Халықаралық саяхаттар

Чжэн Хэ саяхаты. Шығыс пен батысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолы негізгі екі тармақтан тұрады. Оңтүстік тармақ Солтүстік Қытайдан Орта Азия арқылы Таяу Шығысқа және Солтүстік Үндістанға бағытталды. Ал солтүстік тармақ Солтүстік Қытайдан Памир және Арал бойы арқылы төменгі Еділге, одан әрі Қара теңізге дейін созылды. Бұған қоса бірнеше қосымша тармақтары да болды. Жібек жолы арқылы Қытайдың жібек матасы батысқа жеткізілді. Рим империясында жібек және шығыстың басқа тауарларына деген сұраныс жоғары еді. Дамыған орта ғасырлардан бастап, Батыс Еуропада да шығыс тауарларын тұтыну артты.

Ұлы Жібек жолы арқылы Қытайдың жібек матасы, фарфоры және шайы, жүн және мақтадан тоқылған маталар, тамаққа қосатын дәмдеуіштер тасылды. Қытайда Мин әулеті кезінде Чжэн Хэ басқарған жеті саяхат Үнді-қытай, Үндістан, Араб түбектеріне және Шығыс Африкаға бағытталды. Бұл сауда әрі әскери саяхаттар еді. Оның барысында теңізшілер көргендерін қағазға түсіріп, картаға сызып отырды. Олардың жазбаларында жүзуге шыққан уақыттары тіркеліп, тоқтаған мемлекеттер мен қалаларына сипаттама берілген. Чжэн Хенің саяхаты Африка және Азия елдерінің Қытаймен мәдени, сауда байланыс орнатуына мүмкіндік берді.

1405-1407 жылғы бірінші саяхаттың бағыты Сучжоудан шығып, Шри-Ланкаға дейін барған. Екінші және үшінші саяхаттар да осы бағытты ұстанған. Ал кейінгі саяхаттар қазіргі Сомали, Қызыл теңізге дейін жеткен. Чжэн Хенің теңіз флоты Тынық, Үнді және Атлант мұхиттарында жүзді. Бұл әлемдік теңіз саяхатының негізін қалады.

Ұлы географиялық ашылудың алғышарттары. Ұлы географиялық ашылу тауар-ақша қатынастары үнемі өсуінің нәтижесі болып табылады. Тауарақша қатынастарының ұдайы өсе түсуіне байланысты ақша орасан зор маңызға ие болды. Ақша қажеттілікті қанағаттандырудың бірден-бір құралына және байлықтың ең басты түріне айнала бастады. Сонымен бірге ақшаның көбі шығыстан әкелінетін тауарларға төлеуге жұмсалып жатты. Еуропа шығысқа ағаш, қола, қалайы, кенеп шығарғанмен, арзан сатылды. Шығынын өтемеді. Ал шығыс тауарларын Еуропаға тасу үнемі ұлғая берді. Осының нәтижесінде Еуропада асыл металдардың (алтын, күміс) жетіспеушілігі сезіле бастады. Еуропада алтынға деген мұқтаждықты қанағаттандыратын мүмкіндік болмады. Сонымен бірге ортадағы делдалдардың көбеюі (арабтар, византиялықтар, италияндықтар) шығыс тауарларының бағасын қымбаттатып жіберді.

Батыс және солтүстік-батыс елдерінің саудагерлері үшін алыс шығыс базарына шығу өте қиын еді. Түріктердің Таяу Шығысты басып алуы да саудагерлердің жағдайын нашарлатып жіберді. Сауда кемелері мен базарларда, әртүрлі салықтардың күшейтілуі де Жерорта теңізінің шығыс бөлігімен сауда қатынасын жасауды қиындатты және тиімсіз болды. Үндістанға баратын жолдың біреуі ғана түріктерге қарамайтын. Ол Мысыр мен Қызыл теңіз жолы еді. Бірақ бұл жолда арабтар ғана үстемдік жүргізді. Еуропа саудагерлері осы жолмен Александрияға ғана жете алатын. Алайда онда араб саудагерлерімен жасалатын сауда қатынасы шыққан шығынды өтемейтін. Сондықтан Еуропа теңізшілері мен саудагерлері арабтар мен түріктерді айналып өтіп, Үндістанға жететін теңіз жолын іздей бастады.

Үндістанға баратын жолды іздеуге италиялық саудагерлер мүдделілік танытқан жоқ. Себебі Жерорта теңізінде үстемдік жүргізгендіктен ол Италияға бүрынғысынша пайда әкеліп отырған еді. Сондықтан да Батыс Еуропа әсіресе Атлант мүхитымен шектесіп жатқан Португалия мен Испания саудагерлері Үндістанға баратын теңіз жолын іздеуге белсене кірісті.

