Ежелгі көшпенділердің нәсілдік белгілері мен өмір сүрген территориялары
Мәдениеттегі антропология қоғамдағы адам болмысы мен табиғаттың барлық тұстарын қамтиды. Сондықтан көшпенділердің мәдениетін зерттегенде ең бастысы, өмір сүрген табиғи ортасы мен аймақтарынан бастаймыз. Сақ (скиф) одақтары б.з.б. Орта Азия, Тянь-Шаньнің шығысы мен Моңғолия даласынан бастап, Қытайдың солтүстігіндегі Ордосқа дейінгі аймақты алып жатты. Орта Азия, Солтүстік Қара теңіз, Орталық және Батыс Алтайда, Минусинскі, Ордоста археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне ескерткіштердің ұқсастықтарын М.И. Артамонов қытай тарихи деректеріне сүйеніп, бұл этникалық бір-біріне туыс тайпалардың түбі бір деп тұжырымдайды.
Днепр, Дон, Кубань, Волганың төменгі ағысы мен Қара теңіздің солтүстігінде көшпенділердің жоғарғы деңгейдегі мәдениеті б.з.б. VIII — IV ғғ. қалыптасты. Көшпенділер темір, ерте темір дәуірінде Қытайдан Венгрияға дейін территорияны алып жатты, оны біз қорғандардың орналасуы мен артефактілердің қолдану аясынан көреміз. Днепрдің төменгі ағысында сақтардың (скиф) патшалары мен көсемдері «Патша жазығында» жерленген 20 қорған табылды. Сақ (скиф) тайпалары (массагет, яксарт, дай немесе доха, фарат, көмар аскатағ, исседон, асси, аримаспа, сармат, каспий т.б.) туралы антика кезеңінде өмір сүрген парсы, гректердің тарихи жазба деректерінде жазылған. Сібір, Орта Азиядан бастап Қара теңізге дейін б.з.б. VIII-IV ғғ. мекендеген сақтардың (скиф) әр тайпасының өздерінің тиесілі жерлері болған. Сол аймақтарда қазір түркі тілдері тобына кіретін елдер, оның негізгі бөлігінде Қазақстан орналасқан. Көшпенділер Қаратеңіз, Сібір аймақтарынан ығыстырылып басқа тайпалар қоныс тепті.
Таулы Алтайда аримаспа тайпаларына көршілес өмір сүрген исседондардың жерлері туралы Геродот нақты деректер келтірмеген. Ол шамамен Шығыс Түркістан аймағында өмір сүрген десе, ал Бертель өз зерттеулерінде исседондарды Тянь-Шаньнің шығысында мекендеген деп тұжырымдайды. Исседон — ежелгі алтай тайпаларының бірі (тұңғыш рет Аристей Проконнескийдің дерегінде б. з. б. V ғ. жазылған).
Сақтардың (скиф) өмір сүрген жерлері өте құнарлы Евразия құрлығының үлкен бөлігін алып жатты. Египеттің жерінде қанша каналдар болса, көшпенділердің өмір сүрген аймактарында да сонша өзендер ежелден белгілі болған. Олар: Истр, Тирас, Гипанис, Борисфен, Пантикап, Гипакирис, Герр, Танаис [8; 199 б.]. Ежелгі адамдар өзен-көлдердің жағалауындағы құнарлы жерлерде қоныс тепкен.
Көшпенділердің б.з.б. өмір сүрген территориясында қандай ғимараттарда өмір сүрген? — деген сұраққа жауап беру қиын. Ата-бабасының құрметіне сақтар (скиф) биік қорғандар тұрғызса, орта ғасырдан бастап қазақ даласында күмбездер, сағана тамдар, кұлпытастар, қойтастар мен мазарлар тұрғызу дәстүрге айналды. Үстірт, Маңғыстау өңірінде б.з. XIX — XX ғғ. жаңадан дамыған сәулет өнерінің мәнері Батыс Қазақстандықтарға ғана тән. Сақ (скиф) кезеңінен бастап көшпенділердің сәулет өнері бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Ежелгі сақ (скиф) қорғандары қазақ даласының алғашқы сәулет өнері мен тарихи шежіресіне айналды.
Сақтардың (скиф) үй құрылыстары туралы деректер өте аз. Олар негізінен киіз үйде тұрған, әдетте қоныс тепкен жерлерін айналдыра қоршап, саз балшықтан дуалдар тұрғызған. Сақтардың (скиф) ғимараттары киіз үйге ұқсас болғанын Тагар мәдениеті кезеңінде бейнеленген жартастағы терезесіз үйлерден көреміз. Олар қорғанды да киіз үйдің пішіміне ұқсастырып тұрғызған. Көшпенділердің биік қорғандарын ежелгі үлгідегі сәулет өнері деп қарастыруға болады. Таулы Алтай өңірінде салынған обалардың ішкі құрылысы ғалымдардың пайымдауынша сақтардың (скиф) үйлерінің ежелгі нұсқасы. Патша, көсемдердің және олардың туыстарының үйлері Таулы Алтайда ағаштан, ал шөл далада өмір сүрген сақтардың (скиф) ғимараттары қыштан тұрғызылған.
Европа сақтары (скиф) қоршалған қамалдардың ішіне үйлер мен мал ұстайтын қораларды тұтас салған. «Көшпенді тайпалар ежелден тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлы киіз үйлер мен киізбен жабылған арба үйлерде өмір сүрген», — дейді Геродот. Бұл үйлер европалық және азия сақтарының (скиф) көшіп-қонуына өте қолайлы болған. Қазақтың жылжымалы баспанасы ежелден: қос, күрке, абылайша, киіз үй, ақ үй, қара үй, отау, орда, шайлы, ал отырықшы өмір сүрген көшпенділерде: кепе, жеркепе, жертөле, қақыра, қоржын үй, өлшек бүгінге дейін қолданыста бар [9;20-24,32 -35 бб.].
Абақан ауданындағы Бояр жартасында тұрақты өмір сүрген ежелгі көшпенділердің ағаш үйлері бүгінгі күнге дейін сақталған. Ғалымдар бұл суреттерді Тагар мәдениетіне жатқызады. Ежелгі бөренелермен қаланған шошала үй Жидебайдағы Абайдың ауылында XIX ғ. кездеседі. Ежелгі адамдар шошаланы қорғандардың қабырғасы іспеттес бөренелермен қалап, терезе салмаған. Олардың үйлерінің құрылысы қорғандардың конструкциясына сәйкес жасалған деп тұжырымдауға болады. Саған улусында, Асқызға жақын орналасқан тагар обасынан ежелгі үйлердің екінші бір үлгісін көруге болады [10;53,52 бб.]. Бұл жер кепе қазақтың отырықшы өмір сүрген мекен жайында жатақтардың қолданысында болған. Ал үйсіндердің ағаш үйлерінің пішімі киіз үйге ұқсас «монғолкүрке» болған. Қабырғаларын бөренелерден тұрғызып және төбесін сырғауылмен жапқан, ал шағын ағаш үйдің еденіне ағаш төсеген. Төбесі мен қабырғасы топырақпен сыланған үйдің барлық тұсына кілем мен түскиіздер іліп тастайтын. Көшпенділердің ежелгі қорымдары мен обаларының ішкі құрылысы да тірі кездеріндегідей салынған. Олар жер асты баспанасының қабырғаларын бөренелермен қалап, сондай-ақ төбесін екі қабат қарағаймен жауып, ал қабырғаларына киіз тартып қоятын.
Азияда савроматтарға көршілес орналасқан тайпалардың бірі массагеттер Каспий мен Аралдың оңтүстік-батысында (Сырдариямен Амударияның төменгі ағысында өмір сүрген). Олар Дарий I б.з.б. 517 жылдары соғыста, сондай-ақ парсылықтардың Кир патшасына қарсы соғыста б.з.б. 558-529 жылдары жеңіске жеткен массагеттердің патшайымы Томирис болған.
Геродот пен Ктесий тарихи деректерінде матриархалді құрылыста өмір сүрген массагет пен савромат тайпаларының көсемдері әйел болғанын жазады. Олардың әйелдері күйеулерімен бірге аң аулап, соғыс алаңдарына бірге шыққан. Помпония Мелы: «Сақтар (скиф) жаяу садақшылар жасағын құрса, ал салт ат мінген әйелдер соғыс алаңдарында жауларын арқанмен қылкындырып өлтіреді» — деген. Ктесий деректерінде сақтар (скиф) мен мидиялыктардың ұзақ соғысы кезінде Зарина ханшайымы басқарғаны жазылған. Сондай — ақ парсы патшасы Кир сақ-Аморгты тұтқынға алғанда, оның әйелі Спаретра 300 мың еркек, 200 мың әйелдерден жасақталған жауынгерлермен Кир патшасына соққы береді. Бұдан көшпенді қоғамында әйел мен еркектер тең дәрежеде болғанын көруге болады.
Сақ (скиф) тайпалары өздерінің салт-дәстүрін, қөлөнердің өзіндік ерекшеліктерін сақтап тәуелсіз өмір сүрді. Сақтардың (скиф) этникалық тұрғыдан біріккен тайпалары бір басқару жүйесіне бағынды. Массагет патшайымының парсы патшасы Кирге қарсы күресінде сақтардың (скиф) жұмыла соғысқаны парсы деректерінде жазылған. Көшпенділердің бұл соғыс тәсілдерін түркі қағандары мен Шыңғысханда өз кезінде қолданған. Сақтардың (скиф) соғыс әдіс-тәсілдері орта ғасырда түркілер жауларын шығынсыз жеңуге көмектесті.
Геродоттың деректерінде: «Сақтар (скиф) ғана өмірге ең қажетті соғыс өнерін жақсы меңгерген. Оларды ешкім өмір сүрген аймағында кездейсоқ кездестірмейді, егер сақтардың (скиф) өздері олардың алдынан шықпаса» — дейді [11; 198 б.]. Сақтардың (скиф) әскери стратегиясының жалғасын орта ғасырда Шыңғысхан мен Ақсақ Темірдің осы соғыс әдіс-тәсілдерін жақсы меңгергендігінен және олардың жаулап алған территорияларынан көруге болады. Ежелгі көшпенділер өздерінің ата кәсіптерімен қатар, жерлерін көзінің қарашығындай етіп қорғаған. Әр этникалық тайпаның өздеріне тиесілі өмір сүрген аймақтары ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы сақталып отырған. Геродоттың деректері бойынша Солтүстікте гелоно-буцина скифтері өмір сүрсе, Батыста савроматтар қоныс тепкен. Салт-дәстүрлері сақтардан (скиф) өзгеше болғанымен, олар сақ (скиф) тілінде сөйлеген. Сарматтарды (савромат) зерттеген скифолог И.Е. Никонов ежелгі тарихшы Страбонның деректеріне сүйеніп: «Танаис өзенінің ар жағалауындағы жерлер сарматтардың меншігінде болған» — деп Донды атаған. Повольженің төменгі ағысында б.з.б. 370 ж. ғұн ордасы орналасса, б.з.б. VIII — IV ғғ. Поволжье, Дон және Оралдың Оңтүстігі сарматтарға қарады [12;38 б.]. Андрондық мәдениетті (қола дәуірі) зерттеген ғалымдар олардың заңды жалғасы ретінде сақтардың (скиф) сармат тайпасын жатқызады.
Сарматтар б.з.б. III-VI ғасырда Донмен Днепрдің ортасында, Кубаньда, Орталық Кавказда, Қара теңіз жағалауында өмір сүрген (языктар мен роксоландар). II ғасырда б.з.б. Донның төменгі ағысында өмір сүріп үлкен саяси рөл атқарды. Оларда б.з.б. VI -I ғғ. патриархальді құрылыста өмір сүрді, сондай — ақ сарматтарда матриархальді құрылыста аздап сақталды. Осы территорияда өмір сүрген сарматтардың құрамына кіретін аландар, роксаландарда б.з.б. VI -I ғғ. қоғамда негізінде патриархальді қоғам болғанымен, аз мөлшерде матриархат та сақталған.
Кубань мен Донның ағысында тұратын тайпаларда таптық құрылыс осы кезеңде қалыптаса бастаған. Олар Қытай, Орта Азия елдерімен экономикалық және мәдени-тарихи байланыста болды. Қытай көшпенділердің шабуылынан сескеніп, осы кезеңде жеті кереметтің бірі болып саналатын Қытай қорған-қамалын тұрғызу кұрылысын бастайды. С.И. Руденконың пайымдауынша сарматтар Доннан бастап, батыста Аралға дейін, ал оңтүстікте Кавказдан Волганың төменгі солтүстік ағысына дейін кең алқапты алып жатты. Сарматтардың зергерлік бұйымдарындағы «полихром тәсілі» басқа сақ (скиф) тайпаларында кездеспейді. Бұл мәнер тек кейінгі ғасырда өмір сүрген ғұндардың материалдық мәдениетінде кеңінен қолданды.
Сарматтар мен көршілес өмір сүрген тайпалар-массагеттер. Олардың мекендеген жерлері Аралдың оңтүстік-батысы мен Сырдарияның солтүстік-батысына дейінгі алқапты алып жатты. Птоломейдің деректеріне сүйенсек сақтар (скиф) екі топтан тұрған: Біріншісі Сырдария сақгары (скиф) — яқсарттар және Фергана — Алайлықтар; екіншісі Тянь — Шань сақтары (скиф) мен амюргийлер, хаомаваргтар.
Таулы Алтайдың солтүстігіндегі Тарбағатайда Ертістің жоғарғы ағысымен Зайсанды мекендеген алтын қорыған грифтері бар аримасп тайпалары өмір сүрген. Таулы Алтай мен Моңғолияның қиылысу тұсында Бой-шаняға дейін юечжей тайпалары қоныс тепкен, ал Нань-Шаняның оңтүстігінде үйсіндер тұрған. Үйсін, юечжейлерге көршілес дун-ху тайпалары мекендеді. Үйсін — Іле алқабы мен Жетісу өңірін, батыста Шу, Талас өзендерінің жағалауында, шығыста Тәңіртаудың (Тянъшан тауы) шығыс сілеміне, солтүстікте Балқаш көлінен бастап оңгүстік-батыста Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауына дейін ұлан-байтақ өңірді қамтыған Ұлы жүз тайпаларының жалпы атауы. Үйсін елінің астанасы Чыгу (Чекүк) болды. Үйсіндер б.з.б. II. ғасырда өмір сүрген Қазақстан жеріндегі алғашқы мемлекеттердің бірі. Үйсін еліңде 120 мың түтін, 630 мың адам, 188 800 мың әскери жасақ құрған мемлекет. Үйсін елі Орта Жазықтағы Хән патшалығымен, ғұндармен, динлиндермен, енисей қырғыздарымен және Орта Азияның тайпаларымен қарым-қатынас жасап отырды [13; 16,30 бб.]. Үйсіндердің барлық қарулы күштерін басқаратын қолбасшы «Күнби» деп аталған. Үйсіннің Күнбиі «Көктің ұлы» болып саналған. В. Бартольд: «Үйсіндер мен юечжилер Жетісу аймақтарында б.з.б. өмір сүрген («юе-шы» атауының транскрипциясы тохар). Амударияның жоғарғы ағысы Тохарстан деп аталып кеткен. Тохарлар грек тарихи деректерінде грек — бактерия соғысында қатысқаны туралы жазылған» — [ 14;5 б.]. Ғалымдардың деректемелерінде үйсіндерге көршілес өмір сүрген тайпалардың бірі ючежей немесе «юе-шы». Көшпенділердің үйсін тайпасынан басқа тарихта аты қалған тайпалардың бірі ғұндар. Көне жазбалардың Ғұн баянында б.з.б. 176 жылы Үйсін, Хагат ұлыстары және олармен іргелес 26 ел ғұндарға бағынды. Садақ асынған көшпенділердің баршасы бір үйдің адамындай болған, сондықтан шығар ғұндар Европаға дейін өмір сүрген халыктардың негізгі бөлігін жаулап алған.
Ғұндар Тарбағатай тауларынан бастап Байкалдың солтүстігіндегі Хинган жартасына дейінгі аймақты алып жатты. С.С. Руденко :« Орта Азияның саяси аренасына б.з.б. соңғы жүзжылдықта ғұн (хунну) тайпасы шыкты. Бұлар этникалық жағынан өзіне ұқсас солтүстікте динлиндермен, батыста юечжилермен, шығыста үйсіндермен, соңдай-ақ дунху — уханьдықтармен, ал оңтүстікте қытайлармен тығыз қарым-қатынаста болды» — дейді. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек б.з.б. 370 ж. Ғұн ордасы Повольжие мен Оңтүстік Оралды алып жатқан. Көпшенділер өз территориясын ғасырлар бойы ұлғайтып, бүгінгі ұрпактарына сақтап қалды.
Қазақтардың төл мәдениеті мен этнографиясының қалыптасуына ұлы держава идеологиясының керітартпа саясатының әсері тиді. Көшпенділердің өркениетті мәдениетін б.з.б. Евразия аумағында өмір сүрген «арий тайпалары жасап кеткен» деп ресей ғалымдары «еуроорталық ұстанымды» қолдады.
Көшпенділер туралы ғылымда жансақ пікірлер қалыптастыру буржуазиялық ғалымдарға тән құбылыс болды. Олар: «Евроцентризм методологический подход к изучению культуры, основывающийся на идее исключительности превосходства европейской культуры над другими» деген теорияны ұстанды. Сондықтан буржуазиялық кезеңдегі шығыстанушы ғалымдарының пайымдауларында «нәсілдік теория» басты рөл атқарды. Олар дүниежүзі халықтарын «ақ, қара, қызыл, сары нәсілділер» деп топтастырды. Осы типтес ғылыми зерттеулер Ресей ғалымдарының арасында да орын алды. Оған Г.Е. ГрумГрижмайлоның жиырма бес жыл жүргізген ғылыми еңбектері дәлел болады. Оның пайымдауынша, Орта Азияда өркениетті қоғам құрған үндіарий тайпалары өмір сүрген. Ғалым арий тайпасын былай сипаттайды: «Белакурая, европейская, длинноголовая динлинская расса. Где жила эта расса, там процветала культура, под ударами низшей, монгольской рассы запустение и разрушение» — дейді.
Сақ (скиф) қоғамында европалық және моңғол нәсілді адамдар аралас өмір сүрген. Георгий Францевич Дебец ежелгі дәуір археологиясында палеоантропология, этникалық антропологиясын зерттеген ғалым және ежелгі қазақ халқының шығу тегін ежелгі Қазақстан тұрғындарының мүсінімен байланысты екендігін дәлелдеді. Г.Ф. Дебец: «Көшпенділердің орталығы болып саналатын Хакасс-Минусинскіде б.з.б. тұрған тайпалардың (афанасьев, андрон, таштық, қарасу т.б. мәдениеттер) антропологиясын зерттегенде Қазақстан территориясында мекендейтін адамдарға ұқсас» — дейді [17;32 б.]. Ғалымдар зерттеулерінде үйсін антропологиялық типін анықтады. Ежелгі үйсіндердің ата-мекені Тәңіртау қойнауынан Балқаш көліне дейінгі байтақ өңірде өмір сүрген түркілердің типі: «Бас сүйектері домалақтау, маңдайы сәл тікшілеу, көз ұялары биіктеу, шүңірек көк көз, қыр мұрынды, жақ сүйектері ірі әрі шығыңқы, жирен сақалды» — делінген [ 18;34 б.]. Үйсін антропологиялық типінің морфологиялық құрылыстары нәсілдік жағынан сақ (скиф) дәуірінде өмір сүрген тайпаларға өте жақын.
Гиппократ сақтардың (скиф) түр-әлпеті жөнінде мынандай сипаттама береді: «Скифтер бір-біріне ұқсас, беттері жалпақ көсеу болып келеді, ал үйсін, динлиндердің көздері көк, шаштары сары, өздері ақкұба. Олардың денелері күннен емес суықтан қызарып тұрады» — дейді [19;26 б.]. Эрмитажда сақталған Н.И. Веселовский тапқан әскери темір сауыттың қақ ортасында адамның түр -әлпеті бейнеленген. Бұл қаһарлы сұсты адамның кескінін «моңғол немесе европоид» деп айтуға болмайды. Екеуіне ортақтастырылған бет пішін.
Евразия құрлығындағы европойд және моңғолойд типтес адамдардың аралас өмір сүргенін қорғандардан табылған бетбейнеден (маскі) көруге болады. Осы аймақты зерттеген ғалымдар андрондықтардың, сақтардың (скиф), ғұндардың қазіргі түркі тобына кіретін, сондай-ақ оның ішінде қазақтардың ата-бабасы екенін дәлелдеді.
Бүгінгі күнгі қазақтардың бет әлпеті европоид пен моңғол типтес аралас келеді, яғни мұндай генеологиялық сабақтастық ежелгі андрондықтар мен сақтардан (скиф) бастау алады. Қазақтардың антропологиялық типі европа және монғол нәсілінің араласуынан пайда болғанын антропологтар дәлелдеген.
Қаратеңіз жағалауындағы сақтар (скиф) Орта Азия территориясында өмір сүрген көшпенділер сиякты европалық нәсілділер болған. Тіпті, гректерге қарағанда сақтардың (скиф) бет әлпеті ақ түсті болғанын ежелгі қытай деректерінде жазылған. Сонымен түр-әлпетіне қарап ғалымдар сақтарды (скиф) европалық және моңғол нәсілділер деп топтастырған. Моңғол типтестерге Таулы Алтай өңірінде өмір сүрген: аргипейлер, фиссагеттер, дун-ху, уханьдықтар жатады. Европа мен Батыс Азиядағы европалық сақтарға: савромат, массагет, юечжей, памир сақтары (скиф), (үнді-афган), исседон-үйсін тайпалары кіргізілді. Ғалымдар антропологиялық зерттеулердің нәтижесінде көшпенділерді жоғарыдағы топтарға бөліп қарастырды.
