Әлемдік әлеуметтік-экономикалық жағдайды талдау барысында халық санының өсуін экологиялық-экономикалық жағдайға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі деп қарастыруға болады.
Жер бетіндегі халық санының өсу қарқыны кезеңдерге байланысты әр мемлекетте түрліше сипат алған. XV ғасырдан бастап аграрлық мәдениет, медицина мен жаратылыс ғылымдарындағы адамзат қол жеткізген нәтижелер адамзат баласының өсімін тұрақтандыруға мүмкіндік берді. XVI ғасырда халықтың негізгі бөлігі Еуропада тұрғанымен, салыстырмалы түрде Таяу Шығыс, Орта Азия, Қытайда да халық саны көп шоғырланған.
Ұлы географиялық ашылулар кезеңінде адамзат баласы планетаны ғаламдық игеруді бастады. Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік технологиялардың жылдам таралуы барлық континенттегі халықтың тұрақты орналасуына негіз қалады.
XVIII ғасырға дейін халық саны орташа жылдамдықпен, жүзжылдықта 1%-ға көтеріліп отырған, ал 1830 жылдары өнеркәсіптік революция басталғаннан кейін, жер бетіндегі халық саны 1 млрд құрады. Ғылым, техника, өнеркәсіптік революцияның жылдам дамуы, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың өзгеруі азықтүлік, медициналық, коммуналдық, транспорттық және басқа да мәселелерді шешуге себепші болды. Тамақтанудың, санитарлық-эпидемологиялық жағдайдың жақсаруы, гигиеналық, медициналық құрал-жабдықтардың кеңінен таралуы бала өлімін азайтып, өмір сүру ұзақтығын арттырды, бұл жағдай әлемдегі халық санының аса жылдамдықпен дамуына әсер етті. Дегенмен, халық санының артуы барлық жерде біркелкі емес, бұл ұдайы өсудің әр алуан екендігін көрсетеді. Халықтың ұдайы өсуі деп туу, өлу және табиғи өсім арасындағы жиынтық саналады.
Ұдайы өсу үздіксіз ұрпақ ауысымын жаңартып отыруды қамтамасыз етеді. Бұл үдеріске жоғары деңгейде әлеуметтік- экономикалық жағдайлар ықпал етеді. XVIII ғасырдың ортасынан бастап XX ғасырдың орта шеніне дейін экономикасы жылдам қарқынмен дамыған Ұлыбритания, АҚШ, Франция секілді елдердің есебінен жер бетіндегі халық санының артуы байқалды. Дегенмен, XX ғасырдың ортасында әлемдегі жағдай тез арада өзгеріп, дамушы елдердегі халық санының артуы — «демографиялық жарылыстың» туындауына себепші болды. Дамушы елдердегі демографиялық жағдайдың жоғарылауы этникалық және діни себептермен, ерте бастан некеге тұрумен, білім деңгейінің төмендігімен, өндіріске әйелдерді араластырмаумен тікелей байланысты. Сонымен қатар, кейбір мемлекеттерді отарлық тәуелділіктен босату, медициналық қызмет көрсетуді жақсарту, халықаралық гуманитарлық ұйымдардың көмектері есебінен өлім саны тез арада қысқарды. Мұндай құбылыс «демографиялық жарылысқа», яғни халық санының жылдам қарқынмен дамуына алып келді. Әлемдегі халық санының өсуі «перифериялық», яғни дамушы елдер және өтпелі экономикасы бар елдерге тән сипат алуда. Қазіргі уақытта халық санының ең жоғары өсімі Африка және Орталық Америкада жылына 3%, Онтүстік Америкада 2,2%, Азияда — 1,8%. Халық саны жөнінен ірі елдерге мына мемлекеттер жатады: Қытай (1179 млн адам), Үңдістан (897 млн адам), Азия (258 млн адам), Индонезия (188 млн адам), Бразилия (156 млн адам). Елдегі жүргізіліп жатқан демографиялық саясатқа байланысты соңғы кезде Қытайда халық санының өсуі баяулады. Туу көрсеткіштері бойынша көшбасшы мемлекеттерге: Орталық Африка мемлекеттері, соның ішінде Кения жатады, мұндағы туу көрсеткіші 1000 тұрғынға 54 жаңа туылған сәбиден келеді.
