Геродот туралы қазақша мәлімет

Галикарнастық Геродот (біздің дәуірімізге дейінгі 485-425 жылдар шамасы) — грек тарихшысы. Кіші Азияның оңтүстік-батысында, негізін дориялықтар қалаған Галикарнас қаласында туған. Жас кезінде Галикарнастың зұлым билеушісі Лигдамийге қарсы көтеріліске қатысқан. 450 жылдан кейін Афины қаласына кеткен. Онда Софоклмен достасқан, Периклдің айнала төңірегіндегілермен аралас-құралас жүріп, пікір алысып тұрған, ал афиналықтарға арналған мадақтау өлеңдері үшін 10 талант мөлшерінде сыйлық алған. 444 жылы Италияның оңтүстігіндегі Фурия қаласының негізін қалауға белсене қатысып, Фуриялық деген қосымша атқа ие болған. Шші Азияны, Грекияны, Парсы патшалығын Вавилон мен Сузаға дейін аралап, саяхат жасаған. Мысырда, Сирия жағалауындағы Финикия қалаларында, Африкадағы Кирена қаласында, Сицилия аралында, сондай-ақ Оңтүстік Италиядағы Кротон және Метапонт қалаларында болған, Қара теңіздің жағалауымен жүріп отырып, Борисфен-Ольвияны көрген, Днепр мен Буг өзендерінің бойындағы, жайылма жазықтағы скиф-эллин қаласына барған.

Тарихтың атасы — Геродот

Геродот өзінің «Тарих» деген еңбегін прозашы ретінде жазған. Ионий диалектісінде жазылған алғашқы логостарда — қысқаша әңгімелерде жеке-жеке аумақтар суреттеліп жазылған болатын. Ал неғұрлым кейінгі кездегі жазған тарихи баяндаулары грек-парсы соғыстарына арналды. Ол соғыстардың тарихы парсылардың Батысты бірте-бірте бағындыру барысының рет-ретіне қарай сәйкестендіріліп жазылды. Атап айтқанда, олар — Кирдің Лидияны, Мидияны, Вавилонды қалай жаулап алғаны, Камбиздің Мысырды қалай бағындырғаны, Дарийдің скифтерге қарсы қалай жорық жасағаны, гректердің парсыларға қарсы Ионияда көтерілістерге қалай шыққаны, Дарий мен Ксеркстің кейінгі жорықтарды қалай жасағаны, Марафон, Фермопил, Саламин және Платея түбіндегі шайқастардың қалай өткені туралы баяндаулар. Шығарманың атақты тоғыз Музаның (өнер мен ғылымның қамқоршыларының) аттарымен аталып, 9 кітапқа бөлінуі о бастағы алғашқы логос-әңгімелердің, біресе бір-бірінен алшақтап, біресе бір-біріне жақындап отыруы — александриялық грамматиктердің енгізген реттеулеріне байланысты орын алды. Геродоттың алғашқы ізашарлары — Самостық Евгеон, Проконнестік Деиох, Паростық Евдем, Фигелейлік Дамокл, Милеттік Гекатей, Аргостық Акусилай, Лампсактық Харон, Халкидондық Мелесагор, Лесбостық Гелланик, Сигейлік Дамаст, Хиостық Ксеномед, Лидиялық Ксанф және басқалары сияқты логографтар өздерінің шығармаларын әр түрлі жерлер мен теңіздерге, құрлықтағы жолдар мен теңіз жолдарына шолу жасау, олардың сипаттамаларын беру арқылы құрастырып, топтастыратын. Ал Геродот ақыр аяғында болған оқиғаларды, олардың дереккөздері мен өзара айырмашылықтарын ескере отырып, тіпті де бұрмаламай, барынша толық, әділ және жүйелі түрде жазу қажеттігін түсінді. Бұл ұстанымды кейін Фукидид те қолдады. Ал, бұған керісінше, Ктесий мен Плутарх Геродоттың нақты деректерін сарқа пайдаланып отырса да, оны — Геродотты, бәрін де былықтырып жіберген деп айыптады. Бұл ретте олар көп жағдайда дұрыс айтты. Өйткені Геродот, Ф. Г. Мищенконың дұрыс байқағанындай, «өз материалдарын баяндағанда өзінен бұрынғы ізашарларына — тарихшы-логографтарға тәуелді болып қалады: ол мифтік қиял-ертегілерді, аңыз-әңгімелерді, кейде халық ертегілерімен байланысты новеллаларды (қысқа әңгімелерді) шебер пайдаланды», бірақ мұның бәрі оның жазған тарихының ғылыми құндылығын едәуір төмендете тұрса да оған мәнерлі де қызықты элементтер енгізеді. Солай екеніне қарамай, олар сынның қызуына түсіп кетіп, тіпті қазірдің өзінде біз үшін бұлтартпас айқын деректердің өзін де, атап айтқанда, Каспий теңізінің тұйық су қоймасы сияқты екенін, оның Солтүстік Мұзды мұхиттың (Скиф теңізінің) шығанағы емес екенін, сондай-ақ Африканы (Ливияны) теңізбен жүзіп, айналып өтуге болатынын және басқа да жағдайларды ойдан шығарылған нәрселер деп жариялады.

