Қытайдың дәстүрлі медицинасы — өте ежелгі емдеу жүйесі, оның б.э.д. 2500 ж. бері келе жатқан тарихы бар. Сол кезде жазылған Қытай медицинасының дәрігерлік еңбектері әлі күнге дейін қолданылады және оған көптеген толықтырулар енгізілді. Деректерге сүйенсек, ине шаншу және күйдіру алғаш рет Непал мен Тибеттегі будда храмдарында пайда болды. Б.э.д. II ғасырда Оңтүстік-Шығыс Азияда да рефлексотерапиялық әдістермен шұғылданушылар болған. Қазіргі заманғы Вьетнам территориясында беткейлік ине шаншу және фитильді лампадамен күйдіру әдістері жиі қолданылған.
Қытай медицинасы туралы бізге жеткен ескі трактаттардың көбісі терапияға арналған, ал анатомия мен хирургия туралы жұмыстар аз. Бұған Конфуцийдің адам тәніне тиіспеу керектігі жайлы догматы да елеулі әсерін тигізді. Қытайда б.э.д. 2-мыңжылдықтың орта шенінде өмір сүрген Хуанди-Сары императорды медицинаның негізін салушы — әке деп атайды. Оның «Хуанди нэйцзин» деген еңбегі бар. Ежелгі Қытай медицинасы философия мен діннің бір бөлімі болып саналғандықтан, бұл кітапта тек жалпы этика мен өмірдің ережелері туралы сұрақтар ғана қарастырылған. Аурулар климаттық жағдайларға және Қытайдың әр түрлі аймағында тұратын халықтың қоректену ерекшелігіне байланысты қарастырылды. Сол ерекшеліктеріне сәйкес ем тағайындалды. Император қалай науқастардың санын азайтып, адамдардың өмірін қалай ұзартуға болатынын білуге ұмтылды.
«Нейцзин», одан кейінгі еңбектер де халықтық медицинаның көпғасырлық тәжірибесіне негізделген, ежелгі дәрігерлер өз жұмысында қолданған принциптер басшылыққа алынған.
- Адам қоршаған ортаның белгілі жағдайларында өмір сүреді. Ондағы қолайсыз жағдайлар аурудың пайда болуына немесе оған әкеп соғатын ішкі себептерге әкелуі мүмкін. Сондықтан сыртқы ортадағы қолайсыздықты жойып, науқасты шынайы, табиғи заттармен емдеу керек.
- Табиғаттың барлық элементтері — ауа, күн, су, минералдар, өсімдік және жануарлардан алынған заттардың бәрі емдік қасиетке ие.
- Әрбір науқасты емдеу қатаң түрде индивидуалды болуы керек. Бұл принципті б.э.д. 1-ғасырда Чжан Чжун-цзин бекіткен. Ол сонымен қатар емді науқастың жағдайы өзгерген сайын өзгертіп отыру керектігін көрсеткен.
- Барлық жағдайда синдромдық-симптоматикалық ем мүмкіндігінше аурудың себебін жоюмен толықтырылып отыруы керек.
- Емдеу әдістерін таңдаған кезде дәрігер суықты-ыстықпен, ыстықты-суықпен емдеу принципін ғана ұстанбауы керек. Бірақ, сонымен қатар ағзадағы жетіспей тұрған қажетті қоректік заттардың орнын толтыруды ұмытпауы қажет.
- Барлық ем кешенді болуы керек.
- Емді жүргізу кезінде ешқашан асығыстық жасамай, ағзаның өзі аурумен күресуіне жағдай жасаған дұрыс.
- Емнің жақсы нәтиже көрсетуіне науқастың толық жазылатынына сенімділігі және соған белсенді түрде ұмтылысы қажет.
Ежелгі Қытайдағы бұл жүйе тұрақты болды және шәкірттерге бүге-шігесіне дейін беріліп отырды. Чжень-цзю терапиялық арнайы мектептер ашылды. Мұндай мектептердегі оқу көп сатылы болды және бірнеше жылға созылды. Шәкірттер философияны меңгерді, ұзақ уақыт ине шаншуды үйреніп, аса жоғары шеберлікке қол жеткізді. Біртіндеп дәрігерлер мамандықтар бойынша бөліне бастады. Жаңа дәуірдің бас кезінде қытай ауласында ішкі, сыртқы ауруларының, әйел ауруларының, балалар ауруларының, тіс және көз ауруларының, жұқпалы аурулардың жеке-жеке мамандары болды.
Ежелгі Қытай медицинасында диагностика ауруды тек анықтап қана қоймай, ерекшеліктері мен ағымын білуді мақсат етті. Науқасты аурудың әр түрлі даму сатысындағы нақты көріністеріне қарай емдеу — қытай медицинасын батыс медицинасынан айыратын негізгі принцип болды.
Цинь империясы кезінде (б.э.д. 221-207 жж.) шығыс медицинасы, соның ішінде, әсіресе акупунктура аса қарқынмен дамыды. Сол заманғы аса білікті дәрігерлердің бірі ХуаТо болды. Ол бірнеше әдістерді анықтап, аурулардың алдын алуға көп көңіл бөлді. Ол бес аң мен құстардың биі деп аталатын емдеу-сауықтыру жаттығулары кешенін жасаған. Б.э.д. IV ғасырда рефлексотерапия Жапонияда пайда болды.
XIX ғ. батыстың миссионерлері ашқан ауруханалар дәстүрлі Қытаи медицинасына нағыз баламалы болды. Дәстүрлі медицинаны Қытайда тілдік деп те жариялаған кез де болды 1914 жылы реакционды Қытай үкіметі толықтай тыйым салды соның әсерінен чжень-цзю терапиясына қараңғылық орнады. Бірақ батыс медицинасы бұған көзді жұмып қарай алмады өйткені медицина өте кең көлемді табыс болғандықтан, өзара батыс және Қытай медицинасы арасындағы байланысты іздеді Осылайша, 1934 жылы Тан Ши жұмысының нәтижесінде «Техника және электроакупунктура негізі» Қытайда электро-акупунктура жұмысы басталды. Дәстүрлі Қытай медицинасы қайта ұлттық жүйенің эталоны болып, тек 1960 жылы қалыптасты. Сол кезде Мао Цзэдун бес арнайы колледж негізін қалап, оның мақсаты дәстүрлі емнің әдістерін қайта жаңарту болды.