Соңғы 100 жыл ішінде планетадағы халық саны 1900 жылы 1,620 млрд көтеріліп, 2010 жылы 6,8 млрд асты. Жер беті минутына 150 адамға, күніне 220 мың адамға артып отырады.
Планетадағы халықтың өсуінің жалпы көлемі соңғы жиырма жылда 1,7 млрд адамға артқан, оның 88%-ы дамушы елдерге тән. Мамандардың бағалауы бойынша, табиғи өсімнің осы қарқыны сақталса, онда 2020 жылы адам саны 8 млрд жетуі мүмкін. Мамандар күрделенген жағдайды жан-жақты талдай отырып, планетадағы демографиялық ахуалдың мүмкін сценарийін болжамайды. Академик С.П. Капица «Жер бетіндегі халықтың өсу үлгісі» атты еңбегін жариялап, онда 2100 жылға дейін жер бетіндегі халық саны 12-14 млрд адамды құрайды деп болжам жасайды.
Биологиялық заңдылық бойынша, қандай да бір особь саны көбею әлеуетіне, өмір сүру ұзақтығына, бейімделу мүмкіндігінің кеңеюіне тәуелді болады да, табиғи сұрыпталу — экологиялық фактор жиынтығымен реттеледі.
Қолайсыз экологиялық және әлеуметтік-экономикалық факторлардың байланысуы аса қауіпті болып табылады. Халықтың табиғи өсімінің 1%-ы ЖҰӨ-нің 4%-ға артуын талап етеді. Адамзат баласының демографиялық мәселелерін қарастырғанда, әлемде болып жатқан үдерістерді талдау және болжамдау экологиялық-экономикалық аспектілерді де терең зерттеуді талап етеді. Адам баласының сандық критерийлері ғана емес, сапалық критерийлері де маңызды болып табылады. Адам сапасының әлеуметтік және биологиялық критерийлері бір-бірінен соншалықты алыс емес. Адам санының тығыздығы жоғары болған сайын, тұмау ауруы пайда болып, оның тез таралуы апатты жағдайға алып келуі де мүмкін. Бұл мәселелер өз кезегінде әлемдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси үдерістерге әсер етіп қана қоймай, көптеген ғаламдық үдерістерге ықпал ете отырып, демографиялық мәселеден кем түспейтін және өзара байланысқан мәселені тудыратыны анық.
Қоғамдағы келесі маңызды ғаламдық мәселеге азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі жатады. Қазіргі таңда, әлемнің 364 елі өз елдерін азық-түлікпен қамтамасыз ете алмайды, 500 млн адам аштық зардабын шегуде, 1 млрд адам тамақты тойып жемейді, 35 мың адам күн сайын аштықтан өледі. Мамандардың есебі бойынша, 1989 жылы тамақ өнімдерін өндіру деңгейіне сәйкес, 40% өнімділікті жоғалтқанның өзінде есеп бойынша 5,9 млрд адамды өмір сүруіне қажетті тағаммен қамтамасыз етуге болатын, ал қазіргі тұтынудың еуропалық деңгейінің есебі бойынша 2,9 млрд адамды тамақтандыруға болады. Жағдайдың қауіптілігі мынаған байланысты, яғни адам өзінің шаруашылық іс-әрекеті барысында табиғи экожүйенің 20%-ға жуық аумағын бұзды, XX ғасырдың екінші жартысында халық санының артуы салдарынан шөлейттену, топырақ құнарлылығының төмендеуі және эрозиясы қатар жүрді. Қазіргі танда, беткейлі, батпақты және құнарлылығы төмен жерлер мен құрғақшылық жайлаған аудандардағы жерлер ғана жыртылмаған күйде қалып отыр, мұндай құбылыс ауыл шаруашылығына жарамды жерлер қорының таусылғандығын көрсетеді.
