Батыс Түрік қағанаты дәуірінде ежелгі қазақ тайпаларының бірігуі. Қазіргі заманғы Қазақстан жерінде б.з. V ғасырында ерте феодалдық қуатты мемлекет Батыс-Түрік қағанаты пайда болды. Қытай дереккөздерінде түріктер-ежелгі ғұндардың тікелей ұрпақтары, ал қағандар — ғұн шаньюйлерінің (тәңір-құт) ұрпақтары, ал Батыс-Түрік қағанаты солтүстік ғұндар мемлекетінің орнын басушысы болып табылады делінген. Мұны Орта Азия тайпаларының саяси тарихын зерттеуші А.Ремюза, сондай-ақ византиялық тарихшылар Менандр мен «Көпшілік оларды түріктер деп атауға үйренген, парсылармен көршілес шығыста өмір сүрген ғұндар» Ф.Симокатта растайды (Тарих, 36).
Түрік қағаны Дизабул (орхон жазулары бойынша Өстемір қаған) византиялық елші Зимархпен сұхбатында Батыс-Түрік қағанатының ғұндармен мирасқорлық байланысы туралы сөз болған. Қаған жаңа мемлекетті құру жөнінде емес, бұрынғысын қалпына келтіру туралы айтқан болатын. Түркі тайпаларын біріктіру 535 ж. басталды және VI ғ. ортасына қарай аяқталды. Осы уақытта Моңғолиядан Қара теңізге дейін және Памир мен Амудариядан Солтүстік Мұзды мұхитына дейін созылған орасан зор империя қалыптасты.
Түрік империясының негізін қалаушы Бумын жужандарды жеңген соң Елхан — халық билеушісі титулын қабылдады. Түрік қағанаты қалыптасу басында орталығы Орхон өзені алқабында орналасқан Шығыс және орталығы Жетісуда болған Батыс болып екі тәуелсіз иелікке бөлінді. Мемлекеттің екі ордаға осындай бөлінуі ғұндар үшін де, үйсіндер үшін де дәстүрлі еді. Батыс-Түрік қағанаты билеушілері династиясының негізін салушы Бумынның інісі Өстемір қаған (Естеми қаған) болды.
Тайпалардың әскери-демократиялық конфедерациясы, олардың саяси және экономикалық жағдайы Еуразияның қуатты мемлекетінің пайда болуына әкелді. Феодалдық Қытайдың басқыншылық пиғылына тойтарыс беруге қабілетті күшті әскері бар Түрік қағанаты Иран мен Шығыс Рим империясымен бір деңгейде еді. Қағанаттың Византиямен, Иранмен, Индиямен және Қытаймен сауда және дипломатиялық қарым-қатынастары болды. Монументті ескерткіштер — руна жазулары бар орхон стеллалары қағанаттың шежіресін көрсетеді. Ежелгі түркі тайпаларының алғашқы өмір сүрген жері Алтай мен Жетісу болды. Жаңа дәуірге дейін де осы тайпаларды тек өмір сүрген жері ғана емес, ортақ тілі де біріктірген болатын. Дереккөздерде көне түркі тайпаларының өміріне әсер еткен ру басылардың ішінде солтүстік далада өмір сүрген Апанбидің есімі кездеседі. Осы дәуірде тарихи алаңға көптеген ірі және қуатты тайпалар шығады: оғыздар, қыпшақтар, қарлұқтар, түргештер, ежелгі үйсіндерден бөлініп шыққан тайпалар — шуми, шумугун, дулу, шумак; ғұндардан бөлінген — чубан (юебань, жубан), шүйе, қаңлылар, бекрендер; қыпшақтардан тармақталған — алшындар. Түрік қағанатында үлкен рөл атқарған шүйе, шуми, шумугун және шубан тайпалары ғұндардың тікелей ұрпағы еді.
