Адам құқығының қазіргі кезеңде даму идеясының негізін құрайтын қағидаттар мен талаптар XVIII ғасырда француз ағартушылары Монтеське, Дидро, Вольтер, Гольбах, Гельвеций, Руссо еңбектерінен жарқын көрініс тапты. Оларға бостандық, тең құқылық, жекеменшік, биліктің қауіпсіздігі ұғымдары, «заңмен тыйым салынбағанның бәріне рұқсат ету», биліктің бөліну қағидаты, кінәсіздік презумпциясы жатады.
XVIII ғасырда француз ағартушыларының пікірінше, либерализм теориясымен қамтылған, қабылданған заңдар бәрінен бұрын адам құқығының бекітілуіне сай келуі тиіс болды. Бұл жаңа бостандық түрі саяси бостандықтың қалыптасқанын білдіреді. Ағартушылар саяси бостандықты алдымен меншік құқығы, жеке бостандық тобы — баспасөз бостандығы идеясы, ождан бостандығы деп есептеді. Саяси бостандық либералды-демократиялық көзқарастың жақтаушысы Ш. Монтескьенің пікірінше, заң рұқсат еткен әрекетті жасау бостандығы болды. Саяси бостандық идеясы азаматтық қауіпсіздігін бекітетін азаматтық бостандық идеясымең тығыз байланыста дамиды. Саяси бостандық мемлекеттік құрылым және жеке тұлғаға қатысты екі жағдайда шынайы болады. Саяси бостандықтың мемлекеттік құрылымға қатынасы биліктің бөліну қағидатының құқықтық бекітілуі мен азаматтық құқық пен бостандықты институционалды-ұжымдық қамтамасыз ету нысаны және тұлға қауіпсіздігі сипатында көрінеді. Азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құралы болып, Монтеськенің пікірінше, сапалы қылмыстық заң мен сот өндірісі (әділ соттылық) табылады.
Француз ағартушылары мемлекеттілікке дейінгі табиғи идеяны толықтырып, адам құқығын қорғау мақсатында қоғамдық келісімді мемлекеттің құрылу әдісі ретінде алып қарастырады. Адам құқығының басымдылығы мемлекет және оның шығарған заңдар басымдылығының алдында бекітілді.
Француз ағартушыларының еңбектеріндегі маңызды табысқа жетуі биліктің үш тармаққа бөліну қағидаты: заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерін конституциялық мемлекеттің міндетті шарты деп тануынан көрінді. Ш.Л. Монтеське 1748 жылы «0 духе законов» еңбегінде биліктің бөліну қағидатын: заң шығару, атқару және сот билігі тармақтарының өзара құзыреттерін анық түсіндірген.
Ж.Ж. Руссо адам құқығы қоғамда шығарылған заңдарға тәуелді деп санайды, сондай-ақ әр азамат заңды талқылау және қабылдауға қатысу құқығына ие болуы тиіс. Руссо тікелей халықтың заң шығарушылық идеясын ұстанады.
Адам және азамат құқығының ажырамастығы идеясының даму қажеттілігі туралы қоғамдық пікірдің бекітілуі мен нығаюы ағартушылық кезеңнің басты жетістігі болып табылады. Ағартушылар өз уақытында адам мен азамат құқықтары туралы көзқарастарды қалыптастырды. Ағартушылар идеясы 1789 жылы атақты Азамат және адам құқықтары Декларациясын құрастырудың бастау көзіне айналды. Декларация мәтініне сәйкес азаматтардың барлық табиғи құқықтары, құқықтарды пайдалануды қамтамасыз ету аясы тек заң арқылы ғана анықталатын болды. Декларацияда, сондай-ақ маңызды сөз бостандығы мен қорғанушыға деген құқық, жеке қауіпсіздік құқығы, кінәсіздік презумпциясы, меншік құқығы адамның табиғи құқықтары ретінде көрініс тапты және олар жалпы адам құқықтары Декларациясы және басқа да адам құқықтары туралы маңызды актілердің мазмұнына айналды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Искакова Г., Ғазизова Н., Сембаева А. — Қазақстан Республикасындағы адам құқығы: Оқу құралы. — Астана: Фолиант, 2008. — 296 бет.
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. — Алматы, 2006.
- Бельгибаев С. Развитие гражданского общества в Казахстане // Саясат, — 2004., №11.