ФАО-ның (БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) бағалауы бойынша, дамыған елдерде азық-түлікті тұтыну 90-жылдары тәулігіне 3-3,2 мың ккал және 100-110 гр протеинді құраса, Латын Америкасының дамушы елдерінде, Азияда, Африкада бұл табысы төмен жан басына шаққанда күніне 2-2,2 мын ккал, 50-60 гр протеинді құрайды. Осы мәліметтерді салыстыру арқылы қоңыржай климатта орналасқан дамыған елдер мен ыстық климатта орналасқан, суық, аязды қысы жоқ, калориялық тағамға деген қажеттілігі төмен дамушы елдердегі ерекшеліктерді ескерген дұрыс. Яғни, бұл мемлекеттердегі тамақтану деңгейінде де айырмашылықтар кездеседі.
Талданған кейбір мәліметтерге көз жүгіртсек, онда біздің планетаның қазіргіден де жоғары адам санын азық-түлікпен қамтамасыз ете алатындығын байқауға болады. Мұндай мүмкіндік ауыл шаруашылығы жүйесін жүргізуді жетілдірумен, ең алдымен, жер ресурстарын дұрыс пайдалану, бұзылуының алдын алу және тозуы мен қысқаруына жол бермеумен жан-жақты байланысты.
Азық-түлік мәселесі демографиялық мәселе секілді маңызды аймақтық және этникалық сипатқа ие. Мысалға, Үндістанда бір адамды тағаммен қамтамасыз ету үшін жылына тағамға қолданылатын 200 кг өнім қажет. Ал АҚШ-та бір адамды тамақпен қамтамасыз ету үшін 800 кг астық өндіру керек, себебі, оның басым бөлігі тікелей тағамға емес мал шаруашылығы өнімдерінің конверсиясына жұмсалады.
Дамыған және дамушы елдердегі халықтың тамақты тұтыну құрылымындағы айтарлықтай айырмашылықтар бар екендігін жоғарыда атап өттік. Дамушы елдермен салыстырғанда, дамыған елдер биосфера ресурстарын 4 есе жоғары пайдаланады және қоршаған ортаға зиян келтіреді. Яғни, АҚШ-тың 50 млн тұрғыны Үндістанның 1 млрд тұрғыны секілді қоршаған ортаға әсерін тигізеді. Жаңа жүзжылдықтағы әлемдік экономиканың басты міндеті — планета тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету. XX ғасырдың 70-жылдарында «азық-түлік қауіпсіздігі» термині және онымен байланысты мәселелер әлемдік қауымдастықтың күн тәртібінде қарастырылды. 1974 жылы желтоқсан айында БҰҰ Бас Ассамблеясы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) ұсынысы бойынша жасалынған бағдарламаны мақұлдады. ФАО-ның бағалауы бойынша, аштықтан зардап шегетін адамдардың жалпы саны 2008 жылы 1 млрд астам адамды құраса, ал 2050 жылы 3 млрд адамға жетеді деп болжамданған болатын, қазірдің өзінде азық-түлік дағдарысын басынан кешіріп жатқан адамдар саны Африкада 600-ден 700 млн дейінгі көрсеткішті құрайды.
Осы бағалаудағы аштық критерийінің ең соңғы деңгейі «дағдарыстық деңгей» деп сипатталады, яғни өмір сүруге қажетті ағзаның энергиялық қажеттілігінің толық жетіспеушілігі. Егер де аштықты анықтау үшін қатаң тәртіп қолданылса, онда дамушы елдердегі аш адамдар саны жоғары болар еді. Азық-түлік саласындағы драматизм келесідей қорытындыланды: «елдегі ашаршылық — халықтың кең құрамының күнделікті өмірінде кездесетін тұрақты, ағымдағы құбылыс». Азық-түлік мәселесіндегі түбегейлі шешім мемлекеттің экономикалық даму мәселелерімен тығыз байланысты.