Б.д. VI ғ. ғұндар, үйсіндер, қаңлылар, дулу (дулаттар), юебань (жубан), сондай-ақ оғыздар, печенегтер, қыпшақтар, қарлұқтар Батыс-Түрік қағанатының халқын құрады. Орхон жазбаларында осы тайпалар «он оқ» — он тайпа деген ортақ атаумен біріктірілген, олардың ішінде бесеуі Дулу (дулаттар) және қалған бесеуі Нушиби деп аталды. Тайпалар бірлестігі арасында шекара Шу өзені болды. Шудан бастап шығысқа және солтүстік-шығысқа, Жоңғария мен Алтайдың қиыр шетіне дейін Дулу (дулат) тайпалары, ал Шудан батысқа — Нушиби тайпалары өмір сүрді.
Дулу конфедерациясы чуми, шүйе, шумугун, шубан (юебань, жубан), чумак тайпаларынан тұрды. Нушиби конфедерациясына Шу өзенінен Каспий теңізіне дейінгі аймақты мекендеген және VІІ-VIII ғғ. орхон жазбаларында кездесетін қаңлы, оғыздар, қарлұқтар, шегелей (қазақтарда ол шекті сөзіне өзгертілді), түргештер кірді. Сонымен қатар Нушиби құрамында қырғыздар құрамында сақталған асық және құсшы болды.
Батыс-Түрік қағанатында тайпалардың Дулу (шу) және Нушиби (сырдариялық) деп бөлінуі әскери-саяси және экономикалық түсініктермен жүзеге асырылған. Дулу мен Нушибидің пайда болуы шудың шуманақ және сырдариялық сырманақ тайпалары туралы халық аңыздарында көрініс тапқан.
Дулу тайпалары шығыс деп аталып, Іле және Шу өзендері арасындағы жерде мекендеді, әр тайпаның басында чжо — чжор (қуатты) сөзінің қытайлық айтылуы тұрды. Ақырында Дулу тайпалары дулат деген атаумен қазақтың Ұлы жүз құрамына кірді. Нушиби тайпалары «бес батыс ұрпақ» деп аталды. Олардың көсемін сығын деп атаған. Тайпалардың шығыс және батыс деп бөлінуі дәстүрлі еді және оң мен сол жақ қанат болып бөлінуге сәйкес келеді. Конфедерацияға кірген әрбір жеке тайпаның оқ деген атауы болды және «аймақ» әкімшілік ауданына сәйкес келді. Қытай хроникасында былай делінген: «Әр басшыға бір-бір оқтан бердім, осыдан олар он ша (шад), он оқ деп аталды». Сондай-ақ Батыс-Түрік қағанаты құрамына ғұн тайпалық одағына кірген албан, субан, икей деген жетісу тайпалары енді. Икей (икюй) тайпасы — шапырашты (қытай дереккөздерінде ша) тайпасының ұрпағы.
Көне түркі тайпалары жеке-жеке ірі орталықтармен өмір сүрді. Әрбір тайпада өз жайылымдары, шабындықтары, егістік жерлері болған. Қыстауға жақын орналасқан «қорық» ең жақсы жерлері қағандардың, тегіндердің және бектердің меншігінде болды. Мұнда тек мал иеленуші ақсүйектердің малдары жайылды. Қағанатта бұрынғыдай негізгі шаруашылық мал шаруашылығы, егіншілік, кен ісі және металл балқыту болды.
Көшпелі мал шаруашылығы және отырықшы егіншілік пен кен ісі және металлургия қоғамның бірыңғай экономикалық негізін құрады, көшпенділікке және отырықшылыққа ауысу үрдістері өзара тәуелді еді. Көшпенділерде отырықшылық өмір салтының пайда болуы Оңтүстік Қазақстан аймағында байқалды. Жайылым мен су көздерін маусымдық пайдалануға негізделген көшпенді жүйе мыңдаған жылдар бойы өзгеріссіз сақталып келді. Қағанат меншігінде көптеген қалалар мен егіншілікпен айналысатын елді мекендер болды, бұл туралы VII ғасырда қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь жазған. Қалалардың қираған үйінділері мен елді мекендердің іздері Сырдария, Шу, Іле өзендерінің алқаптары қалың қоныстанғанына куәлік етеді. Түркі аймақтары тұрғындарының көптеген елді мекендері мен тұрған жерлерінің іздері олар жазды киіз үйлерде өткізіп, ал қысқы уақытта өзендер алқаптарында және Алтай, Тарбағатай, Тянь-Шань, Қаратау және т.б. шатқалдарындағы қоныстарын паналағанын көрсетеді.
