын зор іс тындырғанына еш күмән жоқ, ал одан кейін келгендерге оның қателерін түзету керек болды. Бірақ оның ізбасарлары мұны істемеді, олар оның күшті ықпалынан арыла алмады да, өз өмірлерін оның ілімінің дұрыс сәттерін ұғынуға деген ұмтылысқа жұмсады, сөйтіп, іс жүзінде оның дұрыс емес көзқарастарын да қорғалап келді».
Аристотельдің философиялық ілімінің прогрессивті жақтарын дамыта отырып, Ибн-Сина кейбір маңызды сұрақтарды түсінуде одан бөлектеніп, оларға өзінің өзіндік түсіндірмесі мен шешімін берді.
Материяның болмысқа, сананың табиғатқа, рухтың материяға қатынасы туралы айтқанда, Ибн-Синаның дүниенің өмір сүруінің объективтілік сипатына, оның мәңгілігіне, қажеттілігіне күмән келтірмейді. Болмыстың әртүрлі күйлері оған сырттан тағылмайды, болмыстың өзінен туындайды, олар оған айрылмастайын тән.
Ибн-Синаның көзқарасы туралы бойынша, болмыс мүмкін және қажетті түрде қалқиуының қайнар көзін өзді өзінде табады. Және дәл солай уақыт пен кеңістікте жайғасу оның ішкі, объективті үдерістерімен, әрқилы көптеген түрлі қүбылыстар арасындағы себептілік байланыстарымен шарттыланған. Мұндай болмыс исламдық кредоға керісінше, жасала алмайды, өйткені оның өмір сүруі өткінші емес, абсолютті, шекті емес, шексіз. Болмыс бәрін: органикалық және органикалық емес дүниені, адам қоғамын, адамдардың рухани өмірін қамтиды. Ол көп түрлі, бай және заңдылықты, ол өмірлік құбылыстардың түрлі түстердің бүкіл байлығы және дүниенің сұлулығы материя, табиғат ретінде түсінілетін болмыс формаларының айырмашылығынан басқа ештеңе де емес. Табиғат онымен тепе-тең есебіндегі, ол үшін алғашқы түрткі, алғашқы себеп болған, одан айрылмас тұтастық ретіндегі құдайды да өзінде тұтады. Бірақ та осыменен құдай рөлі шектеледі. Бүкіл одан арғы қозғалыс, даму, болмыстың шындықтағы қалқиуы оның өзіндік заңдылығы, қажеттілігі, себептілігі негізінде өтеді.
Құдайдың бар екендігін теріске шығармай-ақ, ал бұл ортағасырлар және исламдық идеологияның жағдайында мүмкін емес-ті, Ибн-Сина сол уақытта-ақ оның құдіретін салыстырмалы түрде шектеулі деп есептейді. Өйткені құдай тек өзді-өзінен мүмкінді ғана, яғни болмысты, табиғатты, материяны, іске асыруға қабілетті. Басқаша айтқанда, табиғат құдайдан бастау алмайды, оны құдай жасаған жок, ол мәңгілік және шексіз. Табиғат құдайдың эманациясы ретінде, бірақ оның еркімен емес, ол құдайға тәуелсіз қажеттіліктің, заңдылықтың, детерминацияланудың, себептіліктің, күшімен пайда болды. Ибн-Синаның көз-қарасы бойынша, құдай абсолютті бірлік бола тұра, дүниеге тікелей ықпал ете алмайды, ол жекелеген заттардың желісі мен дамуына араласпайды, алып дүниенің орталығы бола тұрып, ол шеткерінің (периферияның), өз қалауынша дөңгеленуіне мұрсат береді.
Ибн-Сина бойынша, теориялық ойлаудың негізі тұтастанған, нақтылы, тікелей түйсіну, сыртқы нәрселердің және олардың бейнелерінің сезімдік қабылдануы арқылы, ал одан соң елестету және қиялдау арқылы ғана адам жоғары интеллектуалдық дамуға, абстрактылы ойлауға, эмбебап ұғымдарға, категориялар мен заңдарға жете алады және жетеді де. Егер тікелей түйсіну жекелеген заттардың табиғатын және олардың қасиеттерін ашатын болса, онда зерденің, ойлаудың көмегімен алынған жалпы ұғымдар заттардағы жалпыны, олардың заңдылығын, детерминацияланғандығын, қажеттілігін, себептілігін, бірлігін, тап басып өрнектейді.
Алайда Ибн-Синаның таным теориясының шартсыз және ап-айқын өрнектелген материалистік үрдісті өзінде тұтатын бұл негізгі принципі ұлы ойшылдың философиялық жүйесінде соңына дейін тізбекті түрде іске асырылмайды. Ибн-Сина идеализм жағына бұрылып, оған жол береді. Бұл оның жан және зерде туралы ілімінде көрініс табады. Оларды ол белгілі мөлшерде сезімдік, тәжірибелік, тәндік дүниеден бөлектеп, кейбір жағдаяттарда әлдебір мистикалық, құпиялық күшке айналдырады. Алайда, тұтас алғанда, ол танымды бізді қоршаған дүниеде орын тебетін объективтік үдерістердің, құбылыстардың адам басындағы бейнеленуі ретінде түсінетін көзқарасты ұстанады…
Ибн-Синаның аса бай және бірегей логикалық ілімі мұқият және жүйелі түрде оның көптеген философиялық трактаттарында бой көтереді. Ол табиғатты терең зерттеуге бағытталған және сонысымен философияның діннен бөлінуіне оң ықпалын тигізген танымдық рационалдық әдісін жасақтауға қызмет етті. Логикалық ойлаусыз және логикалық операцияларсыз ақиқатқа жету мүмкін емес дейді Ибн-Сина. Логиканы ол өнер ретінде емес, өз пәні, өз құрастыру принциптері, зандары мен категориялары бар, — ал бұлары реалдық заттарға, құбылыстарға, нәрселерге, қатынастарға сәйкесті болуы тиіс ғылым ретінде қарастырады. Ол ақиқатқа жетудің құралы және де сонымен бірге адасуларды, бұрмалауларды, қателерді болдырмаудың құралы ретінде көрініс табады.