(Соңғы жылдары әлемде энергетикалық мәселе ең маңызды мәселе көзіне айналды. Әлемнің толыққанды экономикалық дамыған елдерінде қазіргі өндіруге қарағанда 5-6 есе энергия жетіспеушілігін байқауға болады. Экономикалық өсу үшін энергетиканың даму қарқынын басып озатын қарқын керек. XX ғасырдың соңғы ширегінде дамыған елдерде жалпы өнімнің жылдық өсу пайызы алғашқы энергетикалық ресурстарды тұтынудың өсу пайызымен қатар жүргізілді. Әлемнің барлық мемлекеттерінде энергияны тұтыну артып келеді. Әлемдік энергетика конференциясының болжамы бойынша, 2020 жылға қарай энергия тұтыну 75%-ға көтеріледі. Энергия тұтынудың өсу қарқынын қолданбалы жүйелік талдаудың халықаралық институты да зерттеген (Люксембург, Австрия). Жүргізілген зерттеулер барысында болашақтағы «жоғарғы» және «төменгі» энергияны тұтынудың екі негізгі сценарийі жасалды. Біріншісіне сәйкес, энергия шығындары жыл сай ын 2,7%-ға артса, онда екіншісі — 1,8%-ға артқан. Әрине, мұндай қарқындылықтың өзінде шамамен 100 жылда энергияны әлемдік тұтыну 10 есеге артады.
Белгілі ғалым-эколог Д. Брукс «физикалық әлем энергиясыз өмір сүруі мүмкін емес, олай болса, энергетикалық ағымдардың көлемі мен сипатының өзгеріссіз дамуын көз алдымызға елестете алмаймыз» деп жазған болатын.
Жылдам қарқынмен дамыған әлемдік экономика әлем елдерінің шаруашылық энергия қуаттылығын үздіксіз қамтамасыз ету, өндірісті автоматтандыру және механикаландыру үлесін жоғарылату үшін үлкен көлемдегі энергетикалық шығындарды талап етеді. Қазіргі демографиялық жарылыстың салдарынан халық саны 40-50 жылда екі есе ұлғайса, онда энергияны өндіру және тұтыну әрбір 12-15 жылда артып отырады. Халық пен энергетиканың осыңдай өсу қарқыны жағдайында энергиямен қамсыздандыру жан басына шаққандағы есеп бойынша да артып отырады. Қазіргі танда, адамзаттың энергия қажеттілігі негізгі энергия ресурстарының үш түрі есебінен қамтамасыз етіледі: органикалық отын, су және атом ядросы. Дегенмен, басымдық танытатын энергия көзі болып бұрынғыша қазып алынатын отын табылады. Су энергиясы мен атом энергиясын адамзат баласы электр энергиясына айналдырғаннан кейін барып қолданады. Сонымен бірге, органикалық отындағы энергияның елеулі саны жылу түрінде пайдаланылады да, тек бір бөлігі ғана электр энергиясына айналады. Дегенмен, осындай және басқа да жолмен органикалық отыннан энергияны шығару жағумен тікелей байланысты, олай болса, қоршаған ортаға жану барысында зиянды қоспалар шығарылады. Қазіргі таңда, отынды жағу есебінен энергия үлесінің 90%-ы өндіріледі. Осы жағдайда, өнеркәсібі дамыған елдерде мұнай және мұнай өнімдері транспорттық отын ретінде пайдаланылады. АҚШ-та мұнай елдің жалпы энергия балансының 44%-ын құрайды, ал электр энергиясын алу 3%-ды ғана, энергия баланстағы көмір үлесі — 22%-ды құрайды, ал электр энергиясын алудағы негізгі үлесі 52%. Әлемдік кеңістіктегі гидроресурстар электр энергиясының 5-6%-ын, атом энергиясы 17-18%-ын береді. Дәстүрлі энергия ресурстары — мұнай, газ, көмір таусылатын ресурстар болып табыла ды. Мамандардың есептеуі бойынша, жер бетіндегі барланған отын қорлары энергия тұтынудың қазіргі көлемі жағдайында 150 жылға, соның ішінде, мұнай — 35 жылға, табиғи газ — 50 жылға, көмір -425 жылға жетеді. Дегенмен, отынды өндіру көлеміне сұраныс пен баға саясаты тұрақты түрде ықпал етеді. Мұнайды тұтынудың төмендеуі 70-жылдардың ортасында энергетикалық дағдарысты туындатты, яғни мұндай жағдай отын қорының шектеулілігі және оны үнемді пайдалану қажеттілігін талап етті. Энергетикалық мәселелердің қалыптасуына энергия ресурстарын тұтыну және қорлардағы аймақтық айырмашылықтар әсіресе, дамыған және дамушы елдер арасында елеулі ықпал етті. Пайдалы қазбалар түріндегі отын кен орындары біркелкі орналаспаған. Ресейде әлемдік қордағы көмірдің 33%-ы, мұнайдың 20%-ға жуығы орналасқан. Мұнайдың 35%-ы және газдың 17%-ы Орта Шығыста, ал басым бөлігі Солтүстік Америкада орналасқан. Әлемде алғашқы энергияның ғаламдық бөлінуі біркелі таралмаған, яғни әлем халқының 4 бөлігі алғашқы энергияның S бөлігін пайдаланады. Дамыған елдерде жан басына шаққандағы энергия тұтыну Африка елдерінде Сахарадан Оңтүстікке қарай 80%-дан асып түседі. Энергетикалық мәселелердің қалыптасу себебі дамушы елдердегі өз энергия ресурстарына бақылау орнатумен тікелей байланысты. 1960 жылы әлемдік мұнай нарығында мұнайды өндіруші және тасымалдаушы елдер ұйымы құрылды (ОПЕК). 1973-1980 жылдар аралығында мұнайға деген әлемдік баға 5 есеге артты, ал бұл дамыған елдердің экономикасына елеулі ықпал етті. Қазіргі танда, ОПЕК елдерінің стратегиясы — өндіруді қолдау және XXI ғасырда әлемдік рыноктағы мұнайға баға орнатушы болу.