Қағанаттың саяси және экономикалық қуаты VI ғасырдың екінші жартысында шарықтау шегіне жетті. Батыс Түрік қағанаты Өстемір қаған тұсында ұлы мемлекет кұдіреттілігіне жетеді.
VI-VIII ғғ. кезеңінде Орта Азия, Шығыс Еуропа және Қытай арасында сауда байланыстарының жандануы байқалады. Оның бойымен керуен-сарайлар мен ірі қала орталықтары салынған үлкен керуен жолы ашылды. Сауда жолы Сырдария мен Сайрамнан бастап Тараз, Мерке, Баласағұн, Барысхан, Сынтас асуы арқылы шығыс Түркістанға дейін созылды. Батыс бағдары Торғай даласы, Бұлғария арқылы Қаратеңіз қалаларына қарай өтті. Осы жолмен үздіксіз керуендер жүріп отырды.
Қағанаттың байлығы тек ұлан-байтақ мал шаруашылық аудандар ғана емес, алтын, темір, мыс және басқа металдар шығарылған Алтай, Орталық және Шығыс Қазақстан кен орындары болды. Түркілердің ата-бабалары ұрпақтан-ұрпаққа Алтайдың оң жағында өмір сүрді және жужан ханы үшін темір шығарды. Қытай дереккөздерінен түркілер сяньбиліктерге, ал кейіннен жужандарға тәуелді бола отырып, олардың ханы үшін салық ретінде темір өндіруге міндетті болғаны мәлім. Сүйші жылнамасында Вэй династиясының императоры 433 жылдан бастап 439 жылға дейінгі кезеңде түркілердің тұтас ұрпағын жойып жіберді және тек Ашина 500 отбасымен жужандарға қашып үлгерді деп жазылған. Түркілер Алтай тауларының оңтүстік жағына қоныстанып, жужандар үшін темір шығарды. Бумын жужан ханы қызының өзіне тұрмысқа шығуын сұраған кезде хан қатты ашуланып, Бумынға шабарманды бас тарту туралы айтуға жіберді: «Сен — менің балқытушымсың, мұндай ұсыныс жасауға қалай дәтің барды?» (Бичурин, I). Металл шығару қағанат экономикасының жетекші салаларының бірі болды. Византия-иран соғысы кезінде темірдің үлкен топтамасы қағанаттан Шығыс Рим империясына жөнелтілді (Н.Пигулевская. Византия Индия жолдарында, 1951, 205).
Қағанаттың мемлекеттік құрылымы ежелгі ғұн және үйсін салт-дәстүрлеріне барып тіреледі. Қағанаттағы жоғары билік екі қанатқа бөлінді — оң және сол жақ. Төрелер орындайтын функцияларына қатаң түрде сәйкестеніп, қағанның оң және сол жағына орналасты. Орхон жазбалары бойынша қағанның оң жағында тегін текті ханзадалар және шадтар, сол жағында — ірі тайпалардың көсемдері тархандар мен бұйрықтар орналасты. Жазбада: «Сіздер оң жақта тұрған шадтар мен апалар (ақсақалдар), сіздер сол жақта тұрған тархандар мен бұйрықтар» деп жазылған. Жоғары шенеуніктер ішінде бірінші орынды жабғу (ябғу) иеленді, олардан соң тегін, субасы (сылифа), түменбасы (тумаофа), тархан түрды. Шенеуніктердің билігі мұрагерлікпен берілді. Тан-шуда қағанды сайлау рәсімінің сипаттамасы берілген: «Патшаны таққа отырғызу кезінде ең жақын маңызды төрелер оны киізге отырғызып, оны тоғыз рет күн бойынша айналдырып қоршайды. Әр жолы шенеуніктер адалдық белгісі ретінде бас иеді».