Пазырық обаларында табылған мәйіттердің түр — әлпетінен б.з.б. I ғасырда евуропалық және моңғол нәсілділер аралас өмір сүргеніне көз жеткіземіз. Егер қазіргі қазақтардың бет әлпетіне зер салсаңыз сол ежелгі сақтардың (скиф) европалық және моңғол типтестері аралас екендігін көруге болады.
Қазақстанның солтүстік-батыс аймақтарында иркілер мен көршілес аргипей сақтары (скиф) қоныстанған. Геродот өз деректерінде аргипей тайпалары туралы: «Топырағы құнарлы және біраз таулы-жоталы жерлерді өтсең аргипей тайпаларына кезігесіндер» — деп жазған. Құнарлы топырақты жазық даладан кейін сақтардың (скиф) таулы-тасты, жоталы жерлері басталады. «Таудың етегінде өмір сүрген адамдардың беттері жалпақ, ал мұрындары пұшық болып келеді. Аргипейліктердің тілдерінде өзгешеліктер болғанымен олар сақтар (скиф) сияқты киініп, ағаш жемістерімен қоректенген» — дейді Геродот. Бұл жемісті Қытайдың солтүстігінде тұратын жонғарлар бүгінгі күнге дейін сүтке қосып жейді.
Бұл тайпаны ешкім ренжітпеген, сондай — ақ қару-жарағы жоқ сопы адамдар ел арасында беделге ие болған. Олар тайпалар арасындағы дау-жанжалдарды реттеп отыратын, ал басқа тайпалардан кашып келген адам олардың лашығын паналаса куғыншылар оған тиіспейтін. Аргипей тайпасына жақын аримаспа тайпалары өмір сүрген.
Моңғол типтес қазақтарға: Найман, арғын, керей, қоңырат т.б. орта жүзге кіретін рулар жатады. Моңғол нәсілді сақ (скиф) тайпаларының өмір сүрген мекен-жайы қазіргі арғын, найман, керей және түркі тілдері тобына кіретін Сібір азшылық халықтары: хакас, тува, якут, моңғол, татар, ал еуропалық нәсілді сақтарға (скиф) қазақ руларынан басқа тәжік, ауғандықтар да кіреді. Тәжік, ауғандықтардың сақ (скиф) тайпаларына жататынына Англиядағы мұражайда сақталған Окс коллекциясы дәлел болады.
Геродот пен Бертель сақ (скиф) тайпалары туралы құнды деректер қалдырғанымен, ал олардың өмір сүрген территорияларын скифологтар мен археологтардың зерттеулерінде әртүрлі көрсетілген. Одан шығатын нәтиже Евразия құрлығында өмір сүрген этникалық түбі бір тайпалар түрлі себептермен әр кезеңде миграцияға ұшырап, қоныс аударып отырған. Күші басым тайпалардың шабуылдары сонымен қатар, малшаруашылығымен айналысқан көшпенділерге үнемі жақсы жайылымдар керек болды. Этникалық туыс көшпенді тайпалар б.з.б. Евразия территориясында бүгінгі күнге дейін негізінен тиесілі аймақтарын сақтап қалды.
Геродот, Страбон, Бертельдің тарихи деректерінде жазылған тайпа атаулары қазіргі кезде мүлдем кездеспейді. Ежелгі авторлардың тарихи деректерінде сақтардың (скиф) ежелгі территориясында қазіргі қазақ рулары мен түркі тілдері тобына кіретін халықтар өмір сүреді. Бүгінгі күні қазақтар мен түркі типтес халықтардың салт-дәстүрі, қолөнері аргипей, исседон, гелон, аримасп және массагеттермен мәдени сабақтастығы бар. Олар өмір сүрген дәуірдің алшақтығына қарамастан, ғасырлар бойы көшпенділерге тән салт-дәстүр, наным-сенімдер мен қолөнер мәнері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Өмірбекова М.Ш. Көшпенділер мәдениеті. Қазақтың дәстүрлі өнерінің мәдени рәміздік негіздері. Ғылыми-танымдық басылым. — Алматы: РПБК «Дәуір», 2015 — 292 б.
- Байпаков К.М. Институт Археологии им. А.Х. Маргулана. Алматы: Ғылым, 1998. — 8 с.
- Хасенов А. Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны. Алматы. 1996. -3 б.