Энергетикалық мәселелерді шешудің ұзақ мерзімді стратегиясы — қолда бар өндіріс технологияларын энергия үнемдеу технологияларымен алмастыру. Мысалы, Жапония отын импортына тәуелді мемлекеттерге қарағанда, өз шаруашылығының энергия жұмсалуын 50%-ға төмендету арқылы әлемдік экономикадағы ресурс үнемдеуші көшбасшы мемлекет болып табылады. Энергетикалық мәселелерді шешудің маңызды бағыттарының бірі — әлемдік энергия балансының құрылымын өзгерту, оның орнына баламалы энергия көздерін пайдалану.
Өркениеттің дамуы барысында энергияның дәстүрлі көзінен жетілген жаңа түріне ауысу үдерісі үнемі жүріп отырды. 200 жыл бұрын энергия күші болып адамның бұлшық еттері мен жұмысшы мал күші табылса, ал ағаш пен шымтезек үйді жылыту және тамақ дайындауда қолданылған. Кейіннен, ағаш орнына көмір пайдаланыла бастады, яғни XX аяғында көмір ағаштың орнын толыққанды алмастырды. XX ғасырдың 20 жылдарында мұнай мен табиғи газ өзінің өзіндік құнының төмендігіне байланысты, энергия баланстың бұрынғы құрылымын өзгертті. Ал қазіргі таңда энергияның баламалы көздеріне басым назар аударылуда. Мұндай жағдай күрделі мәселені жоюға мүмкіндік береді.
Әлемнің бірқатар елдерінде энергияның қайта жаңартылатын көздерін пайдалануды теориялық жобалау мен практикалық өндіру жұмыстары тиімді жүзеге асырылуда. Америкалық ғалымдардың зерттеулеріне сәйкес, әлемнің кейбір аудандарында жел энергетикасын дамыту электр энергиясына деген 40% сұранысты қамтамасыз етер еді. Ғалымдардың бағалауы бойынша, АҚШ-тың жел энергиясы қазып алынған отынның ұлттық қорындағы энергия қуаттылығынан асып түседі. Египетте жел энергиясы қорлары Асуан ГЭС қуаттылығымен бірдей.
Мұнайдың жоғары құны дамушы елдерге қолайсыздық туындатуда. Сондықтан көптеген мемлекеттер отынның басқа түрлерін алу жолдарын қарастыруда. Мысалы, Бразилияда автокөлік отыны ретінде бензин мен спирт қосындысы пайдаланылады. Қант құрағынан арзан спирт алу елдің мұнайды импорттауға деген үлесін төмендетеді. Дамыған елдерде энергия мәселесі энергия ресурстардың жаңа аудандарын игеруді талап етуде. Энергетикалық құрылымның өзгерісі энергиямен жылу өндіру түріндегі соңғы нәтижеге бейімделеді.
Қолданылған әдебиеттер: Мұхажанова Н.А. Жаһандық экология: Оқу құралы. -Алматы: Экономика, 2011. — 172 бет.