Фотосинтезге қажетті жағдайлар

Фотосинтез процесіне қажетті жағдайларды қарастыру үшін жапырақтың ішкі (жасушалық) құрылысы қандай екенін білеміз. Жапырақтың сырты үстіңгі және астыңғы қабықша — эпидермамен қапталған. Қабықшаның сыртын қорғаныш қызметін атқаратын балауыз өңез түріндегі қабат — сірқабық (кутикула) және ұсақ тікенекшелер немесе түктер жауып тұрады. Қабықша жарықты өткізуге, сонымен қатар жапырақтың жұмсақ бөлігін қорғап тұруға қабілетті мөлдір тірі жасушалардан тұрады.

Жапырақтың үстіңгі қабықшасының астында жапырақтың негізгі ұлпасы — бағаналы ұлпа орналасқан, оның бір-біріне тығыз жанасып жатқан жасушаларында жапырақты жасыл түске бояйтын хлоропластар болады. Жапырақтың астыңғы қабықшасын астарлап жататын борпылдақ ұлпаның жасушалары дөңгелек келеді және аралары бос болады. Олар жасушааралық қуыстар, жасушалар арасындағы ауа толы кеңістікті құрайды. Борпылдақ ұлпа жасушаларында хлоропласт болады. Бағаналы және борпылдақ ұлпалар фотосинтез процесі жүзеге асатын жапырақтың негізгі ұлпасы — мезофилді құрайды.

Құрлықта өсетін өсімдіктердің жапырақтарының астыңғы қабықшасында түссіз жасушалардан басқа жасыл түсті жұп жанаспалы немесе лептесік жасушалары орналасады. Сондай-ақ бұл жасушаларда фотосинтез процесі жүреді. Лептесік жасушалары лептесік саңылауын түзеді. Ол арқылы газ алмасу және жапырақтардың суды буландыруы — транспирация жүреді.

Суда өсетін өсімдіктерде лептесік жапырақтың үстіңгі қабықшасында орналасады. Жапырақтары тік бағытта орналасатын өсімдіктердің лептесіктері жапырақтың үстіңгі және астыңғы қабықшаларында да болады. Лептесіктердің осылай орналасуы тропиктік өсімдіктерге де тән.

Жапырақтың негізгі ұлпасында жүйкелер болады. Жүйкелер өткізгіш шоқтар болып табылады, өйткені олар өткізгіш ұлпалардан: флоэма және ксилемадан түзілген. Флоэманың сүзгілі түтікшелері арқылы жапырақтағы қант ерітінділері өсімдіктің барлық мүшелеріне жеткізіледі. Флоэманың сүзгілі түтікшелері -өте ұзын тірі жасушалар. Өткізгіш шоқ құрамында флоэмадан басқа ксилема да болады. Жапырақ жүйкелерінің бойымен құрамында еріген минералды заттары бар су қозғалады. Өсімдіктер тамырлары арқылы топырақтан су мен минералды заттарды сіңіріп алып, өзінің барлық мүшелеріне, соның ішінде жапырақтарына да тасымалдайды.

Өткізгіш шоқтар тіректік қызмет те атқарады. Олар жапыраққа пішін және беріктік береді. Көптеген жүйкелердің қүрамында талшықтар болады. Ірі жүйкелер тірек ұлпасымен қоршалады. Жапырақ — өсімдіктің фотосинтез процесі жүретін мүшесі. Шөптесін өсімдіктердің сабағы да, сол сияқты жас сүректі өсімдіктердің қабығы да жасыл түсті. Демек, оларда да фотосинтез процесі жүреді. Фотосинтез процесін алғаш зерттеген жаратылыстанушы ғалым К.А.Тимирязев болды.

Фотосинтез үшін су, көмірқышқыл газы, хлорофилл және күннің жарығы маңызды жағдай болып табылады. Фотосинтез -бұл күн сәулесінің қатысында су, бейорганикалық заттар мен көмірқышқыл газынан органикалық заттардың түзілу процесі. Органикалық заттар жапырақтың жасыл жасушаларында түзіледі. Фотосинтезге қажет бастапқы заттар — энергияға бай емес су мен көмірқышқыл газы және жарық. Фотосинтез нәтижесінде алғашқы көмірсу глюкоза, содан кейін күрделі қант пен крахмал түзіледі.

Фотосинтез процесі

Фотосинтез процесі

Фотосинтез кезінде түзілген қанттан, сондай-ақ тамырлар арқылы топырақтан сіңірілген минералды тұздардан өсімдік өзіне қажетті заттарды: нәруыздар, майлар және басқа да көптеген заттарды түзеді. Кейбір заттардан жаңа жасушалар түзіледі, кейбіреулері тыныс алу процесінде энергия көзі ретінде қолданылады, енді біреулері нәруыз, крахмал, май түрінде қорға сақталады.

Жарықтың қарқынды түсуімен фотосинтез процесінің жылдамдығы артады, бірақ оның артуымен фотосинтездің айқындылығы төмендейді. Қалың ормандарда, көлеңкелерде өсетін өсімдіктерге белсенді фотосинтез жүру үшін түскен жарық жеткілікті болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *