ХІV-ХVIII ғасырларда халық ауыз және жазба әдебиеті кең тарады. Дешті Қыпшақтың осы дәуірдегі атақты жыраулары Сыпыра жырау, Қодан тайшы, Асан қайғы, Қазтуған жырау, Шалкиіз жырау, Доспамбет жырау, Жиембет жырау, Ақтамберді жырау, Бұқар жырау және тағы басқалардың есімдері ел арасына кең тарады. Жыраулар шығармасының басты тақырыбы ел бірлігі, сыртқы жауға қарсы күрес, көшпелі өмір тіршілігі, халықтың мұң-мұқтажы, тәлім-тәрбие, нақыл сөздер болды.
Тоқтамыс пен Темірдің арасындағы тартысты жырлаған Сыпыра жыраудың басқа да жырлары бізге жетіп отыр. Асан қайғы өз толғауларында билік басындағылардың өктемдігін айыптаған. Жәнібек хан тұсында өмір сүрген Асан қайғы әйгілі жырау, көрегендік жырлар мен поэтикалық нақылдар айтушы болған. Хафиз Таныш Асан қайғы туралы «Сыр өңіріндегі даладағы саяси қайраткерлердің бірі» деп жазса, Ш.Уәлиханов оны «халық естеліктеріндегі әйгілі көшпелі философ» деп атады. Асан қайғы шығармасының негізгі идеясында қазақ хандығының бірлігі жырланды.
XV ғасырда Еділ бойында туып өскен Қазтуған Сүйіншіұлының шығармалары образ байлығымен, ұлттық ерекшелігінің айқындығымен, сезімге әсерлігімен белгілі болды. Қазтуған жыраудың өлендері қазақ ақындарының көптеген ұрпақтары үшін көркемдіктің үлгісі болып табылады. Қазақтың жыраулық өнерінде Шалкиіз Тіленшіұлының орны ерекше. Шалкиіз өз заманындағы білімді адамдардың бірінен саналды. Нағыз жырау ретінде ол ең алдымен суырып салма ақын болды. Шалкиіздің терең философиялық толғаулары мен өлендері орта ғасырлардағы қазақ поэзиясын жоғарғы шыңға көтерді. Оның өлендері орасан зор әсер ету күшімен, суреттеп отырған оқиғаның түпкі мәніне жете үңілумен, көркем бейнелеудің күрделі астасып жатуымен ерекшеленеді. Шалкиіз қазақ әдебиеті тарихында елеулі із қалдырды, ол қазақтың өлең қүру саласында реформатор, дала эпосын туғызушылардың бірі ретінде мәлім. Батырлар бейнесін жасағанда Шалкиіз теңеу мен суреттеудің дәстүрлі емес түрін кең қолданды.
XVIII ғасырда өмір сүрген Марғасқа мен Жиембет жыраулар жырау поэзиясының дәстүрлерін одан әрі жалғастырды. Марғасқа есімі ақын ретінде ғана емес, ержүрек жауынгер ретінде де белгілі. Ол Есім ханның Тұрсын ханға жасаған жорықтарына арналған батырлық дастан «Есім» поэмасының авторы. XVIII ғасырда ірі суырып салма ақын әйгілі Бұқар жырау Қалқаманұлы үлкен құрметке ие болды. Тәуке хан мен Абылайдың ықпалды билерінің бірі болған Бұқар жырау шығармасының басты тақырыбында қазақтың үш жүзінің басын біріктіру, ел ынтымағы және бірлігі жырланды.
Халық ауыз әдебиетінің туындыларында көшпелі халықтың көзқарастары, ұғымдары, тұрмыс-тіршілігі және олардың ғасырлар бойы жинақтаған еңбеқ тәжірибесі жан-жақты бейнеленді. Еңбек жырларының ішінде төрт түрлік мал туралы өлендер кең тарады. Бұл өлендерде малды бағу мен күтіп ұстаудың және оның адам өміріндегі маңызы айтылды.Тұрмыс-салт жырлары мен өлеңдері және тақпақтары діни нанымдар мен әдеп-ғұрыптарға да байланысты дамыды. Орта ғасырларда бала туғанда, тойларда, үйленгенде, адам өлгенде, наурыз мерекесін қарсы алғанда айтылған салт-дәстүрге байланысты өлеңдер мен тақпақтар біздің кезімізге дейін жетіп отыр. Қазақтарда адамның, шаңырақтың, шаруашылықтың, табиғаттың әрбір елеулі оқиғасына ырымдар жасалып өлеңдер айтылып отырған. Қыз ұзату, келін түсіру, шілдехана, ас беру және тағы басқалар той-мереке ретінде өткен.
Тойларда әралуан ойындар: ат жарыстары, бәйге, теңге алу, жамбы ату, палуан күрес, көкпар, айтыс, алтыбақан тағы басқа да ойындар өткізілді. Ойынға қатысып жеңіске жеткендерге жүлделер мен бәйгелер берілді. Ойын-сауықсыз, ән-жырсыз ешқандай той болмады.
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең»,
деп ұлы ақын Абай қазақ халқының өміріндегі өлеңнің маңызын дәл анықтап берді. Халық ауыз әдебиетінің, соның ішінде салт-дәстүр өлендерінің көптеген үлгілері өздерінің мазмұндық-көркемдік және тәрбиелік ерекшеліктерін күні бүгінге дейін сақтап келеді. Жар-жар, беташар, айтыс, жоқтау және т.б қазақ халқының тұрмыс тірішілігінде әрқашан елеулі орын алып отырды.
Халық тұрмысының әртүрлі жақтарын: қоғамдық өмірін, арманын, талабын, тұрмыс-тіршілігін айқын көрсететін ауыз әдебиетіндегі жанрлардың бірі ертегілер. Ертегілер халықтың қоғамдық өмірі мен тұрмысын, арманы мен мақсатын ұғыну үшін көптеген қызықты материалдар береді. Ертегілер жан-жануарлар туралы, қиял-ғажайып, тұрмыстық, шыншыл, әзіл-сықақ жанрларынан тұрады.
Халық арасына кең тараған ертегілер «Алтын сақа», «Асан қайғы», «Ертөстік», «Қарамерген» және тағы басқалар. Жан-жануарлар туралы ертегілер адамның еңбек әрекеті, мінез-құлқы, адамгершілігі, табиғат сырын ұғынуы, аңғарымпаздығы, күштілігі туралы болып келеді. Қиял-ғажайып ертегілердің кейіпкерлері ақылды, өнегелі, ержүрек, батыр, сезімтал, әділетті болып сипатталады. Аяз би, Жиренше, Алдар Көсе туралы және тағы басқа ертегілерде халық арасынан шыққан Аяз би, Жиренше, Қарашаш, Алдар Көсе, Тазша бала шешен, тапқыр, батыл және әділ адамдар болып бейнеленеді.
Қазақ эпосы ауыз әдебиетіндегі негізгі жанрлардың бірі. Оның пайда болуы ерте замандардағы түркілер дәуірінен басталады. Олар халық арасынан шыққан талантты жыршылардың ауызекі орындауымен ұрпақтан ұрпаққа жалғасып біздің кезімізге дейін жетті. «Ер Көкше», «Қобыланды», «Қамбар» жырлары ХІII-ХІV ғасырларға жатады. Батырлар жырында тарихи оқиғалар да бейнеленген. Мысалы, «Ер Тарғын» өзара жауласу соғысына байланысты туған. Қамбар, Алпамыс, Ер Сайын, Ер Қосай және тағы басқа жырларда қыпшақтар мен ноғайлардың сырттан келген жауға қарсы күресі туралы баяндалады. Тұрмыс-салттық, лирикалық дастандардың негізгі тақырыбы сүйіспеншілік, халықтың тұрмысы, әдет-ғұрпы, дәстүрлері болып келеді. Қазақтың әлеуметтік, салт-дәстүр, әдет-ғұрпындағы дастандарға «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Мақпал қыз» және тағы басқалар жатады.