Еуропалықтардың ашық теңізге шығып, алысқа жүзуге ұзақ уақыт бойы батылы бармады. Қолдарында дұрыс карталары мен теңіз қүралдары болмаған саяхатшылар Еуропаны қоршаған теңіздерде ғана жүзді. Теңізшілер кеменің қай жерде жүргенін күн ашық кезде, жұлдыздардың орналасуы бойынша, толқыны жоқ жағаға түсіп қана білетін болды. Теңізшілерде құбыланама (компас) ойлап табылғаннан кейін ашық теңізге шығу қауіпсіз бола бастады. Кеменің жүрген жерін анықтайтын аспап — астролябия шықты.

XV ғасырда тез жүретін жеңіл, желкенді кеме — каравелла жасалды. Мұндай кемелер жүрдек әрі сыйымды еді. Олардың түзу және көлбеу орнатылған желкендері бар үш мачтасы болды және өзіне керекті бағытқа қарай ыққа да, желге де қарсы жүзе алды. Каравелламен алыс саяхаттарға шығуға болатын еді.

Португалия мен Испанияға теңіздің арғы бетіндегі жерлерді іздестіріп, басып алуға олардың ішкі жағдайлары да әсер етті. Бұл кезеңде ол елдердегі реконкисталық жаугершіліктің заманы аяқталған еді. Тегін олжа мен әскери қақтығыстарды аңсаған соғысқұмарлар мен кедей дворяндардың басым бөлігінің айналысар ісі болмай қалды. Сондықтан олар Африкаға қарсы соғыс қимылдарын жүргізу үшін арнайы жорықтар ұйымдастырды. Өндіріс заттарын көп өндіру үшін арзан шикізат керек еді. Сауданың дамуы да еуропалықтарды жаңа жерлер іздеуге итермеледі. Осындай қажеттіліктер ХV-ХVІ ғасырларда ұлы географиялық ашылуға себеп болды.

XV ғасырдағы Америка халықтары. Қазіргі үндістердің бабалары осыдан 25-30 мың жылдай бұрын Беринг бұғазы арқылы Азиядан Америка құрлығына келген. Өткен ғасырда басталған Америка халықтарының тарихын зерттеу үндістердің таңғажайып әлемін, олардың ежелгі мемлекеттерін және өздеріне тән мәдениетін ашты.

Американы көптеген рулар мен халықтар мекендеді. Халқының көпшілік бөлігі аң және балық аулаумен шұғылданды. Солтүстік Американың оңтүстігінде, Орталық және Оңтүстік Американың қыраттарында егіншілік дамыды. Егіншілер жерді егіске дайындарда орманды тас балтамен шауып, ағаштарды өртеді. Жерді ағаш кетпенмен өңдеді. Мұнда еуропалықтарға әлі белгісіз жүгері, картоп, күнбағыс, қызанақ, какао, темекі өсірді.

Американың көп бөлігінің тұрғындары жануарларды қолға үйретуді білмеді, жылқы болмады. Солтүстікте ғана итті, ал оңтүстікте түйе тәрізді ламаны қолға үйретті. Құстан күркетауық, үйрек өсірді. Басқа құрлықтардағы белгілі бірқатар жетістіктерді — темір, тісағаш пен дөңгелек, мылтықты үндістер білген жоқ. Олар еңбек құралдары мен қаруды ағаш, тас, қоладан жасады. Бытырап жатқан үндіс тайпалары алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүрді.  Шаруашылығы мен мәдениетінің дамуы жағынан майя,  ацтектер, инктер басқа халықтардан жоғары тұрды.

Майя. Майя халқы Орталық Америкадағы қалың джунгли орманы басқан Юкатан түбегін мекендеді. Жер қауымға қарады. Қауым әр отбасына орманнан тазартылған жер үлесін бөліп беріп отырды. Қатардағы қауымдастарға шонжарлар мен абыздар үстемдік етті. Олар қауымдастардың егін өнімінің бір бөлігін алатын еді. Тұтқындар мен борыштылардан құралған құлдарды да қанады. Біздің заманымыздың 1 мыңжылдығында өмір сүрген майяларда қала-мемлекеттер пайда болды. Әр қаланы «ұлы адам» деп аталатын билеуші басқарды. Билік мұрагерлікпен ауысып отырды. Ол өлкенің халқынан салық жинады.

Шонжарлар қала орталығындағы тастан салған сарайларда, ал «төменгі адамдар» — шаруалар мен қолөнершілер қала шетіндегі төбесін қамыс құрағымен жапқан лашықтарда, едені жер үйлерде тұрды. Біздің заманымыздың бас кезінде Майяда жазу пайда болды. Иероглифтерді қышқаламмен қағазға түсірді, қолжазбаларды суреттермен безендірді. Храмдардың қабырғаларына да, биік тас бағаналарға да ойып жазу жазды. Абыздар дұғаларды, аңыздар мен тарихи оқиғаларды жазып отырды. Абыздар қауымдастықтағы егіншілік жұмыстарын жүргізу мерзімдерін белгіледі. Егіншілік күнтізбе жасауды қажет етті. Ол ертедегі халықтар күнтізбелері ішіндегі ең дәл күнтізбе болды. Күнтізбе жасау математика жетістіктерімен байланысты еді. Майя қалаларының орнынан астрономиялық обсерваториялар табылған. Абыздар ғаламшардың Күнді айналып шығуын есептеп шығарды. Күннің және Айдың тұтылуын алдын ала болжай білді. Сәулет өнерінде де майялардың жетістіктері үлкен болды. Олар биік тұғырларға және жасанды төбелерге сарайлар мен текшелі пирамида түрінде храмдар салды. Құрылыстарды бедер өрнекпен, құдайлардың мүсіндері және фрескалармен безендірді.

Ацтектер. Ацтектер Мексикадағы теңіз деңгейінен 2000 м биіктіктегі қыратта, тау шыңдарының етегінде, ауа райы жұмсақ және топырағы құнарлы, табиғаты сұлу алқапта орналасты. XIV ғасырда солтүстіктен келген ацтектер үлкен көлдің ортасындағы аралдарға Теночтитлан қаласын салды. Аралдарды бөгеттермен жалғастырды. Қаланы түзу көшелер мен каналдар бөліп жатты, оларды жағалай храмдар мен сарайлар бой көтерді.

Алғашқы кезде ацтектерде жер жетіспеді. Сондықтан олар енсіз түбектерге көл түбінен шығарылған балдыр мен құнарлы қайыр топырақты бірге төгіп отырды. Жауынсыз кездерде егінді каналдан суарды. Бұл «көшпелі егістік» жылына бірнеше рет өнім берді. Ацтектер көрші тайпаларды жаулап алып, өзіне бағынышты етті. Олар бағынышты тайпалардан қыруар төлем мен құлдар алып отырды. Тайпаларды бұрынғысынша жергілікті көсемдер билегенімен, басты қалаларды ацтек әкімдері мен алым жинаушылар басқарып тұрды. Мемлекетті мұрагер билеуші басқарды. Шонжарлар лауазымды қызметтерге қойылып, атқарған қызметі үшін оларға жалақы төленді. Олар керегінің бәрін қарауындағы бағыныштыларынан алды.

Соғыс кезінде саны 150 мың адамға дейін баратын қуатты әскер жасақтау мүмкіндігі болды. Ацтектер қолөнерде үлкен жетістіктерге жетті. Алтын мен күмістен нақышты әшекейлер соқты, зергерлер қымбат тастарды шебер қырлады, нәзік өрнек салу жұмыстарын орындады. Қолөнершілер өрнектелген ыдыстар жасады, мата тоқыды, матаның астына құс қауырсындарын салып кестеледі. Ол түрлі түсті болып құбылып тұрды.

Қалада қарапайым ацтектер мен шонжарларға арналған мектептер болды. Әдеттегі мектептерде егіншілікке, қолөнерге және соғыс ісіне үйретті. Шонжарлардың балаларына жазуды, тарих пен дінді, мәнерлеп оқуды, есептеуді, астрономияны, поэзияны, шешендік өнерін оқытты. Әнші-ақындар гимндер, дастандар, табиғат жөнінде өлеңдер шығарды. Жыл сайын әнші-ақындардың айтысын өткізіп, үздіктеріне жүлде берілді.

Инктер. Оңтүстік Американың батысында инктер елі — Перу орналасқан. Инктер көрші тайпаларды бағындырып, олардың еңбегін пайдаланды. Каналдар қазып, егін екті, аспалы көпірлер салды. Қоладан балта, орақ, пышақ, түйреуіш, ине, қоңыраушалар, найзаның ұшы сияқты заттарды құйып, алтын мен күмістен әшекей бұйымдар жасады. Инктерде 4 жылдық мектеп болған, онда бірінші жылы кечуа тілін үйретіп, екінші жылы дінге оқытып, үшінші және төртінші жылдары өмірге қажетті білім берген. Сөйтіп, еуропалықтар келгенге дейін-ақ Америка халықтары өздерінің бай мәдениетін жасаған. Алайда еуропалықтардың басып алуы бұл елдердің табиғи дамуына кедергі жасады. Франсиско Писсаро 1532-1541 жылдар аралығында Инктер мемлекетін жаулап алып Лима қаласының негізін қалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *