Ер адамдардағы орта жастағы дағдарыс

Өмірінің орта кезеңінде ер адамдардың организмі қартаю үдерісіне байланысты өзгерістерді бастан өткере бастайды. Кейбір адамдарда жасқа байланысты өзгерістер депрессия немесе айналадағылармен қарым-қатынастың қиындауы сияқты көңіл күй проблемаларына себеп болуы мүмкін.

[toc]

Әйелдерден айырмашылығы — ер адамдардың организмі менопаузадағыдай айқын физиологиялық өзгерістерге ұшырамайды және өз жеке басына қайта баға беруге себеп болуы мүмкін. Алайда өмірінің осы кезеңінде организмнің қартаюымен байланысты мәселелер ерлерді де мазалай бастайды, және осы өзгерістер әрдайым физиологиялық негізде болады деген факті олардың мазасыздануын күшейте түседі.

Өзгерулер

35 жастан бастап 55 жасқа дейін ерлер бірқатар өзгерістерді бастан өткереді. Олардың көбісінде әдетте 35 пен 45 жас арасында «орта жас дағдарысы» басталады. Кейбіреулер дағдарыс тек ер адамның өмірінің көңіл күй және психологиялық жағына ғана ықпалын тигізеді, бірақ егер ол барынша күшті болса және ұзақ уақытқа созылса, онда оның физикалық зардаптары да болуы мүмкін деп есептейді.

Симптомдары ерлерде 45 пен 55 жас арасында көрініс беретін андропауза көбірек физиологиялық сипатқа ие. Андропауза тестостерон деңгейінің біртіндеп төмендеуіне байланысты басталуы мүмкін және әйелдердегі менопаузаға ұқсас болып келеді. Орта жастағы дағдарыстың сипаты мен табиғаты және оның андропаузамен байланысы туралы дәрігерлердің пікірталастары күні бүгінге дейін басылмаса да, өмірінің орта кезеңінде ауыр өзгерістерді бастарынан кешкен көптеген ер адамдардың мысалдары, сондай-ақ андропаузаны емдеумен айналысатын мамандардың тәжірибесі осы құбылысқа жайдан-жай қарамау үшін жеткілікті негіз бола алады.

Андропауза

«Андропауза» термині қартая бастаған ер адамдарда тестостерон деңгейінің төмендеуінен болатын симптомдар тобын көрсету үшін пайдаланылады. Осы құбылыстарды («еркек менопаузасы» деп те аталады) зерттей отырып, кейбір ғалымдар ерте жаста ер адамдардың басынан өткеретін әртүрлі симптомдарын бөліп қарайды, және оларды ер адманың организмінде тестостерон деңгейінің төмендеуімен байланыстырады. Оларға либидоның нашарлауы, эректильді функцияның бұзылуы және, ашушаңдық пен депрессияны қоса, физиологиялық өзгерістер, бұлшықеттердің ауруы және әлсіздік жатады. Алайда андропаузаның болуы ғылыми ортада әлі де күмән тудырады, осыған қатысты толассыз пікірталастар жалғасуда және осы құбылысқа ғалымдардың көзқарасы бірдей емес.

Тестостерон

Гормондық деңгейдің төмендеуі әрбір адамда мүлдем дербес сипатта болады: кейбір ер адамдарда ол 40 жасында басталады, ал кейбірінде тек 80 жасқа қарай көрініс береді. Андропаузаның басталуын алдын ала болжауға келмейді, оның симптомдары әрдайым анық біліне бермейді және әрқалай көрініс береді.

Тестостерон деңгейінің төмендеуімен қатар, осындай синдромдардың пайда болуына басқа да факторлар себеп болуы мүмкін. Эректильді функцияның бұзылуы, мысалы, күйзеліс немесе алкогольді шамадан тыс түтыну салдарынан болуы мүмкін. Дегенмен гормондық деңгейді қалпына келтіру үшін кейбір мамандар тестостеронның орнын алмастырғыштарды қолдануға кеңес береді, көптеген ер адамдар үшін ол осы синдромдарды жеңілдету үшін тиімді дәрі болды.

Гормонды алмастыратын ем

Гормонды алмастыратын ем андропаузаны емдеу үшін беріледі. Ол ем инъекциялар, теріүстілік пластырьлар немесе теріастылық имплантаттар түрінде жүргізіледі. Соңғы екі жағдайда гормондардың аз мөлшері организмге үздіксіз бірнеше ай бойы түседі. Көптеген емделушілер мұндайда либидоның және жалпы көңіл күйдің едәуір жақсарғанын байқайды. Тестостерон деңгейінің төмендеуі — ер адамдарда остеопороздың дамуында қауіпті фактор, ол жүрек-қантамыр ауруларының қаупін арттырады, яғни гормонды алмастыратын ем ер адамның организміне бір мезгілде алдын алу әсерін де тигізеді.

Орта жас дағдарысы

Өмірінің орта кезеңінің мәселелері әрдайым гормондық өзгерістерден бола бермейді, бірақ ер адамдардың көбісі онсыз да «орта жас дағдарысы» деп аталатын кезеңді бастан өткереді. Олардың кейбіреулері үшін «дағдарыс» қартаю үдерісімен қатар жүретін кейбір құбылыстардың жай ғана белгісі, уайымдау тереңдігі мен өткірлігінің дәрежесі ер адамның қартаюдан құтыла алмау туралы ойлауға қаншалықты дайын екендігіне байланысты болады.

Әйелдер үшін бала көтере алатын жастан өту шамадан тыс сезіледі, өйткені оларда етеккір оралымы өзгереді, ол енді бала көтере алмайды. Мұндай елеулі өзгерістер оларды қартаю үдерісін психологиялық тұрғыдан мойындауға мәжбүр етеді.

Әйелдерден айырмашылығы, ер адам организмінде осы жаста елеулі физиологиялық өзгерістер байқалмайды, сондықтан олардың кейбіреулері қартая түскенін мойындай қоймайды. Бірақ қандай да қиын-қыстау сәтте олар қартаюдың ақиқаттығымен келісуіне және қартаюдан және өлімнен қашып құтыла алмасын мойындауына тура келеді. Дағдарысқа себеп олардың ата-аналарының бірінен немесе жақын. досынан айырылу, жұмысын жоғалту, ажырасу, балаларының үйінен кетіп, өздігінен өмір сүретін кез немесе немересінің дүниеге келгенін есту және ата болғанын сезіну болуы мүмкін.

Қазіргі өмірдің ықпалы

Кейбір зерттеушілер ер адамдардағы орта жастағы дағдарыс бүгінде ер адамдардың негізгі мақсатына айналған тұрмысының жақсаруымен, бос уақытын өткізу мүмкіндігімен және өзінөзі танытуымен бірге көбіне қазіргі өмір салтының жағымсыз әсері болып табылады деп болжам жасайды. Алдыңғы ұрпақтарға ауыртпалық келтірген тіршілік салмағы түспеген қазіргі ер адамдарда үнемі көңілін көтеруге бос уақыттары жеткілікті. Мұның жағымсыз зардаптарының бірі — адам өз өмірінің жастық шағындағы армандарына сәйкес келмейтіндігін кенеттен ұғынып, наразылық сезімінің туындауы.

Мансап жолын өмірлік мақсат еткен ер адамдарда басқа жоспарлы мәселелер жиі туындайды. Қызметтік міндетін мінсіз орындауға ұдайы үмтылу күйзеліске және көңіл күйінің титықтауына әкеп соғуы мүмкін.

Орта жастағы дағдарыс «ержүректілік дағдарыстың» салдарынан да болуы ықтимал, бұл туралы кейбір әлеуметтанушылар айтқандай, қазіргі отбасында ер адамдардың «табыскер және асыраушы» атты рөлі едәуір төмендеді.

Көңіл күй мәселелері

Орта жас дағдарысын бастан өткеретіндердің көбісінің өзін-өзі бақылауы төмендеген, олар ашушаңдық, күйгелектік, мазасыздық және басқа да психологиялық және көңіл күй бұзылыстарын бастарынан өткереді. Өткен өміріндегі армандарына оралуға қайтадан ықылас пайда болады. Бірақ жастық шағында армандаған мүмкіндіктердің көбі енді қайтып оралмайтынына көзі жете бастайды. Ер адамдар бұған өздерін кінәлауға бейім, бұл депрессияға ұшырауға түрткі болады. Көңіл күй мәселелері отбасымен және айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста кедергінің ұлғаюына себеп болады. Егер көңіл күй және психологиялық дағдарыс барынша күрделі бұзылыстарға бет бұрса, бұл ауыр зардаптарға, мысалы, эректильді функцияның бұзылуына әкеп соғады.

Достарының жәрдемі

Осы жаста ауыр көңіл күй дағдарысын бастан өткеріп жүрген ер адамдарға жәрдем беру оңай емес, уақыт өте келе олардың өздерінде проблемалардың пайда болғанын мойындауы қиынға түседі. Егер, әсіресе ер адамдар өз сезімдерін өзгелерден жасырып, достарымен бөліспесе, онда өз өмірінің дағдарысы салдарынан эмоционалдық тұрғыдан толық оқшауланып қалады.

Орта жастың мүмкіндіктері

Қауырт өмір ырғағы, толық күйзеліс көңіл күйдің кері кетуіне түрткі болады және орта жас дағдарысына әкеп соғады. Алайда ерлерде бұл кезеңнің мұны жеңе алатындай өзіндік артықшылықтары да бар. Осы жаста біршама жинағандары бар, сондай-ақ жаңа технологиялар оның үйден шықпай-ақ, қызметтік міндеттерінің бір бөлігін орындауына мүмкіндік береді. Мұның бәрі де жұмыс уақытын едәуір қысқартып, саяхат жасауға мүмкіндік береді. Орта жастағы дағдарыстан шығу — адам ауыспалы кезеңнен қүтыла алмайтынын мойындап, өз өмірінің қандай да бір кезеңінің аяқталғанын түсініп, іштей оларды қабылдауға келісуден басталады, бірақ жаңа қуаныштар мен үміттер әкелетін жаңа өмір басталады.

Қолданылған әдебиет: Егде жастағы денсаулық / Питер Абрахамс; орыс тілінен аударған: Ұ. Тілегенова.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *