«Қара өлім». Қалалардың ластығынан жұқпалы аурулар жиі тарап, адам өлімі көбейді. Жұқпалы ауруларды Еуропа елдеріне кемелер арқылы жеткен егеуқұйрықтар арқылы таратты. Індет қалаларда қатты болып, Еуропа тұрғындарының үштен бірі қазаға ұшырады. Бұл қорқынышты оба індеті XIV ғасырда «Қара өлім» деп аталынды. Көптеген елді мекендер қаңырап бос қалды, қалаларда адамдарды жерлейтін зираттар жетіспеді. Франция мен Англияда, осылайша, қалыптасқан жағдай ірі шаруалар көтерілісіне әкелді.
Франциядағы Жакерия. 1358 жылы Бовези округінде шаруалардың Жакерия деп аталған көтерілісі болды. Көтеріліске 100 мыңдай адам қатысты. Көтерілістің себебі — Жүзжылдық соғыстан және «қара өлім» індетінен туындаған елдегі күйзеліс, салықтың өсуі еді. Сонымен бірге жалдамалы әскерлердің тонаушылық әрекеттері қарапайым халықтың ашу-ызасын келтірді. Көтеріліс ұйымдаспаған түрде кенеттен туындады. Шаруалар салыққа және өздерін әртүрлі жұмыстарға тегін пайдалануына қарсылық ретінде феодалдар әскерімен қақтығысып қалады. Мұның аяғы көтеріліске ұласып, Солтүстік Францияның — Бовези, Пикардия, Шампань аймақтарын қамтыды. Әсіресе Бовези аймағында көтеріліс кең етек алды. Көтерілісті, әскери істі білетін, шаруа Гильом (Гийом) Каль басқарды.
Көтеріліске шаруалармен қатар, қолөнершілер, ұсақ саудагерлер т.б. қатынасты. Кейбір қала тұрғындары да көтерілісшілерге қолдау көрсетіп, қала қақпаларын ашуға көмектесті. Көтерілісшілер «қайырымды корольге» сеніп, негізгі ашу-ызасын феодалдарға қарсы бағыттады. Сондықтан олар сарайларды қиратып, өздеріне салынатын салық қағаздарын өртеді, феодалдарды қатыгездікпен өлтірді.
Гильом Кальды феодалдар алдап, келісімге шақырып, өлтіреді. Басқарусыз қалып, нашар қаруланған шаруаларды феодалдар отрядтары тас-талқан етіп жеңіп шығады. 1358 жылы француз тағының мұрагері Карл Парижды басып алып, көтерілісшілерді жазалады.
Уот Тайлер көтерілісі. XIV ғасырдың 60-70-жылдары Жүзжылдық соғысқа байланысты Англияның экономикалық жағдайы нашарлап кетті. Ағылшын үкіметі парламенттен елге салық салуды көбейтуді сұрады. Бұл елдегі әлеуметтік жағдайды күйзелтіп жіберді. 1381 жылдың мамыр айының соңында Англияның оңтүстік-шығысындағы Эссекс графтығында Уот Тайлер бастаған шаруалар көтерілісі басталды. Оған Франциямен соғысты жалғастыру үшін жаңа салықтың енгізілуі себеп болды. Көтерілісшілер салық жинаушыларды ұрып-соғып, олардың кейбіреулерін өлтіріп те жіберді. Көтеріліске бұрын Жүзжылдық соғысқа қатысқан Уот Тайлер басшылық етті. Лондонға жақын жатқан екі графтықтың шаруалары астанаға қарай аттанды. Олар корольдің «ақымақ кеңесшілерін» жазалап, корольге өз талаптарын орындатуды көздеді. Лондонның кедейлері көтерілісшілерге қақпаны ашып берді.
Король II Ричард көтерілісшілерімен кездесуге мәжбүр болды. Көтерілісшілер корольден басыбайлылықты жойып, саудаға еркіндік беруді талап етті. Король шаруалармен келіссөз жасап жатқанда, Лондонның мэрі Уот Тайлерді опасыздықпен өлтіреді. Король уәде беріп, шаруаларды үйлеріне қайтуға көндіреді. Көсемінен айырылған көтерілісшілер Лондоннан қайтып кетеді. Көтеріліс шыққан аудандарда король соттары жұмыс істеп, қатысқандарды қатаң жазалайды.
Феодалдық соғыстар
Жүзжылдық соғыс. Англия мен Франция арасында 1337-1453 жылдар аралығында Жүзжылдық соғыс болды. Соғыстың басталуына екі елдің жерге таласушылығы себеп болды. Ағылшын феодалдары Франциядағы иеліктері Нормандия мен Анжудан айырылып қалғандығын ұмыта алмады. Ал француз корольдері елдің оңтүстік-батыс облыстары Аквитаниядағы жер иеліктерін өздеріне қайтарып алуды көздеді. Англия үшін Аквитания өте қажетті экономикалық аймақ еді. Бұл жерде қымбат шарап өндіріліп, жеміс-жидек пен сәйгүлік жылқылар өсірілді. Сонымен бірге Фландрия үшін талас Англия мен Франция арасында бұрыннан шешімін таппай келе жатқан даулы мәселе болатын.
Соғыс ағылшындардың солтүстіктегі қимылдарымен басталды. Ағылшындар 1346 жылы Креси маңында жеңіске жетті. Жеңулерінің басты себебі олардың қатарында рыцарьлармен бірге жалдамалы шаруалар да соғысты. Шаруалар алысқа ататын үлкен садақтармен қаруланған еді. 1347 жылы ағылшындар Кале портын басып алды. 1356 жылы Пуатьеге жақын жерде ірі шайқаста француздар тағы да жеңілді. Француз феодалдарының елді қорғай алмауы қарапайым халықтың ашу-ызасын келтірді. Жаулап алған жерлерін ағылшындар аяусыз тонады.
1360 жылы Франция Англиямен бітімге келді. Ал 1415 жылы ағылшын королі V Генрих соғысты қайта бастайды. Ағылшындар 60 мың әскермен француздардың 100 мың әскерін Азенкур түбінде тағы да жеңіп шығады. Нормандияны алып, Орлеан герцогін тұтқынға түсірді. 1420 жылы Труа келісімі бойынша Англия мен Франция бір корольдікке бірігеді. 1428 жылы ағылшындар Орлеан қаласын қоршайды. Ел ішінде басқыншыларға қарсы халық көтерілісі өріс алды.
Соның бірі Жанна д’Арктың атымен байланысты. Ол Домреми деревнясында туып-өскен. 1429 жылы Жанна д’Арк король VII Карлдың қабылдауында болып, Францияны азат ету үшін жасақ беруін өтінеді. Оған рыцарьлар отряды берілді. Осы жылдың мамырында Жанна д’Арк отрядпен Орлеанды ағылшындардан азат етеді. Оны халық арасында Орлеан қызы деп атайды. Жанна д’Арктің даңқы бүкіл Францияға тарады. 1430 жылы Компьен түбіндегі ұрыста Жанна д’Арк тұтқынға түсті. Ағылшындардың шіркеу соты оны сиқыршы деп айыптап, 1431 жылы отқа өртеп жіберді. Осы қайғылы оқиға француз халқының намысын бұрынғыдан да бетер оятады. Ол ұлт-азаттық соғысына жалғасады. 1453 жылы Бордо түбінде жеңілген соң ағылшындар Франциядан кетуге мәжбүр болды. Осы жыл соғыстың біткен жылы деп саналады.
Алқызыл және Ақ раушандар соғысы (1455—1485). Жүзжылдық соғыстағы жеңіліс ағылшын барондарының арасында үкіметке қарсы наразылық туғызды. Оның үстіне король VI Генрих Ланкастер (1422-1461) дімкәс адам еді. Оның әйелі Маргарита ханшайым шыққан тегі жағынан француз болатын. Халық оны қатыгездігі үшін де жек көретін. Ханшайым мен оның сыбайластары тек өздерінің байлығын көбейтуді ғана ойлады. Елде ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, тәртіпсіздік етек алды.
Ханшайым мен оның сыбайластарының басты қарсыластары корольдің алыс туыстары — Йорктер әулеті болды. Ланкастерлер мен Йорктер әулеттерінің арғы атасы III Эдуард Плантагенет (1327-1377) болатын. Бұл екі әулеттің арасындағы билік үшін талас-тартыс ұзаққа созылған қанды қақтығысқа әкеп соқты. Йорктер туында ақ, ланкастерлердің туында алқызыл раушанның суреті бейнеленді. Сол себепті бұл соғыс Алқызыл және Ақ раушандар соғысы деп аталды. Соғыс 1455 жылдан 1485 жылға дейін созылды.
Ланкастерлердің Францияда тұрып жатқан туысы Генрих Тюдор 1485 жылы жеңіске жетті. Генрих Тюдор VII Генрих деген атпен Англияның королі деп жарияланды. Ол IV Эдуард Йорктің қызы Елизаветаға үйленіп, өзінің туында Алқызыл және Ақ раушандарды мәңгі ажырамастай біріктірді. VII Генрих тұсында король билігі нығайды.