Орта ғасырларда ауыз әдебиетімен қатар жазба әдебиеті де дамыды. Әдеби шығармалардың негізгі жанры діни және тарихи тақырыптар болып келді. Бұл кезде қазақтар ислам дінімен бірге келген араб әліппесін пайдаланды. XIII ғасырдың екінші жартысында Сыр бойындағы Баршынкентте туып өскен Хисамадин Баршынкентидің есімі әйгілі болды. Ол үш тілде араб, парсы және қыпшақ тілінде еркін жаза білген. XIV ғасырдың 30-жылдарында қыпшақ тілі әдебиетінің құнды ескерткіші «Хисрау уа Шырын» шығармасы жазылды. ХV-ХVІII ғасырларда «Қысас әл-әнбия», «Кесік Бағы», «Бадуам», «Сопы Алдияр» сияқты діни бағыттағы шығармалар мәлім болды. Бұл кітаптарда сонымен бірге тарихи, тұрмыстық, этнографиялық сипаттағы қызықты фактілер де кездеседі.
ХІII-ХІV ғасырларда қазақ тілінде тарихи шығармалар да жазылды. Солардың бірі ХV-ХVІ ғасырлардағы қазақтардың тарихына арналған «Жами ат-тауарих» шығармасы. Шығарманың авторы Жалайыр руынан шыкқан Қадырғали Қасымұлы Тәуекел ханның жиені қазақ сұлтаны Ораз Мұхаммедтің тәрбиешісі болған. Ол 1587 жылы Ораз Мұхаммедпен бірге орыстардың қолына тұтқынға түсіп, ұзақ уақыт Мәскеуде тұрады және осында тұрып осы аталған шығармасын жазады. Қадырғали Жалайыр бұл шығармасында қазақ хандары мен сұлтандарының ата-тегі, Ораз Мұхаммедтің қысқаша өмірбаяны және тағы басқалар туралы мәліметтер келтіреді. Шығармада афоризмдер, шешендік сөздер, мақалдар және әралуан нақыл сөздер көптеп кездеседі.
Парсы тілінде жазылған «Тарих-и-Рашиди» қазақ халқының тарихына тікелей қатысы бар құнды шығарма болып табылады. Шығарманың авторы Моғолстанда туып-өскен, қазақтың дулат руынан шыққан Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551). Мүхаммед Хайдар бүл шығармасында Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хандығынан бөлініп шығу себептері мен қазақ хандығының құрылуы туралы алғашқы деректер береді. Ол сонымен бірге, қазақ хандығының алғашқы кездегі моғол хандарымен, шайбанилермен қарым-қатынасы туралы мәліметтер де келтіреді. Кітапта Жетісу мен Түркістанның географиялық жағдайы да сипатталады. Мұхаммед Хайдар, сонымен бірге, түрік тілінде жазылған «Жақан-Наме» поэмасының да авторы.
XVI ғасырда Өтеміс қажы тарихи «Шығыс-Нама» шығармасын жазды. Бұл шығарманың құндылығы сол кездегі ауыз әдебиетінен жинақталған қазақтардың салт-дәстүрі, тайпалар мен рулар шежіресі, ХIV-ХV ғасырлардағы тарихи оқиғалар мен ел билеушілері туралы мәліметтердің көптеп келтірілуі болып табылады. ХVІ ғасырдың 40-жылдарында Усман Кухистани «Тарих-и-Әбілхайырхан» деген шығармасын, осы кезде Шах Махмұд қазақ хандары Қасым хан мен Тәуекел хандар туралы мәліметтер келтірілген «Тарихи-Шах Махмуд Бен Мырза Фазил Шорас» деген кітабын жазды.
ХV-ХVIІ ғасырларда қазақ тілінде тарихи шығармалар пайда болды. Дәстүрге сәйкес қазақ хандары мен сұлтандары өздерінің ата-тегінің шежіресін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа беріп отырды. Сондай шежірелердің бірі Жәңгір ханның кітапханасында сақгалған. XVI — XVIII ғасырларда хандар мен сұлтандар, молдалар мен қожалар сауатты болды, бұл кезде араб әліппесі қолданылды. Дәулетті адамдардың балалары Самарқанға, Бұқараға және Орта Азияның басқа да қалаларына барып оқып, онда араб тілі мен философиясын, шариғатты және парсы, өзбек тілдерінде жазылған шығармаларды оқып үйренді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б., Қазақстан тарихы. Оқу құралы. – Алматы: «Қарасай», 2007. — 344 бет.
- Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы, 1987.
- Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. 1 том. Алматы, 1989.