Жоғарыда айтылғандай, түркілер ғұндардан шыққан, олардың негізін қалаушы есімі Аруг-Шэне (бекзат бөрі), қытай деректерінде Ашина деп берілген ақсақал болған. Қағандар «ашина» династиясынан шықты және өздерінің шығу тегін құдай берген «тәңір тек», ал өздерін ақылгөй «білге» деп есептеді. Ресми рәсімдерде, сондай-ақ соғыс кезінде қаған тұсында билік символдары — алтын қасқыр басы бар ту, мойшақ, грамота және литавра (гу) болды. Қағанның жарлықтарын халыққа билікті білдіретін айдаһардың, жыртқыш андардың, құстардың маңдай бөлігі бейнеленген бас киімдер киген жаршылар мен хабаршылар жеткізіп отырды. Осы дәстүр көне замандардан бері бар. Қағазға қол қоюдың орнына алтын сақинасы бар оқтың суреті және балауыз мөртаңба — таңба қойылды. Билік белгілері тек мемлекет ішінде ғана қолданылды. Сыртқы байланыстарды іске асыру кезінде ресми жазбаша грамоталар пайдаланылды. Осындай грамоталар 554 ж. иран шахы Хосрау Ануширваниге, ал 568 ж. — византиялық сарайға жіберілгені мәлім. Грамоталар жібектен жасалған, мәтін орхон немесе үйсін белгілі алфавиттерінің бірінде жазылды.
Қағандар бағыныштыларды өз билігіне бағындыру үшін әдет-ғұрыптарға үлкен көңіл бөлді. Тайпа көсемдері бағыныштылығын көрсету үшін қағанмен кездесу кезінде сол жақ тізесіне тұруы керек еді. Күлтегін ескерткіштерінде «Басы барларды олар басын июге, тізесі барларды олар тізесін бүгуге мәжбүрледі» делінген. Ежелгі патриархтық идеология негізінде туындаған бүл патриархтық отбасы мүддесіне қызмет етті. Жас адам, әсіресе жас әйелдер жасы үлкен адаммен кездескен кезде әдептілік белгісі ретінде сол жақ тізесіне отыруы керек еді.
Қағанаттың ру-тайпалық ұйымдасуының ядросы құрамына үй құлдары да кірген «арқау» үлкен патриархтық отбасы болып табылды. Патриархтық отбасы аталық ру әдет-ғұрыптарын қатаң ұстанды. Бұл, ең алдымен, неке, қалың мал және әмеңгерлік мәселелеріне қатысты еді.
Қағанатта қарапайым халық қазақтың бұқара немесе қара сүйекке сәйкес келетін будун немесе қара будун, тайпа шенеуніктері ақсүйек деп аталды. Ақсүйек өкілдерінің «қаған» және «бек» деген, қағанның әйелінде — «қатын» (ханша) атақтары болды. «Қаған» атағы алғаш рет IV ғасырдың басында қытай дереккөздерінде пайда болды, сол уақыттарды осылай жужандардың жоғарғы көсемін атаған. VI ғасырдан бастап қаған сөзі византиялық дереккөздерде кездеседі. Қаған сөзінің этимологиялық мағынасы, сірэ, уған — күшті, қүдыретті сөзінің бір түбірінен шыққан болар, «Уған тәңір» — бәрінен күшті аспан. Қаған және бек титулдарынан соң жабғу және шад атақтары жүрді, содан кейін тархан және бұйрық, соңғысы жасақ пен әскерді (сю) жинау бойынша хан жарлықтарын орындаушыны білдірді.
Әбілғазы жазғандай, тоғыз санының түркілерде бақыттың, табыстың және берекенің толықтығын білдіретін сиқырлы мәні бар. «Түркілер отты бәрінен жоғары құрметтейді, ауа мен суға сыйынады, жерге әнұран айтады, жалғыз аспан мен жерді жасағанға табынады… Олар оған жылқыларды, өгіздерді және ұсақ қара малды құрбандыққа шалады, өздерінің абызы қылып оларды пікірінше болашақ туралы жорамал айта алатындарды (бақсыларды) сайлайды», — деп жазды Симокатта (Тарих, 161).
Түркілерде күш пен қуаттылықтың символы бөріге табыну ерекше құрметтелді. Тан-шу бойынша түркі қағандарының жалаулары алтын қасқырдың басымен безендірілді, ал сақшы бөрі (қасқыр) деп аталды. Қытай және түркі дереккөздерде сақталған көне мифтер мен аңыздар бойынша бөрі ғұндардың, үйсіндердің, түркілерді, моңғолдардың ата-бабасы болды, осымен бөрілік тотемнің — бөрте-шәне, бөрі, көк бөрі, шүйе (қызыл қасқыр) пайда болуы байланысты.
Орхон ескерткіштеріндегі жазбалардан ақсүйектер балаларының кеңесшісі, тәрбиешісі, тәлімгері деген мағына беретін айғыш, мөртаңбаны сақтаушы — таңбашы, хатшы -бітікші, елші — ялавач сөздері мәлім. Сонымен қатар қытай дереккөздерінен фили (бөрі) — сақшы титулы да белгілі. Олардың бәрі жоғары таптың өкілдері еді. Әскербасылардың иерархиясын сю-басы — әскер қолбасшысы бастады, одан кейін түменбасы (тумфа) — он мындық әскердің қолбасшысы, шерік-басы (сылифа) және т.б. тұрды. Әскердің қарулануы (ярак черик) бес түрлі қарудан құралды, олар: ысқыратын оқтары бар мүйіз садақтар, көбе — сауыт, сүңгі — найза, қылыш, селебе -наркескен. Қазақстарда «ер қаруы бес қару» мәтелі бар.
Болашақ жауынгерлерді бала жастан бастап атпен жүруге, садақты ұстауға, садақпен жабайы құстарға атуға үйретті. Орхон жазбаларынан бізге қағанаттың заң мәселелерімен байланысты бірқатар терминдер белгілі. Олардың ішінде тору (төре) — заң, қаулы, шешім, йосун — қарапайым құқық, таңба — мөр, бітік -грамота, урду — мөлшерлеме, бод — тақ, билеу уақыты терминдерін атап өткен жөн. Тан-шу қытай жылнамасында Бумын қаған тұсында (VI ғ. ортасында) қабылданған заңдар келтірілген. Ұрлық жасағаны үшін ұрланған заттың құнынан 10 есе артық айыппұл салынған. Бүлік, адам өлтіру, тұрмыстағы әйелмен ойнас жасау, тұсаулы жылқыны ұрлау сияқты ауыр қылмыстар өлім жазасымен жазаланды.
Қағанаттың қуатын күшейтуге көрнекті әскери стратегтер мен қолбасшылар Далобян (Тарабанг), Хиели (Қарахан), Моджо (Бөже), Білге қаған (Могилян), оның ағасы Күлтегін, Тоныкөк және басқалары қызмет етті. Тан-шуда Хиели (Қарахан) және Моджо қағандары тұсында әскер санының көп болғаны сонша одан Орталық мемлекет қорықты. Хиели Орхонда Хангай түбінде орданың негізін қалады, әскері басында көрнекті қолбасшы Сис-Гюй түрды. Оның замандасы Тан династиясынан шыққан бірінші билеуші Таоцзу онымен санасып отыруы және Хиелиге үлкен сый ретінде салық төлеп отыруы тиіс еді.
Далобян қаған билеген кезеңде (VI ғасырдың соңы) Батыс-Түрік қағанаты екі билікке бөлінді. Тарабан және оның ұрпақтары Шура мен Тулу (Дулу) қытай қол астында болған жоғарғы орталықта қала бергісі келмеді. Тулу өз ордасын Цэтхэ (Талас Алатауы) тауларының батыс жағына көшіріп, өз билігінің орталығын Солтүстік орда деп аталған Сайрамда ашты. Оның билігіне Таласта, Мыңбұлақта, Сайрамда (Байшұңқыр), Сырдариядағы Орда-Кентте әкімшілік орталықтары болған қарлұқтар, қыпшақтар, қаңлылар және оғыздар жері кірді. Хиели Жоғарғы қағанмен өзара соғыстан соң жасалған шарт бойынша Іле өзенінен бастап батысқа қарай барлық жерлер Тулу қағанға, ал шығысқа қарай Хиелиге тиесілі еді.
Сондай-ақ Батыс-Түрік қағанаты Шаболио (Шабара) қаған тұсында да VI ғ. екінші жартысында екі ордаға бөлінген -жоғарғы билік резеденциясы Шу өзеніндегі Суябта болған Оңтүстік және Іле өзені алқабында орталығы орналасқан вассал хандық сипатындағы Солтүстік немесе Кіші Шаболио Қытайдың басқыншылық саясатына қарсы еді. Батыс-Түрік қағанатының вассалдық билеушісі Далобян өз эскери күшімен және ақылгөйлігімен жоғарғы түркі қағаны Шаболиодан басым еді, ол Қытайдың басқыншылық саясатына белсенді қарсы тұрды.
Бұл қағанат барлық сауда жолдарын Қытай қожалығынан босатып иеленген және Индиямен, сасанидтік Иранмен, Византиямен және Шығыс Еуропаның басқа да елдерімен тікелей сауда байланыстары орнаған уақытта болды.
Қытай сарайы қағанат қуаттылығын әлсірету мақсатында құпия қастандықтар жасап отырды. Қытай сарайының дәстүрлі әдістерінің бірі түрік қағанатына тұрмысқа берген қытай ханшайымдарын пайдалану еді. Қағанның әйелі және құпия агенттерден құралған оның нөкерлері қағанаттың ішкі істері жөнінде Қытайға ақпарат беріп отырды, тәртіпсіздіктерге бастамашылық етті, Қытайға қарсы ниеттенген беделді қайраткерлерді өлтірді. 710 жылы құпия агенттер Бөжені өлтірді. Оның өлімінен соң Қытайдың іріткі салушылық әсері күшейеді. Күшті орталықтандырылған биліктің болмауы, жоғарғы билікке таласқан көптеген кішігірім хандардың пайда болуы Түрік қағанатының қуаттылығын әлсіретті. Бұған қытай текті қағандар әйелдерінің нөкірлерімен байланыста болған.
Осыған түп тегі қытайдан шыққан қағандардың әйелдері нөкерлерімен байланыста болған әскери міндеттерді атқаратын адамдардың сатқындығы әсер етті. Түркі қағандары ұрпақтарының аналары жиі өз ұлдарын Қытай бодандығына итермелейтін.
Міне, Шұра ханның анасы Сян-шы егер ол Суйдің үйіне барып, екі тағзымды рәсімді жасамайтын болса, өз ұлын өліммен қорқытатын. Тайпалардың жекелеген көсемдері және ақсүйек өкілдері проқытайлық саясаттың әйгілі табағаш атауымен көмекшілері болды. Бұл қыпшақтар мен оғыздардың қағанаттан шығуына және дербес ұлыстарды құруға себеп болды. Олардың соңынан қарлұқтар мен шу тайпасы соңынан ілесті. Қағанаттың нашарлауынан: қыпшақтар, оғыздар және Сырдариядағы қаңлылар, Құланда орталығы болған түргештер, Таразда және Сайрамда орталығы болған қарлұқтар мен шігілдер кіші хандықтар пайда бола бастады.
Түрік қағанаты үшін осы сыни кезеңдерде тарихи аренада опасыз сатқындардан қағанатты тазарту, кеткен ұлыстарды қайтару және қағанаттың құдыреттілігін қалпына келтіру мақсатын алға қойған қолбасшы Күлтегін пайда болады. Күлтегінге Могилян (Білге қаған) және қағанаттағы құқықтық мәселелерді шешетін, Могилян мен Күлтегіннің бас кеңесшісі болған Тоныкөк қосылады. Ол ұлағатты тактикашы және данагөй мемлекет қайраткері, халық сүйіктісі болған. Могилян Қытаймен соғысқа дайындаларда өзінің ордасын дуалмен қоршап, Будда ғибадатханасын салу жоспарлаған. Тоныкөк оған қорғану позициясын бекіткенше соғыстан бас тартуға кеңес берді. Ғибадатхананы салуға қатысты Тоныкөк, Будданы үйрету арқылы адамдарды енжар, бойкүйез, әлсіз қылады, халықтың батырлық икемділігі рухын жояды деп есептеген. Тоныкөктің сөзі Могилянды көндірді.
Қолбасшы Күлтегін өз әскерімен бүкіл Шығыс және Батыс-қағанат аймағын жүріп өтті, ол өзінің басшылары мен Қытай жандайшаптарына деген тайпалардың наразылығын көрді. «Кіші жазбада» Күлтегіннің келесі сөздері бар: «Мен батысқа әскеріммен Темір-Қапыға дейін жеттім, Иенжу [Сырдарья] өзені арқылы өттім, оғыздармен шайқастым». Осыдан қағанат құрамындағы ірі тайпалардың бірі — оғыздар одан шыққаны байқалады.
731 ж. Тоныкөк қаза табады, 734 ж. құпия қытай агенті Могилянды у беріп өлтіреді, біршама уақыт бұрын қағанат қолбасшысы және билеушісі Күлтегінмен де солай болды. Осы қайғылы оқиғалардан соң Шығыс Түрік қағанатында тардуш (қытай деректері бойынша сеяньто) тайпалары үстемдік ете бастайды, тоғыз-оғыздар, қырғыздар, ұйғырлар, баэрку, төлестер, калар, басмелілер, қидандар және басқа тайпалар оларда бұрын болмаған саяси әсер алды. Таққа үміттенген осы тайпалардың көсемдері Могилян мен Күлтегін ұрпақтарын қудалады. Билік басмелі ақсақалдарынан ұйғырларға және шығыс қарлұқтарға ауысып отырды. Тан Қытайы тұтандырған өзара соғыстар нәтижесінде 745 жылы Шығыс Түрік-қағанаты құлады.
Осындай саяси жағдай Батыс-Түрік қағанатында да орын алды. Қағанаттың ішкі және сыртқы саясатында жетекші рөл Дулу және Нушиби тайпалары конфедерациясына тиесілі еді. Қағанаттан бөлініп шыққан оғыздар мен қыпшақтар осы оқиғалардан шет қалды. Шамамен 50 жылға созылған кезеңде қағанатты түргеш бектері басқарды. Шу-Іле-Талас өзендері аралығын мекендеген түргештер «он-оқ» конфедерациясы құрамына кірді. Түргештер тайпасы екі тармақтан тұрды: қара-түргеш және сары түргеш. Қара-түргештер Талас және Шу өзендері арасын мекендеді. Оларға Шу алқабының орта бөлігіндегі барлық қалалар, соның ішінде Құлан тиісті болды. Қара-түргештердің бектері сары-түргештерден Суябты тартып алуға құпия үміт артып, Таразда және Құланда өмір сүрді. Сары-түргештер Шу мен Іле өзендері аралығының байырғы тұрғындары болды. Мекендеген жеріне қарап, сары-түргештер бұл сол сары-үйсіндердің өзі еді деп айтуға болады.
Дала тәртіптерін сақтай отырып, үйсін сөзі сол уақытта үстемдік еткен тайпа атауы — түргеш деп ауыстырылды, атаудың өзгеруі бетбұрыс үрдісін, өткен мен қазіргінің арасындағы шекараны көрсетеді. Сары-түргештер орта жүз құрамында сегіз-сары және сары-үсін деген атаумен сақталды.
Этникалық жағанан жақын тайпаларды біріктіру және данагөй қағандардың басқаруы тарихи алаңға Еуразияның қуатты мемлекеттері бірінің пайда болуына әкелді. Батыс-Түрік қағанатының пайда болуы кейіннен тайпалардың бірігуіне және Қазақ хандығының қалыптасуына айтарлықтай деңгейде дайындаған ежелгі қазақ тайпаларының бірігуі тарихындағы алғашқы тәжірибе және маңызды сатысы еді.
Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.