«IV кітаптағы Скифияның сипаттамасы (Скиф логосы) Қара теңіздің солтүстік жағалауы қойнауын мекендеген халықтардың ежелгі тарихын зерттеп білу үшін бізге аса ңажетті, негізгі дерек көзі болып табылады… Скиф тайпаларының қай жерлерді мекендегенінің айқын бейнесі, олардың әдет-ғұрыптары мен қоғамдық құрылысы, киім-кешектері мен көліктерінің қандай болғаны — міне, мұның бәрі де Геродоттың айтып кеткеніне дәлме-дәл сай келетінін скиф қорғандары бар аудандарда жүргізілген археологиялық ғылыми-зерттеу саласындағы қазба жұмыстары, бейнелеу өнерінің ескерткіштері негізінде толық дәлелденіп отыр, Геродот скифтердің бір-бірімен достасып, ақырында туысып кетуінің әдет-ғұрпын суреттейді. Олардың, бір-бірімен туысушылардың, тостағанға құйылған шарапқа өздерінің қанын араластырып, еріндерін тостағанның жиегіне бір мезгілде қатар тигізіп ішетін әдеті болған. Бұл әдет көрінісі скифтердің қазба жұмыстары кезінде табылған алтын алқалардың бетінде бейнеленген».

Автор үшін Скифия туралы ақпараттың ең басты қайнар көзі Борисфен-Ольвияға барған кезінде жеке өзінің жүргізген бақылаулары мен жергілікті тұрғындардың, скифтер мен гректердің айтқан әңгімелері болды. Бірақ Ольвиядан неғұрлым алшақ кеткен сайын олардың хабарлаған деректері солғұрлым солғын тартып, белгісіздеу бола түсті (Смирнов, 1966:49).

Түрлі іс-әрекеттер туралы жазу Геродоттың арқасында ерекше жеке ғылымға, ал «тарих» (іоторіа — сұрал білу, сұрақтар қою, іздестірулер жасау) ғылыми-тарихи тұрғыдан зерттеу жүргізу мағынасына ие болды. Міне, тап сондықтан да, Марк Туллий Цицеронның (Заңдар туралы, 1,1:5) бейнелі жарқын сөзі бойынша, біз оны, гректің осы ғалымын екі мың жыл бойы Тарихтың атасы деп атап келеміз.

Геродоттың грек тілінде жазылған еңбектері Х-ХV ғасырлардағы тізімдерде сақталған. 1474 жылы Лоренцо Валла Геродоттың «Тарихын» латын тіліне аударды. Ол аударма 1427 жылы Константинопольден алып келінген қоджазба нұсқасынан жасалды. Бұл еңбектің Феодор Герасимович Мищенко 1885-1888 жылдары жасаған орысша аудармасы да уақыт сынынан ойдағыдай өтіп келеді. «Скиф логосының» Е.А. Бессмертный жасаған және В. В. Латышевтің басылымында қайта жарияланған аудармасы да (ВДИ, 1947 жыл, №2) оның грек тіліндегі түпнұсқасына өте жақын. Орысша аударманың және бір жаңа нұсқасын Георгий Андреевич Стратановский жасаған еді. Ол бұрынғы аудармашылардың, соның ішінде, бірнеше еуропа тіліне аударған аудармашылардың да тәжірибесін жан-жақты ескергенімен грек тілінен кейінгі кезде ауысқан сөздер мағынасының өзгеруіне байланысты бірқатар нақты қателіктерді қайталаудан арыла алған жоқ.

Пайдаланылған әдебиет: Ежелгі дуниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы: 4 томдық / Құраст. А.Н. Гаркавец. — Астана: Фолиант, 2007. Т.1: Ертедегі грек авторлары Ұлы Дала туралы / Қазақ тіліне ауд. М. Ілес, Ә. Шашаев. — 2007. — 464 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *